» » » БІР ТІЛШІНІ ТӨМЕНДЕТУ – БАРЛЫҚ ЖУРНАЛИСТІ АЛАСАРТУМЕН БІРДЕЙ

БІР ТІЛШІНІ ТӨМЕНДЕТУ – БАРЛЫҚ ЖУРНАЛИСТІ АЛАСАРТУМЕН БІРДЕЙ

Әділбек ЖАХАНОВ, «QAZAQSTAN» ұлттық арнасының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі:

СПОРТТАН ТЕЛЕАРНАҒА ДЕЙІНГІ ЖОЛ

 − Намазалы ағаның «Журналистика − шығармашылыққа негізделген мамандық. Сен оны емес, ол сені таңдайды» деген сөзі бар. Сіздің тәжірибеңізде кім-кімді таңдады? Қателеспесем, бірінші мамандығыңыз заңгер екен...
− Журналистика саласына қадам басамын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Жалпы өзім мектеп жасынан спортқа жақын болдым. “Қайсар” футбол клубының түлегімін, сол жерде аз-кем кәсіби тұрғыда доп тептік.  Арманым футболшы болу еді, жасыл алаңда жарқылдаймыз ба деп барымызды салдық. Алайда 2000-ыншы жылдарға дейін елдің футболға көңіл бөлетіндей жағдайы болған жоқ. Жарысқа да аз барамыз, бір допты қырық шақты бала жамап алып тебеміз. Футболдағы деңгейімізге сол жағдай кері әсер етті ме, білмеймін, спортта ұзаққа бармадық. Он бірінші сыныпты бітірген кезде аяғымнан жарақат алып, үлкен спортпен қоштасуға тура келді. Футболдан кеткен соң көңіл-күйім жоқ, әрі қарай өмір бітіп қалғандай күйзелісте жүрген кезде әке-шешем Қызылорда гуманитарлық университетінің заңгер мамандығына өздері барып құжат тапсырды. Мен оқу орнына қыркүйек айында бір-ақ бардым. Сол кезде оқытушылар әкеме «балаңыз оқитын адам ба өзі, бәріне өзіңіз жүрсіз ғой» деп сұрапты. Бастапқыда менде құқық қорғау саласында жұмыс жасау бұйыратын шығар деген ой болды. Бірақ жас кезімізде  ер балалардың арасында ең жаман мамандық полиция болу еді. Кім полицей, соның артынан жақсы ат ермейтін. Сондықтан полиция болуға үзілді-кесілді қарсы болдым.
Заңгерліктің бірінші курсын бітірген жылы жолдас балалармен стадионның жанындағы жасыл алаңда доп теуіп жүргенбіз. Ұмытпасам, Қызылордадағы ең алғашқы жасыл алаң еді. Ол кезде жарақатым жазылып, футболды әуесқой ретінде ойнап жүрген уақыт. Журналистер мерекесінің қарсаңы болу керек, стадионға қарсылас таппай «Халық» газетінің ұжымы да  дайындыққа келді. Сонымен «жігіттер бізбен бірге ойнайсыңдар ма?» деді, бірден келістік. Бірақ жанымдағы жігіттер футбол ойнау білмейтін. Жалғыз өзімді алғы шепке жіберіп, барлығы қорғаныста жүрді. Сол ойында «Халықты» ұттық.
− Қасыңыздағы серіктеріңіз футбол ойнай алмайтын болса да ұттыңыздар ма?
− Иә. Барлық голды өзім салдым (күліп). Ойын барысын сол кездегі «Халық» газетінің директоры, қазіргі «Сыр медиа» мекемесінің басшысы Аманжол Сақыпұлы алаң сыртынан бақылап тұрған екен. Ойын біткен соң мені шақырып алып, аты-жөнімді, оқу орнымды біліп, журналистермен бірге жарысқа қатыс деп ұсыныс айтты. Келісімімді бердім. Сол жарыста «Халық» газеті бірінші орын алды. Мен «Үздік шабуылшы» атандым. Осы жарыстан соң Аманжол Сақыпұлы редакцияға жұмысқа шақырды. Редакциядағы  ең алғашқы жұмысым теруші еді. Қателеспесем, 2006 жылдың соңы болу керек, қазіргідей тілшілердің бас-басында компьютер жоқ. Журналистердің қолмен жазып әкелген мақаласын компьютерге теріп, дизайнерге беремін. Сөз саптауды, мақаланың не екенін үйреткен алғы мектеп осы – «Халық» газеті болды.

