» » » ЖУРНАЛИСТИКАҒА РЕФОРМА КЕРЕК

ЖУРНАЛИСТИКАҒА РЕФОРМА КЕРЕК

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ,
журналист, «Мінбер» ақпарат агенттігінің бас редакторы:

‒ 8 қыркүйек ‒ Халықаралық журналистер ынтымағы күні. Осы орайда журналистердің ынтымағы деген ұғым нені білдіреді? Бұл жай күндегі бірігу ме, әлде басына іс түскен сәттегі журналистердің жиналуы ма? Журналист қай кезде бірігеді? Ынтымақтастық қай кезде көрінеді?
‒ Жалпы шығармашылықтағы ынтымақ ұғымы қай салаға да керек. Мысалы, мұғалімдер бір мәселені көтерген кезде, өзге де ұстаздар үнсіз қалмай үн қосса, мұны олардың ынтымағы деп айтар едік. Сол секілді журналист бір мәселені көтерген кезде оған өзге де тілшілер қосылып, жан-жақтан қолдайтын болса, журналистердің ынтымағы осы деп ойлар едім. Өкінішке қарай, қазір біздің журналистер жан-жаққа бөлініп кеткен тәрізді, нақтырақ айтқанда, түрлі лагерге бөлініп алған. Бірі оппозициялық журналистикада, бірі тәуелсіз басылымда, енді бірі мемлекеттік ақпарат орталығында жүр. Осыдан кейін мемлекеттік ақпарат құралдарында жұмыс істейтін журналист бір әңгімені көтерсе, оған тәуелсіз, оппозициялық басылымдар мысқылмен үн қатып отырады немесе керісінше. Мен қазіргі журналистикадан осы тенденцияны жиі байқаймын. Меніңше, бұл шығармашылық ынтымаққа жатпайды.
Жалпы менің түсінігімде журналист біреудің сойылын соқпауы керек. Олар бейтарап түрде  қоғамда болып жатқан кез келген мәселеге реакция танытып, сол тақырыпты көтеруі қажет. Егер елге қатысты маңызды мәселені көре тұрып көрмеген болса, біліп тұрып үн қатпаса немесе осы мәселені айтсам «кімнің шамына тиіп кетемін, құрылтайшылар бұған қалай қарайды» деп алаңдаса, онда ол  журналист емес. Ол журналистикада біреудің тапсырысымен жүрген адам ретінде қабылданады. Бірақ, өкінішке қарай,  қазір журналистиканың жеке өзі күн көру мүмкіндігінің жоқтығы салдарынан біз біреуге тәуелдіміз. Нақтырақ айтқанда, құрылтайшыға не қаржы беретін институтқа тәуелдіміз. Бізде «өзін тәуелсізбін» деп есептейтін ақпарат құралдары да көп, бірақ барлығы мемлекеттік тапсырыс алатын болған соң, сол шеңберден шыға алмайды. Сол тапсырыс берушінің ғана айтқанын орындайды. Мұндай жағдайда журналистиканың дами қоюы екіталай дүние. Осындай сәтте журналистердің ынтымағы болады деп те айту қиын. Сондықтан ең алдымен журналистикаға басқаша реформа керек. Қазір біз кеңестік кездің журналистикасынан да көш кейін қалып қойдық. Ол кезде тым болмаса көтерілген мәселе тексеріліп, соған орай қандай да бір шара қолданатын. Ал қазіргі тек қана сыпыра мақтау. Мақтау журналистиканың міндетіне кірмейді. 
‒ Қазір сөз бостандығы, журналистің кәсібилігі актуалды тақырып. Республикадағы журналистер «бәріміз бірігейік» деп үндеу жариялауда. Дәл қазіргі уақытта БАҚ өкілдері сын сәтте тұрған секілді. Сіз қалай ойлайсыз?
‒ Ұлттық арнаның журналисі жасаған үндеуге қатысты айтып отырған боларсыз. Мен үндеуді оқыдым және біздің сайтқа жариялап қойдық. Негізінде қазір журналистер бірігіп, бір нәрсеге қол жеткізеді деп айта алмаймын. Өйткені біздегі жүйе оған жол бермейді. Сондықтан қандай да бір мәселені билік көтеретін болса өзінің сөзін сөйлеп, сойылын соғатын журналистерді жинап, солармен пікір алмасып, «міне, біз мынадай талқылау жасадық» деп айта салуы мүмкін. Журналистика шын мәнінде билікке айтқанын орындатқысы келсе, одан тәуелсіз болуы керек. Өздері қаржы көзін табатындай мүмкіндігі болуы керек. Сондай жағдайда ғана жүйе өзгереді, журналистика дамиды. 
