» » » Волонтер Ақбаян

Волонтер Ақбаян

 Ақбаян Бүркітбай. Бұл есім кешелі бері әлеуметтік желіде “Батыр қыз” атағын иеленді. Бұрын-соңды жастардың бел ортасында жүрген Ақбаян қиын-қыстау сәтте де қолғабыс ете білді. Тіпті адам өміріне араша түсті. Оқиғаның басы-қасында болмаған соң, өзімен хабарласып, мән-жайды анықтауды жөн көрдік. Облыс тұрғындары батыр қыз атап кеткен газетке шығуға түбегейлі қарсы екенін, алып бара жатқан еңбегінің жоқ екенін алға тартты. Десе де келісті, тек асыра сілтемеуді өтінді.
Ақбаян Бақытқызын жастардың арасынан кезіктіресіз. Өйткені ол алғашқы еңбек жолын облыстық Жастар ресурстық орталығында инспектор қызметінен бастаған. Облыстық Jas projekt жобасының грант негізінде менеджер, бүгінде IT ECHELON жобасының үйлестірушісі, “Мансап” мектебінде іс-қағаздар жүргізушісі болып жұмыс істейді. Өзі волонтер қатарында.
– Ақбаян бір күннің ішінде “Батыр қыз” атандыңыз. Айтыңызшы, бұл қалай болды?
– Иә, рас айтасыз, бір күннің ішінде мұндай атаққа қалай ие болғанымды өзім де түсінбей қалдым. Негізгі еңбек менікі емес, мен бұл атаққа ие де емеспін. Сіздің түсінгеніңізді, өзгеге түсіндіргеніңізді қалаймын. Басынан бастап айтып өтейін...
Облыстық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған фронт офисінің еріктілерімен бірге Төтенше жағдай департаментінің ұйымдастыруымен әр аптаның сенбі, жексенбі күндері рейд шаралары өткізіледі. Ондағы мақсат – рұқсат етілмеген аймаққа суға түсудің қауіптілігін түсіндіріп, үнпарақ тарату. Біз топтасып, әр жаққа бөлінеміз. Жексенбі күнгі бізге бөлінген аймақ Сырдария өзенінің сол жағалауы болды. Жолай жасөспірімдерді үйіне қайтарып келе жатқанымызда бір қыз баланың суға батып бара жатқанын көрдік. Алысқа қарай жүзіп барады деп ойлап, әрлі-берлі айқайлап өзімізге қарай шақырдық. Ешқандай жауап болмады. Қасымызда Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Бексұлтан Бижігіт болатын. Ол еш ойланбастан киімін шешіп, суға қойып кетті. Батып бара жатқан қызды жағалауға шығаруға сол жерде балық аулап отырған Дастан Қадыров есімді азамат көмектесті. Барлығымыз суға бөрене тастадық. Сол арқылы қызды алып шықты. Сондықтан барлық еңбекке Бексұлтан лайықты, халық соны ескерсе деймін. Медицина және полиция қызметкерлері келемін дегенше қыздың жанында болғанымыз рас.
– Бір сөзіңізде “бұл менің ерлігім емес” дедіңіз. Бірақ сіздің де адам өмірін құтқаруға септігіңіз тиді. Судан алып шыққан кезде алғашқы көмек бердіңіз...
– Жоғарыда атап өткенімдей, мен онда жалғыз болғаным жоқ. Егер Бексұлтан алды-артына қарамастан суға қойып кетпесе, құтқара да алмас едік. Ал алғашқы көмекке келер болсақ, судан шығарып алған адамды ең алдымен тыныстандыру керегін естігенмін. Жұтып қойған суды қалайда шығару керек. Соған ықпал жасадық.
– Адам үшін “елдің алғысынан артығы жоқ”. Сізде осындай қошеметке ие болдыңыз. Қандай сезімдесіз?