«ХАЛЫҚ» ‒МЕНІҢ УНИВЕРСИТЕТІМ

− Оған дейін мақала жазбадыңыз ба?
− Редакцияға келем дегенше қалам тербемесем де, мектеп қабырғасында қазақ әдебиеті мен тарихты жақсы оқыдым. Ең бірінші мақаламды спорт тақырыбында жазғаным есімде. Ол кезде аптасына екі рет орыс тілінде шығатын, республикалық «Гол» деген журнал болатын. Сол басылымдағы атақты футболшылардың сұхбатын қазақшаға аударып, «Халық» газетінің спорт тақырыбына арналған «Сергек» бетіне беріп жүрдім. Уақыт өте келе «Сергектің» жауапкершілігі толықтай өзіме ауысты. Аймақтың жаңалықтарымен қоса әлемдік футболға шолу жасап, өзімше спорт сарапшысы болдым (күліп). Спорттан спорт журналисіне дейінгі қадамым осылай басталды. 2009 жыл болу керек, «Халық» газетінде қысқартулар болып, мен де сол тізімге ілігіп кеттім. Сол уақытта  Нұрлан Көбегенұлы «Табиғат тынысы» деген газеттің бас редакторы еді, сол кісіден жұмысқа шақырту түсті. Көп ойланбастан, келісімімді бердім. Ол кезде студентпін, таңертеңнен түске дейін жұмыста, түстен кейін сабағыма барып жүрдім. «Табиғат тынысында» экологиялық тақырыппен қоса, саяси мәселелерді де қозғай бастадық. Жазуымызды түзеп, күзеп, қалыпқа түстік. Бастапқыда бәйге жайлы жазып қалған маған саясат жайлы қалам тербеу қиын болды. 2010 жылы университетті заңгер мамандығы бойынша бітірген соң, әскерге баруға асықтым. Менде “Отан алдындағы борышымды өтемесем, ертең өз балаларыма не айтамын” деген ой болды. Содан жалғыз ұлсың деген ата-анамның қарсылығына қарамай, патриоттық сезіммен әскерге кетіп қалдым. Алматы облысы, Сарыөзек қаласындағы әскери гарнизонында бір жыл әскери борышымды өтеп жүріп, «Халық» газетіне күнде жүгіретінімді, ол жақтағы тәртіпті айтып  хат жазғаным бар. Сол хат редакцияда әлі сақтаулы тұр. Қазір көп жерде «Халық» газеті менің университетім, дипломым болды деп айтып жүремін.  Өйткені мені журналист ретінде қалыптастырған сол орта еді. «Халық» менің ғана емес, талай тілшінің еңбек жолын қалыптастырған мектеп болды.
Әскерден келген уақыт. Бір күні Нұрлан Көбегенұлы хабарласып, «Әлімсақ» журналы, «Ұстаз мәртебесі» газетінің редакциясына жұмысқа шақырды. Нұрлан Көбегенұлын ұстазым, ағам ретінде жақсы көремін, сыйлаймын. Осы жолы да ұсынысын қабыл алып, редакцияға бардым. Сол жылы «Қазақстан-Қызылорда» арнасындағы «Ақиқат алаңы» ток-шоуында “Қайсар” футбол клубына қатысты тақырып көтерілді. Мені футбол сарапшысы, спорт журналисі ретінде қонаққа шақырған соң, әлемдік тәжірибе, біздегі кем-кетіктер жайлы айтып, хабарға жақсы атсалыстым. 2013 жылы Қырымбек Көшербаевтің облысқа әкім болып келген кезі. «Халық» газетіне Қайсар футбол клубының ел тәуелсіздігін алғаннан бері қай әкімнің тұсында қандай деңгейге көтерілгені жайында айта келе, «Көшербаевтың заманында команданың жағдайы қалай болады, жаңа әкімнің клубқа деген көзқарасы қандай?» деген сұраққа жауап іздеп, жанкүйер ретінде спорттық сараптамалық мақала жаздым. Газеттегі мақаланы, ток-шоуды көрген облыстық телеарнаның сол кездегі бас редакторы Айсұлу Қасымова бір шарада телеарнаға жұмыс жасауға ұсыныс білдірді. Үйдегілер қолдай кетті,  Нұрлан Көбегенұлы да батасын берді. Осылайша жаңалықтар бөліміне топ ете қалдым.  Уақыт өте келе телеарнаға да төселіп, жаңалықтың белсенді тілшісіне айналдық.
‒ Камерадан қорқыныш болмады ма?
− Негізі қай кезде де камераның мысы басады. Күнде камераның алдында жүретін адамның өзіне алғашқы он секунд «эфир басталды» дегенде іштей толқыныс сезіледі. Әлі күнге дейін әр эфирге шыққанда солай. Ол кез келген тілшіде болады. Өйткені ол ‒  жауапкершілік.
‒ Ұлттық арнаға ауысқан кезде жауапкершілік тіпті жоғарылаған болар...
− Ол жақтың талабы мүлде басқа. Облыстық телеарнада емін-еркін көсіліп жаза береміз, кейде сюжетің үш-төрт минутқа созылуы мүмкін, кейде бес минутқа дейін барады. Ал ұлттық арнада сюжет ұзақтығы ‒ 1 минут, 20  секунд. Сен бір минутта мәселенің тақырыбын айқындап, көрерменге жеткізуің керек. Ықшамдауды, артық сөз жазбауды, тек мәселенің түйінін беруді үйренесің. Осы орайда айта кетейін, облыстық телеарнада Жағыпар Қарабала, Мөлдір Құлмырзаева, Несібелі Рахмет, Айсұлу Жұмабайқызы, Айнұр Тұңғышбаева берген тәлім-тәрбие, бағыт-бағдардың көп көмегі тиді.

