» » » Балаларға базарлық

Балаларға базарлық


   
“Zhas Project” жобасының жүзеге асқаны баршамызға белгілі. Бағдарлама аясында көптеген жұмыссыз жастар жұмыспен қамтылды. Қайтарымсыз миллион теңгені кім қалай пайдаланды? Мұның бәрі есепке алынды. Бағдарлама жұмысы арнайы тексеріліп, бақыланып тұрды. Ал бүгінде жоба жеңімпаздары қайда жүр? Олар немен айналысуда. Осы сұрақ кімнің болса да көкейінде жүргені жасырын емес. Өкініштісі, бастапқы алты айда жұмыс істеп, әрі қарай кәсіпті тоқтатқандар саны жетерлік. Жағдай жасалды, қажетті қаражат берілді. Неге жұмыс тоқтады? Әрине мұны әркім әрқалай түсінер еді. Бүгін біз тоқтаған жоба емес, жұмысы әрі қарай жанданған жоба туралы сөз қозғауды жөн көрдік. Кейіпкеріміз – аталмыш жобаның жеңімпазы, қармақшылық – Жаңабай Сақтағанұлы. Ол “Балаларға базарлық” қайырымдылық орталығын ашты.

Қазақ – тойшыл қауым. Қандай мереке болсын қалт жібергісі келмейді. Көп шығындалса да естен кетпестей той жасауға пейілді. Ал бүгінде туған күн тойлаудың ерекше тәсілі шықты. Ол дегеніңіз туған күн иесін түнгі сағат 12.00-де міндетті түрде тортпен, шармен құттықтап, тосын сый жасау. Ал кішкентай баланың туған күні ерекше бір мейрам. Алдын-ала мейрамханаға тапсырыс беріп, достарын жинайды. Безендірудің өзі ерекше. Мерекенің сәнін келтіріп, баланың есінен кетпестей туған күнін өткізуге септігін тигізетін аниматорлардың да жұмысын назарға ұстаған жөн. Өйткені қазір аниматорсыз балаңыздың туған күнін елестету екіталай. Кейіпкеріміз де алғашқы табысын осы кәсіптен тапқан. 18 жастағы жігіттің қолына “Zhas Project” жобасының парақшасы түседі. Жарнаманы көре салған ол “кім миллион теңгені қайтарымсыз бере салсын” деген ойға келеді. Бастапқыда сенбейді, “өзім сенбеген нәрсеге ата-анамды қалай сендіремін” деп те ойланады. Сонда да өздігінен зерттейді. Үш күндік оқуға қатысады, кейін барып көзін жеткізеді. Жоспарды орындауға білек сыбана кіріседі. “Ол кезде колледжде оқитынмын. Қатарластарымның аузынан осы жоба түспеді. Кімді көрсем де осы бағдарламаны айта бастады. Содан да болу керек, қызығушылығым оянды. Ақша қолыма тимей тұрып, отбасыма тіс жармадым. Жобам жүзеге асып “Балаларға базарлық” қайырымдылық орталығын ашқаннан кейін барып, қуанышыммен бөлістім. Бұл бағдарлама менің бағымды ашты десем, артық айтқаным емес. Себебі бүгінде бұл жоба өз жемісін беруде”, – дейді кейіпкеріміз.


