» » » Қадірін білсең – дос қымбат, құнын білсең – сөз қымбат Жігіттік жасқа теңеймін

Қадірін білсең – дос қымбат, құнын білсең – сөз қымбат Жігіттік жасқа теңеймін

  – 20 жыл. Бұл газет үшін қаншалықты маңыз­­ды, нендей мағы­на үстей­ді?
– Әрине, 20 жыл аз уа­қыт емес. Өз басым ши­рек ғасыр уақыттан бері журналистика саласын кә­сіп етіп келемін. Соның 17 жылы осы «Халық» газетіне арналса, 11 жылдан бері басылымның бас редакторы екенмін. Сондықтан белгілі бір датадан анау айтқандай мағына күтпейді екенмін, бар болғаны жеке өзімде жасым ұлғайып, айналама жігіт ағасы қалпында қарап, өмірдің оң-солын бағамдай білсем, ал газеттің мерейлі мезеті де бұдан 5-10 жыл бұрынғы ұстанымы, қо­ғамдық-саяси көзқарасы қан­дай, сол қасиетімен да­ра. Өз заманында қазақ­тың үш биі бала кезінде де төрелік айтты, жігіттік жа­сында да, ақсақалдық тұста да сол әділдігімен, ше­шендігімен елдің игі жақсысына айналды ғой. Мен де «Халықтың» бүгінгі 20 жылын жігіттік жасқа теңеймін, ақылы толысқан, сөздің салмағын білетін, айналасында не болып жатқанын зерделей алатын уақыт деп ойлаймын. Ал, шындығына келгенде, га­зеттің ең алғашқы нөмірі ақпарат айдынына жол тартқанда, басылымның сол кездегі бас редакторы, бү­гінде «Сыр медиа» ЖШС Бас директоры Аманжол Сақыпұлы бас­таған шығармашылық топ­тың ұстанымы, яғни бұ­дан жиырма жыл бұрын мақсат болған халықтың арман-мақсатын қозғайтын Сыр өңірінде жақсы бір басылымды қалыптастыра алғанымыз.
– Ашылғаннан бергі жылдарды парақтай оты­рып, газеттің дизайн, ай­дар тұрақтылығына тәнті болмау мүмкін емес. Бұл мақсатты жоспар ма әлде кездейсоқтық па?
– Мен 2009 жылдың сә­уір айында танымал жур­налист Нұрлан Көбеген­ұлы­нан «Халық» газетінің бас редакторы қызметін қа­­былдап алғанымда ба­сы­лым бетінде арнайы ма­қа­ла дайындадым. Ол соған дейінгі газеттің ұстанымы, мазмұны, көзқарасы алдағы уақытта да еш өзгермейді, ойлы оқырманның оясынан шығатын үнжария болып қала береді дегенге сая­ды. Әсіре қызылдың тез оңа­­тыны айдай анық ғой. Мысалы, Қытайдың ойын­­шығын не киімін алып қа­раңыз, сырты жыл­тырап, көз тартып тұрады, бірақ сапасыз. Сол сияқты сыр­тын әде­мілеп қой­ға­ны­мен, газе­тіңнің ішінде ой түйетін, алға жете­лейтін, мәселе кө­терген сапалы да сали­қалы сөз болмаса, бәрі бекер. Сондықтан мен көбіне га­зетті әлеміштеп, әсіре бе­зен­діргеннен гөрі әрбір бе­тінде сапалы дүниенің бол­ғанын қалаймын. Өзім жер­гілікті, республикалық басылымдарды жиі па­рақ­тап тұрамын. Атын атап, тү­сін түстемеймін, ма­ке­­тін мың түрлі әдіс­пен көр­­­кем­дегенімен, аша­мын да, жабамын, өйт­кені қан­ша тартымды болға­ны­мен, ішінде оқитын, иірі­­міне тартып, әріптесің кө­­терген мәселені өзің де қау­зауға жетелейтін ма­қала жоқ. Көпке топырақ шаш­­паймын бірақ. Мектеп қабыр­ғасынан бері «Жас Алаш» газетінің тұрақты оқырманымын, негізін 20 жасында Ғани Мұратбаев қалаған, бүгінде ғасырлық тарихы бар. Бір қарасаң, осы газеттің де алып ба­ра жатқан дизайны жоқ, бі­рақ жұрт жапа-тармағай оқиды. Неге? Оқылатын дү­ние болған соң, ортақ үн қосқың келетін ұлттық, қо­ғамдық мәселелер бар. Демек «Халықтағы» айдар, дизайн тұрақтылығына қа­тысты да соны айтамын, ол кездейсоқтық та, мақ­сат­ты жоспар да емес. Бар болғаны – байырғы ұста­ным.
