» » » Отбасылық кәсіптің ерекшелігі көп

Отбасылық кәсіптің ерекшелігі көп

Меценат, кәсіпкер, волонтер... Айта берсеңіз көп. Осы статустың барлығы бір адамға яки Мағжан Ералиевке тиесілі. Ол қай істе болса да жан жүрегімен патриот. Пандемия кезінде Мағжанның барлық атқарған ісі құптауға тұрарлық. Дәрі-дәрмек жеткізіп, мұқтаж жандарға таратты. Қайырымдылық істе де бұл есімді жиі естисіз. Әке жолын жалғастырып келе жатқаны айтпаса да түсінікті. Ал Абзал Ералиевтің есімі облыс емес, республикаға танымал. Осындай азаматтан тәлім-тәрбие алған Мағжанның басқа жолды тандамасы белгілі. Ол – “Абзал и К” компаниясының директоры. 

Қай шараның басы-қасында сіз жүресіз. Белсенді ретінде жиі естиміз. Сіздер тарапынан жасалатын көмек те көп. Ол резерв есебінен беріле ме, әлде жыл сайын бөлінетін қаржыдан ба?
– Қиналған жанға қол ұшын созу – менің азаматтық борышым. Бұл іспен әкем де айналысып келеді. Енді уақыт маған да жетті. Егер қолымнан келіп тұрса, көмектесуге мүмкіндік болса, мен неден қашуым керек? Жалпы жастарға қатысты істердің көбінің басы-қасында жүремін. Себебі өз ойым, ұсынысым бар. Өзімді белсенді санамаймын, себебі нағыз белсенді жастар біздің компанияда жетерлік. Мәселен, компанияның төнірегінде жас мамандар кеңесі деген ассоциация құрылған. Қазіргі таңда халық ауыр жағдайды бастан өткізуде. Барлық адамға қиындық туды. Жүректі қынжылтатыны, біршама азаматтан қапыда айырылып қалдық. Дәрі-дәрмек іздеп, үйіндегі науқас адамға жетуге асығатындар қаншама! Осыларды көзбен көре тұра, қалай тыныш отырасыз? Сөйтіп бюджетке қатысы жоқ, компания есебінен қарастырамыз. Басшылармен ақылдасып, бір шешімге келеміз. Әкем Абзал Жұмашұлы осы компанияның директорлық қызметін атқарып келе жатқаннан бастап қоғамдық жобаларға атсалысты. Елдегі әлеуметтік жағдайдың тұрақталуына көмектесіп, оң көзқараспен қарады. Біз де қайырымдылық жобалармен айналысамыз. Өзіміздің күріш егіп жатқан Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылында біршама жобаларды іске асырдық. Соңғы 8 жылда шамамен 1,5 млрд қаражат жұмсадық. Ал қазір Нағи Ілиясов көздің жауын алады. 
– Сізді ерікті жас десек бола ма?
– Мен өзімді ерікті жас қатарына қоспаймын. Себебі әр кезде еріктілердің қасынан табылып жүргенім жоқ. Жұмыстың ыңғайына қарай қатыса алмайтын шараларым болады. Сосын олардың жасаған жұмысына да көмектескен емеспін. Өзім ерікті сапында болмасам да, еріктілермен біргемін. Ал ерікті болу әрбір қазақтың, жастың сана-сезімінде болу керек. Қиналған жанға көмектесу керек. Қаржылай қолдау білдіру маңызды емес, қолдауды психологиялық тұрғыда көрсетуге, үйінде өзі атқара алмаған істі әп-сәтте бітіріп беруге болады ғой. Әр қазақ ерікті болуға міндетті. Бір сөзбен айтқанда, өз елінің патриоты болу керек. Елге жаны ашу керек. Қандай да бір жағдай туып жатса, мен ерікті болуға дайынмын.
Мақтааралда да бой көрсеттіңіз. Барып-келу жағы қиындық тудырмады ма?
– Мақтааралдықтардың қиын жағдайда қалғанын естіп, қамсыз отыра алмадық. Басшылықпен келісіп, қалайда көмектесу керек деген тоқтамға келдік. Осылайша, азық-түлік апардық. Компания тарапынан 5 тонна ақ күріш, 3 тонна макарон жібердік. Жалпы, Мақтааралға бару барысында ешқандай қиындық туындаған жоқ. 10 шақты көлік жиналды. Көптеген ерікті, белсенділер мен меценаттар бірге барды. Кім қалай қол ұшын береді, соны бірлесе шештік. Құрылыс пен құрылыс компаниясы, азық-түлік беруге мүмкіндігі бар дүкен иелері қолдау білдірді. Азық-түлікті жеткізетін техникасы барлар көлігімен апарып, жеткізуді қамтамасыз етті. Осылайша толық көмек көрсетілді деп ойлаймыз. Мұқтаждық аяқ астынан пайда болатын нәрсе. Ешкім мен тоқырап қаламын, кәсібім кері кетеді деп жоспарламайды. Бәрі аяқ-асты күтпеген жерде орын алады. Сондықтан сабыр сақтап, бір-бірімізді қолдаған дұрыс.
– Көп балалы жас отбасыға пәтер кілтін сыйлағаныңызды білеміз. Отбасын да жақсы танисыз...