– Өзіңіз де білесіз, мен атақ-данққа қызықпайтын адаммын. Өзіме берілген міндетті жауапкершілікпен атқарып, сенім білдірген адамның сенім үдесінен шықсам болды. Алғашында мені жарнамалағанға қарсы шыққанмын, әлі де қарсымын. Менің бір алып бара жатқан еңбегім жоқ. Дегемен титтей ғана іс-әрекетімді үлкен іске балап, ризашылық білдірсе алғыстан басқа айтарым жоқ. Алла әр күнімізді қуанышқа толтырсын.
– Инженер, нанотехнолог маман еріктілер қатарына қалай қосылды?
– Өмір тосын сыйларға толы екен. Қандай мамандықта білім алсаң да, қайда жұмыс істейтінің белгісіз. Оқу бітірдім, дипломым қолда. Сөйтіп мамандығым бойынша зауытқа жұмысқа тұруға мүмкіндік болды. Анам түбегейлі қарсы шықты, өзім төрт жыл үйден жырақта жүрдім. Ол кісінің қарсылығын түсінуге болады. Сөзіне қарсы шықпай, жақын жерде қаладан жұмыс іздеуіме тура келді. Қызылорда облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Қуантқанұлына осында қалғым келетін тілегімді жеткіздім. Облыстық жастар ресурстық орталығына жұмысқа орналастырып, Ресей Федерациясында білім алып жатқан қызылордалық түлектермен тікелей байланыс орнатып отыру керегін айтты. Әріптестерім жан-жақтан қолдау білдіріп, жұмысты үйренуге көмектесті.
– “Ресей Федерациясында білім алған жастармен тікелей байланыста болдым” дедіңіз. Айтыңызшы, олардан арыз-шағым түскен кезі болды ма?
– Ол жақта білім алатын әрбір студент Қызылорда облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының тікелей бақылауында. Әрбір жаспен жеке-жеке сөйлесіп, хал-жағдайын сұрап тұрады. Менің білуімше, ешқандай арыз-шағым болмады. Мәселе туындаған сәтте шешіп береді. Ал тікелей қатты қиналып, облыстың көмегіне мәжбүр болған кезі жоқ.
Jas projekt жобасында да бой көрсеткеніңізді білеміз. Атал­мыш жобаның жастарға тигізген пайдасы көп болды. Бұл жоба қайтара жүзеге аса ма?
–  Аталмыш жобаның Сыр өңіріне оң ықпал еткені белгілі. Қаншама жұмыссыз жастар жұмыспен қамтылды. Қаншама игерілмей қалған кәсіп қайта жанданды. Қаншама жас өз ісін жүзеге асырып, арманын орындады. Мәселен, облыс бойынша 269 жоба жеңімпаз атанды. Мұндай жобаның қайтара жүзеге асатынын естісек, одан артық жағымды жаңалық болмас. Десе де ол туралы ақпарат жоқ. Бұл жобаға атсалысқаным үшін қуаныштымын. Көптеген жаспен таныстым, дос болдым. Кәсіптің де қыр-сырына қанық болдым.
– Қазіргі таңда еріктілер атқарып жатқан жұмыс өте көп. Шаршамай­сыздар ма?
– Ерікті деген сөздің өзінің ауқымы кең. Үлкен сауапты іс атқарылатыны бесенеден белгілі. Қазіргі жағдайдың өзі еріктілердің жұмысын еселетті. Халықтың үйренгені соншалық, олардың жұмысына сын пікірмен қарамайды. Жалпы ерікті болған өзіме ұнайды, бос уақытымда бір адамға болсын септігім тисе, қуанып қаламын. Еріктілерден кұралған сабақтастық бағыты бойынша біраз іс шараларда болдық, барлығы әр саладан жиналған өз ісінің маманы. Еріктілерде “біргеміз” деген ұран бар. Қандай істе де “жұмыла көтерген жүк жеңіл” деген түсінік қалыптастырғанбыз. Көмектескен адамдардың ризашылық танытқан кейпін көріп тұрған соң шаршауды ұмытамыз. Біздің шаршағанымызды әсерлі күлкі ұмыттырады. 