ЖУРНАЛИСТ МЕМЛЕКЕТКЕ ЕШҚАШАН ЖАМАНДЫҚ ОЙЛАМАЙДЫ

‒ Жақында ғана журналистер мен блогерлерге қатысты мәселенің болғаны рас. Осы орайда қазіргі қоғамдағы журналистердің рөліне тоқталсақ... Кешегі күні «төртінші билік иесі» саналған саланың құзіреттілігі төмендегені жиі айтылады. Бұл жағдайға қалай жеттік?
− Блогерлер деген ұғымды әлі күнге дейін қабылдай алмаймын. Олар әлеуметтік желіге өз ойын жазады, бірақ онда сараптамалық мән жоқ, өсек-аяңның айналасы ғана. Ал журналистикада мәртебіміздің түсіп кеткені ‒ бізде жалтақтау көп. Журналистика – нан табатын мамандық емес. Шын журналист қоғамның мұңын жоқтап, қотырын қасып, мәселесін көрсету керек. «Мен билікке мынаны айтсам, жұмысымнан айырылып қаламын-ау, несиемді жаба алмай қаламын-ау» деген күнкөріс қамымен жүрсек, мәртебеміз ешқашан көтерілмейді. Сондықтан журналистиканы күнкөріс қамы қылмау керек. Біз қорқақ болсақ, қоғам мәселесі сол күйінде қала береді. Бәріміз жарқын жақта өмір сүреміз. Мәселені тек блогерлер көтереді. Шындап келгенде, олар жұмыссыз ғой.  Қазіргі заманда «аузы қисық болса да, блогерлер сөйлесін» деген сияқты, олар үйінде отырып жаза  береді. Бірақ айналып келгенде таяқтың бір ұшы биліктің өзіне тиеді. Блогерлер «бір күн бие, бір күн түйе», бірде биліктің, бірде халықтың жағына шығып отырады. Қалыптасқан, ұстанған нақты негіз жоқ. Барлығы демеймін, көбісінде осы жағдай.
Бізде журналист мәселе көтерсе, мәселенің шешу жолын ойлаудан бұрын бәрі журналистпен күресіп кетеді. «Ойбай, мәселені көрсетпе» дейді. Бірақ қателіктен сабақ алып, сыннан нәтиже шығарсақ, біздің қоғам әлдеқайда жақсарар еді ғой. Сапасыз құрылыс, сапасыз жол салынбас еді. Айта берсек қоғамда сапасыз дүние көп қой.    
− Бірақ журналистің бәрі күнкөріс қамымен жүр деп айта алмаймыз ғой. Олардың патриоттық сезімі басқа сала мамандарына қарағанда жоғары. Бұл жердегі негізгі  мәселе биліктің қысымында сияқты...
− Мемлекеттік саясат деген дүние бар. Бәріміз осы мемлекеттің дамығанын қалаймыз. Көбіне журналистер мемлекет үшін, қоғамды ушықтырмау үшін жамандықты жасырып, жақсылығын асырып жүреді. Бірақ шын мәнінде маңызды мәселелерді журналистер қозғап жүр. Ал қоғамға іріткі салатын тақырып аясында журналист бірінші бірлікті, ел мүддесін ойлайды.
− Ал журналистердің мәртебесі жөнінде не айтар едіңіз... Бізде заң солқылдақ па?
− Журналистердің мәртебесі жайында көп пікір, ұсыныс айтылып жүр. Қарап отырсақ, біз мемлекеттік қызметшінің санатында жоқпыз, я әлеуметтік саланың санатына кірмейміз. Басқа салаға көрсетілетін мемлекеттік көмек те журналистер үшін қарастырылмаған. Шындап келгенде, жетім баланың күйін кешіп жүргендейміз. Бұл мәселе қай министрдің кезінде де қозғалып жүр. Біреу үйге зәру болса, оған шыр-пыры шығып жүгіретін журналист өзі үйсіз-күйсіз жүрсе де, Үкіметке қолын жаймайды, әкімдіктің барып есігін қақпайды. Өйткені ар-намысы жібермейді. Журналистің міндеті ‒ халықтың мұңын жеткізу, жоғын тауып беру, билік пен халық арасына алтын көпір болу. Сондықтан журналистердің мәртебесі алдағы уақытта айқындалады деп ойлаймын. Төтенше жағдай кезінде халық БАҚ-тың рөлін тағы бір сезінгендей болды. Барлық нақты, шынайы ақпарат ресми түрде газет пен телеарнада беріліп отырды. Бұл да біздің мәртебімізді көтерді. Халықтың алдында мамандықтың қажет екенін дәлелдеді.
