8 қыркүйек ‒ Журналистердің халықаралық ынтымақ күні

Бүкіл әлемде журналистика – ең қауіпті мамандықтардың бірі. Әлемнің әр тү­пкі­рінде жыл сайын журналистерге шабуыл жасалады, кейде өліммен аяқталады. 1958 жылы мамыр айында Бухарест қаласында Халықаралық журналистік ұйымдардың IV конгресінің шешімімен неміс бас­қын­­шы­ларының қолынан түрмеде азап­талып өлтірілген чех журналисі, жазу­шы-антифашист Юлиус Фучиктің құрме­тіне  журналистердің халықаралық ынтымақ­тастық күні белгіленді. Юлиус Фучик Прага түрмесінде жазылған «Дар тұзағындағы репортаж» атты кітабымен әлемге әйгілі болды. Өзі өлгеннен кейін оның кітабы әлемнің 70 тіліне аударылды. Халықаралық ынтымақтастық күнінде қауіп пен қатердің бел ортасында жүретін журналистер және осы саладағы ілгерілеу мен қалыс қалған жайттар туралы жазғанды жөн көрдік.

Нұрсұлу ҚАСЫМ, «Qazagstan» Ұлттық арнасының Еуро­падағы меншікті тілшісі:

− Баспасөз бостандығы мен сөз бостандығын қорғау – Еуро­паның көптеген елдерінің маңызды саясатының бірі. Мәселен,  Франция халықты сенімді ақпаратпен қамтамасыз ету үшін күнделікті өз өмірін қатерге тігіп жүргендердің барлығына, сондай-ақ өз қызметін атқару кезінде өмірін қиған адамдарға құрмет көрсетеді. Сондай-ақ журналистерді қор­ғауға, өз жұмыстарын атқара алатын орта құруға және оларға қарсы жасалған қылмыстар үшін жазасыз қалуды тоқ­татуға бұрынғыдан да көбірек жұмылуда. Нью-Йорк пен Женевадағы БҰҰ агенттіктеріндегі, Париждегі ЮНЕСКО-дағы, Венадағы ЕҚЫҰ-дағы және Страсбургтегі Еуропалық Кеңестегі еуропалық және халықаралық серіктестерімен бірге БАҚ-тың плюрализмі мен тәуелсіздігін, ақпарат алу құқығын қорғауға тырысады. Демократиялық пікірталас үшін маңызды болып табылатын интернетте және одан тыс жерде сыни пікірлерді ашық айтатын тілшілер қалыптасқан. Біздің елдің журналистеріне де осы еркіндік керек. Журналист артында өзін қорғайтын ұйым барын білсе, арқа сүйеп ақпарат алуда да, таратуда да батылдық танытар еді.

«Түркия дамыған ел болғандықтан, мұндағы БАҚ саласы да біздің елге қарағанда көш алда» дейді сол елде қызмет істеп жүрген әріптесіміз Бақытжан Омаров.

Бақытжан Омаров, Қазақстанның Халықаралық  Түрік­сой ұйымының өкілі:   

