» » » Қазақ күресі мектеп бағдарламасына енеді

Қазақ күресі мектеп бағдарламасына енеді

Бақдәулет МАРАТҰЛЫ, ҚР Қазақ күресі федерациясының бас хатшысы:

‒ Бақдәулет, сіздің балуандар алаңында топ жарып, бүгінде күрес  федерациясында қызмет етуіңіздің өзі бала күнгі қызығушылықтан басталған тәрізді. Әңгімемізді осы тақырыптан бастайықшы...
‒ Қазір жасым жиырма жетіде, ал күреске тоғыз жасымнан бастап қатыстым. Негізі Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, бұрынғы Ленгір қаласының тумасымын, бірақ 2010 жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласына оқуға келіп, кейін  осы жердің тұрғылықты тұрғыны атандым. Кішкентай кездегі спортқа деген көзқарас пен мықты болуға деген ұмтылыстың арқасында қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атандым. Оған қоса 2015 жылы Азия чемпионы, екі жыл қатарынан "Еуразия Барысының" жеңімпазы болу бұйырды. Бәрі сол бала қызығушылықпен басталып, бүгінде күреске кәсіби түрде келуіме жол ашты.
‒ Ал қазіргі уақытта кілемге жиі шығасыз ба?
‒ 2017 жылы "Еуразия Барысында"  соңғы рет күресіп, кәсіби мансабымды жұмыс бабына байланысты аяқтадым. Себебі шаршы алаңда күресу, кейін қайтадан сол федерацияда жұмыс жасау бір-біріне кедергі келтіреді. Қазір аптасына бір-екі рет жаттығу залына барып тұрамын, бірақ бұрынғыдай  жарыстарға шығып жүрген жоқпын.
‒ Қазақ күресінің ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енгенінен хабардармыз. Осы орайда қазақ күресінің әлемдік спорттағы орны жайында толығырақ айтып өтсеңіз...       
‒ Қазақ күресі әлемдік деңгейде енді-енді танылып келе жатыр. 2016 жылы ғана ЮНЕСКО-ның тізіміне енді, одан кейін түрлі жарыстар ұйымдастырылды, халықаралық федерация құрылды. Қазір әлемнің 30-дан астам мемлекетінде Қазақ күрес федерациясы бар. Биыл желтоқсан айының 15-16 күндері Ақтөбе қаласында өтетін әлем чемпионатына әлемнің 40-қа жуық мемлекетінен балуандар келеді деп жоспарлануда. Олардың бәрі біздің күреске үлкен қызығушылық танытып отыр. Демек біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз дұрыс. Алдағы 10 жыл ішінде жазғы спорт түрлерінен Азия ойындарына, одан кейін Олимпиада ойындарына қатысамыз деген үміт бар. Ол үшін алдымен қазақ күресіндегі «қазақ» сөзінен бас тартуымыз керек. Өйткені ұлтқа байланысты спорт түрі ешқашан дамыған емес. Мәселен, өзбек күресі, қытай күресі дегенді естімейміз ғой, болған күннің өзінде біз оның дамуына еш үлес қоспас едік. Сондықтан әр елдің ұлттық ұстанымы болатынын ескеру керекпіз. Қазір осы  бағытта бірқатар жұмыс атқарудамыз. Әдетте біздің «Еуразия Барысы», «Әлем Барысы» деген додаларды шетелдіктер көріп, қызығып жатады. Әрине оларды ынталандыратын дүние қомақты жүлде қоры шығар, бірақ біздің күрес те осал емес.
‒ Сонда қазақ атауынан бас тарту  ‒  кілемдегі  ереже бірдей болу керек деген сөз бе?!