‒ Бірақ кешегі даудың өзінде журналистердің мәртебесі көтеріліп қалған сияқты...
− Иә. Даудың ең сорақысы ‒ журналистердің ертеңін күтпей, намазын шығарғандай болды ғой енді. Газет оқылмайды, телеарна көрілмейді деген сөз бізге қатты батты. “Біз қазір интернеттің заманындамыз” дейді. Менің кеше ғана ұлттық арнадан интернетке қатысты сюжетім шықты. Аймақ бойынша сексен тоғыз елді мекенде интернет ұстамайды. Сонда қайдағы интернеттің заманы? Мыңдаған ауыл тұрғыны интернетке қосыла алмай отырғанда, қаладағы бес-алты әңгіменің желеуімен «біз әлеуметтік желімен өмір сүруіміз керек» деу жаңсақ пікір. Жалпы қай кезде де журналистің айтқанына, ұсынысына қоғам құлақ асу керек. Журналист  мемлекетке, әкімдікке, туған өлкеге ешқашан жамандық ойламайды. Тек мәселенің шешілгенін қалайды. Өкінішке қарай, бізде ұсыныс айтса, журналист жаман атты болатын көзқарас  бар. Менің кейде мына жағдайға қарным ашады, фейсбукте блогерлер шибөрілер сияқты, бір нәрсе айтса бәрі өре түрегеле жабылады ғой. Журналистерде ондай жаман мінез жоқ. Қызылордада шамамен бес жүзге жуық журналист бар. Біз жазсақ тас-талқанын шығарамыз ғой. Бірақ біз сөзге тоқтаймыз, ой-пікірді айтпас бұрын сараптап аламыз. Ал егер «біздікі дұрыс» деп беталды, біржақты пікір айтса журналистің блогерден айырмашылығы болмайды. Кешегі Сыр журналистеріне айтылған дауда, дау дейтін дау емес, әкімдікке, сол кездегі  аппарат басшысы Ғалым Әміреевке назымызды айттық. Сол кезде журналистердің жұдырықтай жұмылғанына қуандым. Біз ‒ бір қауым елміз. Төртінші билік деген атымыз бар. Сондықтан жергілікті әкімдік сыртымыздан тон пішпей, бізбен санасу керек.
‒ Телехабар  &  әлеуметтік желі. Қайсы құрал мәселені жылдам шешеді?
− Иә әлеуметтік желінің озып тұрғаны сол ‒ жылдамдығында. Егер ол жерде дұрыс мәселе көтеріп, оның шешілуіне әлеуметтік желі арқылы ықпал етсең ‒ ол жақсы. Ал біреуді қаралау, біреудің қызметін көре алмау сынды дүниелерді адамгершілік тұрғыдан нашар адамның белгісі деп білемін. Біз эфирден шыққан материалды әлеуметтік желіде де бөлісеміз. Бірақ көбіне мәселе телеарнадан шыққаннан кейін қозғалыс болады. Мәселеге мамандар араласып, бірлесе шешіледі. Ал әлеуметтік желіде көтерілетін мәселенің көбі «құдықтың қақпағы ашылып қалыпты», «мына жерде жаяу жүргіншілер жолының белгісі өшіріліпті», «арыққа су жетпей жатыр» деген сынды жылдам шешілетін тұрмыстық дүниелер ғой.  Ол жерде қоғамдық, елдік мүддедегі мәселе көтеріле бермейді.

