» » » «ЖЕКПЕ-ЖЕК» АЙТЫС ҰЙЫМДАСТЫРЫЛСА, БІРІНШІ БОЛЫП ҚАТЫСАР ЕДІМ

«ЖЕКПЕ-ЖЕК» АЙТЫС ҰЙЫМДАСТЫРЫЛСА, БІРІНШІ БОЛЫП ҚАТЫСАР ЕДІМ

 Мейірбек СҰЛТАНХАН, айтыскер ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері:

‒ Мейірбек, айтыстан бұрын сахнада Нартайдың әнін сырнаймен орындаған екенсіз. Әңгімемізді мектеп қабырғасындағы бала болмысыңыздан бастасақ...
‒ Баланың қабілеті, ынтасы мектептен танылатыны бәрімізге белгілі. Мен кішкентайымнан айтысқа құмар болдым, тіпті екінші сынып оқып жүргенде «Хабар» арнасынан беретін айтысты үзбей көретінмін. Мектептегі бір қызық жағдай, бастауыш сыныпта анам сынып жетекшім болды. Ал сахнадағы ең алғашқы қадамым Жаңа жылға арналған концерттік бағдарламадан басталды. Үшінші сыныпта оқитын кезіміз. Сценарийде екі оқушының айтысы бар, яғни Ақтөре сыныптасым екеуміз дайын мәтінді жатқа айтуымыз керек. Бірақ мен дайын мәтіннің екі шумағынан соң, ойдан тағы біраз өлең жолын қосқаным есімде. Міне сол кезден бастап өнерге деген ынтам біліне бастады. Ең алғаш айтыс сахнасына келіп, үлкен ақындармен танысуыма себепкер ‒ ұстазым, мәдениет қайраткері, Нартай әндерін насихаттаушы, марқұм Құрманбек Бекпейісов ағамыз еді. Сол кісінің жанында сырнай үйреніп, жыр кештеріне де қатыстым. Бірақ сырнайды кәсіби түрде үйренбедім. Кейін айтысқа түбегейлі бет бұрған соң, сырнайдан қол шығып қалды. Қазір біраз үйренсем, қайта еске түсіруге болатын шығар. Өйткені осыдан 4-5 жыл бұрын қайта сырнай тартуға талпынып көргенмін.
‒ Ақын ‒ халықтың энциклопедиясы тәрізді. Ат сүрінгенше сөз табу үшін айтыскер қандай мектептен өту керек?
‒ Иә, айтыс дегеніміз ‒ күнделікке баға қоймаса да, күнделікті ізденісті талап ететін үлкен мектеп. Айтыстың негізгі шарты ‒ табан астында тапқыр жауап, ұтымды уәж табу ғой, яғни дер шағында қарсыласқа берілген нақты жауап ақынның есімін тарихта қалдырады. «Түйе мінген қазақтың өзі төрт ауыз өлең біледі» демекші, өлең құрау әр қазақтың болмаса да, көпшіліктің қолынан келетін дүние. Ал «шөп те, шөңге де өлең» демей, керегі мен кебегін ажыратып, елдің алдына шығып халықтың сөзін сөйлеу ақынға жүктелген аманат екені даусыз. Айтыскер ақынға ең бірінші мектеп ‒ сахна, яғни елдің алдына шығып, кішігірім аймақтық, аудандық айтыстан бастап, өнердің  ыстық-суығына қатар түсіп шыңдалу, содан кейін ғана үлкен сахнаға жолдама алу ақын үшін тәлімі де тәрбиесі де зор мектеп. 
‒ Осыдан төрт жыл бұрын «Айқын» газетіне берген сұхбатыңызда «Бір қалауым бар. Ол 2003 жылдағыдай тікелей эфирдегі «Жекпе-жек» айтыстар қайтып келсе, нағыз айтыс сол болар еді. 1-1,5 сағат жекпе-жек айтысу ақынның нағыз шеберлігін танытатын өнер» деген екенсіз. Бұл тілегіңіз дегеніне жетті ме?
