» » » Шекараша Самвел

Шекараша Самвел

  Әскери қызметкерлер бір орында тұрақтамайды. Олар апта, ай сайын өзге өңірлерге қоныс аударады. Бірде бас қалада жүрсе, енді бірде Сыр өңірінде жұмысын жалғастырады. Әскери қызметкердің отбасының да қоныс аударуға еті үйреніп кеткен. Қажет дүниелерін жиып алып, жүре береді. Самвел Мкртумян да әскери қызметкер. Павлодардан отбасымен бірге Сыр өңіріне келген. Бүгінде ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің облыстық департаментінде жұмыс істейді. Аты-жөніне қарап, қазақ емесін аңғаруға болады. Ұлты – армиян. Бірақ қазақ тіліне жетік. Сөйлегенде еркін, көсіліп әңгімелеседі.
"Өзгелер өз тілінде сөйлеуге шорқақ. Нұр-Сұлтан қаласының кез келген жерінде орыс тілінде сөйлесетіндер көп. Сыр өңірі де осыған жақындап келеді екен. Осыдан кейін "біз неге тілге шорқақпыз? деген ой келді. Маған қазақ тілі ұнады. Сөйлеуде қиындық жоқ. Бірден алып кеттім деу қиын. Бірақ не нәрсеге болса да үйренуге болатынын ұқтым", – дейді Самвел Мкртумян.
Ол Павлодар облысы, Успенка ауданы, Қаратау ауылында дүниеге келген. Шекара қызметі академиясында білім алған. Орыс тілінде оқыған ол Сыр өңіріне келгеннен кейін тіл үйренеді. Тіл үйрену әрине оңайға соқпайды. Бірақ күн-түн демей жаттығады. Ақырында қазақ болса да тіл білмейтіндерді басып озады.
– Бала кезден шекарашы болуды, еліміздің шекарасын күзетуді армандадым. Алдыға мақсат қойдым, ұмтылдым. Бүгінде мақсатқа жеттім деп ойлаймын. Нәтижесінде шекара қызметінің офицерімін.
"Сыр өңірі маған көп нәрсені үйретті. Ең маңыздысы, қазақ тілін осы жерден үйрендім. Мен нағыз қазақы салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған киелі Қызылорда жерінде қызмет атқаратынымды мақтан тұтамын", – дейді ол.
Самвелдің жеткен жетістігі, мақтау қағаздары көп. Ол олардың ешқайсысына мән бермейді. "Алғыс хаттың қажеті қанша?" дейді. Егер жұмысты тиянақты істеп отырса, басшылық жұмысына оң баға берсе, расында марапаттың қажеті де болмайды.
"Менің жұмысымды халық бағаласа" дейді ол. Халықтың жағдайын жасап, елді күзетіп отырғанның өзі бір мәртебе. Әйтпесе өзің көрмеген адамнан марапат алғанның несі мақтаныш? Бастысы, жұмысына берілген, адал азаматтар көбейсе деймін. Әскерге баратын жастардың саны артса екен. Азаматтық борышын өтеген жастың көбейгені жақсы емес пе? Кімнен сұрасаңыз да "әскерге бармадым" деп жауап беретіні анық. Ал бұл біздің қуанатын емес, осал тұсымыз десем қателеспеймін", – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Шекарашы болудың өзіндік қиындығы бар. Туған жерден жырақта қызмет ету оңай емес. Сыр өңірі – қонақжай халық. Кімді болса бауырына тартып, қошетемін көрсетуге әзір. Самвелге де жерлестеріміздің сүйіспеншілігі күш беруде.
Мөлдір САБЫРЖАН
26 қыркүйек 2020 ж. 201 0