» » » Төлеген Оразбекұлы, Қызылорда облысы жеке сот орындаушыларының Өңірлік палата басшысының орынбасары: ҚҰҚЫҚТЫ БІЛГЕН ҚҰТҚАРА АЛАДЫ

Төлеген Оразбекұлы, Қызылорда облысы жеке сот орындаушыларының Өңірлік палата басшысының орынбасары: ҚҰҚЫҚТЫ БІЛГЕН ҚҰТҚАРА АЛАДЫ

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА
         Төлеген Оразбекұлы 1987 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген.  Қызылорда қалалық мектеп гимназиясында орта білім алған. Қазақ гуманитарлық Заң университетін бітірген. Әр жылдары Қорғаныс істер жөніндегі басқармасында, Қызылорда гарнизоны әскери прокуратурасындамаман, Сот актілерін орындау департаментінде жетекші маман, бөлім басшысы қызметтерін атқарған. Нәтижелі қызметі үшін  Әділет министрінің, облыс әкімінің алғыс хатын алған. ҚР ЖСО РП Басқарма Төрағасы Е.Ибраевтың "Құрмет грамотасын" иеленген. Отбасылы бір қыз, бір ұлы бар.


        
− Аймақта жеке сот орындаушылар институты қалыптасты ма?
Екі жыл бұрын осы жұмысқа келгенімде 50 жеке сот орындаушы қызмет ететін. 30-ға жуық заңгер арнайы тағылымдамадан өткеннен кейін жеке сот орындаушының саны 75-ке жетті. Бұл дегеніміз жеке сот орындаушылар институтының дамуын көрсетеді. 2019 жылы 140 мың атқарушылық іс жүргізу өндірісі осы мамандарға беріліп, 12 ай көлемінде 62 мың іс аяқталды. Мемлекет қазынасына 1 млрд 175 млн теңге қайтарылды. Оның 456 млн теңгесі нақты кіріс. Жұмыс барысында келген әрбір азаматқа күнделікті түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Жеке сот орындаушылар қоғамдық шараларға белсенді қатысып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға да көмек қолын созады. Балалардың жазғы демалысы босқа өтпесін деп сауықтыру лагеріне жіберген сәттеріміз де бар. Оқу жылы қарсаңында оқушыларды қажетті құралдармен қамтуға да демеу боламыз.
− Саланы дамытуда қандай мәселе бар?
− Бұл институт елімізде 2007 жылы ғана құрылды. Мәселен, Франция, Эстония секілді мемлекеттерде бұл тәжірибе тиімділігін көрсетіп келеді. Сондықтан да жұмыс барысында кезіккен қиыншылықтарды басшылықпен бірге еңсеріп, қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жолында еңбектене береміз. Осының бір айқын көрінісі ретінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 27-қадамын атап өтейін. Яғни мемлекеттік сот орындаушыларды біртіндеп қысқарту − жеке сот орындаушылар институтын дамытуға зор мүмкіндік береді.
− Жеке сот орындаушыларының мемлекеттік сот орындаушыларынан айырмашылығы неде?
− Екеуі де процессуалдық шешім қабылдаушы тұлғалар. Айырмашылығы, кейбір санаттағы атқару құжаттарын жеке сот орынаушы орындай алмайды, мұндай кездерде оны мемлекеттік сот орындаушы орындауға тиісті. Жеке сот орындаушылар ешкімге тәуелді болмай, жеке табысы арқылы өзін-өзі қаржыландырады.
− Алдыңызға заң тұрғысынан араша сұрап келетіндер көп. Бүгінгі халықтың құқықтық сауаттылығына қандай баға бересіз?