– Иә, соңғы уақытта осы 20 жылдықтың қар­са­ңында өзгерістер бар, оған D2 форматын да қо­суға бо­лады. Бұл мере­келік өзге­рістер газеттің мазмұнына қаншалықты әсер етеді? Айдарлар тек жаңа балама сөздермен ауысты ма әлде тақырып­тық жаңашыл­дық­тар бар ма?
– Бірден айтайын, мен бар болғаны бас редак­тор­мын, мен газеттің шы­ғар­машылық сапасына, әлеуетіне жауап­тымын. Құ­­рыл­тайшым бар, газетті D2 нұсқасына көші­ру соның ұсы­нысы, қазір еу­ропалық стандарт деген бар, көп­шілік медиақұрылым осы форматты қалап отыр. Әл­гінде айтқанымдай, бұл өз­ге­ріс те газеттің маз­мұ­нына ай­тар­лықтай әсер етеді деп ойламаймын. Мүмкін, біздің газеттің айдар, та­қы­рып­та­рын­да ішінара өз­герістер бол­ған шығар, ди­зайны да сол қалпында тұрған шығар. Бір нәрсе ақи­қат, тәуелсіздік таңы ат­қан 30 жылда жасампаз іс­теріміздің аз болмағаны анық, ал жоғалтқанымыз да аз емес секілді. Бәрінен де әлі күн­ге демократиялық жолдың жүл­гесі «жырым-жырым» бо­лып тұр. Ақи­қа­тын айтқанды «ақы­­лы­нан адастыру», біреудің қо­расына «тас лақ­тыру», ақ пен қараны «алмас­тыру» тыйыл­май тұр. Бір қуанарлығы, был­тыр мемлекет басындағы ауыс-түйістен кейін елде жы­­лымықтың лебі сезіле бас­­­тағаны байқалады. Әйт­­се де, әлі көптің көңілі күпті. Жа­сыратыны жоқ, ха­лықтың мұң-мұқтажына құлақ асатын шен-шек­пен­ділер некен-саяқ. Кей ретте сенің ащы ай­ғайың тас қамалдың ар жағында отырғандарға «бит құрлы» әсер етпейді де. Осы мә­селелерді көтеруде халық атын иеленген «Халық» газеті тартынып қал­ған емес, алдағы күні де аянып қалмайды. Бүгінгі қоғамның ақ пен қарасын ашып көрсетіп, айтып келеді, айта да бермек.
Бәріміздің илегеніміз
бір терінің пұшпағы емес пе?!
– Редакцияға алғаш келген жылдарыңыз, редакторлық еткен соңғы 10 жылдан астам уақыт аралығындағы көзқарас: не өзгерді?
– Мен «Халық» газетінің табалдырығын 2000 жылдардың басында аттадым. Ол кездері халық көп нәрсеге дайын емес еді, нан тауып жеудің өзі әлі мұң болатын, айлық та мардымсыз, техника дегенің дамымаған, бүгінгідей бас-басымызда компьютер де болмады, мақаланы қолмен жаздық, газетті жазылушылар мен сауда нүктелеріне жаяу жүріп жеткізіп бердік, тіпті қазір бесіктегі баланың өзі қолынан тастамайтын ұялы телефонды ауқаттылар ғана ұстайтын. Солай бола тұра, ол кезде демократия бар еді, ойыңды ашық айта алатынсың. Қоғам құбылмалы болғанымен, жұрт еңбекқор еді, қиыннан қиыстыра білетін. Сондай қиын кезде де біз үлкен ұжым болдық, бір қауым елге жұмыс тауып беріп, күнкөрісін күйттей білдік. Ол кездегі редакция ұжымы тым жас еді, қазір де солай ғой, бірақ жас болсақ та, ересектерше еңбек етіп, іздене түстік, басылым мұқабасының оң жақ тұсында бейнеленген (логотип) көкке қарап ұлып тұрған бөрідей «азу тісімізді» көрсете білдік.
