» » » Нұртуған ЖАҢАБАЙҰЛЫ, сазгер: Қазақтың музыка әлеміне үлесімді қоссам деймін

Нұртуған ЖАҢАБАЙҰЛЫ, сазгер: Қазақтың музыка әлеміне үлесімді қоссам деймін


– Сұхбатымыздың әлқиссасын өскен ортаңыздан бастасақ...
– Туып өскен жерім Қызылорда облысы, Қазалы ауданы. 1996 жылы дүниеге келгенмін. Сонда ер жетіп, оқуымды тәмамдап, Алматы шаһарына аттандым.
– Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз...
– Отбасым, әкем де, анам да Қазалының тумалары. Төрт ағайындымын. Менің алдымда үш ағам бар. Мен үйдің кенжесімін.
– Бойыңыздағы өнер кімнен дарыған?
– Сыр жұртшылығына танымал Байназар Өтепов менің нағашы атам. Бойымдағы әншілік, сазгерлік нағашы жағымнан қанмен берілсе керек. Бір жағынан атымды да өзі жетпеген биікке жетсін деген ниетпен, «Аралдың табанынан су кеткенмен, Халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ» деп бір ауыз сөзбен ел есінде қалған Бекұзақ Тәңірбергенов қойған. Кім біледі, осы ырымның өзі мені өнердің ауылынан алыстатпаған болар. Негізі әкемнің де, анамның да бала жұбатары бар. Ағаларым да өнерден кенде емес. Аспаптың түр-түрінде ойнай алады. Әншілігі тағы бар.
– Эстрада жолын таңдауыңызға кім себепкер болды?
– Бұл өмірде жақсылық болып жатса, ол бір Құдайдан, жамандық болса өзімізден. Жақсылыққа, барлығына себепкер ол – Құдай, мені «сен өлең айтып, өнер жолына түс, әнші не сазгер болып кет» деп ешкім үгіттеген жоқ, қинап, күштеп бұл жолға салған жоқ. Негізгі маған бағыт беруші ол – ұстазым Ақынсара. Өнерге бетбұрыс жасауыма ықпал еткен де сол кісі. Бала күнімде шимақтап бірдеңе жазатынмын. Соны байқаған ұстазым, үнемі мүшәйраларға қатыстырып, ән байқауларына апарып қызығушылығымды оятып, осы салаға келуіме бір адамдай ықпал етті. Мектеп бітіргесін дағдыға айналған ісімді жалғастырып әкеттім.
– Өнерге келгеніңізге көп болған жоқ.Негізгі мамандығыңыз қандай?
– Мектеп қабырғасында жүргенімде өнер жолына түссем деп жиі армандайтынмын. Сол мақсатпен оқуымды аяқтай сала, арман қуып Алматыға тартып кеттім. Сонда жүріп Бауыржан Мыңбаев деген әнші ағаммен таныстым. Олда Сыр өңірінен, Жалағаштың тумасы. Алғашқы «Қисық қабырғам» деп аталатын әнімнің де орындаушысы сол жігіт. Өнер саласына алғашқы қадамымды міне осылай жасадым. Негізі «Ақмешіт» институын сырттай бітіргем. Мамандығым – энергетик.
– Қазір атыңыз шығып, біршама танылып қалдыңыз. Сазгерлік жолыңыз қашан басталды?
– Нақтырақ айтсам, 2018 жылдан бастап осы саланың тізгінін ұстауға бел будым. Бауыржан ағам алғашқы әнімді шығарарда қасында біраз жүрдім. Ән жазатын студияларға ертіп баратын. Сонда ақын, талай хит әндердің авторы Рамазан Амантайұлы, жас композитор Өмірзақ Махамбетұлы, әнші Әділет Жауғашарұлы секілді бауырларыммен таныстым. Кейін жақсы араласып, бірге жүріп, біршама әндер шығардық. Осылай ортам кеңейе берді. Кейін әндерім таңдармандар арасында таныла бастағасын әншілерден ұсыныс түсе бастады. Сөйтіп қазаны ортаймаған өнер деген тағы бір отбасымды таптым.
– Әншілерден ұсыныс түсті деп қалдыңыз. Жалпы сөз де, әнде жазатыныңыздан хабардармыз. Еңбегіңізді қаншаға бағалайсыз?
– Мынадай ақша талап етемін деуден аулақпын. Алғашқы уақытта барлық өлеңдерімді тегін беретінмін. Кейін еңбегімді бағалаған әншілер ризашылығын білдіріп, қаламақы ұсынды. Негізі қатып қалған баға жоқ. Көбіне әншілердің жомарттығына байланысты. Жалпы бірлесе келісіп қоямыз ғой.
– Бұрындары әншілердің өзімен сөйлесетінін еститінбіз. Қазір директорларымен сөйлесетін шығарсыз. Осы жағдайдан ақын, сазгерлерге мүмкіндік азайған сияқты емес пе?
– Азайды, ол рас! Әншінің өзімен сөйлессең өз пікірін, ұнайтынын, не ұнамайтынын айтады. Ал қазір директорлардан «Қолы тимей жатыр», «Көрген кезде өзі хабарласады» деген сияқты жауаптар түседі.
– Сізді танымал қылған қай туынды?
– Бүгінге дейін 20-ға жуық ән жазыппын. Солардың ішінде Мәлік Жамбылұлының орындауындағы «Аягөз қайда барасың?» деген ән атымды біршама шығарып тастады-ау деймін. Бұдан бөлек Бауыржан Мыңбаевтың орындауында «Қисық қабырғам», Төреғали Төреәлінің «Шымбергенге арнау», «Ешкімім», Әділет Жауғашардың «Алматының егізі», «Бұл заманның тұрғыны», Тоқтар Серіковтің орындауында «Бабаларым» секілді әндерім бар.
Талантты сазгер Жандос Қаржаубайдың әніне жазылған Жанболат пен Жазираның орындауында «Бауырсағы балдай қыз», Нұр-Мұқасан тобының бұрынғы әншісі Нұрлан ағамызда «Той әні», қызылордалық ақын Мөлдір Айтбайдың сөзіне жазылған тағы бір әнім алдағы уақытта жарық көреді.

