» » » Серік СЫЗДЫҚОВ, Leeds университетінің магистранты: ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕМІН

Серік СЫЗДЫҚОВ, Leeds университетінің магистранты: ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕМІН

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА
         Серік Сыздықов 1991 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. №15 мектеп гимназияның түлегі. Арман қуып, ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түскен. 2013 жылы тергеуші-криминалист мамандығы бойынша үздік бітіріп, полиция лейтенанты сыныптық шенін алған. Еңбек жолын Қызылорда ҚІІБ-нда тергеуші және аға тергеуші болып бастаған. Әр жылдары Байқоңыр, Қызылорда қалалық прокуратурасында қызмет етті. Қалалық прокуратураның тергеу бөлімінің бастығы қызметін абыройлы атқарған. Қызылорда облысы бойынша сотта үздік мемлекеттік айыптаушы ретінде танылып, қылмыстық қудалау бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалған. Тұңғыш Президентінің “Болашақ” бағдарламасының стипендия иегері.
−  “Болашақ” стипендиясын иеленудің сәті қалай түсті?
Қызметте жүрген кезімде шетелде білім алуды жоспарлап, ол үшінқосымша ағылшын тілін үйрене бастадым. Әрине мемлекеттік қызметте, оның ішінде құқық қорғау орындарында бос уақыт табу қиын. Соған қарамастан жұмыстан кейін, түскі ас үзілісі және демалыс күндерімде ағылшын тілін, оның ішінде IELTS тестіне дайындалдым. Сөйтіп 2018 жылы ҚР Президентінің “Болашақ” бағдарламасының конкурсына қатысып, нәтижесінде стипендия иегері атандым. Мақсатым – Ұлыбритания университеттерінің бірінде магистратура оқу болды. 2018 жылы қыркүйек айынан бастап, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ, Қызылорда қалалық прократурасы және менімен жасалған үш жақты шартқа сәйкес, оқу демалысына шығып, «Болашақ» бағдарламасының ұйымдастыруымен сол кездегі Астана қаласында 3 айлық ағылшын тілдік курсынан өттім. Себебі Англияда магистратура оқу үшін қойылатын талаптардың бірі – ағылшын тілін жоғары деңгейде білу. Астанадағы курстан кейін, 2019 жылы қаңтар айында Ұлыбританияның Кембридж қаласында 6 айлық ағылшын тілі курсында білім алдым.
− Ұлыбритания көңіліңізден шықты ма?
− Иә, Ұлыбритания − менің бірінші сапарым. Кембридж қаласы өзінің әлемге әйгілі университетімен танымал, оған қоса 100-ден астам Нобель сыйлығының лауреаттары Кембридж университетінің бітірушілері мен оқытушылары. Кембридж атауы қала ортасынан өтетін Кэм өзенің құрметіне берілген. Ал бридж деген ағылшынша көпір дегенді білдіреді. Яғни, “Cam” және “Bridge” деген екі сөздің қосындысынан құралған. Қала көркем, таза әрі шағын, 120 мың халқы бар. Қаланың көп территориясы Кембридж университетіне тиесілі. Тұрғындар көбіне велосипедпен қатынайды, олардың көптігі соншалық велосипедтің тұрақтарында бос орын табу өте қиын. Егер сіз велосипедпен жүретін болсаңыз, көшенің басты жолымен жүру керек, автокөлік жүргізгендей, сіздің құқықтарыңыз бен міндеттеріңіз болады. Жол ережерелерінің бірі – велосипед жарық-шаммен жабдықталуы керек.
− Кембриджде білім алуда қандай қиындықтар кездесті?
− Ағылшын курстары күнделікті таңертеңнен кешке дейін болды. Сабақты әлемнің түпкір-түпкірінен келген, әсіресе Бразилия, Колумбия, Тайланд, Қытай және Еуропа елдерінің студенттермен бірге өттім. Әртүрлі ұлт өкілдерінің болғаны – олармен қарым-қатынас жасау үшін ағылшын тілін қолдануға себеп болды. Өйткені студенттердің түсінетін бір ақ тілі бар, ол ағылшын. Мұндай жиі ағылшынша сөйлеспегеннен кейін бастапқыда қиындықтар болды. Алайда, бірте-бірте өзіңнің ағылшын тілінде сөйлесіп жатқанынды да байқамай қалады екенсің. Курс уақытында ағылшындардың ғана емес, басқа елдердің де салт-дәстүрлерімен танысасың. Оларға Қазақстан туралы, қазақ елінің тарихы мен мәдениеті туралы айтасың. Сабақтан кейін қосымша іс-шаралар ұйымдастырылады. Жалпы сабақ жан-жақты әрі қызықты өтетін.
− Қандай нәтижеге қол жеткіздіңіз?
− Ең бастысы – менің тілдік курстарым нәтижелі болды. IELTS тестінен магистратураға қажетті жоғары балл жинап, 5 университеттен шақыру хатын алдым. Солардың ішінде Ұлыбритания бойынша үздік ондыққа, ал әлем бойынша үздік жүздікке кіретін Лидс университінде оқуды шештім. Менің магистрлік бағдарламам “Халықаралық құқық”.
− Лондонға да сапарладыңыз ба?