Содан бері арада көп жыл өтті. Бұрын бір­неше адам істейтін жұмысты бүгін бір адамның өзі-ақ атқарады. Қазір не керектің бәрі бар, техника дамыған, тек ерінбей тірлік ете бер. Қарекеттің берекеті бар деп жатады ғой. Өз салама қатысты айтсам, қазақтың қабырғалы қаламгері Қали Сәрсенбай: «Интернет деген шықты. Жақсы болды. Ешкімнің жаны қинал­майды. Керек нәр­сенің бәрін содан қарап, тауып алады. Ерінбей бір-екі сөз қосып, төпей береді. Басы ауырмайды. Сол себепті қазір қоғамда журналистика күнкөріс құралына, оңай кәсіпке айналып кетті деген пікір басым. Кім біледі, данышпандар көп қой, мүмкін басқалары өзгеше ойлайтын шығар. Маған солай көрінеді» депті бір сұхбатында. Осы пікірге алып-қосарым жоқ. «Есектің жүгі жеңілдеген сайын жатаған келеді» деген. Жасырмаймын, бүгінгі буында жалқаулық басым, жауапкершілік төмен. «Ди­қаншы нанын жейді, еріншек арын жейді» демекші, жалқаулық – жүректің тынышын, тәннің тынысын бұзатын дерт. Ал еріншектің сылтауы көп. Дана Абайдың өзі «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» дейді.
Осындайды айтсаң, ескіліктің әңгімесін со­ғып отырғандай боласың. Әркім көргенін, ойға түйгенін айтады ғой, кейінгілер осыдан керегін екшеп, бұрынғы мен бүгінгіні байланыстырып, сабақ алса дегендік – біздікі.
– Газет редакторы ретінде көзқарасыңыз­ды білгім келеді: не нәрсеге көзіңіз анық жетті?
– Осы жылдар ішінде сіз бен біз өмірден не түйдік, не көрдік? Жақсы мен жаманның қайсы­сы жоғары болмағын бағамдауға тырыстық. Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашаққа талпы­нысына қуана қолдау жасадық. Қоғамнан қағажу көрген кейбір қандастарымыздың тұр­мысы тү­зел­мегенін, ұрпақтың азып, салт-дәстүрдің тоз­ғанын, жанайқайын мастанған шенділер мен шек­пенділерге өткізе алмағанын, қоғамның құлды­рағанын көрдік. Алдау мен амалдау арбасып, ермеліктің жетегінде желп-желп жүргендерді байқадық. Шындықтың ауы­лы алыстап, шыңы­раудың терең түбінен талып жететін үндерді естідік. Шындықты шырылдап айтатындарды шыр­қау биікке жеткізбей, топшысынан қағатынды түсіндік. Бұл үрдістің әлі күнге жалғасып келе жат­қаны жаныңды жегідей жейді.
Ал, журналистика саласында көзімнің анық жет­кені, баспасөз қашандағыдай өз қыз­метіне адал. Оның міндеті – елдің мүддесін, халықтың мұң-мұқтажын, бағыт-бағдарын жұрт­шылыққа жеткізу, бір сөзбен айтқанда, билік пен бұқараның арасына алтын көпір болу. Бұл бағытта тәуелсіз саналатын БАҚ-тың да қоғамға берер пайдасы барын жасырып-жабудың еш реті жоқ. «Қадірін білсең – дос қымбат, құнын білсең – сөз қымбат» демей ме ұлт даналығы. Сол айтпақшы, біз сөздің құнын іспен сабақтаған кәсіп иесіміз. Бейресми басылым болсақ та, ақпарат заманында ел үмітін, Елбасы мен мемлекет басшысының саясатын халыққа тұрақты және тыңғылықты жеткізіп, өмірдің өзекті мәселесін көтеріп келеміз. Алайда биліктегілер олай ойламайтын тәрізді, ресми басылымдарға «жасыл шам» жағып, тәуелсіз басылымдарды тұқырту, «біздің ат жүрсін, олардың аты тоқтай тұрсын» дегенге саятын әрекет жиі кездеседі. Әйтпесе, «бәріміздің илегеніміз – бір терінің пұшпағы» емес пе? Қоғамды бірге ізгілендіріп, жақсарта алатынымызды түсінетін күн келді ғой.
