» » » Індетті жеңудің жалғыз жолы – берілмеу

Індетті жеңудің жалғыз жолы – берілмеу

Әсел Есдәулетқызы,
Жаңақорған аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі, инфекционист дәрігер:


– Коронавируспен күресудің басты ережесі қайсы?

– Бүгінгі таңда бұл індетті жеңудің жалғыз жолы – берілмеу. «Мен ауруды жеңемін» деп қарсыласу керек. Уайымға тез берілетін науқастар бар. «Балаларым қалай болады» деп өзін ауруға таңып тастайтын сәттер де кездеседі. Мұндай шағым дәрігерлерге көмектеспейді. Науқасқа қай   кезде де іштей өзін-өзі жеңе білгені аурудан айығуға септігін тигізеді. Дәрігерлердің де жұмысы күндіз-түні еселенді. Бала-шағасын, отбасын көруден қалды. Мұндағы басты мақсат – елдің қамы, халықтың денсаулығы, амандығы. Біз сол үшін қолымыздан келгенше тырысып жатырмыз. Сәл де болса демеу болайық дейміз. Бәрі дәрігердің қолында тұрған жоқ. Біз адам жанына араша болармыз, ауруынан айықтырамыз, қажетінше ем-домын жасаймыз, бірақ дәрігерлерге де көмектесу керек. Жұмысын жеңілдету үшін бұл аурумен күрескен жөн. Карантин талаптарын сақтаудың да халыққа үлкен септігі тигенін жасырмаймын. Адамдар үйден шықпай, қоғамдық жерде бетперде тағып, арақашықтықты сақтаса, өзіне де өзгеге де пайдалы.
– Созылмалы ангинасы бар науқастар коронавирустан жазылып шыққан соң не істеу керек?
– Қуаныштысы, бұл аурудан айығып шыққандар көп. Дәрі-дәрмегін уақытылы ішіп, бұл ауруды жеңді. Бұл – үлкен жетістік. Ал енді ауруды жеңдім екен деп, беймарал жүре беруге де болмайды. Кім болса да күтінген жөн. Бұрынғыдай емін-еркін салқын суға түсіп, салқын су ішетін кез емес.  Балмұздақты да жеуге болмайды. Денсаулықты барынша күткен жөн. «Ауру айтып келмейді». Оның үстіне вакцина қашан дайын болары белгісіз. Тіркеуде тұратын, ангинасы барларға да оңай емес. Коронавируспен емделген науқастың жағдайы ауыр халде болса, ауруханадан шыққан соң тыныс алу реабилитациясына барған жөн.
– Пневманиямен ауыратын науқаста ауа жетпей қалатын сәттер жиі кездеседі. Ол жағдайда қандай әрекеттер жасаған жөн?
– Пневманиямен ауыратын науқастардың көбісінде ауа жетпей, тыныстай алмай қалатын сәттер болады. Өкпесі қысып, біртүрлі сезінетіні бар. Сосын «мен өзі жазылдым ба» деп күмәнданады. Дәрі-дәрмегін алып болған соң, беймарал кетуге де болмайды. Таза ауада жиі серуендеп, жаттығу жасаған жөн. Сонымен бірге арқаға массаж жасаған тиімді. Тыныс алу жолдарын ашады. Салқын судан гөрі, мейлінше жылы сұйықтық іше берген дұрыс. Сосын пневманиямен ауыратын науқаста әлсіздік болады. Аурудан жазылған күннің өзінде шаршаңқы келеді. Клиникалық хаттамаға сәйкес пневмониясы бар науқастарды стационарға жатқызу керек.
– Антибиотиктерді қандай жағдайда пайдаланған дұрыс?
– Егер аурудың алғашқы белгілері басталса, дәрігерге көрінген дұрыс. Содан кейін нұсқаулық бойынша әрекет еткен жөн. Көкейде қандай да бір сауал болса, дәрігерден бірден сұрап алған дұрыс. Ғаламтордан қарап, «мына дәріні ішсем жазыламын, жақсы болып қаламын» деуге болмайды. Қазіргі таңда компания өнімдерін ғаламтордан жиі жарнамалап жатыр. Ол сіздің денсаулығыңызға әсер етпеуі мүмкін. Тіпті көмектеспеуі де ғажап емес. Сондықтан бұл ауруда жақындардың кеңесіне құлақ асып, әрекет етпеген дұрыс. Антибиотиктерді барлық жағдайда қолдануға болмайды, себебі антибиотикті тағайындайтын көрсеткіштер болады. Мәселен, екінші инфекция қосылғанда, прокольцитонин жоғары болғанда тағайындалады.
– Иммунитетті көтерудің жолы қандай?
