» » » Журналист табысының сыры – еңбекте

Журналист табысының сыры – еңбекте

Рауан МЫҢБАЕВ, «Хабар» Агенттігі» АҚ «Хабар 24» телеарнасының тілшісі:
Ол он сегіз жасынан журналистика әлеміне қадам басты. Алғашқы жұмысын облыстық «Qyzylorda» телеарнасынан бастаған журналист Рауан Мыңбаев қазір ақпарат айдынында еркін құлаш сермейтін телевизия маманына айналды.
Біздің ақпарат: Мыңбаев Рауан Ерұзақұлы 1993 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Балалық шағында отбасы Қызылорда қаласына қоныс аударады. 2008-2011 жылдары Қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжін заңгер мамандығы бойынша бітірген. 2011-2014 жылдар аралығында Қазақ-Қытай академиясында «экономика және бизнес бакалавры», 2014-2015 жылдарда «Болашақ» университетінде журналистика мамандығы бойынша жоғары білім алған. Әскери техникалық мектептің түлегі.
− Сізді ел технологиядағы соңғы жаңалықтармен таныстыратын журналист ретінде жақсы таниды. Жалпы, «Hi-Тech» бағдарламасын ашу туралы идеяны кім ұсынды? Тележоба қалай дайындалады?
Иә, «Hi-Тech» бағдарламасын бір жылдан бері жүргізіп келемін, алайда ол менің авторлық идеямнан туындаған дүние емес. «Хабар 24» телеарнасы ашылғаннан бері технологиядағы жаңалықтармен таныстыратын «PRONET» бағдарламасы эфирге шықты, тек бір жыл бұрын атауы «Hi-Тech» болып өзгерді. Тележобаның маңыздылығы арта түсті, себебі технологияға деген халық сұранысы жоғары. Өзіме де бұл хабарды жүргізген ұнайды. Қазір продюсер, режиссер, тілшілерді қосқанда бағдарламаға он адам жауапты. Сондай-ақ әр түрлі қалаларда тілшілер сюжет дайындап ұсынады. Аптасына бес шығарылым дайындаймыз, жеті күн бойы көрерменге жол тартады. Өзіме келсек, «Hi-Тech» бағдарламасы бір ғана жұмысым емес, сондай-ақ «Хабар 24» арнасы жаңалықтар бөлімінің тілшісі деген негізгі қызметім бар. Тілші ретінде күніне бірнеше түсірілімге барып, түрлі жиындардан ақпарат әкелуге міндеттімін. Мұнан бөлек, аптасына төрт рет көрерменге ұсынылатын «Іскерлік ақпарат» бағдарламасының редакторымын әрі өзім жүргіземін. Міне осындай үш жақты қызметім бар. Ең бастысы, тілшілік тіршілігім. Егер журналист ретінде жауаптылық танытпасам, тележоба дайындау тапсырылмас та еді. Бір қуанарлығы, «Хабар» арнасында журналистердің қосымша бағдарлама дайындауына  осындай мүмкіндік қарастырылған.
  • Малайзияда өткен «Журналистің қауіпсіздігі» атты халықаралық семинар-тренингке қатысып келіпсіз. Қандай жаңа дүниелермен таныстыңыз?
  • Ағылшын тілінде өткен жиынға журналистер әлемнің әр тарабынан жиналды. Ол жерде айтатын да жазатын да дүниелеріміз бір болған соң «журналистің қауіпсіздігі» деген өте өзекті тақырып ортаға салынды. Тілші – әлемнің әр түкпіріндегі саяси, экономикалық оқиғадан бөлек, әскери қақтығыс, келеңсіз оқиғаның ортасынан табылатын, кейде қауіп туындайтын мамандық иесі. Бес күндік семинар «тілші қауіпті жағдайда өзін қалай қорғау қажет, алғашқы медициналық көмекті қалай жасау керек» деген сауалдың төңірегінде өтті. Алдымен жағдайға психологиялық, моральдық тұрғыда төтеп беруге үйретті. Агрессивті, ниеті түзу емес адамдар арасында журналист өзіне артылған сенімді, миссияны қалай тиімді орындап шығу керек деген тақырып талқыланды. Тренерлер – Австралия, Ұлыбританиядан келген тәжірибелі мамандар. Бейбіт немесе өзге мақсатты шеру кезінде сұқбат алудың тәсілдерімен бөлісті. Біздің телеарна журналистің біліктілігін арттыратын мұндай шараға қызметкерлерді жиі аттандырады. Бұған дейін екі елге – Түркия, Кипрге жол тартып шетелдегі қазақтар туралы, Иорданияның табиғи қорықтары аралап, мәдениеті, өркениеті туралы ерекше хабар дайындағанмын.
  • Масс-медиа саласындағы тұлғаның қалыптасуы туралы не айтасыз? Журналист қашанда бабында жүру үшін нені ескеру керек?