...ҚҰНТ БОЛМАЙ ТҰР ҒОЙ

‒ Бүгінде «бас кеспес болса да, тіл кеспек жоқ» деген ұстанымға сүйеніп, қоғам мәселесін шешуге бола ма? Бұл пікірге билік қалай қарайды? Осы тұста көкейіңізде жүрген күрмеулі мәселелер жайлы айтып берсеңіз...
− «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп бет алды кетуге де болмайды. Белгіленген  бір шеңбердің аясында мәселені әдемі жеткізуге болады ғой. Жағдайды ести сала, ұрандатып жазатындар бар. Бірақ ол мәселе шешімін тауып тұр ма, тұрған жоқ па, оған қарамайды.  Сол үшін мәселені де байыбына барып, анығын білген соң ғана көтеру керек. Мысалы, жақында Қармақшы ауданындағы жазғы тынығу лагері жайлы мәселені эфирге бердік. Құрылыс мерзімі төрт жылға ұзап бара жатыр. Уақытылы бітпеген соң салынған құрылыстың өзі ескіруде, қирауға жақын. Зерттей келе білгеніміз, қаржы бөлуге облыс бюджеті көтермейді. Қармақшы ‒ лагері жоқ жалғыз аудан. Ертеңгі күні республикалық бюджеттен қаржы бөлінсе кішкене болса да, біздің септігіміз тигені болмай ма? Міне, мәселенің оңтайлы шешілуіне бір сюжет, бір интервью өзі осылай ықпал етуі мүмкін.
‒ Ал қазір өзіңіз қозғаған, бірақ шешімін таппаған мәселе бар ма?
‒ Мәселе көп қозғалды. Жалпы көп жағдайда шешілмейтін мәселе жоқ. Бәрінің түйінін табуға болады. Ішкі түйсігіме салсам, жоғарыда айтқан Қармақшыдағы лагерь мәселесі шешілмей қала ма деп қорқамын. 1 млрд 200 миллион теңгенің нысанына бастапқыда  400 миллион теңге бөлінген. Әрі қарай қаржыландыру тоқтап қалған соң, құрылыс та жүрмеген. Облыстық әкімдік біздің бюджет көтермейді дейді. Бірақ шын ниетпен кіріссе, республикадан қаржы көздерін тартып, бір бағдарламаға енгізу арқылы бітіруге  болады. Бірақ соған құнт болмай тұр ғой. Бұл жерде ең бірінші шырылдау керек мекеме – аудан әкімдігі ғой. Әкімдіктің, министрліктің табалдырығын тоздырып, соған қаржы бөлдірсе, Қармақшы ауданының әкімдігіне алғыс айтар едік.  Біз ғана емес, Қармақшыдағы қаншама ата-ана, бала қуанар еді. Қазір жаз кезі, олар қайда барарын білмей ауылда, аула маңында жүр ғой.
‒ Жол мәселесін де көтердіңіз...
‒ Иә резеңке етікті киіп, Әл-фараби көшесін бір шарлап қайттық. Шынымен халықтың қиналғанын көру бізге де оңай болған жоқ. Баласын балабақшаға арқалап апара жатқан ата-ана, аяқ киім сыртынан пакет киіп жатқан балалар... Осылай тізеден батпақ кешіп отырып, біз қаншалықты дамып кеттік деп айта аламыз? Шет аймақ дегенмен, ол жерде 30-40 мың халық тұрады. Қаланың өскеніне де 10 жылдан асып бара жатыр. “Әл-Фарабидің” өзі мөлтек аудан болып 2007-2008 жылдары қалыптасты. Содан бері ең болмаса  10-15 көшесін асфалттап қоюға болады ғой. Бір әл-Фараби көшесі бар, 1 млрд 200 миллион теңгеге соны жөндедік деп айта береді. Бірақ оның айналасында қаншама тарам-тарам көше бар ғой. Елдің бәрі даңғыл жолдың бойында тұрған жоқ. Сол мәселені көтеріп, билікке жеткізгендей болдық. Шүкір, нәтиже биыл көрінуде. “Әл-фарабидің”, Қызылжарманың қанша көшесі, басқа да шет аймақтың жолдары  асфальтталып, халық қуануда. Ендігі жерде мәселе жол төселді екен деп, бөркімізді аспанға лақтырмай, сапасын қадағалау керек. Биыл салды, келер жылы шұрқ тесік болып жатса, бюджеттің ақшасы далаға кетті деген сөз. Сондықтан жақында  жолдардың сапасы туралы тағы мәселе қозғадық. 5 см болу керек асфальт қалыңдығы 4 см болып шығып жатыр. Оның құрамында басқа не пайдаланылмай жатыр? Осылай жұмыстың сапасын қадағалап, әкімдік құзырлы саланың жұмысын бақыласа, “әл-Фараби”  тұрғындарының құлағы жол мәселесінен тынышталар еді.
 
