» » » Бәрі де жастар үшін

Бәрі де жастар үшін

Ерболат ТАЛҒАТҰЛЫ:
Бәрі де жастар үшін
  Облыстық жастар ресурстық орталығында жұмыс істейтін қызметкер көп. Олардың әрқайсысының өзіндік міндеті, жауапкершілігі бар. Қай кезде көрсеңіз де қолына құжат ұстап жүгіріп жүрген жастарды көресіз. Одан қалды бір топ жасты жинап іс-шара өткізіп жүргені. Несін айтасыз бұл орталық облыс, аудан, ауыл жастарының басын бір арнаға тоғыстырды. Жастар бос уақытын тиімді өткізуден бөлек, орталық қызметін толық пайдалана алады. Мұнда ағылшын тілі де тегін оқытылады. Тағы бір тиімді тұсы түрлі мемлекеттік бағдарламалармен танысып, кәсіп ашуға, жетістікке жетуге мүмкіндік басым.
Біз аталмыш орталыққа бас сұққанда Ерболат Талғатұлының қызу жұмыс үстінде отырғанын байқадық. Бір жобаны түсіндіріп жатқаны анық. Қасында бес-алты жас бар. Жақсы әңгіме өрбіді ме, әлде тиімділігі байқалды ма, жастардың көзінен қуаныш байқалады. «Анау не?, Мынау қалай болады?» деп жан-жақтан сұрақтың астына алуда. Жалпы Ерболат Базарбеков жастарға мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар бойынша кеңес береді. Бұл оның басты қызметі.



– Менің жастармен етене жұмыс істеп жүргеніме бес жылдың шамасы болды. Осы уақыт аралығында көптеген қызметке ауыстым. Десе де жастардың ортасындамын. Қазіргі таңда жастарға мүмкіндік көп. Жоба қорғап, кәсіп ашуына жағдай жасалған. Тегін грант иеленуге де болады. Бұл орталық осы уақыт аралығында қаншама жасқа қол ұшын созды. Қаншасына психологиялық кеңес берді. Біршамасы ағылшын тілін жетік меңгеріп шықты. Фитнистің де жастар үшін орны ерекше. Бұл орталықта жан-жақта бір шара өтіп жатады. Ана жерде бір шара жүргізілуде, мына жерде бір жобаны талқылау жүріп жатыр. 17-сі күні де маңызды шарамыз бар. Қазіргі таңда соның жұмысына кірісіп кеттік. Кешегі Президенттің Жолдауын барлығымыз білеміз. «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі атты Жолдауды облыс, аудан делегаттары, мұғалімдер, ерікті жастармен бірлесе отырып талқылаймыз. Жолдауда көп нәрсе айтылды. Сондықтан да жан-жақты қамтып, талдау жоспарымызда бар, – дейді Ерболат Талғатұлы.
Ерболат Қызылорда қаласында дүниеге келген. №15 мектеп лицейін тәмамдаған. Абай атындағы гуманитарлық университетінің мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша білім алған. Ол бұған дейін рекрутинг және бизнес инкубатор бөлімінде кеңесші, аға кеңесші, бүгінде әдістемелік қызмет көрсету бөлімінің басшысы қызметін атқарады.
– «Дипломмен ауылға», «Серпін – 2020», "Болашақ" халықаралық стипендиясы. Бұл – бүгінде жастардың арасында көп сұралатын бағдарлама. Аталмыш бағдарламаға қатысты сауалдардың көп болғаны да сондықтан. Дегенмен қай бағдарлама болсын жастарға тигізер пайдасы көп. Бүгінде мен әдістемелік көмек көрсетемін. Жастармен бірлесе жұмыс істеген қызық. Олардың өмірге деген көзқарасы, алға қойған мақсаты, сол мақсатқа деген ұмтылысы адамға жігер сыйлайды. Менің жастармен бірлесе жұмыс істеуімнің сыры осында, – дейді Ерболат Талғатұлы.
Ерболат – белсенді жастардың бірі. Оның бұл қасиетін қай шарада болмасын басы-қасында жүргенінен байқауға болады. Пандемия кезінде орталық қызметкерлері ерікті жастармен бірге көптеген жұмыс атқарды. Ерболат та солардың ішінен табылды. Сондай-ақ тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік таратуда да оның жүргенін көрдік. Үй-үйді аралап, азық-түлік үлестіріп жүрген жаспен үйде ата-анасының табысына күн көріп отырған жасты салыстыруға келмейді. Осындайда жастармен бірге қоян-қолтық араласып, олармен дос болып кеткен Ерболат көпке үлгі.
Сондай-ақ біз кейіпкер етіп отырған жастың аудандармен де тығыз байланысы бар. Ол әрдайым аудандық жастарды да қамтуға тырысады. Қандай жоба болсын аудандық жастың да үлесі болғанын қалайды. Сосын күн-түн демей жұмыс істеуге бар. Төтенше жағдай кезінде онлайн жұмыс істегеніміз жасырын емес. Ал Ерболат қашанда жұмыс кабинетінен табылды. «Өзгелер қашықта жұмыс істеп жүр. Мен шынымды айтсам қашықтықта жұмыс істеп көрмеппін. Үйде отырып жұмыс істегенді елестете алмаймын. Бірақ солай істеу керек болған соң да амал қалмаған шығар. Маған өзімнің жұмысым ұнайды, жастармен де етене араласамын. Сондықтан да күнделікті жұмыста жүрдім», – деген еді бір шара барысында.


