» » » БӘРІНІҢ ЧЕМПИОН БОЛУҒА МҮМКІНДІГІ БАР

БӘРІНІҢ ЧЕМПИОН БОЛУҒА МҮМКІНДІГІ БАР

Қамшыбек ҚОҢҚАБАЕВ, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ҚР бокстан ұлттық құрама капитаны:

        Өткен аптада ел спортының мерейін үстем етіп жүрген боксшы Қамшыбек Қоңқабаев "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығына ие болды. Ақжолтай жаңалықты естіп, марапат иесімен әңгімелесуге асықтық.
  • Бүгінгі боксшы Қамшыбекке қарасақ, бала күнінде де бірінші атаман болған тәрізді.  Алғашында футболға қызыққан атаман не үшін боксты таңдады?
  • Өмірде ұл баланың идеялы әкесі, ал қыз баланың үлгі етер тұлғасы анасы ғой. Менде кішкентай кезімде мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін әкем тәрізді форма киіп, еңсесін биік ұстайтын үлкен азамат болғым келді. Одан бөлек футболшы немесе атақты спортшы болсам деген биік мақсатым бар еді. Шынымды айтсам бала күнімде боксқа қарағанда, футболды жақсы көрдім. Ал боксқа келуіме туған ағам Асқар Қоңқабаевтың ықпалы болды. Ол да былғары қолғап шебері еді. Асқар әскерге аттанып бара жатып маған: «Бір доптың артынан жүгіре бермей, боксқа бар» деп ақыл қосқаны әлі есімде (күліп). Содан бері спортты серік етіп келемін әрі бұл таңдауыма өкінген емеспін.
  • Бәсекеде топ жару үшін бірнеше белестерден өткеніңіз белгілі. Ең алғашқы шаршы алаңдағы кездесу, қарсылас есіңізде ме?
  • Алғаш рет шаршы алаңға Қазалыда өткен турнирде шыққаным есімде. Енді тәжірибе жинап жүрген маған сол жердегі барлық оқиға қызық көрінді.
  • Екі жыл қатарынан «Астана арландары» сапында да жұдырықтасқан екенсіз...
  • Иә бұл жерде де біршама өнер көрсеттім. Олимпиада болатын жылы сол кездегі бас бапкеріміз Мырзағали  Айтжанов ұлттық құрамада жүргенімде «Астана арланға» барып, екі кезең тәжірибе жина» деп кеңес берді. «Астана арлан» мен үшін үлкен мектеп болды десем қателеспеймін. Осыдан кейін тез арада ширай түстім. Әрі өзімді техникалық және физикалық тұрғыда жетілдірдім деп толық айта аламын.
  • Шарша алаңға қанша рет шықтыңыз?
  • Нақты есептеген емеспін, бірақ үш жүз қырықтай жекпе-жек өткізген шығармын. Осы  әуесқой бокстың отыз-қырқында жеңілген болуым керек.
  • «Қазақта батыр аңғал» деген сөз бар ғой. Өзіңіздің осал тұсым деп қай қасиетіңізді айтар едіңіз? Әдетте өз тарапына айтылған сынды көпшілік ауыр қабылдайды. Ал сіз сәтсіздікке сынып кетпейтіндер қатарынансыз ба?
  • Шаршы алаңда қателесу қалыпты дүние. Ер адамды сын ширатады. Егер ақиқат болса, сынның айтылғаны дұрыс деп есептеймін. Алайда кейде сынды қатты немесе дәлелсіз айтатындар да кездеседі. Ол кезде түсіністік танытып, кейін шаршы алаңда мықтылығыңды дәлелдеуге тырысасың. Сын орынсыз айтылған жағдайда айтушымен арпалысып, сөз таластырған кезім болған емес. Көп жағдайды үнсіз қалуды дұрыс деп санаймын. Өйткені барлық адамда түрлі пікір бар. Бәріне бірдей жақпайтының  тағы белгілі.
  • Ал жеңіліс кезінде көңіл күйді қалай басқарасыз?
  • Жеңіліс кезінде Аллаға шүкірлік айтып, бұдан да көбірек еңбек етуім керек екенін еске алып,  көңілімді көтеруге тырысамын.
  • Бір сұхбатыңызда «Әлем біріншілігінің ақтық сынында сәл ашуға бой алдырғаным да кері әсерін тигізген сияқты» деген екенсіз. Демек бокста да эмоция маңызды болғаны ғой...
  • Иә, ақтық сында біраз ашуға ерік бергенім рас. Менің тарапымнан тактикалық қателіктер кетті. Мұның өзі бокста адамның көңіл күйі маңызды екенінің дәлелі. Сондықтан Олимпиадаға жолдама алсақ, бұл қателікті қайталамауға тырысамын
  • Қазіргі уақытта бокстан ұлттық құраманың деңгейі қандай? Осы орайда Қызылорда облысының даму бағытына тоқталсаңыз...