Тілшіге мінез керек
– 20 жыл бойы айналып келіп шиырлап жаза беретін тақырыптар болады. Ешқашан мәселесі шешілмейтін маусымдық тақырып­тар болады. Бір тақырыптың бірнеше рет жазылып жататынын білетін бас редактор ретінде тілшіден ең басты нені талап етесіз?
– Дұрыс айтасың. Бір қаланың өзін алып қа­расаң, жылу, ауызсу, кәріз жүйесі, жол, баспана мәселесі бұдан 20 жыл бұрын өзекті еді. Мәскеу де бір күнде салынған жоқ ғой. Сол секілді әлеуметтік-тұрмыстық, тұрғын үй-коммуналдық мәселелер біртіндеп шешіліп, өзектілігі төмендегенімен, ондай проблемалар әлі де бар. Ал ұлттық мәселелер ше? Тіл, діл, дін, жер мәселесін қайда қоясың? Жоғарыда аты аталған Қали Сәрсенбайдың: «Жур­налистика деген – ұлттың өзін-өзі жоғалтпауы жолында күресетін мамандық» деген сөзі бар. Демек, қазақ журналистикасы дегенің ұлттық журналистика емес пе?! Алаш ардақтылары Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі», Міржақып: «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» дейді. Алаш ұлыларын былай қойғанда, бертіндегі Шерхан, Камал, бүгінгі Нұртөре, Қайнар, Қали ағалардың тұсындағы журналистика сұрапыл сала болған ғой. Қазір кейбір медиа мамандар «Журналист өзінің пікірін мақаласына тықпа­ламауы керек» дегенді айтып жүр. Онсыз бола ма, белгілі бір ой, идея, пікір, көзқарасын, жалпы ұлттық ұстанымын, шындықты журна­лист айтпаса, жазбаса, ол неге керек? Біле білсек, «өз қотырыңды өзің қасып», ұлттық мә­се­лелерді, қазақтың мәселелерін өзіміз өз жерімізде айтпасақ, жазбасақ, өзге тілде шығып жатқан БАҚ өкілдерінің жоғымызды жоқтап, мұңымызды мұңдап, бізге болыспайтыны анық нәрсе. Демек бізге, қазақ журналистикасына өз болмысын сақтай алатын қасиет керек. Ол бізде жоқ емес, бар. Бір нәрсе ғана ақиқат, қазақтың мәселесі қазаққа ғана керек. Сондықтан өзекті мәселені жылдап шиырлап жаза беруде тұрған ешқандай сөкеттік жоқ. Тек талантты журналист соны басқа қырынан, тосын тақырыппен жан-жақты зерттеп, зерделеп берсе, міне, шеберлік! Ол үшін тілшіге журналистік мінез керек. Ол мінез қандай десеңіз, сырлы сөздің сүйрігі Зейнолла Қабдолов айтқандай, ол – батылдық, адалдық, әділдік.
Хайп пен характер
– «Халық» сынды жақсы көреді. Қара­пайым халық та сынауға пейілді. Бұған құ­зырлы орындар қаншалықты жауап береді? «Атқан оқ» қаншалықты дәл тиіп жатады?
– Асылында, газет – қоғамның айнасы. Кім-кім де сол айнадан өзінің бет-бейнесін көре алады. Бірақ біздің билік бұл айнадан өзінің жағымды бейнесін ғана көргенді қалайды. Сын мен мінді, шындық пен ақиқатты айтқанды арқасынан қаққысы келмейді. Мұны неге айтып отырмыз? Бір ғана мысал. Кейбіреу жақсы біледі, бұдан үш-төрт жылға дейін менің «сүйікті шенеунігім» болды ғой, апта сайын газетке қандай да бір сыни мақала шықпасын, не әлеуметтік желідегі жеке парақшама бір ауыз пост жазбайын, аттандап шыға келетін. Не тікелей өзі шығады, не маған сөзін өткізе алатын адамдарды араға салады. Кейіннен ол шенеунік мемлекеттік қызметтен басқа салаға ауысты да, көзім ашыл­ды. Бірақ бүгін де әлсін-әлсін «қытығыма» тиіп тұратын басқалар бар, сол биліктің айналасында жүргендерді айтамын. Жасырып қайтейін, біз мемлекеттік тапсырыс аясында да жұмыс істей­міз, биліктің оң имиджін қалыптастыру үшін мақа­лалар беріледі. Бір таңғалатыным, сол көлдей ғып, суреттерімен әрленген мақтау мақала шықса, әлгі аттандап жүргендер хабарласып, бір ауыз жылы лепесін білдірмейді ғой. Есесіне, сын жазсаң, бәлеқорсың.