 − Үйінде заңгер жалдап «мен білмеймін, өкіліммен сөйлесіңіздер» деп отыратындар да, басына күн түскенде ерінбей өзінің саласы болмаса да сот орындаушының қолданысындағы нормативтік құқықтық актілерді толық зерттеп, өз мүддесін қорғайтындар да бар. Бірақ мәселенің шешілу жолын анықтамай, біздің құзыретімізге жатпайтын жағдайда «қазір, осы жерде шешіп бер» деп айқай шығарып, сонымен бүкіл мәселесін бітіргісі келетіндер басым. Әрине бұл ол азаматтардың құқықтық сауаттылығының төмен деңгейде екенін білдіреді. Біздер бұл тұрғыда, уәкілетті органдардың ғимаратында, «Бақытты отбасы» орталығына, «Қазпошта» АҚ, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезекші сот орындаушы қойдық. Бұл қадам арқылы тұрғындар сұрақтарына жауап тауып, құқықтық кеңес ала алады.
− Сіз басшының орынбасарысыз. Бұл қызметті атқаратын адам қандай қабілетке ие болуы керек?
Орынбасар, меніңше, жақсы ұйымдастырушы ғана емес, өз саласының білікті маманы болуы тиіс. Адамдармен тез тіл табысып, жұмыстың ілгері жылжуын жүйелі ұйымдастыра алуы қажет. Мен ұжымда тәртіптік кеңес төрағасы болғандықтан көбінесе сот орындаушылардың қызмет барысында тәртіп сақтауын бақылаймын. Іс қағаздарға, корпоративтік этика сақталуына бақылау жүргіземін. Мекемеге келіп түскен арыз-шағымдарды қараймын. Жазушы Редьярд Киплинг «Менің ең сенімді алты қызметкерім бар. Олардың алдында міндетім зор. Олардың аттары: Кім? Не? Неге? Қашан? Қайда және қалай? деген екен. Мен мұны әр адам өзіне есеп беріп отыруы керек деп түсіндім. Сонда ғана қызмет пен отбасын табысты етіп қатар алып жүруге болады.
− Өмір сізге не үйретті?
− 2000 жылдың қараша айында әкем Оразбек кенеттен көз жұмды. Небәрі 36 жаста еді. Әкемнен ерте 13 жасымда қалдым. Әкем барда тірліктің жеңіл атқарылғанын білдім, оның орны қайда барсам да ойсырап тұрды.  Балалық, еркелік қалды. Анам Нұрзияның қолқанаты болуым керек болды. Жақсы- жаманды айыруда анам әркез жол көрсетіп отырды.  Отбасында үш ұлмыз. Екі інім Ғани мен Мақсат та азамат болды. Америкалық психолог Альберт Эллис "Сіздің өміріңіздің ең жақсы жылы – өз мәселелеріңіздің тек өзіңізге ғана тиесілі екенін мойындау. Сіз оған бола анаңызды, экологияны не президентті кінәламаңыз. Өз тағдырыңызды өзіңіз басқарып отырғаныңызды түсіне біліңіз" деген екен. Өмір бізге өз тіршілігімізді өзіміз істеуді, бейнеттен қорықпауды үйретті.
− Кімдерге алғыс айтар едіңіз?
− Осы өмірді сыйлағаны үшін Аллаға шүкіршілік етемін. Бірінші әкем қайтқан соң әке орнын жоқтатпай, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп  жеткізген анама басымды иемін.
Әкем Оразбектің шәкірті, әрі түп нағашысы Руслан аға да әркез ағалық қамқорлығын көрсетті.  Қызылорда облысы жеке сот орындаушыларының Өңірлік палата басшысы К.В.Десятниченко,  Қызылорда гарнизоны әскери прокуратурасының маманы Роман Снопов, досым Жандосқа және нағашыларым Асылбек пен Кенжеғалиға және бөлем Әсия тәтем қиналғанда қасымыздан табылып, көп қолдау білдіргені үшін алғыс білдіремін.  
− «Айнымас жүрек, ер көңіл − Ер жігіттің серігі» демекші, достарыңыз көп пе?