‒ Әрине алаңдағы ереже қашанда бәріне бірдей, бірақ күрес атауы ұлтқа байланысты болмау керек. Біз өз алаңымызда «қазақ күресі», «қазақша күрес» дейміз. Ал халықаралық аренада «қазақ күресі» деген атау бізге қиындық туғызып тұр. Өйткені біз әлем чемпионатын ұйымдастырсақ, барлық спортшының, жаттықтырушының шығынын мемлекет есебінен төлейміз. Себебі олардың елінде қазақ күресі деген атау қабылданбайды. Тіпті кейде «өзге ұлттың күресі, өздері дамытсын» деген пікірді де естиміз. Мәселен, дзюдо сөзі «жеңіске апарар жол» деген мағына берсе, самбо «қарусыз қорғану» деген ұғымды білдіреді. Байқадыңыз ба, ешқайсысында ұлтқа қатысты бөліну жоқ. Мақсатымыз Олимпиада шыңы болатын болса, біз қазірден бастап күрес атауын өзгертуіміз қажет. Мұны халық дұрыс түсінеді деп ойлаймын.
 ‒ Ал әлем мықтылары мен біздің балуандарды салыстырсақ, қай тараптың мүмкіндігі жоғары?
Халықаралық аренада әр спорттың өз деңгейі бар. Осы орайда қазақ күресінен қазақ балуандары әлемде бірінші деуге болады. Былтыр ғана дзюдодан әлем чемпионы атанған грузин балуаны Гурам Тушишвилиды  қазақ күресінен Айбек Нұғымаров таза әдіске салып лақтырды. Міне, бұл ‒ нағыз спорт. Бәлкім Айбек дзюдодан әлем чемпионатына қатысса, әлгі қарсыласына жол беруі мүмкін бірақ біз өз күресімізде бірінші орындамыз, әзірге ешкімге есе бере қоймадық.
‒ «Қазақстан Барысы» басталған тоғыз жылдан бері жобаға қандай жаңалықтар енді?
‒ «Қазақстан Барысы» ұйымдастырылған алғашқы жылы додаға әр өңірден 4 балуан қатысты. Ол жарыс түнгі 11-12-ге дейін созылған соң, кейін аймақтардан 2 балуанды ғана іріктеп шығаратын болдық. Бүгінге дейін кілемде екі балуаннан ғана күресіп келді, дегенмен оның өзі эфирге, жарыстың ұзаққа созылуына әсер етуде. Сондықтан 2020 жылғы «Қазақстан Барысына» балуандарды рейтинг бойынша іріктегіміз келіп отыр. Жалпы рейтинг бойынша 10-ға жуық турнирге қатысып, жеңімпаз  атанған балуан ғана «Қазақстан Барысына» жолдама алады.
‒ Сонда шамамен қанша балуан жолдама алуы мүмкін?
‒ Барлық облыс бойынша 17 жеңімпаз іріктелсе, «Әскер Барысынан» 2 балуан қосылады. Ал былтырғы «Қазақстан Барысы» атанған жеңімпаз додаға тікелей жолдама алады. Келесі 12 балуан рейтинг бойынша іріктеледі. Ескеретін жайт, рейтинг бойынша бір облыстан бірнеше балуан қатысуы мүмкін. Оны әр аймақтың статистикасына сараптама жүргізіп анықтаймыз.
 ‒ Жақында ғана федерация басшысы ауысты. Енді салада қандай бастамалар қолға алынбақ?
‒ Дәурен Әскербекұлы федерацияға төрт жылдық жоспарымен келді. Жоспар бойынша  2020 жыл қазақ күресі үшін «Ғылыми-әдістемелік және медиа жылы» деп жарияланады. Қазақ күресі жайлы осы кезге дейін көп дүние жазылды. Бірақ материалдарда ескілік сарын басым. Сол себепті қазақ күресін жаңа қырынан дамытпақпыз. Бүгінде ең басты мәселе ‒ қазақ күресін мектеп бағдарламасына енгізу болып тұр. Өзіңіз білесіз, жай ғана «енгізу керек, қадағалау керек» деген сөзбен ешнәрсе шешілмейді. Ол үшін алдымен 45 минуттық 100 сабақ жазылу керек.
‒ Ол үшін мұғалімдерді де арнайы дайындау керек емес пе?!