Осы жылдар ішінде «Халық» газетінде әр алуан мәселе көтерген, сыни тұрғыда да мақалалар жарияланды. Талай басшы әле­кедей жаланып, «пышағын қайрап», қыр көр­сетті, сотқа сүйреп, тәубеге түсіргісі келген­дер де табылды. Бірақ біз мойымадық. Кезінде баспасөзбен санасып, көтерілген мәселеге орай жауап жолдаған әкімдік те, мекеме басшылары да аз болмады. Ал, соңғы 6-7 жылдан бері, бұл мүмкін облыс тізгінін сол тұста ұстаған басшының характері ме, харизмасы ма, әлде солай тапсырма берілді ме, нақты білмейміз, ешқандай құзырлы орын сенің ащы айғайыңды «шыбын шаққан құрлы» көрмейтін болды. Бұл – менсінбегендік, әлде немқұрайды қараушылық. Жасыратыны жоқ, бүгінде еріккеннің бәрі, екінің бірі әлеуметтік желіні ермекке ай­налдырып алды ғой. Хайп қуғанды былай қой­ғанда, арзан сөзін өтімді қып жүргендер де жоқ емес. Өзін көрсетіп қалуға тырысып, белгілі бір тұлғаға қарсы әрекет жасайтындар да бар, оны жақтайтындар да, даттайтындар да, қарсы тарапты ақтайтындар да осында жүр. Сонда бір байқағаным, осы әлеуметтік желіде билікке, не бір тұлғаға қатысты бір ауыз пост жазылса, соған ылдым-жылдым басшысынан бастап қосшысына дейін жауап беріп жатады. Ары кеткенде «назарға алынды» деп бір-ақ қайырады. Сонда ойлаймын ғой, неге бұлай деп? Өйткені әлеуметтік желінің «желі» бар, «құдіреті» бар, қазір жазғаныңды бір минуттың ішінде бір мезетте тұтас әлем оқып отыр, демек, жоғарғы жақ көрмесін деп төмендегілер жанталасып бағады-ау. Мүмкін, біз нақты талап ете алмай жүрген шығармыз. Ойландыратыны да – осы.
– Сіздіңше газет мықты болу үшін редак­тор мықты болу керек пе, әлде тілшілер талатты болу керек пе? Қайсысының сал­мағы басым?
– Мойындаймын, шығармашылық әлеуетсіз газет пен телеарна басшысы ешкім емес. «Жал­ғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайтыны» тағы бар. Бұл жерде редактор мықты менед­жер, ұйым­дастырушы, білікті, білімді, үлгілі болғаны да, тілшінің талапты, талантты бол­ғаны да керек. Біз көбіне бағыт-бағдар беріп, ой қосып отыруымыз мүмкін, ал сол ойды одан ары дамытып, мәселені көтеріп, газеттің тартымды да азулы болып шығуына тілшінің талғам-таразысы, мінезі керек. Бастысы, бірік­кен тандем қажет. Өз басым қыз-жігіттеріме «мынаны жаз, мынаны жазба» демеймін, ер­кіндік беремін, тақырыпты тауып, мәселені өздерің көтеріңдер деймін. «Қасқыр мен жур­налисті аяғы асырайды» деген бар. Бірақ қоғамға ірікті салатын тақырыпта бірлік пен елдің мүддесін бірінші орынға қоямын. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп беталды кетуге де болмайды.
– Бүгінгі жағдай, бүгінгі талаптар газетке қандай міндеттер жүктейді?