АЙТА БЕРСЕК, ХАЛЫҚТА МӘСЕЛЕ КӨП

‒ Қазір де ұлттық арнаға  тұрғындар жиі хабарласа ма? Қандай мәселе бойынша шағымдануда?
‒ Жақында ғана халықтың арыз шағымы бойынша Қармақшы ауданына жолға шықтық. Байқоңыр қаласын Ресейге жалға беріп отырмыз. Соның есебінен жылына қаншама қаржы түсіп отырса да, қасындағы екі ауыл Төретам мен Ақай жетімнің күйін кешіп отыр. Төретам тұрғындары құдықтан су ішіп, Ақай қоқыстың ортасында отыр. Байқоңырдың дәл жанынан газ магистралі өтіп тұр, ал Төретам, Ақай тұрғындары газ баллонын қолданып отыр. Ол жақта сексеуіл өспейді. Тұрғындар көмір жағады. Оны сатып алуға халықтың қалтасы көтере бермейді ғой. Айта берсе, ол жерде халықтың мәселесі көп. Тек сауда-саттық арқылы ғана халық күн көріп отыр. Жағдай өте қиын. Байқоңыр барлық инфрақұрылымы қамтылған қала, соның өзінде жағдайы азып-тозып тұр.
‒ Бұған билік қандай шешім айтады?
‒ Кезінде Байқоңыр ғарыш айлағын жалға берген кезде Төретам, Ақайдың да территориялары құжатқа енген. Енді ол жер Ресейдің территориясы болып есептелген соң, оған ауыз су тартуға, өзге де жұмыстарына Қазақстан ақша бөле алмайды. Екі ортада халық қиналып отыр. Бұл ‒ Үкіметаралық келісім аясында шешілетін мәселе. Олар осы кезге дейін халықтың қалай қиналғанын білмей келуі мүмкін. Біздің сюжеттен кейін мән беріп қалар. Осылай мәселенің шешілуіне себепші болсақ, біраз нәрсе жөнделер еді.    