‒ Сол айтылған тілек арман күйінде қалып қоймаса екен деген қауіпім бар. Бұл тек менің ғана емес, барша ақынның көкейіндегі ой еді. 15 жыл деген көп уақыт емес, бірақ сол кездегі тікелей эфирден елге айтқан сөзі ханға да, халыққа да тікелей жеткен ақындардың абыройы әлі күнге аласарған емес. Балғынбек Имашов, Айбек Қалиев, Ринат Зайытов, Мэлс Қосымбаев, Мұхтар Қуандықов ағамыз сол айтыстарда көрініп, халықтың есінде қалды. Біз өнірлерге барған уақытта сол айтысты аңсап отыратын көрермен аз емес. Демек айтыстағы тікелей эфир ‒ айтыстың да, ақынның да мерейін өсіретін жоба. Қазіргі айтыстың бір әттеген-айы, айтылған шумақтың халыққа жетпей, орта жолда монтаж майталмандарының қолынан қырқылып қалуы ғой. Тіпті соңғы кезде тіл туралы айтылған шумақтың өзін орта жолдан кесіп, айтысты халық көргісі келмейтін жағдайға апаратындар да бар. Мысалы, айтыскердің қарсыласқа шабуылдап айтқан шумағы бар, ал оның жауабы жоқ. Немесе  мәселе тақырыпты көтерсе  оны қырқып тастайды да, бірақ қарсылас оған жауап беріп отырады. Ақылға қонымсыз осындай  дүниелерді эфирден «айтыс» деп берген кезде халықтың төл өнерге деген ықыласы суитыны сөзсіз. Бұл жайды біз айтудай-ақ айтып жатырмыз, билік өкілдері айтысқа келген сайын өзім де қозғауға тырысамын. Бір жағынан  тікелей эфирдегі 1,5-2 сағаттық айтыс ақынның мүмкіндігін көрсетеді. Кейбір ақындар тынысы енді ашылып, батырлар жырындағы «айлық жерді алты аттап, жылдық жерді жеті аттайтын» тұлпарлардың шабысы секілді енді көсіле бергенде эфирде тоқтатып тастағандай болады. Сондықтан айтыста  30 минут деген шектеу емес, екі ақынның шынайы жекпе-жегі болса, бұл біз үшін үлкен мектеп болар еді. Өйткені біз мұндай тартысты көрген жоқпыз. Мысалы, мен үлкен сахнада, ең ұзақ дегенде  Ринат Зайытовпен 1 сағат 5 минут қана айтысыппын. Ал мұндай  жоба қолға алынса айтылар ойға  кедергі болмай, тікелей халыққа жетсе айтыс көрермені көбейер еді. Сондықтан осы тілегіміз шынға айналса деген үміт бар. Мүмкін тәуекелі жетіп, кейін бір арна басшылығы осындай айтыс ұйымдастырса, мен бірінші болып қатысуға дайынмын.       
 ‒ Осыдан сегіз жыл бұрын құрылған айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?
‒ Одақ қазір қарқынды жұмыс жасау үстінде десек болады. Бастапқыда отыратын кеңсесі жоқ, еңсесі төмен одақтың қазіргі жай-күйі бұрынғыдан шүкір. Алматыдағы дәстүрлі «Алатау» өнер орталығында одақ жұмысын жүргізіп, біршама айтыскер ақын маңайында қызмет етіп жатыр. Одақтың төрағасы Жүрсін Ерман ағамыздың бастамасымен ақындардың қаншама жыр жинағы шықты, өмірден өткен ақындарды еске алу кеші өтті. Одан бөлек кеше ғана одақтың бастамасымен Оралда тұңғыш рет теамбилдинг ұйымдастырылды. Ол жерде алдымыздағы аға буынмен  жас ақындар тәжірибе алмасып, айтыстың әттеген-айы мен шіркін-ай дейтін тұстары талқыланды. Сонымен қоса осы уақытқа дейін мереке кезінде қарша борайтын марапаттан айтыскер ақындардың құр қалуы қынжылтатын еді. Енді одақ тарапынан ұсыныс жасалып, қаншама айтыскердің кеудесіне орден тағылып, ақындар мәртебесі өсіп жатқанын  жасырмай айту қажет. Біздің алдымызда Шиелі ауданында Махамбетқали Тұрсанов деген ақын өтті. Қызылорданың бас ақыны, кеңестік кезеңнің талай додасында Сырдың намысын қорғаған ақынның тірі кезінде өз дәрежесінде мерейтойының аталмай өтуі, тіпті ол кісіге арнап үлкен бір айтыстың ұйымдастырылмауы бізді қынжылтатын. Соны мен бір айтыста «Махамбетқали атам өтті өмірден, Есімі бір ел есінде қала алмай, Төсін ашқан әншілерде алып жатқан, Төсбелгенің біреуінде ала алмай» деп айтып едім. Сол секілді ақынның тірілердің тізімінен кеткенін күтіп жүрмей, жер басып жүргенінде бағасын білгенге не жетсін?! Сондай-ақ биыл одақтың ұйымдастыруымен айтыскер ақындардың құрылтайы өткенін айта кеткен жөн. Бұл ‒ жан-жақтан 150-ден астам ақынның Алматыға жиналып, бас қосқан екінші құрылтай болды.
