» » » Қоғамға қажетті мамандықтар нақтыланды

Қоғамға қажетті мамандықтар нақтыланды

Қуаныш ДӘУРЕНБЕКОВ, Болашақ университетінің ректоры:

ҚОҒАМҒА ҚАЖЕТТІ МАМАНДЫҚТАР НАҚТЫЛАНДЫ

Елде төтенше жағдай жарияланып, білім беру жүйесі онлайн форматқа көшкелі бері бұл салада өзгеріс көп. Жаңа оқу жылына небәрі бір ай уақыт қалғанын ескерсек, ата-ананың да, талапкердің де көкейінде сан сауалдың бар екені анық. Осы орайда жоғары оқу орындарының жай-күйін білу үшін Болашақ университетінің ректоры Қуаныш Қойшығұлұлымен әңгімелестік.

− Пандемия салдарынан студенттер биылғы оқу жылын онлайн форматта тәмамдады. Осы кезеңде қашықтан білім беру жүйесінің қандай кемшілігін байқадыңыздар?
− Иә, елдегі төтенше жағдайға байланысты 2019-2020 оқу жылында студенттер толықтай дерлік қашықтан оқыды. Тіпті университет бітіруші түлектердің мемлекеттік емтихан барысы, мемлекеттік аттестациялау комиссиясының жұмыстары да онлайн форматта жүргізілді. Бұл жағдай аяқ асты болды десек те, Болашақ университеті бұл кезге дейін де екінші жоғары білім алғысы келген немесе колледжден кейін оқуын жалғастыруға ниетті студенттерді қашықтан оқыту технологиясы бойынша оқытқанын ескерген жөн. Әрине ЖОО барлық мүмкіндікті қарастырды деген күннің өзінде біршама қиындықтың орын алғаны рас. Бірінші мәселе халықтың қашықтан оқу жүйесіне дайын емес болуы және ауыл-аймақтарда интернет желісінің қол жетімсіздігі еді. Сондықтан әрбір студентке арнайы уақыт бөліп, пәндер бойынша жеке жұмыс жасау керек болды. Бұл профессор-оқытушылар үшін қосымша жүктеме болғаны рас. Осы тұста айта кетейін, Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың тікелей қадағалауымен қашықтан оқыту технологиясын ұйымдастыруда ЖОО-ға түрлі әдістемелік нұсқаулар, нормативтік-құқықтық актілер дер кезінде беріліп отырды. Бұл министрліктің білім беру саласында қандай жағдай орын алса да тығырықтан шыға алатынын көрсетті.
− Биылғы университет түлектерінің жұмысқа орналасу мәселесі қалай шешілуде? Диплом алған студенттің бәрі бірдей мамандық бойынша қызмет ете ала ма?
− Қазір ЖОО алдында тұрған ең басты талап ‒ әрбір мамандық бойынша жұмысқа орналасу деңгейі кемінде елу пайызды құрау керек. Егер бұл көрсеткіш төмен болса, сол мамандықтың лицензиясы кері қайтарылатыны ескертілген. Осыған байланысты Болашақ университеті де білім алушылардың жұмысқа орналасуына жіті қөңіл бөлуде. Бұл бағытта мекемелер базасында кафедра филиалдары ашылды. Оқу үдерісінен бөлек, іс-тәжірибе алмасу кезінде студенттердің өз біліктілігін көрсете отырып, қызметке орналасуына жағдай жасалды. Әрі біз жұмыс берушілермен бірлескен жиындарды да жиі ұйымдастырып тұрамыз. Оған қоса аймағымызда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі жүйелі түрде жүргізіледі. Сол шара барысына студенттерді қатыстыра отырып, жұмысқа орналасуына ықпал етеміз. Нәтижеге көңіл аударсақ, зейнетақы қорының есептеуі бойынша 2019-2020 оқу жылын бітіруші түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 78.8 пайызды құраған. Осыдан-ақ университет студенттерінің жұмысқа орналасу деңгейі жоғары екенін байқауға болады.
‒ Жаңа оқу жылына дайындық қалай жүргізілуде? Талапкерлерді қабылдау барысына тоқталсаңыз...
− Қазір университет сайты арқылы талапкерлерден онлайн құжат қабылдануда. Сонымен қатар университеттің виртуалды қабылдау комиссиясы күнделікті Zoom қосымшасы арқылы жұмыс істеуде, яғни әрбір талапкердің онлайн түрде сұрақтарына жауап алуға мүмкіндігі бар. Болашақ университеті жанындағы қабылдау комиссиясы мемлекеттік гранттарға құжат тапсыру барысы жөнінде күнделікті онлайн кеңес береді. Сондықтан барлық талапкермен тікелей байланыс орнатылған деп айта аламын.
