» » » 100 ТЕҢГЕДЕН ҚҰРАЛҒАН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ БІР ОТБАСЫН БАСПАНАЛЫ ЕТУДЕ

100 ТЕҢГЕДЕН ҚҰРАЛҒАН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ БІР ОТБАСЫН БАСПАНАЛЫ ЕТУДЕ



Батыржан ИБРАГИМ, «Хабар» агенттігі» АҚ арнайы жобалар бөлімінің шеф-редакторы:
100 ТЕҢГЕДЕН ҚҰРАЛҒАН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ БІР ОТБАСЫН БАСПАНАЛЫ ЕТУДЕ
"Қоғамда жастарды жақсылық жасап жарыстырып, ал үлкендердің алғысына бөленіп, батасын алғаннан асқан бақыт жоқ". Бұл – «Хабар» агенттігі» АҚ арнайы жобалар бөлімінің шеф-редакторы Батыржан Ибрагимнің өмірлік ұстанымы. Ол 2012 жылы «Хабар» агенттігі АҚ «Бағдарламалар өндірісі дирекциясының» администраторы, 2013 жылы қонақ жөніндегі редакторы, 2014 жылы «Арнайы жобалар қызметінің» интернет-редакторы қызметін атқарған. Жас та болса талай отбасын өз қанатының астына алып, олардың баспаналы болуына зор септігін тигізіп жүрген кейіпкерімізбен әңгімелесудің сәті түсті.
– Біліуімізше, бала күніңізден белсенділер қатарындасыз. Жалпы көшбасшы болуыңызға не әсер етті?
– "Біреудің алғысын алу, қайырымдылық жасау, жанашырлық таныту – әр азаматтың міндеті" деп бала күнімнен ата-анам санама сіңірді. Содан да болар мектеп қабырғасында жүріп қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, кейіннен университет атынан көптеген игі бастамалар мен іс-шаралардың басы қасында болдым. 2005 жылы №120 Ж.Жабаев атындағы қазақ орта мектебін аяқтадым. Сол жылы Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Бейнелеу өнері және сызу мамандығына грант негізінде оқуға түстім. Тобымда 11 қыз болғандықтан «арпа ішінде бір бидай» едім. Қыздардың қасында көп отыра бермейін деп сырттан дос іздей бастадым. Сөйтіп көптеген аға буын өкілдерінің игі бастамаларына қосылып, кейіннен факультеттің студенттер деканы етіп сайландым. Сол кезде студенттер арасында даңқы асқақтап тұрған «Ұлағат» қоғамдық бірлестігі туралы естіп, сол ұйымға мүше болуға ниеттендім. Ниет білдірген 150 жастың ішінен 10 жас ғана қабылдандық. Осы ұйым арқылы Жандос Базартай, Мырзатай Сәбит сынды белсенді жастармен таныстығымыз артты. Студенттік жылдар өмірлік тәжірибеме айналды десем артық емес. Облыстық, қалалық, деңгейде ұйымдастырылатын шаралардан тыс қалмайтынмын. Белсенді жас болып қалыптасуыма сол студенттік жылдардағы араласқан ортамның септігі мол.
– Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынысыз. Астанаға көшкенде қандай қиындықтар болды?
– Әлі есімде, 2012 жылы 25 мамырда Зухраб досымның шақыртуымен бас қаладан бір-ақ шықтым. Астанада Зухраб Отаров, Айбек Қабылша, Еркін Садықұлынан басқа ешкімді танымаймын. Мұнда бір ағайыным да жоқ. Сеніп келген бір ғана досым – Зуxраб. Қазір бас қалада Батыржан болып жүргенім де соның арқасы. Бастапқыда қатты қиналдым. Қайтып кеткім де келген. Намыс жібермеді. Тапқан табысымыздың басым бөлігі пәтерақыға кететін. Содан қайткенде де пәтер алу қажет деп тиыннан теңге жинала бастады. Сөйтіп, 5 жылдай қаражат жинап, пәтер алған соң отбасымды көшіріп алдым. Шүкір, бүгінде баспаналы болып, 3 баланың әкесі атандым. Нұр-Сұлтанға қоныс аударғысы келетін әрбір жас қаражат жинақтап келсе, орнығып кетуге мүмкіндігі зор. Ал баспанаң болса, тіпті керемет.
– Әлеуметтік желіде өте белсендісіз. Мұқтаж жандарға көмек қолын созуда оқырмандарыңызбен бірге барыңызды саласыз. Халық қандай мәселе бойынша көп хабарласады?
