» » » Дәулетбек ДІЛДӘБЕК, суретші: мамандық таңдаудан қателескен жоқпын

Дәулетбек ДІЛДӘБЕК, суретші: мамандық таңдаудан қателескен жоқпын

   Біздің анықтама
Тойшыбаев Дәулетбек Ділдабекұлы 1988 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. №23 Ж.Қизатов атындағы орта мектептің түлегі. М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжінде, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да бейнелеу өнері және сызу мамандығын меңгерген. Бірнеше шығармашылық байқаулардың жеңімпазы. Қазақстан суретшілер одағының мүшесі.

− Сурет өнеріне қалай келдіңіз?
− Кішкентай күнімнен сурет салуға қызықтым. Мектеп жасында оқушылардан, мұғалімдерден сурет салуға тапсырыс алатынмын. Әкеме ғана емес мұғалімдерге де еркелейтінмін. Мен болашақ суретшімін, географияны, математиканы оқымаймын дейтінмін. Басқа пәндерден сабақ үлгерімім жақсы болмады. Суретті жақсы салатынмын. Айналамдағы кез келген дүниенің ерекше тұсын көріп, соны салғым келетін. Суретші боламын деп болашақ мамандығымды бастауыш сыныпта таңдап қойдым.
− Sand Art- құммен сурет салудың артықшылығы қандай?
− Бұл сурет өнеріндегі жаңа жанр. Бірі коммерциялық, бірі терапия ретінде пайдаланады. Қиял қажет. Анимация болғандықтан қысқа метражды қойылым жасауға болады. Осы өнерді игерем деуші адам үшін ең бастысы – шеберлік. Құммен сурет салудың артықшылығы: өмірді жақсы қырынан қабылдауға бейімдейді, есте сақтау қабілетін дамытады. Жылдамдықты сезініп, уақытпен жұмыс істеуге үйретеді. Құм бойдағы жағымсыз энергияны сіңіріп алады. Дәрігерлер сал ауруымен ауыратын балаларға құммен сурет салуға кеңес береді екен. Өйткені саусаққа тиген құм түйіршіктері бойдағы ұйықтап жатқан қантамырларын іске қосады екен. Жүйке жүйесін тыныштандырып, балаға сенімділік сыйлайтыны тағы бар. Бүлдіршіндердің шығармашылық қасиетін дамытады. Құмның да түр-түрі бар. Құмды Қамбаш көлінен әкелдім.
− «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде Сыр елінің атынан қонақтарға ерекше портрет ұсындыңыз. Шегені балғамен шегелеп, жіп тартып байлау арқылы жерлесіміз Батырхан Шөкеновтің бейнесін салдыңыз. Бұл жанр қалай аталады?
−  Өнерде ізденіс үстінде жүргенді жақсы көремін. Шығармашылығым қалып қоймас үшін, әрі жеп отырған нанымыз бар. Сондықтан осы
жанрда Геннадий Головкин мен Батырхан Шөкеновті салдым. Сәтті шығып, көрерменнің ықыласына бөлендім. Апарған еңбектерімнің бәрі өтіп кетті. Әрі көрмеге келушілерге шеберлік сағатын жасадым. «Алғашқы қадам − Тұңғыш астанам» жеке көрмемді өткіздім. Артынша көп ұзамай, Қазақстан суретшілер одағының мүшелігіне қабылдандым.
− Қазақ суретшілерінен кімді ұстазым деп айтар едіңіз? Суретшілерден кімді ерекше бағалайсыз?
− Менің ұстазым Қазақстан суретшілер одағының мүшелері Индира Шамшатова, Қуаныш Ембергенов.  
− Қиындықтар болды ма?
− Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шекара Қызметінде үш жыл әскери қызметші болып жұмыс істедім. Әскери саладан шыққан соң жұмыс