  • Қазақ боксы әрдайым мықты болған және алдағы уақытта да осы деңгейде болады деген сенімдемін. Өйткені ұлттық құрама әлемдік деңгейде үнемі үздік үштіктің қатарынан көрінеді. Сондықтан да қазақ боксының абыройы биік деп нақты айта аламын. Аймақта да бокстың даму бағыты қарқынды. 2017 жылы облыс атынан шығып тұңғыш рет әлем чемпионатынан медаль алып келгенімді білесіз. Мақтанғаным емес, бұл жеңіс ‒ халқымның дұғасы, жаттықтырушыларың еңбегі. Чемпионат араға екі жыл салып өтіп тұрады. Биыл сол бәсекеде екі қызылордалық өнер көрсетіп, мен қайтадан екінші орынға тұрақтасам, Тұрсынбай Құлахмет атты жерлес інім үшінші орынды қанжығасына байлады. Мұның өзі оң өзгерістің, дамудың белгісі деп түсінемін. Өз басым өңірден екі жыл ішінде тағы бір қызылордалық боксшының сапқа қосылғанын өте үлкен жетістік деп есептеймін. Қазір бас тренер Жәмил Жүсіпов ағайымыз боксты дамытуда көп еңбек етуде. Бұл кісі облыстағы жұмысынан бөлек, ұлттық құрамадағы бас бапкердің көмекшісі қызметін қоса  атқарады. Алдағы уақытта Олимпидада топ жарып, ағайымызды, Сыр елін қуантсақ екен деген тілегім бар.  
  • Еліміздегі әйелдер боксы жөнінде не айтар едіңіз? Бұл бағытты дамытуға сіздің көзқарасыңыз қандай?
  • Қарап отырсаңыз, бұрын әйелдер үш салмақ бойынша сынға түсетін, ал қазір бес салмақ бойынша өнер көрсетеді. Әйелдер боксын дамытамыз деп, ерлер боксының екі салмағын қысқартты. Бір жағынан өте өкінішті. Қазақстандағы жеңіл салмақтағы боксшылардың көбісі бокс нағыз кәсібі болған соң, тауып отырған табыс көзінен айырылып қалды. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде енгізілген жаңа жүйе. Негізінде әйелдер боксы үш салмақта тұра берсе, ал ерлерде он салмақтағы жүйе қайтып оралғаны дұрыс деп ойлаймын. Ал жеке көзқарасым бойынша қыз баланың бокспен шұғылданғанын құптамаймын.  
  • Шаршы алаңға шықпас бұрын қарсыласқа қалай зерттеу жүргізесіз?
  • Кейбір бейтаныс адамдар болмаса, біраз қарсыласымды танимын. Ең бастысы қарсылас қандай болса да өзіңе сенімді болуың керек. Көп жағдайда қарсыласты ғаламтор арқылы зерттеп, оң немесе сол жақтан шығатынын, шапшаң немесе бір орында қимылдайтынын анықтап аламын. Содан кейін ойша бокстасып, қарсыласыңды көз алдыңа елесте отырып, жаттықтырушымен ақылдасып, тактикаларды әзірлей бастайсың.
  • Мансап жолында беделіңіз өсіп, мемлекеттік қызметке шақырса барар ма едіңіз?
  • Құдай қаласа, Олимпиададан үлкен нәтижемен оралған соң, мемлекеттік қызметке шақырса ойланатын шығармын. Кім біледі мемлекеттік сала да елге, ұлтқа пайдамыз тисе, нұр үстіне нұр емес пе?! Болашақта көк байрағымызды әлем алдында биікке көтеретін келер буынға пайдамыз тиер болса қуанамын. Сондықтан мемлекеттік қызметке баруға қарсы емеспін.
  • Спортта да төрешілер тарапынан қателік кететінін естиміз. Бокста да әділетсіздік бола ма?
  • Бокста өздеріңіз білесіздер әділетсіздік ара-тұра болып тұрады, бірақ бұл олқылық алдағы уақытта түбегейлі жойылады деген сенімдемін. Осы Олимпидада жаңадан төрешілер тағайындалатын болады, себебі Рио Олимпиадасында қазы болған төрешінің бәрі орнынан алынды. Әділетсіздік әсіресе Рио Олимпиадасына Әділбек Ниязымбетов, Василий Левитке жасалды. Бірақ ол тек төрешінің ғана кінәсі емес, себебі оларды осындай қадамға апарып отырған адамдардың да ықпалы болуы мүмкін. Сондықтан Токио Олимпиадасы әділетті өтеді деп ойлаймын.
  • Ұлттық құраманың капитаны ретінде Токио Олимпиадасында кімнің топ жару мүмкіндігі жоғары деп ойлайсыз?
  • Кеше өздеріңіз куә болғандай әлем чемпионатында сегіз салмақтағы боксшы бақ сынадық. Сол арада  Бекзат чемпион болады деп кім ойлады?! Өйткені ол салмақта одан өзге өте мықты боксшылар бар еді. Сондықтан олимпиадаға сегіз боксшы барсақ, бәрінің де чемпион болуға мүмкіндігі бар. Бағы мен мен бабы қатар шапса, неге бәрі топ жарамасқа?! Әрине мұның бәрі ниетімізге, еңбегімізге байланысты.
  • Болашақта ұлдарыңыздың спортқа баруына рұқсат берер ме едіңіз?
  • Ұлдарым спортшы болсын деп қатты армандамаймын. Ең бастысы, адами қасиетін биік ұстап, еліне адал қызмет ететін тұлға болып өссе екен деп тілеймін. Егер спортқа ден қойса, білгенімізді үйретіп, жақсыға баулитынымыз айдан анық.
  • Сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Әңгімелескен Гүлдана ЖҰМАДИН
06 желтоқсан 2019 ж. 480 0

PDF нұсқалар мұрағаты

02-331

16 қаңтар 2020 ж.

01-330

09 қаңтар 2020 ж.

52-329

28 желтоқсан 2019 ж.

Спорт

«Ноль» мырза

«Ноль» мырза

17 қаңтар 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031