– «Ақын болу оңай деймісің, қарағым, аузын­да жүру бұл өзі, сыздаған барлық жараның» деп Төлеген Айбергенов жырлаған екен. Сол сияқты тәуелсіз басылым дегенді әлі күнге «оп­позициялық газет» деп түсінетіндер бар. «Халық» газетіненмін» десең, «ә, оппозиция ма» дейтін азаматтар ара-тұра кездесіп тұрады. Елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, ақты – ақ, қараны – қара деп білсек, халықтың арман-мақсатын қозғап келсек, бұл «ағаш атқа теріс мінгізу» емес шығар. Мүмкін ақсап жатқан тұсымыз да бар болар. Демек бүгінгі талаптар бізге сол деңгейді ұстап тұруды, керек десеңіз, одан да жоғары болу міндетін жүктейді.
24/7
– Биыл сіздерде сайт жаңарды, белсен­ділігі де бұрыннан арта түсті. Бұл сайт газеттің көшірмесі ме әлде газет сайтты қайталай ма? Бір қарағанда айырмашылық байқалмайды әлде өзгешеліктер бар ма?
– Иә, сайт жаңарды. 2011 жылы алғашқы сайтымызды ашып, оқырманға барынша жедел ақпарат жеткізуге тырыстық, алайда оның газеттің көшірмесі болғанын жасырмаймын. Қазір уақыт бір орында тұрып қалғанды қала­майды, ақпараттық-технологиялық, инно­ва­ция­­лық-ком­му­никациялық кезең келді. Өрке­ниет көшіне іле­су үшін жыл басында ел мен жаһан жаңалық­та­рын, түрлі тақырыптағы ма­қа­лаларды, жедел әрі нақты ақпаратты алдыңызға тартатын газет­тің жаңартылған halyqline.kz сайтын ашып, осы аттас ақпарат агенттігін құрдық. Демек, сая­сат­тан сыр ақтарып, күйбең тірліктің күрделі қы­рын сөз етіп, мәселенің мәніне үңілуге, көңіл түк­піріндегі түйткілді талқыға салуға әрбіріңіздің мүмкіндігіңіз бар. Байқасаңыз, сайт пен газет бірін-бірі қайталамайды, енді аптасына бір шы­ғатын газеттегі кейбір мақалалар сайтқа да орналастырылуы мүмкін, бірақ 24/7 бойы тың дүниелерді таба аласыз. Ал өзгешелігі, жаңа сайт BBС үлгісінде жасалған, көпфункциялы, бұл – болашақта Би-Би-Си сияқты әлем оқитын сапалы контент қалыптастыруды көздегендік. Бірден айтайын, біз рейтинг қуаламаймыз, басқамен бәсекеге де түспейміз. Бастысы, оқылымды сайт қалыптастырып, белгілі бір аудитория жинауды мақсат тұттық.
– Кейде өгізді де өлтіргің келмейтін, арба­ны да сындырғың келмейтін жағдайлар, тіл­шілердің әлеуеті ойдағыдай газет шығаруға мүмкіндік бермейтіндей көрінетіні бар ғой. Сіз армандаған «Халық» газеті қандай өзі? Әлде көңіліңіз тола ма?
– Көңілім толмайды деп, «битке өкпелеп, то­нымды отқа тастап» қайтейін. Мүмкін, газетке емес, маған көңілі толмай жүргендер де бар шығар. Өмір, қоғам, саясат болған соң, өзің айт­қан­дай, өгізді де өлтіргің келмейтін, арбаны да сындырғың келмейтін кездер барын жасырғым жоқ. Жазатын, айтатын тұста, амалсыздан «тілімді тістеп қалатын», пайдам тимесе де, шоғыр топ күн көріп отырған газетке де, өзгеге де зияным тимесін деп сабырға келетін кездерім көп. Әйтпесе газеттің бұдан он жылғы оттылығын, сынай берген соң редакцияға арнайы келіп, сұхбат берген кезіндегі облыс әкімінің бір орынбасарын мойындатқандай батылдығын аңсамайды деймісің.