‒ Жақында бір мектеп оқушысының «Тәуелсіздік, егемен Қазақстан дегенде ойыма ешнәрсе түспейді-ау» деп қынжылғаны бар. Бұл кейінгі буын идеологияны түсінбейді деген сөз бе? Еркіндікті сезінбеу ‒ тарихқа жасалған қиянат емес пе?! Халықтың перзенті ретінде не айтар едіңіз?
‒ Бір оқушының пікірімен барлығына күйе жағуға  болмас. Небір талантты, рухы биік жас өреннің өсіп келе жатқаны қуантады. Бірақ шығыстың шайырларына емес, батыстың шоуына қызыққан жастардың көбейгені де жасырын емес. Әуезов көшесінде келе жатып, «Абай жолын» кім жазғанын білмейтін жастарды көргенде қынжылтынымыз тағы бар. Дидар Қамиев деген ақын осы жайлы былтырғы «Алтын домбыра» айтысында «Еркіндік қазағымның жастарына, еркінсіп кету үшін берілмеген» деп айтып еді. Анығында Тәуелсіздік еліңнен бөлініп, білгеніңді жаса деген сөз емес. Оны жас ұрпақтың санасына сіңіру ‒ сіз бен біздің алдымыздағы үлкен міндет.
‒ 1988 жылы өткен айтыста ақындар «Алматыда неге қазақша газет жоқ?» деп мәселе көтерген екен. Білуімізше, ол кезде тек «Вечерняя Алматы» газеті жарық көреді екен. Сол айтыстан соң үш ай ішінде «Алматы ақшамы» дүниеге келіпті. Ал қазіргі айтыс  қоғам мәселесін шешуде қаншалықты қауқарлы?
‒ Қазір айтыста айтылған шумақты шенділер шешумен емес, керісінше эфирде кесумен айналысып жатқан секілді көрінеді. Айтыста отыратын жоғары билік өкілі саусақпен санарлықтай десек те болады. Керісінше халық қалаулыларын, министр, вице-министрлерді шоу бағдарлама, квннен көріп қаламыз да, төл өнерге келгенде төбе көрсетпегеніне қынжыламыз. Алайда ұлтым дейтін, сөз қадірін білетін басшылар да баршылық. Осы орайда бертінге дейін облыс әкімі болған Қырымбек Елеуұлы Сырда өткен талай айтыстың алғы сөзін ашып беріп, ақындарды соңына дейін тыңдап отырғаны, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қаншама айтысқа қолдау бергені, Атырауда Нұрлан Асқарұлы, Алматы қаласының әкімі болып тұрғанда Бауыржан Байбек, Шығыс Қазақстанда, Өскеменде болған айтыста ақындар айтқан кемшіліктің бәрін өз қолымен дәптерге жазып отырған Бердібек Сапарбаев ағамыздың есімін ерекше атап өту керек. Анығында, халық ақынды құрметтеген әкімді жақсы көреді.
     Ал бір ақын айтқан шумақпен мәселенің оң шешімін табуы қазір сиреп кетсе де болып тұратын жағдай. Мен өз басымнан өткен жайды айтайын, 2011 жылы Семей қаласы, Абай ауданында республикалық айтыс ұйымдастырылды. Сол айтыстың екінші күні финалда Абай ауданына баратын жолдың нашарлығын айтып, «Абай жолын жазудан  қиын емес, Абайдың жолын жөндеп берсе болды» деген шумағымды Бердібек Сапарбаев келгенде, «міне ақындар осындай уәж айтуда» деп Жүрсін ағамыз қайталап айтып