АҚПАРАТТЫҢ ШЫНАЙЛЫҒЫ ЭМОЦИЯДАН ЖОҒАРЫ ТҰРАДЫ

‒ Қазіргі кезде қазақ журналистикасы жайлы сөз қозғалса «сараптаманың аз, көшірменің көп екені» айтылады. Сауатты көрермен шетелдік журналистердің жұмысын жоғары бағалайды. Сіздің осы төңіректегі ойыңыз қандай? Өңірдегі журналистердің материалды жазу, беру тәсіліне көңіліңіз тола ма? Аймақтық телевизия мен баспасөзге не жетіспейді?
‒ Біреуге ақыл айтатындай, журналистика саласында асарымды асаған адам емеспін. Бірақ журналист ретінде кейде ақсап та жататын шығармыз. Мысалы, кейде бір мәселені көтерсең, пікір айтатын адам таппай қиналасың. Өйткені бізде әлі күнге дейін биліктен қорқып, өзінің нақты азаматтық позициясына сүйеніп пікір айтатын адам аз. Интервью беретін, мәселенің мән-жайын ашып айтатын маман да көп емес. Журналист бәрін бір жақты қозғай бермейді ғой. Жан-жақты сараптама жасайтын болған соң, экологты да, жол жөндеушіні де жалпы сол салаға қатысты маманның бәрін қамтып шығу керек. Соған келген сала мамандары «белгілі бір себептерге байланысты пікір білдіре алмаймын» деп тақырыпты жылы жауып қояды. Сонда сен не істейсің? “Барымен базар” деп мәселені алып шығасың. Ал шетелде жағдай басқаша. Мен негізі “Ресей 24” телеарнасының тілшілері дайындаған сюжеттерді жиі көремін. Оларға журналистік зерттеу үшін алдымен уақыт беріледі, сосын бәрі бірге командамен жұмыс істейді. Соңында бірнеше журналистің зерттеуін қосып, оқырманға жақсы бір дүние ұсынады. Ал бізде команда жоқ қой, бір өзің жеткізгеніңше айтасың. Кейбір мәселелер өзіңнің де көңіліңнен шықпайды. Сондықтан журналисте «толдым, ең күшті сюжет дайындадым» деген ой болмау қажет.
‒ Белгілі бір мәселеге қатысты сюжет дайындап, бірақ эфирден алып тасталған кездер де болған шығар...
‒ Ондай жағдайлар облыстық телеарнада жүрген кезде бірнеше рет болды. Сыни, әкімдікке таяқтың бір ұшы тиіп кететіндей дүниелер эфирден алынып тасталды. Сол кезде журналистиканы тастап кеткім келді. Мәселе көтермесем, қоғамға көмегім тимесе не үшін жүрмін дейсің? Өйткені сенің сюжетіңді қаншама адам күтіп отыр. «Балам-ау, сол мәселе қашан көрсетіледі» деп тұрғындар қоңырау шалғанда ұялып кетесің. Шындап келгенде, мәселе көтергеннен биліктің қабырғасы құлап қалмайды ғой, қайта бірлесіп шешуге атсалысса құба-құп болар еді?! Бірақ бізде сұрақ көп, жауап жоқ.
‒ Қазір жас журналистің басым көпшілігі  телевизияны таңдайды. Бұл – қалыпты дүние. Ал сіз жас буынның қарым-қабілетін қалай бағалайсыз? Көңіліңізден шыға ма? Жақсы журналист қандай талаптың үдесінен шығу керек?
‒ Жас журналистте ең бірінші мамандығына деген махаббат болу керек. Қазір жас тілшілер алдымен қызметтің жалақысын сұрайды. Бірден хабар жүргізіп, диктор болғысы келеді. Ол мамандықты емес, өзіңді жақсы көру ғой. Мен ең алғаш «Халық» газетіне келгенде жалақым 12 мың теңге ғана болған, сол айлықпен үш жыл жұмыс істедім. Ол кезде айлықтың шамасына қарамаймын, мен үшін газетке шыққан мақала үлкен қуаныш еді. Келесі нөмерге материал дайындауға асығып жүретінбіз. Сондықтан мамандықты жақсы көріп, барға қанағат етіп, алға ұмтылу керек. Сосын жаза алмаймын деп қорықпай, қатеңді түзетіп, нәтиже шығарған дұрыс.
‒ «Бұрын журналистер бір-бірін оқитын. Қазір біреудің мақаласын біреу оқымағаны, біреудің сюжетін біреу қарамағаны былай тұрсын, өзі жазған мақаланы қайталап оқымау деген қасірет пайда болды» дейді Қайнар Олжай. Дайын болған сюжетке қанша рет сын көзбен  қарайсыз? Кімдердің сюжетін жиі көріп, кімнің мақаласын жібермей оқисыз?
‒ Информ.кз-ке  шыққан Қайнар Олжайдың мақаласын жиі оқимын. Ол кісі қазақ журналистикасының қара нары ғой. Қазір ұлттық арнада сол кісі сюжеттерге шолу жасайды. Сын ескертпелерін айтады, өзіміз де қателікті мойындаймыз. Жаңалық болған соң бізде асығыс жағдай жиі болады. Кейде сюжетіңді қарауға да мүмкіндік болмайды. Сондықтан тележурналистикада қателік жібермейтін адам кемде-кем деп ойлаймын. Сюжеттерге келсек, Нұрбек Бекбаудың «Журналистік зерттеуін», «әріптестерім не беріп жатыр» деп Хабар 24 арнасының тілшілері Қамбар Бекенов, Нұрлан Жақыпбектің дайындаған дүниелерін қараймын. Газеттегі материалды «Сыр бойынан» Ержан Қожас  жиі бөліседі. Газет қолыма тисе, міндетті түрде шолу жасауға тырысамын.
‒ Журналистің досы кім, жауы қайсы?
‒ Журналистің досы журналист болу керек. Өйткені бір қазанда қайнап жатырмыз, бір нанды бөлісіп жеп отырмыз. Илегеніміз  ‒ бір терінің пұшпағы. Ал халық ‒ сыншы. Біз бір-біріміздің мерейімізді асырып отырсақ, Сыр журналистерінің бағындырмайтын белесі болмайды.
‒ Ал жауы?
‒ Жауы да ‒ журналист, болмаса тілшінің өзі. Блогер демеймін, өйткені көшенің әңгімесін айтатын адаммен журналисті теңестіргім келмейді.
‒ Мінез жайлы сөз еттік... Журналистке өр мінез қажет десек те, эмоцияның, жеке пікірдің жұмыс барысында араласпау
керегін айтады аға буын. Бұл қағидаға қаншалықты сүйенесіз? Жұмыс барысында тым қызуқандымын деп ойламайсыз ба?