− Осы кезге дейін білім беру барысында іс-тәжірибе алмасу жұмыстары (практика) онлайн түрде жүргізіліп келді. Бұл үрдіс жаңа оқу жылында да жалғаса ма? Жаңадан қабылданған талапкер үшін бұл жүйе қаншалықты пайдалы, түсінікті болады?
‒ Жаңа оқу жылында да білім беру форматы онлайн жалғасатыны жиі айтылуда. Дегенмен ЖОО-да кейбір зертханалық сабақтарды санитарлық- эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, әр кабинетте он адамнан аспайтын жағдай жасау арқылы ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Қазір университеттің профессор-оқытушылары сабақтардың онлайн бейнежазба нұсқасын дайындауды бастап кетті. Бұл әрбір студент арнайы білім порталы арқылы кестеге сәйкес барлық пән бойынша білім алады деген сөз. Сонымен қатар кешегі оқу жылында университет Қоғам тв телеарнасымен бірлесіп, «Болашақ сабақтары» атты бағдарлама жүргізді. Бұл бастама жаңа оқу жылында да жалғасады. Сондай-ақ университеттің You Tube арнасында да барлық пән бойынша бейнежазбалар салынған. Әрі оқу орны OpenU Ашық университет платформасының мүшесі ретінде жаңа жүйенің контентін бірлесе пайдалана алады.
Биылғы талапкерлер үшін оқу барысының оңай болмайтыны белгілі. Дегенмен олар өткен оқу жылында мектепті онлайн түрде аяқтағанын ескерген жөн. Жалпы ЖОО-ға түскен бірінші курс студенттері үшін алдымен жалпыға ортақ білім беру пәндері жүргізіледі. Бұл бағытта біз контенттерді дайындау үстіндеміз.
− Жақында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қашықтан оқытуға байланысты университеттегі оқу құнын төмендету туралы шешімді ЖОО өздері қабылдайтынын айтты. Онлайн оқу құнында дәстүрлі білім беру жүйесіне қарағанда қаншалықты өзгеріс болуы мүмкін?
− Болашақ университетінде оқу ақысы талапкерлер үшін қолжетімді деп айта аламын. Қазіргі жағдайды ескере отырып, биыл көптеген жеңілдік қарастырылып бекітілді. Бұрынғы оқу ақысын қымбаттатқан жоқпыз. Бұл өз кезегінде аймақ тұрғындары үшін ыңғайлы болады деп ойлаймын.
− Онлайн оқу кезінде шалғай елді мекендерде тұратын студенттердің байланыс (сеть) нашарлығынан қиналғанын көрдік. Жаңа оқу жылында бұл мәселе қалай шешіледі?
− Бұл бағытта біз әрбір білім алушыға арнайы электронды контент жеткізетін боламыз. Себебі интернет нашар болғанмен, олардың қолында компьютер, смартфон сынды техникалар бар. Сол арқылы пайдалануға мүмкіндігі болатын барлық контент әрбір білім алушыға жеке бақылау жүргізе отырып жеткізіледі. Студент оқу ақысын төлеп отырғаннан кейін біз оларға толыққанды білім беруге, жауапкершілікпен қызмет етуге міндеттіміз.
‒ Алдағы уақытта онлайн білім беру барысында Zoom, WhatsApp қосымшасынан бөлек қандай жаңа платформалар қарастырылады?
‒ Төтенше жағдайға дейін де университет білім беру барысын қашықтан оқыту технологиясы бойынша Platonus жүйесінде жүргізіп келді. Қазір онлайн форматқа толық ауысу барысында Platonus-пен қоса университет сайты, Қоғам тв арнасындағы «Болашақ сабақтары» бағдарламасы, You Tubе-те университеттің видео-контент арнасы, тағы сол сияқты мессенджер мен платформалар дайындалды. Жалпы жаңа оқу жылында оқу үдерісін Platonus жүйесімен жалғастыра береміз. Қазір бұл қосымшаның мобильдік нұсқасын дайындап, жетілдірудеміз.
‒ Онлайн жүйеде оқытушылар әрбір студентпен жеке жұмыс жасайтынын білеміз. Осы орайда оқытушыларға жеңілдіктер қарастыла ма? (тарифтік төлем немесе т.б.)
‒ Иә онлайн оқу жүйесінде профессор-оқытушылар белгіленген сағат жүктемесінен бөлек әрбір білім алушымен жеке байланысқа шығып отырады. Түсінбеген мәліметтер мен жеткізілмеген ақпараттар үшін қосымша уақыт бөледі. Сондықтан қыркүйек айынан бастап оқытушылардың еңбекақысына жаңа тариф бойынша әлеуметтік пакеттер енгізу қарастырылуда. Сондай-ақ әрбір студентпен жеке жұмыс жасағаны үшін қосымша үстемақы төленеді.