– Еріктілердің жасап жатқан жұмысын жүйелі түрде ақпараттандырып тұрамыз. Оқырмандар барлығынан хабардар. Ерікті болғаны үшін бөлінетін қаржы жоқ, оны да жақсы білеміз. Тәуекел ету қиын болмады ма?
–  Ерікті болғаным үшін қуаныштымын. Төтенше жағдай кезінде де еріктілер тарапынан істелген жұмыс аз емес. Бүгінде карантин кезінде де қолғабыс етуде. Дәрі-дәрмекпен қамтудың өзі ерлікпен пара-пар. Өйткені дәрі қазіргі жағдайда халыққа ауадай қажет. Осындай іске жұмылдыруға барлық жасты шақырар едім. Әр істе қиындық пен қуаныш қатар жүреді ғой. Ал еріктілікте көп дос табасың. Айналаның бәрі жылы жүзді жандар болған соң шалыс баспайтыныңа сенесің.
– Үнпарақ, бетперде тарату жұмыстарымен жүйелі түрде айналысып келесіздер. Әр адамға бір дана ғана бетперде тарату кімнің идеясы?
– Сұрағыңыз орынды. Бүгінде халықтың арасында “бір ғана бетперде бергені несі” деген түсінік қалыптасқан. Өзімізге де айтып жатады. Бірақ бір бетпердеден 30 адамға берген күннің өзінде қанша көмек жасалынады. Бетперденің өзі бір рет пайдалануға кетеді ғой. Өзінде бетперде болмай тұрған сәтте берсек, мұның өзі үлкен көмек деп ойлаймын. Халықтың да соны түсінгенін қалаймын. Біз бір ғана адамды көп бетпердемен қамтысақ, бетперде таппай жүрген өзге адам ше? Ол қалай болмақ?... Мүмкіндігі шектеулі отбасы жетерлік, біз ерікті түрде солардың қамын ойлаймыз. Міндетіміз де – тұрмысы төмен отбасыға қол ұшын созу.
– Ақбаян кітапты көп оқитын жастардың бірісіз. Қандай, кімнің кітаптарын оқисыз?
– Өзім “Кітап құрттары” клубының мүшесімін. Талған Меңдібаев бастаған топтың кітапқұмар екенін өзіңіз де жақсы білесіз. Өзгелер бір кітап оқыса, біз сол сәтте он немесе жиырма кітаптан хабардар болуымыз ғажап емес. Себебі мен өзім оқыған кітаптың мазмұнын ортаға саламын, өзгесі де солай жасайды. Сол кезде қаншама кітаппен таныс боламыз. Уақытты да текке өткізбейміз. Егер көңілден шығып, қатты ұнатқан кітабымыз болса, өзіміз қолға ұстап, бетін парақтап оқығанша асығамыз. Ал өзіме Әбдіжамил Нұрпейісовтың “Қан мен Тер” трилогиясы қатты ұнайды. Одан алған әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Балықшылардың өмірі, өзінде болмаса да өзгенің жағдайын жасау дегеніміз енді тым әсерлі. Қайта-қайта оқи бергің келетін кітап болады ғой. Міне, бұл кітап та – менің сүйікті кітабым. Сіз бір сөзіңізде “Қан мен тердегі” Еламанды, “Абай жолындағы” Абайды іздеймін” деген едіңіз. Менің де сондай түсінігім бар. Бірақ Абай да, Әбдіжамил де, Еламан да – қайталанбас тұлға. Өзім кез-келген жанрдағы кітаптарды оқи беремін. Тек фантастиканы қабылдай алмаймын. Қанша мәрте оқысаң да түсіне алмайтын кітап болады ғой. Менде ондай кітаптар да бар. Кітап оқу – менің ең сүйікті ісім. Өзге жастарға да уақытты босқа өткізбей кітап оқуға кеңес берер едім. Мен оқыған кітаптар өте көп, оқуым керек кітаптар одан да көп. Айжарық Сәдібекұлы, Ұларбек Нұрғалым, Тұрсын Жұртбай, Оралхан Бөкейдің кітаптарын қызығып, іздеп жүріп оқимын.
– Қазіргі таңда “диплом бар, жұмыс жоқ” деп жиі айтылады. Замандастарыңыз неге жұмыс істеуге ықылассыз?