‒ Иә сала мамандарын дайындау үшін Қазақ күрес академиясын құру қажет. Ол академия университет деңгейінде жұмыс істемеуі мүмкін, бірақ дене шынықтыру пәні маманын қазақ күресіне бейімдейді. Бұл мәселе алдағы төрт жыл ішінде түбегейлі талқыланады. Ал қазір Нұр-Сұлтан қаласының білім басқарамасымен келісіп, 2020 жылдан бастап бес мектепке пилоттық жоба ретінде сабақ жүргізіп көрмекпіз. Егер бастама оң нәтижесін берсе, 2021 жылдан бастап республикамыздағы барлық мектепке осы жүйе енгізіледі. Пән мектепке міндетті сабақ болып енбейді, себебі республика аумағында мектеп саны көп, ал сабақ беретін маман аз. Мәселен, футбол маманы қазақ күресін үйретсе бала жарақат алуы мүмкін. Сол үшін күресті таңдау пәні ретінде енгіземіз. Бір сөзбен бұл жүйені демократия деуге болады.
‒  Республиканың барлық аумағында қазақ күресі қарқынды дамыды деп айта аламыз ба? Әлде күресте кенжелеп қалған аймақтар әлі де бар ма?
‒ Күрес федерациясының еліміздегі барлық аймағында филиалы бар. Оған қоса аудандық филиалдар да нәтижелі жұмыс жасап тұр. Біз барлығымен тығыз байланыстамыз. Осы кезге дейін Солтүстік Қазақстан, Қостанай облысында күрестің дамымай келгені рас, бірақ қазір солтүстік аймақта күрес клубы ашылды, ал Қостанайда облыстық басқарма басшылары салаға үлкен қолдау көрсетуде. Күрес ақсап тұрған аумақтың бірі ‒ Батыс Қазақстан еді, ол жерде де федерация басшысы ауысып, ауқымды жұмыстар жасалуда. Нәтижесінде кейбір аймақта ересектер, кей облыста жастар мықты. Жалпы статистикаға сүйенсек, барлық облыстың терезесі тең.
‒ Сонда көш басындағы облыс қайсы?
‒ Ересектер арасындағы сараптама бойынша Қарағанды мен Алматы, Шымкент  қаласы оқ бойы озық. Бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы кезінде Шымкенттің балуандары мықты еді, кейін олар екіге бөлініп әлсіреп қалды. Қызылорда облысынан да әр жыл сайын бір чемпион шығып тұрады.
– Соңғы уақытта қыздар күресін де жиі көріп жүрміз. Жалпы бұл бағытты дамыту қаншалықты тиімді?
Қазіргі ұлттық көзқараспен қарасақ, бізге қыздар күресі аса тиімді емес. Бірақ біз ауқымды аренаға, Олимпиада шыңына, Азия ойынына жолдама аламыз десек, бұл саланы да дамытуымыз керек. Әлемдік аренада гендерлік саясат жүреді. Ал гендерлік жүйеде ер мен әйелдің құқығы тең. Сол үшін қыздарға да чемпионатқа жолдама беріледі.
‒ Ақтөбеде өтетін әлем чемпионатына қандай дайындықтар жүргізілуде?
‒ Біз республикалық федерация болған соң, әлем чемионатына аса бір қатысымыз бола бермейді. Әрине біздің территорияда өтетін болған соң, Ақтөбедегі филиал жұмысына көмектесеміз. Оның өзі қонақтарды күтіп алу, шығарып салу сынды жұмыстар. Одан бөлек біз біріншілікке жеке команда ретінде қатысамыз. Біздің тоғыз балуан өткен айда Грузияға барып, халықаралық оқу жаттығуынан өтіп келді. Енді осы айдың 18-30 аралығында Алматы қаласында, одан кейін 3-13 желтоқсанда Қостанай облысында оқу жаттығу дайындығын өткізеді. Содан кейін әлем чемпионатына аттанады. Олардың дайындығы сақадай сай деуге әбден болады. Әрине тоғызы да чемпион атанса дейміз, бірақ негізгі меже төрт алтыннан кем болмау.