− Түрік халқы таңертең ұйқыдан тұрысымен ең алдымен газет-журналдарды бір шолып шығады. Оларда да сайттар мен интернет порталдар жақсы дамыған. Алайда баспа құралдарын шетке ысырып қойған жоқ. Түріктер үшін газет-журналдардағы ақпараттар өзектілігін жоймаған. Сонымен қатар Түркия елінде журналистерге мүмкіндік мол. Олардың қолындағы құралдары да заманға сай. Қандай оқиға болсын басы-қасынан табылады. Біздің елдегі ақпарат құралдары сияқты бір-біріне сілтеме жасап ақпарат бере салу деген мүлдем жоқ. Елдің қай түпкірінде болсын оқиғаларға жур­налистері жедел жетіп, ақпарат таратады. Қазақстан журналистерінің ақпарат көздері аз. Әлемдік жаңа­лықтарға келгенде олар көбіне көрші Ресейдің ақпарат құрал­дарына сүйенеді. Сол себепті, көрші мемлекеттің саясатына сай біздің елде де ақпараттық ағым қалыптасқан. Ал түрік журналистері көп тілді болып келеді. Олар бүкіл әлемнің жаңа­лықтарын жіті қадағалайды. Содан кейін сараптап, өз елінің идеологиясына сәйкес келетін ақпарат әзірлейді. Біздің елде мем­лекеттік тапсырыс орындайтын бұқаралық ақпарат құ­рал­дары өте көп. Ал мұнда керісінше, әрбір баспасөз бен те­ле­видение өз-өзін қаржыландырады. Сондықтан олардың ара­сындағы бәсекелестік өте жоғары. Ақпаратты дер кезінде жариялап, өзгелерден асып түсуге бейім. Қазақстанда теле­видение саласы бейненің көркемдігі мен дауыстың әсемдегіне аса көңіл бөледі. Сюжеттер жасағанда камераның қозғалып кетпеуіне, монтаждың әдемі болғанына барын салады. Ал түркиялық журналистер үшін ақпараттың шынайылығы мен фактінің анықтығы болса жетіп жатыр. Өйткені оларда видеоны көркемдеп отыратын уақыт жоқ. Уақыты өтіп кетіп, өнімдері жарамсыз қалмауы үшін жанығады.

Жалпы, журналистердің жаңа медиаға бейімделуі, ынтыма­ғы, олардың әлеуметтік қорғалу мәселелері жөнінде де айтар дүние бар.

Аманжол ОҢҒАРБАЕВ, Қазақстан Журналистер Одағы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты:

− Ғаламтор желісі әлемдегі 8 млрд адамды біріктіретін ақпарат кеңістігін – «ғаламдық ауылды» қалыптастырды. Аймақтық БАҚ осы медиакеңістіктің бір бөлшегіне айналды. Өйткені даму трендтері, талаптары – ортақ. Оны жаңа медиа тілі деп атаймыз. Дәстүрлі баспасөз де өзіндік ерекшеліктерін сақтай отырып, жаңа медиаға мәжбүрлі әрі қарқынды түрде бейімделуде. Сыр өңіріндегі редакциялардың бүгінгі белесі соны айғақтайды. Журналистердің мақсаты – шынайы, жан-жақты зерттелген ақпарат тарату. Жасыратыны жоқ, осы міндетті атқару жолында кедергілер кездеседі. Мұндайда БАҚ өкілдерінің бірлігі ауадай қажет. Журналистер ынтымақтасса, ортақ мәселе оңтайлы шеші­леді.

Журналистер әлеуметтік тұрғыда да қорғалуы керек деп есептеймін. Яғни мемлекеттік деңгейде пәтер алу, жатақ­ханаға орналасу, әлеуметтік көмекке қол жеткізу секілді мәсе­лелері заңмен реттелу керек. Мәселен, Түр­кияда журналистерге қоғамдық мәдени-тарихи орындарға тегін кіру, қоғамдық көліктерде тегін жүру секілді жеңілдіктер қарастырылған. Мұндай ұсыныстар өз тарапымыздан тиіс­ті орындарға жолданып келеді. Оң нәтиже болады деп үміт­тенеміз.

Журналистердің халықаралық ынтымақтастық күні әртүрлі елдердің журналистерін біріктіреді. Мұндай атаулы күн оларға өз тәжірибесімен бөлісіп, саладағы әріптестік байланысты арт­тыруға мүмкіндік береді. Кейде дәл осы күні өте қауіпті жұмысы үшін журналистерге марапат беріледі. Мысалы, Америкадағы журналистика саласындағы ең беделді Пулитцер сыйлығы әрқа­шан 8 қыркүйекте беріледі. Сондай-ақ бұл күні бейбітшілікті сақ­тауға, журналистердің ынтымақтастығы мен бірлігін дамытуға үлес қосатын прогрессивті кәсіби қызметі үшін Халықаралық журналистика сыйлығы мен Юлиус Фучиктің Құрмет медалі беріледі. “Журналист − тұлға, лауазым, Мінезі − дала, тау, өзен” демекші, журналистің бойындағы бар қасиеті көрінетін БАҚ саласының жауапкершілік жүгі жеңіл емес.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!