– Жақында Жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Мәстеков қоғамдық қабылдауда сұхбат берді. Сол кезде “2500 бос жұмыс орны бар. Бірақ жұмысқа тұрамын деп ниет білдірген жас болмады” деді. Бұдан түйгеніміз – жастар жұмысты таңдап, талғап істейді. Қазір “екі қолға бір күрек” деген түсінік жоқ. Ешкім де қарапайым жұмысқа барғысы келмейді. Мәселен, құрылысқа шақырыңызшы, ат тонын ала қашады. Неге? Өйткені күннің астында жүргісі келмейді. Айлық алғысы келеді, бірақ жанын аса қинамай, жеңіл түрмен жалақыға қол жеткізуді ойлайды. Соған талпынады. Сондықтан да бос жұмыс орнына келуші жастар аз. Мектеп бітірген сәтте ата-анада да, балада да оқу керек деген түсінік пайда болады. Оны қалайда іске асыру керек. Сөйтіп таңдап-талғап жатпай, қайсысы тиімді, қайсысы грант, қайсысына балы жетіп тұр, соған түсіре салады. Мамандығы ойынан шығып тұрмаған, білім алуға ат-үсті қараған адамнан қандай мықты маман шығады?. Оқыды, диплом алды. Бірақ мамандық бойынша жұмыстан гөрі кәсіпке барғанды қалап тұрады. Мамандық таңдаудың өмірде алатын орны орасан зор екенін ата-ана да, жасөспірім де түсінсе деймін. Мамандық жүрдім- бардым қарайтын нәрсе емес. Содан кейін “диплом сандықта жатыр” деп дипломды кінәлі қыла саламыз. Ата-аналарға айтарым, оқитын бала, жұмыс істейтін де сол. Болашағын да өзі нақтылайды. Таңдауға ерік беріңіз. Өз өмірін өзі жолға қойсын. Іскер азамат етіп дайындауға асықпаңыз, мамандыққа дөп түссе, өзі де іскер азамат болып шыға келеді. Ешкімнің көмегінсіз.
– Балалық арман бәрімізде болады. Өскенде кім болуды армандап едіңіз?
– Кішкентай кезімізде ештеңенің байыбына бара бермейміз. Өздігімізден жоспар құрамыз. Ананы істеймін, мынаны істеймін дейміз. Несін айтасыз, ойша күнде бір мамандықты игеріп шығатын едік қой. Бірде дәрігер болғың келсе, тез айнып мұғалім бола салсам дейсің де. Бәрі Алланың емес, адамның қалауындай болатын секілді көруші едік. Кейін өсе келе, анамның көңілінен шығатын, ақылды, тәрбиелі қыз болуды армандадым ғой. Арманым орындалды деп ойлаймын, әйтпесе тілін алмай, қолды бір-ақ сілтеп, кете салар ма едім...
– Сұлу да тәрбиелі, инабатты бойжеткеннің әлі тұрмыс құрмауына не себеп?
– Алла өмірлік адал жарымды кездестірсе, қарап қалғалы отырғаным жоқ (күліп). Амандық болса, ол күнге де жетеріміз анық. Бұйырса жүрегінде иманы бар жігітті жолықтырамын деген ойдамын. Қазіргі таңда “Еламанды” іздеп жүрген жайым бар. Әбжіжамил Нұрпейісов көрсеткендей, образын ашып жазғандай адамды кездестірмесім анық. Дегенмен көшірмесі табылып қалар...
– Болашаққа жоспарыңыз қандай?
– Менің мақсатым жетерлік, арманым да аз емес. “Менде анау болса, мынау болса” деп өзім қатарлас жастар секілді қу дүниені армандап кетпеймін. Қиялға да берілмеймін. Нақты жоспармен әрекет ететін адаммын. Тек алға ұмтылғым келеді. Миымда орындалмай жатқан, өз кезегін күтіп отырған идеялар жетерлік. Бұйырса, уақытында жүзеге асырамын деп ойлаймын. Нақты қандай идея екені жасырын болсыншы. Егер сәтін салып іске асып жатса, басылым оқырмандары бұл төңірегінде хабардар болады деген ойдамын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан:
Мөлдір САБЫРЖАН
23 шілде 2020 ж. 195 0

PDF нұсқалар мұрағаты

30-359

31 шілде 2020 ж.

29-358

23 шілде 2020 ж.

28-357

16 шілде 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31