− Жылағанда жұбататын, қиналғанда арқа сүйерің, қуанғанда қуанышыңды бөлісетін, өкпелесек назыңды көтеріп, қателігімізді кешіре білетін тек ағайын-туыс қана емес, адал достарым да бар. Жасұлан екеуміз балабақшаға бірге барғанбыз.    Студенттік шақтағы қызықтар мен қиындықтарды  Шархан, Ғазиз, Мұрат, Жандос, Роллан есімді достарыммен бірге өткердім.
Өскемендегі Азамат досыммен біраз уақыттан соң қайта қауышқаныма қуанамын. Ардақ, Наурыз, Ерлан, Қайрат  есімді жігіттер де айнымас адалдықтарымен әркез қасымда. Достарым көп болғандықтан шығар өмірдің қиындықтары жаныма батпады.
Достарыңызбен бірге өткізген қызықты сәтіңізбен бөліссеңіз?
− Бірде Жандос екеуміз Майлыөзек ауылына балық аулауға бардық. Мақсатымыз − қаптап балық алып қайту. Кешкі сағат 23:00-де өзек басына жеткен біздер, қарынымыз ашып бірден тамақ әзірлеуге кірістік. Тағам пісер- піспестен менің басым ауырып жатып қалдым. Таңғы 5 дегенде басымның ауырғаны қойып далаға шықсам, айналада ұйыған тыныштық. Бір стақан су іштім де, әлі ерте екен ғой деп орныма қайта жаттым. Жаңбыр сіркірей бастады. Келесі шатырда жатқан Жандос жүгіріп келіп: «Мына жаңбыр тоқтамайтын болса, бұл жердің кебірінен машинамыз батып қалады» деп оятты. Өзекке әлі қармақ салып көрмеген біз, тез жиналдық. Сонда да тұра тұр деп, қорабынан қармақты шығарып, ұшына жемтік салып өзекке тастадым. 1 минутқа жетер-жетпесте шынтақтай балық ілінді. Қайта салдым түк шықпады. Амал жоқ батпаққа батқан көлікті итеріп әзер шығарып, ауылға аман жеттік. Бір қап балықтың орнына бір түйір балық алып қайтқанымыз әлі күнге дейін есімізде.   
− Жастардың қандай мәселесіне алаңдайсыз?
− Үлкендерден түйген ұлағатым − өзімнен кейінгі жас буынға қарайласу. Өз білгенімді үйреткенді жақсы көремін. Өйткені алғаш жетекші маман болып жұмысқа тұрғанымда Бағдат Қожамұратов түнге дейін қасымда отырып, сот актілерін орындауды, статистикалық есепті қалыптастыру әдісін жетеме жеткізіп үйрететін. Мен де қазіргі жанымызда жүрген жастарға білгенімді үйретіп, білімдерін шыңдауға атсалысамын. Бірақ, "иә" деп кабинеттен шығып кетеді де әрі қарай ізденбейді. Кейде жұмысқа қабылдауға білікті мамандарды іздеп азаматтар хабарласады. Жастарға ұсынсам, жоғары жалақы сұрап бас тартады. Менің түйгенім, мұқтаждық пен масылдықты ажыратуды үйренуіміз керек екен. «Алма піс, аузыма түс» дейтін заман өтті.
− Бүгінде қандай әдебиеттер оқып жүрсіз?
−  Рымбек Байсейітовтың өзі туралы "От солдата до министра" деген кітабында, взвод командирі болған шағында Великие Луки қаласын жаудан азат ету барысындағы ерлігін оқып, қатты әсер алдым. Сондай-ақ достың орны бөлек екендігін тамаша суреттеген. Қазір Омар Жәлелұлының "Жақсы" атты кітабын қолға алдым.
− Алға қойған мақсатыңыз қандай?
− Халқыма адал қызмет ету.
Сәттілік тілеймін! Әңгімеңізге рахмет!
Сұқбаттасқан: Гүлбану МАҚАЖАН
12 наурыз 2020 ж. 138 0

PDF нұсқалар мұрағаты

13-342

02 сәуір 2020 ж.

12-341

27 наурыз 2020 ж.

11-340

19 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930