− Кембриджде курсымды аяқтаған соң, «Болашақ» бағдарламасы аясында магистратураның дайындық курстарын ұйымдастырды. Ол курста студентті магистратурада тапсыратын емтихандарға, жазбаша жұмыстарға дайындап, қорытындысы бойынша өзімізге мини-диссертация жазғызып, оны қорғауды үйрендік. Екі айлық оқу Лондон қаласындағы Лондон-city деген университетте өтті. Лондон Кембриджбен салыстырғанда өте үлкен, тығыз орналасқан, туристер мен бизнеске толы қала. Сондықтан Лондонды әлемнің астанасы деп атайды. Бұл қала тарих пен мәдениетке бай, өзінің сұлулығымен барша адамдарды қызықтырады. Лондондағы оқуды тәмамдап, елге визаға құжаттар тапсыруға қайттым. Себебі тілдік және магистратура алдындағы курстарды оқу үшін алатын виза секілді емес, осы жолғы виза бір жылдан астам уақытқа берілетін болғандықтан, талаптары қиындау болды. Оның үстіне бұл жолы өзімнің отбасымды, жұбайым мен екі баламды алып баратын болып шештім. Бағымызға орай, отбасымызға виза беріліп, қыркүйек айында Англияға қайтадан сапарға шықтық. Қазір Лидс қаласында магистратура оқимын. Балалардың үлкені мектепке барады. Мұнда оқу 4 жастан басталады. Қызым 3 жаста, ол балабақшаға барады. Енді олар да ағылшын тілінде білім алуда. Мектепте тамақ, оқу құралдары тегін. Бәрі ағылшын тілінде болған соң балалар үшін алаңдадық. Бірақ балалар бір-бірімен ойнап жүріп тілдік қиындықтарды байқамайды екен.
Лидс университетінде белсенді студентсіз бе?
−  Қолымнан келгенше оқу орнының дамуына өзімнің үлесімді қосып жүрмін. Менің ұйымдастырушылық және бастамашыл қабілеттерімді ескеріп халықаралық құқық курсы бойынша студеттердің өкілі ретінде тағайындады. Сөйтіп оқытушылық құрам мен студеттердің арасында тығыз байланыс орнатып, университет форумдарында студенттердің құқықтары мен мүдделерін білдіремін.
− Біріккен Патшалықта магистрлік білім алу екінің біріне бұйырмайтын бақ. Қандай талаптар қойылды?
− Ұлыбритания университетінде магистратурада білім алу оңай шаруа емес. Қойылатын жоғары талаптар мен қысқа уақытта көп көлемді материалдарды оқып, семинарларда талқылау үшін күнделікті кітапханада білім алдым. Сонымен қатар семестр аяқталғаннан кейін әрқайсысының көлемі кемінде 4 000 сөзден тұратын 4 эссені тапсыру өз уақытыңды тиімді пайдалануға мәжбүрлейді. Шындық пен студенттің өз бетінше ізденіп оқуына негізделген бұл білім беру жүйесі ағылшын университеттерінде өте ертеректе қалыптасып, нақты нәтижеге бағытталған. Алда тағы бір семестр және диссертация жазу бар. Оқу барысында көптеген мерекелік іс-шара ұйымдастырылады. Біз де қазақ студенттері болып қазақ қоғамын құрып, шетелдік студенттерге қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрлерін көрсетіп, үлкен іс-шара өткіздік. Сондай-ақ университет форумдарында студенттердің құқықтары мен мүдделерін білдіруші адамды бұл жақта Student Rep (Representative)деп атайды.
Алған біліміңізді еліміздің құқық саласын дамытуға жұмсауға әзірсіз бе?
− Халықаралық құқық саласы, оның ішінде шетел инвестициясы мен Дүниежүзілік сауда ұйымы құқықтары, Арбитраж сотындағы өзекті мәселелер, коммерциялық дауларды баламалы шешу бойынша жан-жақты терең білім алып жүрмін. Ағылшын құқығы мен халықаралық құқықтың принциптеріне негізделген оқу бағдарламасы әлемдік аренадағы құқықтық тәжірибені игеруге септігін тигізуде. Өз кезегінде аталған құқық салалары Қазақстанның экономикалық күш-қуатын арттыру, саяси-құқықтық режимін қалыптастыру және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар туғызатынына сенемін. Магистратураға дейін Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарында бес жылдан астам қызмет атқардым. Қызметтік міндеттеріме сәйкес ҚР халықаралық шарттарының орындалуына қадағалау жасау, қылмыстық қудалауды жүзеге асыру, азаматтық істер бойынша сот актілерін қадағалау және сотта мемлекет мүддесін білдіру салаларында жұмыс жасадым. Менің бұл еңбек тәжірибем және магистрлік курсымда алған білімім құқықтық салада Қазақстанның басты мақсаттары мен міндеттерін орындауға және жаңа мүмкіндіктерді іске асыруға негіз болмақ.
− Алға қойған мақсатыңыз қандай?
−  Бойымдағы білімім мен жеке қасиеттеріме сүйеніп, Қазақ еліне қызмет етемін. Еліміздің табысты экономикалық және құқықтық реформаларды іске асыру бағытында жаңа мүмкіндіктер мен тың бастамаларды серпінді дамытуға дайынмын.
− Дегеніңізге жетіңіз! Сұхбатыңызға рақмет!
Сұқбаттасқан Гүлбану МАҚАЖАН
30 қаңтар 2020 ж. 328 0

PDF нұсқалар мұрағаты

26-355

02 шілде 2020 ж.

25-354

25 маусым 2020 ж.

24-353

18 маусым 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031