берді. Келесі жылы Өскеменге айтысқа барған кезде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «былтырғы айтылған мәселе назарға алынып, Абайдың жолын жөндеуді қолға алдық» деп, біз халықтан сүйінші сұрағанбыз. Сол секілді Атыраудағы айтыста қаладағы әуежайға Хиуаз Доспанованың есімімен беру керегін айтып ақындар мәселе көтерді. Бұл ұсыныс та билік тарапынан қолдау тапты. Мәселе тек ақындардың ғана емес, халықтың көкейіндегі түйткіл болған соң  осылай шешімін табатын  кезі болып тұрады. 
‒ Соңғы уақытта халықаралық деңгейдегі айтыстар жиі ұйымдастырылуда. Бұл ‒ айтыстың бауырлас елдерде де жақсы дамығанының дәлелі ғой. Солай емес пе?!
‒ Халықаралық айтыс біздің елде де, көршілес Қырғызстан, Өзбекстанда да жиі ұйымдастырылады. Бір әттеген-айы, соңғы ушыққан жағдайға байланысты Қытайдағы қандас ақындардың елге келуі, біздің айтыскерлердің ол жаққа барып өнер көрсетуі тоқтап қалды. Енді Қытай мен Қазақстан арасындағы шекара мәселесі дұрыс жолға түсіп, сол дәстүр қайта жалғасса, ол жақтағы талантты ақындардың өнерін тәмам қазақ тамашаласа деген ой бар. Әрине Қырғызстанда өтетін айтысқа жиі шақырту келеді, бірақ мен оған жолым түсіп бара алмай жүрмін. Ол жақтағы айтыстың бір ерекшелігі ‒ айтыс болған күні тікелей эфирде халыққа кеңінен көрсетіледі.
  Бұған дейін айтысты Мәскеу мен Францияның төріне апарып, сол жақтағы қазақтарды ұлттық өнермен сусындатқан жақсы бастамалар болған. Алдағы уақытта төл өнерді Түркия елінде насихаттасақ  деген ұсыныстар да бар. Осы жоба жүзеге асса, айтыстың халықаралық мәртебесі  тағы бір көтерілер еді. Осы орайда ақсүйек өнеріміздің мәдени мұра ретінде  ЮНЕСКО құрамына кіргенін мақтанышпен айту керек.
‒ Айтыс сізге не берді?
‒ Аллаға шүкір, айтыстың арқасында ақын деген атымыз елге танылды. Халықтың кенже баласындай еркелеп, елдің ортасында жүрміз. Үлкен сахнада үш жүзге сөзіміз жетіп, төрде отырған төреге ойымызды айтатын мүмкіндік туды. Айтыстағы әрбір сәт ертеңгі күні сағынып айтар естелікке айналары сөзсіз. Сол үшін қолда тұрған бақты бағалап, барымызды, жанымызды салуға тырысамыз. «Айтыс маған не берді деп емес, біз айтысқа не береміз?» деген оймен өнердегі аға буын  жолымен жүруге тырысамыз.
‒ Хоббиіңіздің бірі ‒ қазына қарттармен кездесіп, өткен шежірелерді түгендеу екен. Абыздар азайып бара жатыр деген тұста кіммен жиі жүздесесіз?
‒ «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген қағиданы ұстанатын қазақ болған соң, барған жерімізде батасын беріп, бәтуәлі сөз айтатын абыз кеуде ақсақалдармен барынша уақыт тауып жолығуға тырысамын. Әрине әңгімені әріден қозғайтын, шежірені тарқатып, тарихты айта білетін ақсақалдарға кенде емеспіз. Кейде «шал көбейіп, ақсақал азайды» деген кері пікір айтылады. Мұндай жайт ел ішінде болған шығар, бірақ қазақтың қазаналы қарттары азайған емес. Қазіргі уақыт абыздар кеміген емес, абыздардың насихаты азайып бара жатқан заман болып тұр. Ғалым Тұрсынбек Кәкішов бір сұхбатында «бұл заманда іздеушің жоқ болса, данышпан болсаң да далада қаласың» деп айтып еді. Сол сияқты біз қазір тұлғаларды емес, жұлдыздарды жиі насихаттайтын қоғамда тұрмыз. Сол үшін абыздар ескерусіз қалып жатыр. Әйтпесе бір ғана Алмас Алматов ағамыздың өзі неге тұрады!? Ол кісінің әңгімесін ұғынар құлақ болса, нағыз энциклопедия ғой.