‒ Иә, кейде халықтың қиналғанын көргенде эмоцияны жасырып қала алмайсың. Халықтың орнына өзіңді қойып, сюжет дайындағанда эфирден қызуқандылық байқалуы мүмкін. Біраз мен ашудан тез қайтамын, кекшіл емеспін. Көп жағдайда көңілді жүруге тырысамын Айналама барынша әзіл айтып жүремін. Қанша эмоцияға берілсем де, ақпараттың нақтылығы, шынайылығы  мен үшін бірінші орында тұрады.
‒ Әлеуметтік желіден ақиқатқа ұмтылған азаматтық позицияңыз анық байқалады. Алдағы уақытта жеке бағдарлама жүргізуіңіз мүмкін бе? 
‒ Ұлттық арнаның меншікті тілшісі болған соң, бұл жақта жеке бағдарлама дайындалмайды. Бірақ кейін You tube каналын ашып, бейнежазбалар түсіріп, әріптестеріммен пікірталас жүргізіп, жоба дайындау жоспарда бар. Бірақ қашан қолға аларым белгісіз.
Тағы бір айтарым, менің әріптестеріме деген сыйластығым әрдайым биік тұрады. Кейде журналисті оның жұмыс істейтін газетіне, редакциясына қарап төмендетіп, республикалық арнаны төрге шығарып жатады. Өз басым ондай ұстанымды қаламаймын. Бір тілшіні төмендетті деген сөз, барлық журналисті аласартумен бірдей. Бірімізге келген сөз бәріміздің шамымызға тиеді. Сондықтан кез келген мәселеде журналистке бірдей қарау керек. Қарата білуіміз керек. Өз позициямызды қалыптастыру үшін бізге өр мінез керек. Біз журналистиканың туын жықпауымыз керек.
‒ Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

25 маусым 2020 ж. 395 0

PDF нұсқалар мұрағаты

31-360

06 тамыз 2020 ж.

30-359

31 шілде 2020 ж.

29-358

23 шілде 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31