‒ Сонда дәл қазір бізге не істеу керек? Кәсіби маман ретінде құқығымызды қалай қорғаймыз?
‒ Президентке үндеу барлық жерде жарияланып жатыр. Көшеге де, шеруге де шығып жүргендер бар. Бірақ бұдан ештеңе өнбейді. Егер құлақ түріп жүрген болсаңыздар, көптеген медиа ұйым мен қауымдастықтар және сол маңайда жүрген адамдар журналистердің құқығына байланысты мәселе көтеріп жатады. Сол кезде бәріміз бірігіп үн қосуымыз керек. Мысалы, бірнеше жыл бұрын журналистер қорлау және жала жабу бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылатын еді. Осыған «Әділ сөз» және басқа да медиа ұйымдар бірнеше рет үндеу жариялап, аталған бапты ізгілендіруді сұрады. Сол кезде «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі ретінде мен де қол қойдым. Өйткені бұл ‒ маңызды мәселе. Жақында білесіздер, сол бап қылмыстық кодекстен әкімшілік кодекске ауыстырылып, ізгілендірілді. Заң талқыланған уақытта осылай мәселеге үн қатып отырған дұрыс. Біз көтерген мәселелер бұқаралық сипат алатын болса ғана заңға өзгеріс енеді.  
‒ 2021 жылға қарай Ұлттық жоспарда аймақтағы баспасөз, телеарна жергілікті әкімдікке қарайтыны жайлы айтылған. Бұл жағдайда республикалық статусқа ие жергілікті, тәуелсіз басылымдардың күні қалай болады? Жалпы тәуелсіз басылымдардың болашағы жайлы не айтар едіңіз?
‒ Жалпы  қоғамда мемлекеттік БАҚ деген болмау керек. Ақпарат құралдары, жоғарыда айтқанымдай, лагерге бөлінбеуі керек. Ол мемлекеттен, оппозициядан, басқа қаржы ұйымынан да тәуелсіз болуы керек. Сонда ғана нақты демократия болады. Дамыған елдер БАҚ жұмысын қалай реттеп отыр? Біріншіден, әр редакцияның ішкі саясаты болады, өзін-өзі реттеу деген маңызды дүниеге мән береді. Әрине, бұл заң емес, десе де журналистер осыны басшылыққа алады. Демек, өздерінің ішкі тәртібін орнатуға мүмкіндік береді.  Әрине олардың да белгілі бір бағынатын заңдары бар. Екіншіден, ақпарат құралдарын бір орталыққа шоғырландыру ақпараттың тәуелсіздігіне нұқсан келтіреді. Бір кездері мен осы тақырыпты жазып, зерттедім. Ақпараттар бір қолға шоғырланған сайын елдің ақпараттық кеңістігі қусырыла береді. Бұрын өздері жеке-жеке редакциялық саясат ұстанып отырған бір топ ақпарат құралын әкелді де, «Нұр медиаға» шоғырландырды, облыстарда да медиа холдингтер құрылды. Осыдан соң олардың жеке редакциялық саясаты жұмыс істемей қалды да, қаржы төлеп, үстемдік еткен жақтың сөзін сөйлеу нәтижесінде қоғамдағы мәселеге үндемейтін болды. Мысалы, кешегі пандемия кезінде жұрт эпидемия жайлы айтып жатқанда, кейбір ақпарат құралдары танымдық нәрселерді ғана жариялады. Басына қиындық туған сәтте халыққа ондай ақпарат керек емес еді.
Меніңше, қазір өз күнін өзі көріп отырған тәуелсіз басылымдарды ел іздеп оқиды. Бірақ қазір бізде жарнама нарығы мемлекетке тәуелді болғаннан кейін кейде жарнаманы кімге беру керек, кімге бермеу керек дегенді БАҚ айқындамайды, билік өзі шешеді. Егер БАҚ жарнаманы өздері тартып,  оқырмандарын көбейтер болса, нағыз журналистиканы сондай басылымдардан күту керек. Ал мемлекетке қарайтын басылымдар бұрынғы “Үгітші блокноты” тәрізді, билік саясатын жазып отырып қалады. Ол көпшілікке қызық емес,  нәтижесінде оның оқырманы да жоғалуда. Бірақ қазір әлеуметтік желі пайда болғалы бері көптеген мәселе көтерілуде. Оқырманды басылымға күштеп жаздыру мәселесі де өз шешімін тауып келеді. Бұл демократияның біртіндеп еніп жатқанының көрінісі, сондықтан демократия өз дегеніне көп ұзамай әкеледі. Біраз уақыттан кейін баспасөзге күшпен жаздыру деген мәселе де айтылмай қалады.