– Өлең жазатыныңызды білеміз. Демек, өлең жазатын адам сөз құдіретін түсіне алады. Жақында бір композитор «Мен әндерімнің сөзін өзім көрмей, ешкімге жібермеймін» деп еді. Барлық композиторлар солай жасаса, бәлкім сөз түзелер ме еді?! Өзіңіз әнді қалай жазасыз?
– Менде де дәл солай. Барынша тәжірибелі, ойын өлеңге сыйғыза алатын ақындармен жұмыс істеймін. Әні мен сөзін толық етіп, өзіме ұнаса ғана әншілерге жіберемін. Кейде әншілерден "мына сөзге ән жазып берші" деген ұсыныстар келіп жатады, бірақ ұнамаса түбі жаза алмаймын. Қанша тырыссам да шықпайды, ал кей өлеңдерге ән бірден төгіледі. Ал енді сөздің майдалануына келсек, қазір халық жеңіл әндерге әуес. Әсіресе билеуге ыңғайлы, той әндеріне сұраныс көп. Әншілер тарапынан да солай.
– Соңғы уақытта әншілердің әндері тыңдармандар арасында сынға жиі ұшырап жүр. «Шетелдің әніне «плагиат» жасады» деп те айтаушылар көп. Бұл отандық сазгерлердің әлсіздігі ме әлде әншілердің таңдауы солай ма?
– Енді бұл жайында кесіп айту қиын. Бізде де сазгерлер жоқ емес, өте көп, жетеді. Тура бір шетелдің әнін естіп алып, тура сондай ән шығарайыншы демейді ешкім. Кейде әні хит болу үшін әлемге танымал әндерге сөз жаздырады әншілер. Сол әнді алып сөзін жаза салған біздің әншілерге оңайырақ шығар, кім біледі. Бірақ, ол жерде ең маңыздысы не айтып тұр, қай тілде айтып тұр, не айтқысы келіп тұр. Себебі, музыкада тіл жоқ. Музыканы соған ұқсатып та шығаруға болады, айналдыраған жеті-ақ нота. Шыны керек, әншінің қалауына қарай текст жазып беретіндер кездер болады. Талғамға талас жоқ қой, әркім әртүрлі талғамда. Сондықтан, ұнамайтындар да болады, ұнайтындар да болады. Жалпы өзім үнемі ізденісте жүремін. Ешкімге ұқсамайтын әдемі, өлмейтін туынды шығарғың келеді ғой.
– Өнер жұлдыздары қазір саясатқа араласа бастады. Жас буын өкілі ретінде келешекте жастар саясатына араласу ойыңызда бар ма?
– Әркім өзінше саясаткер болуы керек. Мен билікке араласып кететіндей, биліктің басына барып үндеу жүргізетіндей деңгейге жетпеген де шығармын. Құдай біледі, қазір ондай сауатым да жоқ, болашақта кім біледі өнер саласында болса араласуға болады.
– «Сын түзелмей мін түзелмейді». Жалпы сын көтере аласыз ба? Әндеріңізге сын айтушылар болды ма?