‒ Әлемдік пандемия қоғамның кемшілігі мен жетістігін айқындап берді. Дамыған елдер сұранысқа ие мамандықтарға сараптама жасауда. Осы орайда біздегі жаңа мамандықтар жөнінде сөз қозғасақ... Эпидемиядан соң қандай сала бойынша мамандар даярлауға баса назар аудару керек?
‒ Иә, карантин кезінде біз осы тақырып аясында ауқымды зерттеулер жүргізіп отырдық. Соның нәтижесінде университет базасында бірнеше жаңа мамандық ашылды. Алдымен интернет желісі арқылы көптеген жаңа мамандардың жетіспеушілігін ескере отырып, электрондық коммерция мамандығы бойынша мамандар даярлаймыз деп шештік. Қоғамда дағдарыс орнаған кезде тұрғындармен психологиялық тұрғыда жұмыс жасайтын мамандардың қажет екені белгілі. Біз сол үшін экономикалық психология мамандығын оқытуды жөн көрдік. Бұл мамандықты біз Саратов қаласындағы Поволжский институтымен бірлескен білім бағдарламасы бойынша ашудамыз. Сонымен қатар интернет-журналистика саласын дамыту бағытында медиа журналистика мамандығын қарастырдық. Ақпараттық қауіпсіздік және компьютерлік желілер мен жүйелердің қауіпсіздігі мамандығын да тізімге қостық. Халықаралық қаржы қатынастары мамандығын Ташкент қаржы институтымен бірлесіп, қос дипломдық бағдарлама негізінде қолға алдық. Бұл өз кезегінде отандық қана емес, халықаралық экономикалық қаржы нарығын зерттеу бағыты бойынша ашылды. Тағы бір ескеретін жағдай, қазір қоғамда сөйлеу қабілетінің кеш дамуына байланысты арнайы күтімді қажет ететін балалар бар. Біз сол үшін жаңа мамандықтар қатарына логопедия саласын да қостық. Сонымен қатар санитарлық гигиена және эпидемиология мамандығы бойынша лицензия тапсырып қойдық, енді жауабын күтіп отырмыз. Айта кетейін, университет жанындағы жоғары медициналық колледжінде эпидемиологиялық гигиена мамандығы оқытылады. Егер ұсыныс оң нәтиже беріп, осы бағытта жаңа мамандық ашылса, колледж студенттері оқуын әрі қарай университетте жалғастыра алады.
‒ Төтенше жағдай кезінде вакцина әзірлеу тәжірибесі барлық елдің ғылымға жіті көңіл бөлу керегін дәлелдеді. Ал университет қабырғасында ғылымға қаншалықты көңіл бөлінген?
‒ Университет ЖОО ретінде тек білім беріп қана қоймай, оқу мен ғылымды ұштастыру керек екені белгілі. Осы мақсатта университет жанынан ашылған Болашақ ғылыми-зерттеу институты нәтижелі жұмыс істеп келеді. Вакцина жүргізуді қолға алмаса да, ауылшаруашылығы, экономика, ІТ, педагогика, техникалық бағыттар бойынша ғылыми тақырыптар зерттелуде. Бұл университеттің аймақ ғылымының дамуына үлес қоса алатынына дәлел бола алады.
‒ Жалпы білім беру жүйесінде сізді қандай мәселе алаңдатады?
‒ Білім беру саласының барлық деңгейі бойынша (мектеп, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, колледж, ЖОО) ата-ананың, жалпы қоғамның оқу сапасына сеніммен қарағанын қалаймын. Қазіргі кезең нарық пен бәсекеге қабілетті болуды талап етеді. Қандай оқу орны болсын әлемдік, отандық білім көшінен қалыс қалмас үшін бар күш-жігерін, материалдық мүмкіндігін жұмсауда. Сондықтан әрбір білім алушыға сенім бере отырып, мамандық таңдауда қателеспеуіне баса көңіл аудартқым келеді. Төтенше жағдай білім, медицина саласының олқы тұстарын көрсетіп берді. Енді осы кемшіліктерді жою үшін бірлесе жұмыс істесек, ел болып қиындықты оңай еңсереміз. Бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Балалар ауырмасын! Жақынымызға жанашыр болып, санитарлық талаптарды қатаң сақтасақ, елдің алмайтын қамалы, шықпайтын шыңы болмайды!
‒ Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен
Гүлдана ЖҰМАДИН
03 тамыз 2020 ж. 516 0

PDF нұсқалар мұрағаты

38-367

24 қыркүйек 2020 ж.

37-366

17 қыркүйек 2020 ж.

37-366

17 қыркүйек 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930