‒ Мемлекет енді қай салада болсын жариялылық керек дегенді айтады. Бірақ билік осыған дайын ба?
‒ Дайын емес. Билікті біз өзіміз дайындауымыз керек. Қазір тәуелсіз басылымдар, сайттар әлеуметтік мәселені өткір көтеріп жүр. Соның арқасында соңғы кезде билік те реакция таныта бастады. Білесіз бе, 20 жылдан астам уақыт қоғамдық арна құру жайлы мәселе көтеріліп келе жатыр. Бірақ ол туралы әлі заң қабылданған жоқ. Билік оған дайын емес, өйткені олар өз тарапына сын айтқанды жақсы көрмейді. Сондықтан билікті  дайындау үшін де  БАҚ тәуелсіз болуы керек. Тәуелсіз ақпарат таратқан кезде  билік те аяқ тартады. Қазір әлеуметтік желіде полиция қызметкерлерінің келеңсіз оқиғаларын әшкерелеген видеолар пайда бола бастады, содан бері біраз нәрсе қалыпқа келді. Бұқараның көп отырған жері фейсбук екенін білесіз, оның оқырманы БАҚ-тан әлденеше есе артық. Ол жердегі реакция да жылдам. Әлеуметтік медианың ресми ақпарат құралдарынан күші басым болып тұр.
‒ Қазір сайт жұмысы, әлеуметтік желі газеттің орнын басуда. Біз газетте оқырман жинаудың қиын екенін жиі айтамыз. Ал электронды БАҚ-та қандай мәселе бар?
‒ Электронды БАҚ-тағы мәселе де оқырман жинауға байланысты. Өйткені халық әлеуметтік желіде отырғанмен, ақпараттық сайтты көп оқи қоймайды. Екінші мәселе, оқырман болмағаннан кейін жарнама тарту қиын. Жарнама болмаған соң қаржы жоқтығы мазалайды. Сондықтан сайтта ақпаратты өтімді етіп жазу керек. 
‒ Соңғы уақытта «Мінбер» арқылы қоғамның қандай мәселесі шешілуде? Сондай-ақ жеке өзіңізге аймақтардан журналистер хабарласып, шағымын, мәселесін айтқан кез болды ма?
‒ Ақпарат құралы ретінде біз соңғы үш айда ғана жұмыс істедік. Оған дейін біз қоғамдық қор ретінде журналистерге көмек көрсететін, тренингтер өткізетін орталық ретінде қызмет еттік. Үш айдың ішінде әлеуметтік жағдайларға байланысты хабарласқан тұрғын көп. Біз жақында мына жағдайды зерттедік. Қазақстанда тұрғанына 18 жыл болған, бірақ әлі азаматтыған ала алмаған, күйеуі қазақ, өзі ұйғыр әйел жайлы материал дайындадық. Өйткені заңда қазақ ұлтына тұрмысқа шыққан адам 3 жыл ішінде азаматтық алуы керек. Кейіпкеріміз азаматтыққа құжат жинап жүрген кезде күйеуі қайтыс болып кетеді, бірақ балалары ҚР-ның азаматы. Ал өзінің азаматтығы жоқ. Біз сол адамның мәселесін түбегейлі зерттеп  көмектестік, қазір кейіпкеріміз азаматтығын алғалы жатыр. Осылай ақпарат құралдары әлеуметтік мәселені көтеретін болса, шешімі табылады. Тек біз көп жағдайда бәрі жақсы деп айтуға үйреніп қалғанбыз да, мәселеге құлықсыз қараймыз.
‒ Әдетте әкімдік БАҚ өкілдерімен кездеседі. Бұл жиында журналистер көп жағдайда өзінің емес, елдің мәселесін айтады. Себебі аймақ журналистері  мәселенің облыстан шешілмейтінін түсініп, жүйе өзгермейінше өзінің де жағдайы оңалмасын біледі. Қазір аймақтық журналистерде осындай үмітсіздік басым. Расында бұл дұрыс па? Әлде шешімі бар ма?