– Үшем тәрбиелеп отырған Кенжебековтер отбасына пәтер кілтін табыстағаным бар. Себебі бұл отбасы – көп балалы. Нұрболат біздің компанияда жұмыс істейді. Ал Ботакөз 23 жасында бес баланың анасы, ең жас ана ретінде танылды. Сосын олар баспанаға мұқтаж отбасылардың қатарында еді. Мекеме балансында пәтер болған. Компания басшыларымен ақылдаса келе, жас отбасыға яғни Нұрболатқа сыйлайтын болып шештік. Бұл істі араға 2-3 жыл салып, жүргізіп тұруды жөн санадым. Бұл уақыт аралығында түскен қаржыны мұқтаж отбасыға баспана алып беруге жұмсасам деген ойдамын. Мекеменің мүмкіндігін пайдалана отырып, болашақта мұқтаж жандарды баспанамен қамтысам деймін. Мүмкіндік болса біз жақсылық жасауға ұмтыламыз.
– Сіз ең жас меценат қатарындасыз. Осы тұрғыда келейікші, сізге көмек сұрап келушілер көп пе? Әлде әкеңізбен ақылдасып, қажетті деген кісілерге қолдау білдіресіз бе?
– Жасыратыны жоқ, көмек сұраушылар көп. Қазіргі жағдай барлығыңызға белгілі, көбісі жұмыс сұрап келеді, қаржылық көмек сұрайтындар да бар. Біз қолымыздан келсе, көмектесуге дайынбыз. Бірақ мына жағдайда жұрттың барлығына бірдей демеушілік жасаймыз деп айта алмаймыз. Оған біздің мүмкіндігіміз жоқ. Көмек сұрап келгендердің барлығының айтқанын істеп, бетін қайтармасақ, біздің жұмысымыз қалай алға өрбиді? Баласын қолынан жетектеп келіп, ем-домына ақша сұраушылар бар. Ол енді кейінге қалдыратын іс емес. Баланың болашағы, денсаулығы, амандығы бәрінен маңызды. Егер мүмкіндік болса, ескерусіз қалдырмаймыз. Науқастанған, қатты қиналған кісілерге азық-түлік, қаражат жағынан болсын қолдау білдіреміз. Жоғарыда атап өткенімдей, барлығына бірдей көмектесу қиын. Бір іс-шараға тура келіп, көмектесетін сәттер болады. Баласымен келетін кісілер де бар. Еміне мүмкіндігінше қолдау білдіреміз.
Пандемея кезінде де, оған дейін де халыққа қолдау білдірдіңіз. Дәрінің тапшылығында дәрі-дәрмекпен қамтып жатырсыз. 
– Халық дәрі-дәрмекке мұқтаж. Енді бірінің сатып алуға қаражаты жетпейді. Енді бірінің дәріханаға баруға мүмкіндігі жоқ. Осыны ескеріп, дәрі-дәрмек беруді жоспарладық. Шынын айтсақ, біз дәрі-дәрмекті сырттан алдырғанымыз жоқ. Өзгелер секілді ұзын-сонар кезекте тұрып, облыстық дәріханалардан сатып алдық. Сондықтан дәрі-дәрмекті қалай әкелетінін, қаншалықты қиындық тудыратынын білмеймін. Біз тұрғындардың, оның ішінде қарт кісілер мен мұқтаж жандардың жазылуына, дәрі-дәрмегін уақытымен қабылдауына сәл де болса септігіміз тигенін қаладық. 
Сабыржан Кеңшілікпен сұқбатыңызда жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп жатырмын дедіңіз. Тарқатып айтыңызшы, қай жағынан, қаржылай ма әлде кеңес беру ме?
– Жас кәсіпкерлерге бағыт-бағдар көрсетуге болады. Мына істі былай жаса деп, өзіңше жол көрсеткендей боласың. Бірақ мен кәсіпті өзім бастаған жоқпын. Сондықтан жас кәсіпкерге кеңес бере алмаймын. Ал қолдауға келер болсақ, тиімді деп шешкен жағын айтамын. Қаржылай қолдау білдіруге мүмкіндігіміз бола бермейді. 
– “Мен кәсіпкерлікті 0-ден бастамадым” дедіңіз. Отбасылық кәсіпті игеруде қиындық бар ма?
– Жоғарыда атап өткенімдей, мен әкем бастаған істі жүргізіп келемін. Әрдайым қасында жүріп, қыр-сырына қанық болдым. Қай істе қандай шешім қабылдау керегін үйрендім. Бір нәрсені дұрыс жасамасам, келесіде сол қателікті қайталамауды әдетке айналдырдым. Үлкен компанияны басқару оңай емес. Алайда менің әкем секілді демеушіңіз, кеңес берушіңіз болса қандай істе де жеңіп шығасыз. Отбасылық кәсіптің ерекшеліктері көп. Айтар әңгімеміз, ақылдасатын нәрселер бәрімізге де түсінікті. Өзге әлемде қалықтап жүрмейміз, үйдегілер де өз шаруалары ғой деп бейқам отыра бермейді. Қажет кезде кеңес айтып отырады. Жалпы компания жүргізерде кездесер қиындықтар жетерлік. Күріш егудің өзі оңай емес. Ал көп адамды басқаруды өзіңіз де елестете беріңіз. Бірақ менің пікіріммен санасып, бірлесе шешім қабылдайтын, жұмысына ұқыптылықпен қарайтын қызметкерлер көп. Сол бізді қуантады. 
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан 
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА
03 тамыз 2020 ж. 279 0

PDF нұсқалар мұрағаты

38-367

24 қыркүйек 2020 ж.

37-366

17 қыркүйек 2020 ж.

37-366

17 қыркүйек 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930