‒ Ақынның ел арасында абыройы биік. Ал осал тұсы қандай?
‒ Кейде халықтың ықыласымен, сахнадағы эмоциямен артық ауыз сөз айтып қалатын кездер болады. Ол қарсыласқа немесе қоғамдағы жағдайға байланысты болуы мүмкін. Тіпті кейде ақынның ашынып айтқан ақиқаты тұтас бір айтысқа әсер ететін жағдай да кездеседі. Мұхтар Ниязов ағамыз бір айтыста «Адам ата жұмақтан қуылыпты, жеме деген нәрсені жеп қойған соң. Бізде солай эфирден қуылдық-ау, деме деген нәрсені деп қойған соң» деп айтып еді. Ең бастысы, кемшілікке кеңшілікпен қарайтын халық аман болсын, сын айтса сынып түспейтін басшылар көп болсын. Қадыр ақын айтқандай қашанда «өгіздей өтіріктен, шыбындай шыбын артық». Жетпіс жыл жер астында жатса да, алтынды тот баспайды демекші, қазір айтқан кейбір сөздер қате пікір секілді көрінсе де, егер ол ақиқатпен астасса өз уақытында бағасын алары даусыз.
‒  «Ақында дос болмайды. Оның серігі ‒ жалғыздық. Бұл мен ашқан жаңалық емес» дейді Жүрсін Ерман. Сіз араласатын, сырласатын орта қандай?
‒ Әрине ақында жабырқау, жалғыздықты сезіну көп болатын шығар. Өйткені кез келген дүниені жүрегімен қабылдайтын, өлеңі өмірімен ұштасқан ақындар арасында бұл жағдай көптеп кездеседі. Алмат Исаәділ деген ақын «Жалғыздық та бір күні жалғыздықтан жалығар» деген еді. Сол секілді домбырамен дос болған, айтыскер ақын еркелеткен елі барда ешқашан өзін жалғыз сезінбеу керек. Ал мен араласатын ортада жалғыздықты сездірмейтін жақсы адамдар көп.
‒  Бүгінде ақындар айтысын ғаламтордан қиындықсыз көруге болады. Бірақ сол мұра кейінгі ұрпаққа сақталу үшін жинаққа біріктіріле ме?
‒ Ғаламтордағы «қиылмаған» айтыстың көпшілігінің сапасы нашар. Басым бөлігі әуесқой түсірілім мен аудиожазбалар ғана. Ал сапалы арна түсірген айтыстар жоғарыда айтқандай қырқылған. Түпнұсқасы өзіміздің де қолымызда жоқ. Алдағы уақытта айтыстағы сәттерді жинақтап, бейнежинақ шығарғым келеді. Бірақ эфирден берілген айтыстарды жинақтау қызықсыз. Биыл біршама ақын өзінің айтыстағы жыр-шумағын хатқа түсіріп, кітапқа басты. Өйткені айтысты You tube-тан қиындықсыз көруге қарағанда, кітаптан оқудың әсері бөлек. Өзім ғаламтордан Манап Көкенов, Көкбай Омаров, Махамбетқали Тұрсановтың ретро-айтысын қарағанды жақсы көремін.
‒  Қазақ сөзге бәрін сыйдырған халық. Сыр еліне деген ықыласыңызды  бір шумақ өлеңмен жеткізсеңіз....
‒ Боп жатқанда шерумен жиі ұрыстар,
Елдікті сақтау деген қиын іс бар.
Қазақтықтың қаймағын бұзбаған ел,
Азаттықтың байрағын биік ұстар.
Бағаласақ бастағы бақ-несіпті,
Ардақтайық аяулы Ақмешітті.
Алты алаштың анасы тербей берсін,
Татулық деп аталар тал бесікті!
‒ Әңгімеңізге рахмет!

Сұқбаттасқан Гүлдана Жұмадин

01 қаңтар 2020 ж. 235 0

PDF нұсқалар мұрағаты

03-332

23 қаңтар 2020 ж.

02-331

16 қаңтар 2020 ж.

01-330

09 қаңтар 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031