‒ Қазақ күресінің даму стратегиясы жөнінде не айтар едіңіз?
 ‒ Біздегі даму стратегиясы 2016-2021 жылға дейінгі аралықта бекітілген. Жоспарланған шаралардың 60 пайызын жоғары нәтижемен қорытындыладық. Ендігі мақсат ‒ қазақ күресін мектеп бағдарламасына енгізу. Қазір елімізде 12 спорт-интернаты бар, бірақ соның төртеуінде ғана қазақ күресінің арнайы бөлімі жұмыс істейді екен. Біз осы мәселені де қолға алдық. Облыс әкімдіктерімен, спорт басшыларымен келісіп, 10 спорт-интернатына күресті енгізу жоспарлануда. Олимпиада шыңын армандайтын республикалық федерация ретінде алдымен осындай ішкі жұмыстарды реттеуіміз керек.
‒ «Жастар әлеуметтік желімен әуре болып кетті» деген қазіргі тұста қазақ күресін дамыту ұлттық сананы қаншалықты қалыптастыра алады?
‒ Иә, бүгінде балалар далада алаңсыз асық ойнап, доп тебуден қалды. Жоғарыда келер жылды «Ғылыми-әдістемелік және медиа жылы» деп жариялайтынын айттым. Осы орайда Qazsport арнасымен бірлесіп «Қазақ күресінен бір әдіс», «Әлем чемпионатынан бір әдіс» деген атаумен бір минуттық бейнежазбалар әзірлемекпіз. Уақыт жеткілікті болса биылдан бастап «Бала балуан»  атты жобаны  бастаймыз. Ол ‒ 2005-2006 жылғы жасөспірімдер арасында өтетін, «Қазақстан Барысы» тәрізді үлкен аламан болмақ. Жобада 38 келі салмақтағы бала балуан 1 млн көлемінде сыйақы алып жатса, ауыл балаларының қызығушылығы оянады деген ойдамыз.
‒ Халықаралық спорт шебері ретінде саладағы қандай кемшілікке көңіліңіз толмайды?
‒ Мен қазақ күресіне келмей тұрып, яғни 2014 жылға дейін ұлттық құраманың мүшесі болдым. Самбодан Азия чемпионы атандым, дзюдодан да талай жарыста бағым жанды. Бірақ қазір самбоны да, дзюдоны да көргім келмейді. Неге? Өйткені мен қазір қазақ күресімен «ауырып» қалған тәріздімін. Әрі біз дзюдо арқылы жапон күресін, самбо арқылы орыс күресін дамытып келдік. Ал өзіміздің күресте бірде-бір бейнежазба сақталмаған. Кейде өзімде «бұрын неге сол жақта жүрдім екен?» деген өкініш болады. Салада ренжитіндей жүйе де көп болды. Мәселен, кезінде жеребені қолдан ұйымдастырып немесе 5-6 келі салмақты елемей өткізген әділетсіздікті көрдік. Бірақ ол уақытта біз бала едік. Мұның бәрі қазір жойылды. Себебі комиссия құрылып,  құжаттарды қатаң бақылауға алдық. Тіпті қазір 100-150 гр салмақ дәрежесі асып кеткен жағдайда спортшы жарысқа жіберілмейді. 
‒ Сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Гүлдана ЖҰМАДИН
21 қараша 2019 ж. 1 820 0

PDF нұсқалар мұрағаты

49-326

05 желтоқсан 2019 ж.

48-325

28 қараша 2019 ж.

47-324

21 қараша 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

07 желтоқсан 2019 ж.
Байқаңыз – улы газ!

Байқаңыз – улы газ!

20 қараша 2019 ж.

Экономика

U-STUDY

U-STUDY

13 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031