– Иә. Көбіне халықтың тарапынан, тыңдармандардың айтып жататын сындарының мен көбін түзеген сияқтымын. Өйткені, ол халық. Олар бұрыннан сазгерлерге сын айтып келеді. Жаңадан шыққандарды шайнап тастайды ғой. Алғашқы әндерім жарыққа шыққанда бірнеше сындар айтылды. Музыканың әрін бере алмады, бір әнге ұқсайды бар дегендей. Сол сындардың барлығын естіп жүріп мен өзімнің тәжірибеме салдым. Кейіннен жаймен түзедік. Ол дұрыс сын болса, онда тұрған ештеңе жоқ. Мінсіз адам болмайды.
– Еңбегіңіз өрге шығарып жатса, алдағы уақытта гастрольдік сапарларға шығып, ел аралау жоспарыңызда бар ма? Жалпы ән сапар пайда көзі ме әлде халыққа кеңінен танылудың бір жолы ма?
– Қазақ «Атың шықпаса жер өрте» дейді. Танымал болудың түрлі түрлі жолдары бар. Қазір видеоны бір жерде отырып телефонға түсіріп ән айтып ғаламторға салып жібергендер де жұлдыз болып шыға келіп жатыр ғой. Бірақ менің діттегенім, көксегенім болашақта елді аралап концерт беріп жұлдыз болып кету деген арам ой емес. Керісінше, ешқандай өнерпаздар бармайтын ауылдарға да барып елді қуантып, батасын алу. Ол халықтың ниеті, ықыласы. Мұның барлығы уақыттың еншісінде. Сол күнге жетсек деп армандаймыз ғой.
– Осы күндері әншілермен қатарласып сазгерлер де ән кешін беріп жүр. Сіздің жеке шығармашылық концертіңізді жақын арада көре аламыз ба?
– Бұл жайында айтуға әлі ерте. Оған үлкен дайындық қажет. Бірінші, ән қоржынын өте сапалы әрі хит әндермен толтыру керек. Екінші, қаржылық жағдайды реттеп алған соң концерт жайында ойлануға болады. Сондықтан, жақсылап етек-жеңімізді жинап алмасақ, әзірге кішкене ертелеу.
– Үлгі тұтар сазгеріңіз бар ма?
– Әрине. Қазақтың ән әлемінде ойып алар орны бар, өзіндік қолтаңбасын қалдырған композиторлар санаулы. Соның бірі де, бірегейі шайыр Шымберген Сүлейменов – менің идеялым. Өз басым бала күнімнен сол кісіге еліктеп өстім. Көпшілік менің әндерімде ол кісінің сарыны бар дейді.
– Соңғы сауал. Болашақта сізді басқа бір бағытта көре аламыз ба?
– Әрине. Бағана айттым ғой, кішкентай кезімнен ән айтып өстім деп. Алдағы уақытта үлкен сахнаға шығып, әншілік  пен сазгерлікті қатар алып жүретін шығармын. Қазірден дауыс қойып, өзімді әншілікке дайындап жатырмын. Қазақтың музыка әлеміне үлесімді қоссам деймін. «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деуші ме еді?! Бұйырса, жаңа бір қырымды көре жатарсыздар.
– Сұхбатыңызға рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз.
Ақтілек БІТІМБАЙ
02 сәуір 2020 ж. 528 0

PDF нұсқалар мұрағаты

21-350

28 мамыр 2020 ж.

19-348

14 мамыр 2020 ж.

18-347

07 мамыр 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930