– Жастайымнан қайырымдылықпен айналысуды әдетке айналдырғанмын. Университетте де, бүгінде де сол әдетім жаныма тыныштық бермейді. Жолым болған кезде бұл жасаған істерімнің берекесі деп білемін. Сондықтан қолымнан келген көмектен ешқашан аянып қалмаймын. Алғаш Нұр-Сұлтанға көшіп келген жылдары достарыммен, әріптестермізбен бірігіп тұрмысы төмен отбасына азық-түлік жеткізген сәт есімде айрықша сақталды. Сол кезден бастап осы қалада қайырымдылық шарасын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырдық. Кейін қайырымдылық жасаудың ауқымы кеңейіп, Instagram желісі арқылы оқырмандарыммен бірігіп, көп балалы аналарға пәтер алып беруге, сырқаты бар балалардың сауығуына жәрдемдестік. Көбіне халық баспанаға мұқтаж екенін айтып көмек сұрайды. Күніне 10-нан астам хат келіп түседі. Оқырмандарымның кең пейілдігі соншалық азық-түлік жеткізу, науқас жанның еміне қаржы жинау сынды мәселелер 1 сағатта шешімін табатынын мақтанышпен айта аламын. Жуырда оқырмандарым бір күннің ішінде 8 жасар Бируни бауырымыздың ИВЛ аппаратына деп 1 миллион теңге жинап берді. Бұл аппаратқа Бирунидің анасының қол жеткізе алмай жүргеніне көп уақыт болған. Ананың қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес.
– Сізге деген халықтың сенімі жоғары. Дегенмен ғаламторда алаяқтық жолмен ақша тапқысы келетіндер көбеюде. Шын мұқтажды қалай анықтайсыз? Алданып қалған сәтіңіз болды ма?
– Рас. Алаяқтық жолмен ақша тапқысы келетіндер саны артуда. Бірнеше рет айласын асырғысы келгендерге де тап болдық. Тіпті біреулер танымайтын науқас баланың суретін жариялап, оңай олжаға кенелгісі келетінін көзбен көрдім. Мұндай жандарды көргенде «қалай жер басып жүр екен» деп тұңғиық ойға шомамын. Кейбіреулер күнделікті жейтін азығын табуға жалқауланып, "азық-түлігім жоқ" немесе "пәтерімнен қуып шықты" деп бос әуреге салып жатады. Мұндай жағдайлардан кейін көмек сұраушы туралы толық ақпаратты жан-жақты зерттейтін болдық. Қоғамда «мемлекет немесе үкімет маған не береді» деген ой, ұғым тереңдеп еніп кеткен. Осы бұрыс ұғымды өзгертіп, елді еңбектенуге үгіттеу қажет.
– Халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуда қандай мәселе өзекті деп ойлайсыз?
– «Үйі жоқтың күйі жоқ» деп атам қазақ бекер айтпаған. Баспана мәселесі қашанда өзектілігін жойған емес. Билік басындағылар да жыл сайын халықты қолжетімді баспанамен қамтуда түрлі бағдарламалар шығарып, баспана алудың тетігін жеңілдетуде. Осыдан 5 жылдың өзінде республика бойынша 2-3 ғана бағдарлама жұмыс істесе, бүгінде түрлі сала мамандарын баспанамен қамтуға бағытталған бағдарламалар саны артуда. Жуырда жастар үшін «Жас отбасы» бағдарламасы іске қосылғанына қатты қуандым. Бұдан бөлек, өздеріңізге белгілі әлеуметтік желі арқылы оқырмандардың көмегімен көп балалы аналарды баспаналы ету игі дәстүрге айналуда. Қазақ «көп түкірсе көл» дегендей, кемі 100 теңгеден құралған қайырымдылықтың нәтижесі бір отбасын баспаналы етуде. Мәселен, ертең анасынан ерте айрылған 6 балапан баспаналы болады. Көңілдерінен шығатын баспананы тауып, қажетті құжаттарын рәсімдеуге кірісіп кеттік.
– Жуырда Елбасының «Алғыс хатымен» марапатталдыңыз. Қандай сезімде болдыңыз?
– Әрине, Елбасының Алғысын иелену зор мақтаныш. Кеудемді қуаныш кернегенін жасырмаймын. Мұның барлығы жасаған жұмысымның жемісі деп білемін.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Айгүл ҚАРЖАУБАЙҚЫЗЫ
06 тамыз 2020 ж. 364 0

PDF нұсқалар мұрағаты

38-367

24 қыркүйек 2020 ж.

37-366

17 қыркүйек 2020 ж.

37-366

17 қыркүйек 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930