» » » Елдің намысы үшін Еуропада аянып қалмаймыз

Елдің намысы үшін Еуропада аянып қалмаймыз

Серік ДОСМАНБЕТОВ, «Қайсар» футбол клубының директоры:

ЕЛДІҢ НАМЫСЫ ҮШІН ЕУРОПАДА АЯНЫП ҚАЛМАЙМЫЗ

Соңғы кезде көпшілік футболды сиқырға балап жүр. Олай сипаттауының да себебі бар. Адамның жан дүниесін баурап алатын аладоппен айналысушылардың саны бүгінде едәуір артқан. Дегенмен дөңгеленген дүниені дүрбелеңге салған дерттің футболға да әсері тигені белгілі. Бір ғана елімізде біріншілік бірде болып, бірде үзіліп қалуда. Мұндай жағдай аладоптың айналасында алғаш рет болып отыр. Жақында Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы чемпионаттың қайта жалғасатынын жеткізді. Жағымды жаңалықтан кейін Ел клубтары дайындығын қайта бастады. Биыл Еуропа лигасында бақ сынайтын «Қайсардың» аламандағы мақсаты биік. Жанкүйерлерін жеңіспен қуантуға әзір клубтың чемпионатқа дайындығын білмек болдық. Өйткені қызылордалық командаға жеткіншектен жасамысқа дейін жанкүйер болып жүр, олардың көкейіндегі сұрақты клуб директоры Серік Досманбетовке жеткізгенді жөн санадық...