Жоғарыда атап өткендей, үйде болсын, кафеде болсын сайқымазақ киімін киіп, балалардың көңілі табуға тырысып-бағып жүргендерді көресіз. Тіпті үйлену тойының өзінде аниматорларды кездестіресіз. Балаларды арнайы ойнатып, сыйлықтарын үлестіреді. Балалармен бірге ән айтады, ойын ойнайды. Мұның өзі бала үшін үлкен мереке. Ал біздің кейіпкеріміздің өзіндік ерешелігі әр тапсырысқа арнайы сценарий жазады. Демек әр тойда ұмытылмастай бір ерекшелік болады.
– Бастапқы алты айда қайырымдылық орталығы болып ДЦП балаларға және мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы бағдарламамен жұмыс жасадық. Жобаның негізгі мақсаты – әлеуметтік осал топтағы балаларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға белгіленген мерзімге дейін тегін қызмет көрсету керек болатын. Біз бұл іспен бүгінде де айналысып жатырмыз. Осал топтағы жандар үшін қарастырған арнайы жеңілдігіміз бар.Мүмкіндік беріліп тұрған соң әлі де жетілдіруге, дамытуға кірістік. Ауданмен шектеліп қалмайық деп облыстан бір-ақ шықтық. Қазір тапсырысты облыстың түпкір-түпкірінен жүргізіп келеміз. Әлеуметтік желі арқылы тапсырыс аламын, инстаграм парақшамды өзім жүргіземін. Кәсіп бастағанда қолдау білдіргендер болмады, есесіне өзім аяқтан тұруды үйрендім. Менің жобамның ерекшелігі аниматорлық болған шығар. Мұнымен айналысатындар аз ғой. Біз жоба аяқталса да қайырымдылықты тоқтатқан емеспіз. Қайырымдылық шараларға үлесімді қосып жүреміз, – дейді ол.
Жоғарыда сценарийдің арнайы жазылатынын сөз еттік. Иә, Жаңабай тапсырыс берушімен арнайы тілдесіп, ойын біледі. Балақайдың қалауын тыңдайды. Содан кейін сценарий жазуға кіріседі. Орталық қызметкерлеріне қойылатын арнайы талап бар. Бастысы, биге икемі бар, балалармен тез тіл табысып кететін, өзін еркін ұстайтын болу керек. Шақыртудың көп бөлігіне Жаңабай өзі барады. Бос уақытында саудамен де айналысады. Сыйлық жасайды, безендіреді.
Жаңабай бір іспен ғана шұғылданбайды. Тәтті мақта әзірлейді, оны кез келген жерге жеткізіп береді. Шоу программада фаер шоу (отпен), көпіршіктер шоуы бар, сондай-ақ түрлі форматта фокус көрсетеді. Балалар көлігі, шардың кез келген түрі бар. Кейде кішігірім тойлардың тізгінін ұстап жүр. Осылайша жан-жақты қырынан танылуда.
Қазақ тілінде 20-дан асқан аниматор сізге қызмет көрсетеді. “Менің жұмысымды түсінбей, сын айтушылар көп. Мәселен, өзі жиырма жасқа келсе де балаларды ойнатып, солар қатарлы жүргені несі” дейді. Ал мен өз жұмысымды ұнатамын. Балалардың көңілін тапқан маған қатты ұнайды. Балалар болашығымыз, байлығымыз емес пе? Кімде кім өз жұмысын жақсы көрсе сол жетістікке жетеді. Ал мен өз жетістігіме жеттім. Бір күн болса да бос болмаймын. Шақыртулар жиі түседі. Тапсырыс берушілердің көңілінен шығып, ұнатқанын байқау қиын емес. Жұмыстан ләззат алу деген осы шығар”, – дейді ол.
Болашақта Жаңабайды көгілдір экраннан тамашалаймыз. Себебі оның бала кезгі арманы – журналист болу. Осы мақсатта білім алып жа­тыр. Бүгінде ол Болашақ универси­тетінің журналистика мамандығының 1 курс студенті. Ол мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланды. Табыс көзін тапты. Қаржыны игерді. Аудандағы жұмысын облыс орталығына ауыстырды. Отпен фокус жасап, адамдарды таң қалдырудан жалыққан емес. Талабы таудай жігіттің арманы орындалсын дейміз.
Мөлдір САБЫРЖАН
18 маусым 2020 ж. 168 0

PDF нұсқалар мұрағаты

31-360

06 тамыз 2020 ж.

30-359

31 шілде 2020 ж.

29-358

23 шілде 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31