‒ Жоғарыда айтқанымдай, біз өз құқығымызды қорғау үшін мемлекеттік тапсырыс деген дүниеден құтылуымыз керек. Бірақ одан құтылу қазіргі уақытта қиын. Біздің жағдайда тіпті мүмкін емес. Өйткені өзін-өзі қаржылық жағдаймен қамтамасыз етіп, еңбегін ақтаған редакцияны көрген жоқпын. Бізде медиамагнаттар деген бар, бірақ оның артында да құрылтайшысы тұрады. Сондықтан бұл өте қиын нәрсе.
Тағы бір мәселе, журналисті  аймақтық, республикалық деп бөлу дұрыс емес. Журналист қай жерде де журналист. Олар ең бірінші өз құқықтарын білуі керек. Сол құқығының аясында не керегін талап ету керек. Шетелдік редакцияларда  ешкімнен ақы алмау керек деген саясат бар. Мысалы, әкімшілік сізге үй беретін болса, сіз одан баспана алып отырғаннан кейін, соның сөзін сөйлейсіз. Сол сияқты олар сіздің бір әлеуметтік мәселеңізді шешіп берсе, ол да журналисті тәуелді етеді. Шетелде журналистің ерекше құқығы деген статус жоқ, бірақ журналистер демократияның негізі қозғаушы күші болғаннан кейін оларға деген құрмет бөлек. Әрбір редакция өз журналистеріне жағдай жасайды. Егер редакциялық саясатқа қарама-қайшы әрекет жасамаған болса, олардың сөзін сөйлейді, қызметін қорғайды. Сондықтан бұл жерде редакция өз ұстанымында қала алатындай мықты болу керек.
‒ Журналистердің мәртебесі жайлы жиі айтамыз. Осы талап қаншалықты орынды? Журналиске мәртебе берілсе не өзгеруі мүмкін?   Мәртебе деп отырғанымыз сөз бостандығы ма, әлде әлеуметтік пакет пе?
 ‒ Журналиске мемлекеттік қызметкер деген статус беруге болмайды. Ондай дәреже берсе, сіз қоғамда болып жатқан келеңсіздіктің бірде-бірін айта алмайсыз. Сондықтан мұндай талап қою орынсыз. Біріншіден, қоғамда шынайы демократия болуы керек. Оның қозғаушы күші БАҚ екені белгілі. Тәуелсіз ақпарат бәрібір өзін мойындата алады. 2000 жылдары билік тәуелсіз ақпараттың сөзінен қаймығатын еді. Бірақ кейін авторитарлық жүйе күшейді де, ақпарат құралдарын бір қолға шоғырландырды. Соның нәтижесінде қазір БАҚ дәрменсіз деңгейге жетті. Сондықтан мемлекеттік статус сұрау ақылға қонбайды. Менің түсінігімде, журналистер айтып жүрген мәртебе, ол ‒ әлеуметтік пакет. Өйткені журналистердің көбінде қазір үй жоқ, жағдайы нашар. Қазір жазылып жатқан үндеудің өзінде әлеуметтік пакет жайлы айтып жүр. Шын мәнінде, сөз бостандығы дамыған мемлекеттерде журналистердің әлеуметтік статусы өзінен-өзі жоғары болады.
‒ Осындай жағдайда сіз қарамағыңыздағы журналистерді қалай ынталандырасыз? Қандай қолдау көрсетесіз?
‒ Олардың жазған мәселелерін өзгертпей беруге жағдай жасаймын. Жоғарыдан «мына материал дұрыс емес» деген қоңырау келсе, оған құлақ аспауға тырысамын. Әзірге бар жасап жатқаным осы. Әрі қарайғысын енді көреміз.
‒ Журналистикадағы еңбек жолында не нәрсеге анық көзіңіз жетті? Жалпы осы саланың ертеңінен не күтесіз?
‒ Біріншіден,   біздің журналистикаға реформа керек. Осы қалыппен  кете бермеуіміз керек. Осылай жүре берсек, сөз бостандығы дегенді мүлде ұмытамыз. Екіншіден, біздің журналистер іздену керек, білім керек. Журналистердің өзінде таяздық бар. Көп нәрсені білмей ұшқары жазады. Үшіншіден, біз  батыс журналистикасынан, тіпті Ресей басылымдарынан  көш кейін қалып қойдық. Сондықтан журналистикаға жаңа менеджмент керек.
‒ Сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Әңгімелескен
 Гүлдана ЖҰМАДИНОВА
10 қыркүйек 2020 ж. 216 0

PDF нұсқалар мұрағаты

38-367

24 қыркүйек 2020 ж.

37-366

17 қыркүйек 2020 ж.

37-366

17 қыркүйек 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930