Біз осы уақыт аралығында қанша кейіпкерді мақаламызға арқау еттік. Олармен етене танысып, араласуға тырыстық. Кейбірі өзін 100 пайыз тануға мүмкіндік бермейді. Сондықтан да аз-кем мәліметтерді қалдырып кетіп жатамыз. Ал Ерболатты жетік білмесек те, жұмысына қанықпыз. Сосын қашан көрсенде қабағы түспейді, сонысына ризамыз. Көңілі көтеріліп жүрген адамның да жұмысы оңалатыны белгілі ғой. Бүгінде Ерболатты танымайтындар жоқтың-қасы. «Белсенді жас қой» дегеннен «ерікті емес пе?» деушілер жетерлік. Ол өзін еріктімін деп санамайды. Өйткені ерікті қатарында емес. Дегенмен де қашан да қол ұшын созуға, көмек көрсетуге әзір.
«Мен ерікті емеспін. Осы күнге дейін волонтерлардың қасында жүргенім рас. Елге қиындық түскенде «мен неге көмектесемін, еріктілер бар ғой» деп отыра беруге де болмайды. Сондықтан көмек керек болған соң еріктілермен бірлесе жұмыс істедік. Қажет болса әлі де олардың қасында жүруге дайынмын. Бірақ тағы айтайын, мен ерікті емеспін. Халық үлкен қиындықты бастан кешірді. Қаншама ауыртпалықты арқалады. Азық-түліктен қиындық туды. Жұмыссыз отырғандықтан да ерлі-зайыптылар арасында дау күшейді. Бірақ уақыт өте келе бәрі өз қалпына келді. Алдағы уақытта да қиындыққа мойымау керегін түсінеді деген ойдамын. Бұл індет түбегейлі жойылмайынша халықта үрей басым болады. Амалдың жоғынан бәріне шыдағаннан басқа қолымыздан келері жоқ. Бірақ Сыр жастарының тұрғындармен бірге екенін жеткізгім келеді», – дейді белсенді жас.
«Жас келсе іске» деген сөз бекер айтылмаса керек. Елдің жағдайын ойлап, білек сыбана кіріп кететін жастарды көргенде қуанатынымыз жасырын емес. Ал Ерболаттың іскерлігі өз алдына бөлек әңгіме.
Мөлдір САБЫРЖАН
25 қыркүйек 2020 ж. 88 0