– Дұрыс тамақтану. Біз тамаққа көңіл бөлмейміз. Жеңіл-желпі нәрсе жей саламыз. Сосын фасфуд өнімдеріне де құмармыз. Ал қазіргі таңда жеміс-жидек жеген өте пайдалы. Барынша иммунитетті түсіріп алмаған жөн. Сондай-ақ диетаны да тоқтатқан дұрыс. Аштан-аш жүре беру денсаулығыңызға зиян. Бастысы, дәрумендер ішіп, спортпен шұғылданыңыз.
– Тыныс алу қиындағанда не істеу керек?
– Қан айналымын жақсарту мен гимнастика жасаудың септігі зор. Қай жағынан алып қарасаңыз да, тыныс алу жолын ашып, таза ауада серуендегеннен артығы жоқ. Сонымен бірге көкірек тұсын қолды майлап, болмаса сулап, кейде қатты сүлгімен массаж жасау керек.
– Лимонмен шайды жиі ішіп жүрміз. Көмегі бар ма?
– Адам тұмаумен ауырған күннің өзінде лимонмен шай ішсе, жеңілдеп қалады. Ал лимонда С витамині бар. Сондықтан кері әсер етеді деп айта алмаймын. Керісінше адам азғасына пайдалы. Неғұрлым, лимонмен шай ішсе, соғұрлым жақсарып қалуы мүмкін. Ауырған кезде терлеудің әсер жоғары. Сондықтан ыстық сорпа мен лимонмен шай ішу керек.
– Коронавирустың симптомсыз кезінде не істеуге болады? Ауруды асқындырып алмаймыз ба?
– Егер коронавирус симптомсыз болса, қорқудың, қобалжудың қажеті жоқ. Ол кезде антибиотиктер алудың да керегі жоқ. Үйде болған тиімді. Бетпердені де тастамаған жөн. Коронавирусты симптомсыз түрі үйде емделеді. Ешқандай клиникалық белгілері болмайды. Организм он күннің ішінде өзі күресіп шығады. Ол күн аралығында клиникалық белгілері болса, дәрігерге қаралу міндетті.
– Үйде емделудің тиімді тәсіліне тоқталыңызшы?
– Үйде емделудің тиімді тәсілі егер де дене қызуы отыз сегізден жоғары көтерілетін болса парацетомол таблеткасын ішу керек және сұйықтықты көп мөлшерде ішу қажет. Антибиотиктерді көрсеткішіне қарап тағайындайды. Ал бізде барлығы антибиотик ішеді. Ол дұрыс емес. Бұл жерде вирусты инфекция болған соң антибиотик әсер етпейді. Кей сәттерде асқындырып жібереді. Бұл – дәрігердің тағайындамасын орындамаудың белгісі. Сондықтан өз денсаулығына бей-жай қарамаңыз.
Жүктіліктің алғашқы айларында дәрі-дәрмек пайдалана алмайды. Не істеу керек?
– Жүктіліктің алғашқы айында күтінген дұрыс. Мәселен, аяғы ауыр келіншектің жақсы тамақтанғаны жөн. Сосын уайымдамау, қобалжымау маңызды. Жүкітілік кезінде дәрі-дәрмекті қолдануға болады және адам өмірін сақтап қалу үшін тағайындауға болады. Егер осы вируспен ауырып, жүкті болсаңыз, алаңдамаңыз. Дәрі-дәрмектің көмегімен жазыласыз, балаңызға да түк болмайды. Аман-есен өмірге келеді, бауырыңызға аласыз.
– Балалар арасында да бұл ауру түрі кездеседі деп жатыр. Қаншалықты рас?
– Бұл аурудың балалар арасында да кездескені жасырын емес. Мәселен, Жаңақорған ауданында екі бала коронавирус инфекциясымен ауырып, емделіп шықты. Бірі үш айлық, енді бірі екі жарым жаста. Олардың клиникалық белгілері екі түрлі.
Қазіргі таңда карантин талаптары жеңілдеді. Біршама кәсіпорындар өз жұмысын бастады. Көңіліміз көтеріліп, еркін жүрміз. Барлығымыз аяқ тартпаймыз. Дегенмен әлі де күтіну керек, әлі де сақтанған жөн. Арқаны кеңге жаятын кез емес. Карантин талаптары жеңілдегенімен вирус әлі кеткен жоқ. Сондықтан да еркінсуге болмайды. Балалардың да денсаулығын басты назарда қойған жөн. Бүгінде баланың тамағына назар аудару керек. Уақытылы, құнарлы тамақ жеуін қамтамасыз еткен жөн. Өзіңіз де білесіз, салқын суды көп ұстату тиімсіз. Ыңғайы келсе, бассейнге шомылдырмаған дұрыс.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА
20 тамыз 2020 ж. 120 0

PDF нұсқалар мұрағаты

38-367

24 қыркүйек 2020 ж.

37-366

17 қыркүйек 2020 ж.

37-366

17 қыркүйек 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930