Өткенде жергілікті телемагнат Шаһизада Әбді­кәрімов біздің «Халыққа» сұхбат берді. Сонда былай дейді: «Қазақ журналистикасы 90-жылдардан 2005 жылдарға дейін қоғам­ның қозғаушы күші болды. Терең-терең мәселелердің барлығын айтты, қазып жазды. Онымен билік өкілдері де санасты. Бірақ жариялылықтың өзі құмға сіңген судай жоғалған­нан кейін газет-журналдар, ақпарат құралдары да сол ыңғайда кетті. Неге? БАҚ даму керек емес пе? Журналистердің әлеуметтік жағдайы жақсы болуы керек. Әрбір ақпарат құралының техникалық базасы жақсы болуы қажет. Ол үшін не істеу керек? Шетелде ақпарат құралдары барлық бизнестік құрылымдармен, үлкен корпорациялармен бай­ланыс жасап, солардың тапсырмасын орындап, солардың демеушілігімен дамып отыр. Шетелде басшылар қоғамдық ой-пікірді құрметтейді. «Мен саған ақша берейін, сен қоғамның пікірін айт, жеке бір топтардың сөзін сөйлеме» деп өзі көмектеседі. Ал, бізде сондай процесс бар ма?». Бұл біздің де арман ғой...
Жүз деген адамы бар құрылым болсақ деп қиялдаймын
– Пандемиядан кейінгі біздің өміріміз... Нендей өзгеріс күтер едіңіз?
– Сөз жоқ, пандемия, ең бастысы, адамға ден­саулық керегін ұғындырды. Аты жаман ауру елімізге оңай тиіп жатқан жоқ. Біз өте қиын жағдайда тұрмыз деуге болады. Талай тұлғадан айырылдық. Дем жетпеген, ем іздеген, дәрі таппаған адам көп. Бір байқағаным, жұрт бір-біріне көмектесіп жатыр. Бұл – сынақ. Бар ауыртпалықтың артта қалатынына сенемін. Өмір бір орнында тұрмайды. Бәрі өтеді, бәрі өзгереді. Алда қоғамның ізгіленіп, адамдардың мейірімі оянып, ысырапшылықтан арылып, қайырымдылықтың қадірін түсініп, денсау­лықтың байлық екенін бағамдап, жақсылыққа ұм­ты­латынын күтемін.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Осы біреулер журналистиканың ертеңін күтпей, жаназасын шығарғандай әңгіме айтып, «газет оқылмайды, телеарна көрілмейді, біз қазір интернеттің заманындамыз» деп жүр ғой. Бүгінгі төтенше жағдай кезінде де халық БАҚ-тың рөлін тағы бір анық сезінді. Барлық нақты, шынайы ақпаратты ресми түрде газет пен телеарнадан алып отырды. Алдағы күнде де осы деңгейден түспей, азаматтық ұстанымнан айнымаймыз деп ойлаймын. Меніңше, интернеттің етек жаюы қағаз арқылы ақпарат тарату ісін тоқтатуға түрткі болады деген пікірлерге анау айтқандай алаңдауға ешбір негіз жоқ. Тіпті, электрондық ақпарат құралдарының өзіндік отаны саналатын Жапонияда да интернеттің қарыштап дамығанына қарамастан, газеттердің таралымы арту үстінде деген дерек бар. Алып Америка, Түркия секілді мемлекеттерде де күн сайын, сағат сайын шығатын газеттер бар. Бізде басылымдардың тиражы бірде өсіп, бірде кемуі мүмкін. Бірақ бұл құбылыс мерзімді баспасөздің жұмысын түбегейлі тоқтатып тастайды дегенді білдірмесе керек. Сондықтан біз «Халық» газеті мен halyqline.kz сайтын оқылымды, сапалы қылсақ, жүздеген адамы бар үлкен құрылым болсақ дегенді қиялдаймын.
Ескінің есті сөзі бар: «Әуелі Тәңірі жерге береді, жерге берсе, елге береді, елге берсе, ерге береді» деген. Құдай бергеннен таймасын, жүректегі иман азғындамасын! Тірлікпен төрге озайық, бірлікпен белге шығайық!
Сұхбаттасқан  Айжан  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ
23 шілде 2020 ж. 126 0

PDF нұсқалар мұрағаты

30-359

31 шілде 2020 ж.

29-358

23 шілде 2020 ж.

28-357

16 шілде 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31