  • Бұл сауал – өте маңызды. Журналистика әлеміне аяқ басқан тілші аға  буын өкілдеріне қарап бой түзеу керек. Масс-медиа саласында қарымды, мықты маман болу жылдар бойғы тәжірибенің арқасы деп есептеймін. Осы ретте айта кетейін, жақында біздің арнаның журналистеріне аға буын арасынан шоқтығы биік азамат Қайнар Олжай шеберлік сабағын өткізді. Сонда тұлға, журналист болып қалыптасу, сөзді дұрыс қолдану туралы сөз қозғады. Журналист бабында жүру үшін нені ескеру керек деген сауалды біз де қойдық. «Журналист, кез келген жас тілші бірнеше жұмысты қатар істеп, бірнеше жауапкершілікті өз мойнына арту керек. Мақала не телеөнім жаза отырып, қосымша тағы бір дүниені атқару керек. Сонда жұмысың нәтижелі болады» деп айтқан еді. Айталық, жұмыспен бірге кітап оқуға болады. Меніңше, бірнеше істі бірден атқару – болаттай шыңдалудың тиімді тәсілі. Бұрыннан осы қағида бойынша жұмыс істейтіндіктен, бұл оймен келісемін. Бірақ арасында осындай ағалардың ақылын еске алып, жиі тыңдаған маңызды. Бастысы, журналист ешқашан оқудан, жазудан жалықпау керек.
  • Соңғы уақытта журналистерде «шаблондық» ұстанымдар басым. Әлеуметтік мәселеге бейімделген жас журналистер сараптама, зерттеу жанрына бара бермейді. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?                
  • Мұның себебін тәжірибенің аздығымен байланыстырамын.  Менің ойымша, зерттеу жанрында жұмыс істеуге көп уақыт пен білім керек. Өзім республикалық арнада жұмыс істегендіктен, сараптама жұмысы республикалық деңгейде, ауқымды болу қажет. Қазіргі қызметімде жылдамдық, обьективтілікке басымдық беріледі. Сондықтан түсірілімді тезірек эфирге беруге тырысамыз. Уақыт өте келе сараптама жанрында хабар дайындайтын боламын. Журналист ретінде жоспарымда бар. Ал мәселенің себебін аға буыннан сұрау керек.
  • Қазіргі заманғы журналист табысының сыры неде деп ойлайсыз?
  • Қазір көйлегі көк, тамағы тоқ болып жүрген журналистер некен-саяқ. Әсіресе, облыстық, қалалық телеарна, газет-журналдағы айлық табыс көп емес. Астанада да бұл жағдай байқалады, кейбір мекемедегі журналистердің жалақысы еңбегіне татымайды. Тіпті көптеген аймақта тілшілер мемлекеттік баспанамен қамтыла бермейді, ал қарапайым қызметкер қаржысымен шалқып-тасып өмірсүру қиын. Қазіргі заманғы журналист табысының сыры – еңбекте. Бірнеше жұмысты қатар алып жүрген журналист қана бүгінгі заманға сай қаражат таба алады. 
  • Кез келген адамның іштей адамгершілік тұрғысынан аттап кете алмайтын заңдылықтары болады. Сіздің ұстанымдарыңыз қандай?
  • Иә, әр адамның өзі белгілейтін шекарасы бар. Әсіресе, «ұят» ұғымына ерекше мән беремін. Өмірде өзіңе, ата-анаңа ұят, сөз келтірмейтіндей еңбек етіп, тіршілік жасау керек. Оңтүстікте туып-өсіп, тәрбиесін көрген соң сол дүниені ұмытпауға, адамгершіліктен аттамауға тырысамын. Әрине, үлкенді сыйлау бірінші орында тұрады. Қарапайымдылық, мейірімділік арқылы шынайы, ерекше тұлға қалыптасады деп есептеймін.
  • Жастардың ұлттық құндылықтарға, дұрыс бағытқа бейімделуіне журналистердің тікелей қатысы бар. Қазір қазақ телевизиясына қандай жастар бағдарламасы керек деп ойлайсыз?
  • Журналистер – идеологияны қалыптастыратын бірден-бір маман иелері. Бүгінде қазақ телевизиясындағы бағдарламалардың көбі ұлттық идеологияны қалыптастыру бағытында жұмыс істейді. Менің ойымша, ұлттық болмысымызды айшықтайтын тележобаларды эфирге қайта әкелу керек. Бала күнімізде «Ұят болмасын», «Қымызхана» секілді ұлттық менталитетімізді насихаттайтын әрі көңілді бағдарламалар болды, сондай жобалар телевизияға керек. Тек сол күйінде емес, түрлендіріп, жаңа идеямен көрерменге ұсынуға болады.
  • Ал сіздің жеке телевизиялық жобаңызды алдағы уақытта көре аламыз ба?
  • Кез келген телеөндіріс саласында жұмыс істейтін журналист жеке бағдарлама ашуды армандайды. Мен де біліктілігім, тәжірибем толысқан кезде мұндай жобаны жүзеге асырамын деп ойлаймын.
  • Сұқбат үшін рақмет!
Сұхбаттасқан: Айдана ЖҰМАДИНОВА
01 ақпан 2018 ж. 143 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 20 (245)

17 мамыр 2018 ж.

№ 19 (244)

11 мамыр 2018 ж.

№ 48 (222)

07 желтоқсан 2017 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031