» » » ЖАСТАРҒА «ВНИМАНИЕ» ЖЕТІСПЕЙДІ

ЖАСТАРҒА «ВНИМАНИЕ» ЖЕТІСПЕЙДІ

    Ғалым МАХАМБЕТОВ, актер, жайдарманшы:


       Кезінде Жайдарманның да, қазақша КВН-ның да чемпионы атанған «Арал-Ас»  командасын жастар жазбай таниды. Әсіресе «Гәлөк 88» образымен талай жанды күлкіге қарық қылған Ғалым Махамбетовтің телеарнадағы бейнесі көпке таныс. Жуырда ғана «Сыр үміті» облыстық жастар форумында «Талант» номинациясын иеленген жерлесімізбен осы аптада емен-жарқын әңгімелестік.

Әзілдің «зілімен» Арал көркейді

−  Ғалым, әңгімемізді команда мүшелерінің қызметінен бастасақ... Әзілді кім даярлайды? Кім сүзгіден өткізеді?
 − Біздің команданың әрбір мүшесі − сценарист, бәрі де әзілді сахнаға лайықты етіп жаза алады. Дегенмен сценарийдің көп бөлігі Даниярдың қолынан шығады. Арамызда тың идеямен әзіл ойлап табатын − сол. Ал әзілді саралап, сүзгіден өткізуші − жетекшіміз Төребек. Сахнаға дейін де, кейін де редакторлық жұмыстарға қарап, тәрбиелік мәні мен мазмұнын өзі бір талқылап алады. Ал Ақылбек екеуміз әзілдердің идеясын толықтырып, түрлендіріп жіберетін адамдармыз (күліп).
− Жайдарманшының арнайы дипломы болмайтыны белгілі. Сіз актер болмағанда,  қазір қай салада жүрер едіңіз?
−  Менің онсызда арнайы мамандыққа берілген дипломым жоқ, бірақ қазір  актер болып жүрмін. Негізі бұл бала кезімдегі арманым еді. Дегенмен КТА  (Көңілді тапқырлар алаңы – ред.) арқылы сахнаға келіп, телеарнада танымал актерге айналамын деп ойламаппын.
− «Әзілдің астарында зіл жатады» дейді үлкендер. Көрерменді күлкімен көмкергенде зілді оймен шешімін тапқан мәселе бар ма?
− Біз әзілді ауыл арасынан, халықтың ортасынан іздейтінбіз. Әрине елдегі әзілдің түгелдей бәрін емес, тек ерекше образды, адамдардың қызықты қылығын, күнделікті  күлкілі әдеттерді бақылап жүріп, өз ортамызда соны қайталап көретінбіз. Әзіл өзімізге өтімді болып, ұнаса әрі қарай дамытып, диалог құрастырып, түрлі оқиғалар өрбітуші едік. Ал әзіл арқылы шешімін тапқан мәселеге келсек, менің Гәлөк 88 деген образым көпке таныс. Сол рөлді сахнаға алып шыққан кезде тек залды күлкіге қарық қылдық деп ойладық. Алайда сол сәтте сахнадағы біраз адамды тәрбиелеген екенбіз. Гәлөк тәрізді қиқар сөйлеуді шынайы өмірде де әдетке айналдырған көп адам өзін сахнадан көріп, жинақталған кезі болыпты. Сондай-ақ біздің команда  Жайдарманда Арал мәселесін жиі көтерді. Өзімізге келіп «сендер осы мәселені сахнада қозғаған соң, қолға алдық» деген әңгімені естімесек те, әзілдің «зілімен» Аралдың көркейіп келе жатқанын  жақсы нәтиже деп түсіндік.
«Сендерде су бар ма, бізде су жоқ»