– Серік Құттыбайұлы, биыл «Қайсар» футбол клубы үшін жауапты жыл. Қызылордалық жанкүйерлердің сүйікті командасы Ел біріншілігінен бөлек Еуропа додасында бақ сынайды. Дегенмен алмағайып заманда біріншіліктің де өтуі қиындай түсті...
– Әрине, жыл басында жүйелі жоспар құрып, биыл сәтті маусым боларына сендік. Алайда әлемдік ахуал күрделене түсіп, дүние дүрбелеңге айналды. Халықтың денсаулығы, елдің амандығы үшін көптеген шараларға шектеу қойылып, карантин режимі қалыптасты. Оның арасында футбол да бар еді. Небәрі біріншілік 2 турдан кейін үзіліске бет алды. Футболшылар алаңдағы жаттығуын доғарып, үй жағдайына көшті. Үш ай үзілістен кейін шілде айында Ел біріншілігі қайта жалғасын тапқанда көпшілігі қуанды. Сүйікті спортымен қайта қауышқандай болды. Дегенмен елімізде кеселдің артуына байланысты біріншілік қайта тоқтады. Бірақ жаттығу үзілген жоқ. Футболшылар физикалық формасын жоғалтпағанына сенімдімін. Егерде тамыз басында чемпионат жалғасын тапса, жанкүйерлерді жеңіспен қуантуға дайынбыз.
– Тамызда Қазақстан біріншілігі қайта жалғасады деген ақпар тарағаннан ел клубтары тайлы-тұяғымен жаттығуға кірісті. «Қайсардың» қалыпты жағдайдан құр қалмағаны белгілі. Команданың аз-кем дайындығына тоқталсаңыз?
– «Қайсар» 21 шілдеден бастап Шымкент қаласында БИІК сауықтыру базасында дайындығын пысықтап жатыр. Бас бапкер Стойчо Младеновтың нұсқаулығымен күнделікті екі мезгіл жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Таңертеңгілік жаттығу физикалық бағытта өрбісе, кешкісін тактикалық жаттығу.
– «Қайсардың» оқу-жаттығу жиынына не себепті БИІК базасы таңдалды?
– Еліміздегі ахуалға байланысты барлық өңірлерде спортшылардың алаңдарда жаттығу өткізуіне тыйым салынғаны белгілі. Сондықтан футболдан Қазақстан чемпионатына қатысатын командалар өз алаңдарында жаттығу жұмыстарын жүргізе алмайды. Сондай-ақ футболдан Қазақстан кәсіпқой лигасы дерттің дендеп бара жатқанына байланысты біріншілікті екі қалада өткізуді жоспарлап отыр. Яғни футболдан Olimpbet Қазақстан чемпионаты Алматы және Шымкент қаласында өтуі ықтимал. Осыған орай “Қайсар” футбол клубы Шымкент қаласына бет алды. Команданың біріншілікке дайындығы үшін қолайлысы БИІК спорттық сауықтыру базасы болды. Себебі аталған базада Олимпиадалық комитеттің рұқсатымен карантин режимінің талаптарын сақтай отырып, жаттығу жүргізуге рұқсат етілген. Бір жағынан футболшылар үшін карантин режимін сақтауға қолайлы болды. Өйткені жатын орын мен жаттығу жүргізетін алаң бір жерде шоғырланған. Бұл футболшылардың денсаулығы үшін тиімді екенін білдік. Ел клубтарының дені осы тәжірибені жүзеге асыруда. Бұл дегеніміз командалар сол қалаларға бой үйренісіп, адаптация қалыптастырады деген сөз.
– Жазғы трансфер терезесі ашылды. Трансфер науқанында дала қасқырлары құрамын қаншалықты жаңартады?
– Бапкерлер ақылдаса келе, осал позицияны анықтап, соған сай футболшыларды қарастырудамыз. Әзірге 3 футболшыны қатарға қосу жоспарда бар. Қақпашы – Александр Заруцкий, қорғаушы – Тимур Рудосельский, шабуылшы – Елжас Алтынбеков. Соңғысы «Қайсар» жанкүйерлеріне етене таныс. Қызылорда футбол мектебінің түлегі. Соңғы 3 маусымда талдықорғандық «Жетісу» командасының намысын қорғады. «Жетісуда» жинаған тәжірибесін ортаға салады деп ойлаймын.
– Биылғы басты бәсеке – Еуропа лигасы. Тұңғыш рет қатысқалы жатқан команданың мақсатын білсек...
– Жарты ғасыр тарихы бар команданың ең биік жетістігі ретінде Еуропа лигасының жолдамасын айтсақ болады. Өткен жылы футболшылар қойылған міндетті сәтті орындап, Еуропа лигасына қатысуға мүмкіндік алдық. 31 тамызда Швейцарияның Ньон қаласында Еуропа лигасының екінші раундының жеребесі тартылады. Жеребеге сәйкес «Қайсар» өз қарсыласымен 17 қыркүйекте күш сынайды. Қарсыластың осалы жоқ. Екінші раундтан бастайтын командаларға зер салсақ, Еуропаның ең мықты ұжымдарын кездестіреміз. Мысалы, әйгілі «Милан», азуын айға білеген «Тоттенхэм», немістің «Вольвсбургі», испандық «Гранада», шотландық «Рейнджерс», ресейлік «Ростов» секілді командалар бар. Егер аталған клубтардың бірімен кездесіп қалсақ, елдің намысы үшін аянып қалмасымыз анық.
– Пандемияға байланысты Еуропа лигасындада өзгерістің бар екенін байқап қалдық...
– Иә, командалар баяғыдай екі кездесуге қатыспайды. Яғни қарымта матч болмайды. Бір ойынның нәтижесі арқылы келесі раундқа жолдама алады. Мұндай өзгеріс қазіргідей қиын сәтте керек-ақ.
– Серік Құттыбайұлы, жанкүйерлер командадан үздік ойын күтеді, өз кезегінде мақсаттарыңыз орындалсын және біріншілікте жағымды жаңалық көп болсын.
– Рақмет, жанкүйерлерге жеңіс сыйлауға ұмтыламыз.

Сұхбаттасқан
Ерасыл ШӘРІБЕК
03 тамыз 2020 ж. 104 0

PDF нұсқалар мұрағаты

38-367

24 қыркүйек 2020 ж.

37-366

17 қыркүйек 2020 ж.

37-366

17 қыркүйек 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930