табу қиын болды. Мектептерге мұғалім болуға шақырды. Айлығы аз болған соң бармадым. Жұмыс жоқ болған соң түрлі шеберлік сағаттарына қатыстым. Заттарын сатып алып, Кәсіпкерлік палатасының жобаларына қатысып, қайтарымсыз грантқа құмыра жасайтын құрылғылар сатып алдым. Бейнелеу өнерін бітірген адам көп. Алайда өзінің ынтасы, қызығушылығы болмаған соң басқа саланы таңдап кетті. Адам өмірінде мамандық таңдаудан және жар таңдаудан қателеспеу керек екен. Мен мамандық таңдаудан қателеспедім. Жар таңдаудан ғана қателескен сияқтымын. Дәм-тұзымыз жараспай айырылысып кеттік.
− Дәулет айтыңызшы, қандай шығармашылық жоспарыңыз бар? Суретшінің немен өмір сүретінін білгіміз келеді?
− Біздің шабытымызды ұштайтын симпозиумдар мен көрмелер. Сондықтан сапалы әрі қызықты көрмелерге қатысқым келеді. Сол бағытта да ізденемін. Еркіндікті қалаймын. Дегенмен тым еркінсіп кетпес үшін өзімнен есеп алып отырамын. Суретші болған соң қияли деп қабылдайды. Өнерге қиял қажет, ал өмір қияли болуды көтермейді. Адамдар сурет салуға шақырады. Қуанышты сәттерін ерекше етіп өткізу үшін, той иелерінің портретін сол сәтте салып беремін. Саз балшықтан жасаған құмыраларым да сұранысқа ие. 2020 жылы наурыз айында Тұңғыш Президент Қорының кітапханасында Нұр-Сұлтан қаласында
үлкен көрме ұйымдастыруды мақсат етіп отырмын. Табысты болу сеніміңді арттырады. Үнемі еңбектену керек. Заманға сай жарнама да қажет.
− «Central Asia’s Got Talent» атты Орталық Азияның жобасында іріктеу телевизиялық жобасында ақтық сынға шықтыңыз. Көрерменді енді қандай өнеріңізбен таңқалдырмақсыз?
− Іріктеу кезеңінен өтіп, қазір жартылай финалда бақ сынап жатырмын. Осы айда «Хабар» арнасынан тамашалап, көрермен смс арқылы дауыс берсе, жеңіске жетемін.  
− Қандай әлсіз тұстарыңыз бар?
Пенде болған соң қателіксіз болмайды. «Пайдаң тимесе, зияныңды тигізбе» деген қағиданы ұстанамын. Алайда мүмкіндігінше біреуге зиянымды тигізбеуге тырысамын. 
− Балама үйретіңізші деп хабарласатын ата-аналар көп пе? Шәкірт тәрбиелеуді қашан қолға аласыз?
− Үш төрт жыл бұрын өзім жеке мектеп ашып, шәкірт тәрбиелеген едім. Олардың арасында бүгінде зор жетістікке жеткендері бар. Қазір шәкірт тәрбиелеуге уақыт таппай жүрмін. Сұраныс көп.
− Өмір адамның еркелігін көтере ме?
− Әрине көтермейді. Отбасында бес ұлмыз. Ата-анаммен бірге тұрамын. Әкем ешқашан маған тәйт демейтін. Айтқанымның бәрін орындайтын. Тіпті мектепке бармай-ақ қояыншы десем, «жарайды» деп айтатын. Бір аулада екі әулет тұрамыз. Әкем дүниеден озған соң жауапкершіліктің барлығы маған қалды. Ағайын-туыстан ажырап қалмау, тату болу, шаңырақтың отын өшірмеу секілді маған артылған сенім еркелікті артта қалдырды. Өмір, жұмыс барысы қиял ғажайып әлемнен тұрмайды. 
− Ер адамның бақыты неде?
− Ұрпақ көбейтіп, жақсы тәрбие беру. Отбасының тірегі болу.
– Әңгімеңізге рахмет!
                                                Сұхбаттасқан: Гүлбану МАҚАЖАН
14 қараша 2019 ж. 476 0

PDF нұсқалар мұрағаты

49-326

05 желтоқсан 2019 ж.

48-325

28 қараша 2019 ж.

47-324

21 қараша 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

07 желтоқсан 2019 ж.
Байқаңыз – улы газ!

Байқаңыз – улы газ!

20 қараша 2019 ж.

Экономика

U-STUDY

U-STUDY

13 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031