− Қожанасырдың тарихта қалған қалжыңдарын ел әлі күнге айтады. Ал сіздің  көрермен есінде қалған әзіліңіз немесе кейіпкеріңіз қандай? 
− Халықтың көп есінде қалғаны − ауылдың бұзық жігіті Гәлөк 88 образы.  «Ее, квн» деген сахнадағы сөзімді көпшілік күнделікті өмірде әзілдеп айтып жүргенін көргем. Жалпы әр ойындағы бір сөзіңді іліп алып, қайталап жүретіндер баршылық. Дәл қазір есіме түспей отыр, бірақ зиялы қауымның жоғары бағалағаны − «Сендерде су бар ма, бізде су жоқ» деп басталатын әзіл еді. Сондай-ақ әскерден келген жігіт туралы үздік үй тапсырмасын да жастар жиі еске түсіріп айтып жатады.
− Қазір әртістердің ойшылдығынан тойшылдығы басым екенін көпшілік сынап жатады. Бұл күнкөріс қамы ма, әлде...
− Әртістің көбі тойда жүргені рас, менде соның бірімін. Жігітке жеті өнер де аз. Тойды жоғары деңгейде жүргізе білу де шеберлікті қажет етеді. Сұранысқа ие болып тұрғанда неге шықпасқа?! Қазір асаба көп, бірақ таңдау ‒ халықта. Басында мені тойда шақырған кезде келіспеуші едім. Кейін жаймендеп тойды толық басқаруды үйрендім. Халықтың ортасында әңгімең мен әзіліңді айтып, елдің батасын алып
жүргенге не жетсін?! Бірақ мен тойды өзімнің жұмысымнан алдыңғы орынға қойған емеспін.
− Қоғамда, әлеуметтік желіде жастармен тығыз байланыстасыз. Қалай ойлайсыз,  қазіргі жастарға не жетіспейді?
− Жастарға ең алдымен «внимание» жетіспейді. Иә, олар кәдімгідей өздеріне басқаның назар аударғанын қалайды. Әрине жастардың бәрі деп айта алмаймын, бірақ басым көпшілігінің еңбектенуге талпынысы аз. Барлығы бірден жұлдыз болғысы келеді, бәрі бірдей атақты болып, ақшаны аспаннан «асағысы» келеді. Мысалы, бұрын әлеуметтік желінің жоқтығы әсер еткен шығар, біз тек қана Жайдарманды көретінбіз. Күні бойы дайындықта жүріп, ақша да таппасақ та сахнаның нағыз еріктісі болдық қой. Қанша жыл осылай Жайдарманның ізінде жүрдік. Алланың қалауымен қазір соның жемісін көріп жүрміз. Қазір көзінде оты бар, жалындап тұрған жасты аз көремін. Өзімізді ғана мақтан етіп айтып отырған жоқпын, кезіндегі біз сияқты қаншама жасты бүгінгіге үлгі еткенім деп түсініңіз.
− Ең маңызды шешімді кімнің кеңесімен қабылдайсыз?
− Көбіне достарыммен ақылдасамын. Сосын жарыммен, кейде Расулмен. Расулмен ақылдасатын себебім, оның ойы мен үшін  аса қажет болмаса да оның қазірден тұлға сезінуі әке ретінде маған өте маңызды. Баланың ойын сұрасаң, ол өзін үлкендерше сезініп, «кішкентай» миын қозғап, көмектесуге талпынады. Сондай-ақ кейде мәселенің ыңғайына қарай жақындарымның да пікірін білуге тырысамын. Мысалы, діни сұрақ болса ұстаздың, есеп-қисап жөнінде бухгалтер досымның ақылын тыңдаймын.



Расулмен бірге жетпістен аса серия түсірдік

− Бүгінгі өнер саласына сын көзбен қарап көріңізші... Шоу көбейген тұста қателікті неден бастап түзету керек?
− Жалпы өнер саласын сынап жүрген адам емеспін. Тек өзімнің қолымнен келетінді жасап, ешкіммен жарыспай еңбектенетін актермін. Бір айтарым, бізді көретін көрерменнің басым көпшілігі қазақ болғандықтан сахнада нағыз қазаққа керек нәрсені айту керек тәрізді. Ол ән болсын, мүмкін кино, сериал, әзіл болсын. Қазір барлығы жаңалық жасағысы келіп, шетелден жоба ұрлап, соларға еліктеп жатады. Бірақ мұның бәрі уақыт өте қалады деп ойлаймын. Өйткені қазақы дүние ғана шынайы бағаланады және оның ғұмыры ұзақ болады. Мысалы, Тұрсынбектің әзілдерін халық жақсы көреді. Неге? Себебі ол қазаққа керек нәрсені айтып отыр. «Өнер қырандары» да осының дәлелі.
− Бүгінде төрт баланың әкесісіз. Отбасындағы ең үлкен құндылық деп нені айтар едіңіз?
− Ең басты құндылық − иман. Екіншіден, сыйластық, бірін-бірі түсіну. Әке баланы, бала әкені, отағасы жарын, отанасы ерін түсініп тұрса «шағын мемлекетте» ешқандай қиындық болмайды. Сенімділікпен бірге құрған мақсат, үміт отбасы бірлігін нығайта түседі.
− Қазақ «көз, сұқ» деген ұғымды жиі айтады. Ұлыңыз Расулды эфирге шығармас бұрын сізде де осындай қорқыныш бола ма? Осы орайда Расулдың «Күлдір-бүлдір» бағдарламасына келуі, дайындық барысы жөнінде де кеңінен айтып берсеңіз...
− Көз тиіп кету деген өмірде бар нәрсе. Бірақ оны көңіліме алмайды екенмін, елдің сөзі өтеді дегенге де мән бермеймін. Мысалы, қатты жұқпалы аурумен ауыратын адамның қасында отырсам да маған жұғады деп ойламаймын. Дегенмен кейде Расулға көз тиюден сақтайтын дұғаларды оқып жүреміз.
     Телеарнадағы жоба басталғанда Расулмен жұмыс жасау оңай болған жоқ. Кішкентай төрт жастағы бала. Оның сценарийді оқымақ түгілі, айтқан сөзіңді қайталап беруі қиын еді. Бірақ сонда да Расулмен бірге жетпістен аса серия түсірдік. Эфир жұмысы Расулға да жеңіл тимеді, біз солай үлкен шаруаны атқардық. Бастапқыда Расул икемге келмей жатқан кезде «енді не істейміз, үлкен жауапкершілікті мойнымызға алдық, бітіре аламыз ба?» деген қорқыныш болды. Әйтеуір Алланың қалауымен бәрі ойдағыдай шығып, рейтинг біз жоспарлағаннан да керемет болды. 
− «Бос күлкі жүректі қарайтады» делінген дінде. Сахнадағы әзілдерді «пайдалы» деп ақтап алуға бола ма?
− Сахнада пайдалы да,  пайдасыз да әзіл бар. Мен оның бәріне толық жауап бере алмаймын. Негізі әзіл адамның жас шамасы мен сол кездегі деңгейіне қарай айтылады. Қазір бұрынғыдай бос күлуге біздің уақытымыз аз. Отбасы, бала тәрбиесі, жұмыс деген сияқты қарбалас тірлік бар. Бұрын жас болдық, болмайтын әзілге де күлдік. Қазір де әзіліміз таусылып қалған жоқ, бірақ орынсыз күле беретіндей жаста емеспіз.
− Өмірде минусты плюске қаншалықты айналдыра аласыз?
− Өте қызық сұрақ. Өмірде минусты плюске айналдырған адамның бірі − менмін. Оған оқымай-ақ өзім армандаған актер атануым дәлел. Сол сияқты өмірдегі көп келеңсіздікті күліп жеңген жайттар жетерлік. Оның қайсысы оң, қайсысы сол екенінін өзіңнен басқа ешкім аңғармайды ғой. Сондықтан өмірге позитивпен, күліп қарасаң  соңында қайырлы қуаныш күтері анық.
‒ Сіз үшін 24 сағаттың қайсысы маңызды?
‒ Түскі ас уақыты (күліп). Өйткені, осы кезде қарным қатты ашады. Ойнап айтам, мен үшін әр тәуліктің имандылыққа шақырар бес уақыты бәрінен маңызды.
− Жайдармандағы бүгінгі буынның деңгейі қандай? Жас әзілкештерге қандай кеңес айтар едіңіз?
− Қазіргі қазақша КВН-нің деңгейі өте тамаша, керемет. Өткенде финалда болдым. Шынымды айтсам ондай финалды көптен бері
көрмеген едім. Мен Астанадағы жоғары лиганы айтып отырмын, ал аймақтағы деңгейден хабарсызбын. Қазір халықтың көңілінен шығу өте қиын, өйткені әлеуметтік желі дамыған, ал керісінше адамдар сабырсыздана түскен. 5-15 секундтың ішінде көрерменді күлдірмесең, іші пысып телефонға үңіледі. Сондықтан осындай өтпелі тұста көптің назарын өзіне қаратқан командалардың деңгейін жоғары бағалаймын. Ал жақсы жайдарманшы болып, халықты көз алмай командаға қарату үшін көп іздену керек.
− 10 жылдан кейінгі Ғалымды қалай елестетесіз? Қазір немен айналысып жүрсіз?
− Он жыл бұрын мен осы деңгейге жететінімді білген жоқпын. Сондықтан алдағы он жылдықты да тек Алла біледі. Әрине болашағымнан тек жақсылық күтемін.
     Дәл қазір Расул екеуміз 7 арнаның «бет-бейнесіміз». Қазір басқа арналардан да ұсыныс жиі түсуде. Сондықтан түсірілім барысын жоспарлап, ұсыныстарға таңдау жасап жатырмыз. Алла қаласа, эфирден, You tube-тан  тың жобаны көретін боласыздар. Биылға жоспар өте көп.  Оған қосымша той, концерт жүргізумен айналысамын. Одан қалса  Instagram парақшасындағы 1 миллионнан астам тіркелуші халықты «асыраудың» өзі оңай жұмыс емес... (күліп) 
− Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Әңгімелескен Гүлдана ЖҰМАДИН
09 қаңтар 2020 ж. 644 0

PDF нұсқалар мұрағаты

19-348

14 мамыр 2020 ж.

18-347

07 мамыр 2020 ж.

17-346

01 мамыр 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031