Елдің ішкі қуатына көп нәрсе байланысты. ҚР Президентінің Жолдауына орай Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президенттің биылғы Жолдауы тарихи мәнге ие. Қаңтар дүрбелеңінен кейін бір жағы үрей, бір жағы үміт құшағында қалған жұрттың еңсесі көтерілді. Санаға сілкініс әкелді. Сенім оты тұтанды. Жолдаудың түйінді тұсында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз әр қадамымызды саралап, таңдаған жолымызбен алға сенімді қадам басамыз. Біз жаңа Қазақстанда «түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануға тиіспіз. Бір-бірімізді жат көрмей, жақын тартып, қоғамда нақты өзгерістерге деген сенімді орнықтырамыз. Жұртымыздың күш-жігеріне, дарыны мен еңбекқорлығына сүйенеміз. Әр азаматтың өз қабілетін іске асыруына барынша қолайлы жағдай жасаймыз. Біз осылайша ғана халқымыздың жасампаздық әлеуетін арттыра аламыз. Осылайша ғана өмірдің барлық саласын өзгертіп, реформалар дәуірін өз қолымызбен жасаймыз. Біз кез келген сын-қатерді бірге еңсеріп, Қазақстанымыздың қуатын бірге арттырамыз деп сенемін» деді.

Халқымыз мұндайда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейтін. Шын мәнінде халықтың ішкі қуатына көп нәрсе байланысты. Қазір қауіп-қатер жан-жақтан төнген кез. Әлемдік саясат мың құбылып тұр. Русьтің екі баласы бір-біріне қанжар кезеп тұр. Іргедегі алып мемлекетке салынған санкциялар салқыны Қазақстанға да тимей қалмайтын сияқты…Теңге теңселіп, азық-түлік қымбаттап барады. Алда көктемгі жер жырту, егін егу тәрізді кезек күттірмес шаруалар бар. Мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету Үкіметтің алдында тұрған бірінші кезектегі міндет.

«Тоқ бала аш баламен ойнамас» дегендей, елдің тоқтығы, әлеуметтік жағдайы күн тәртібінен түспеуі тиіс», – деді сенатор. Оның атап өтуінше, Мемлекет басшысы өз Жолдауында барлық мәселені ашық айтты. «Біз әдетте жыл сайынғы Жолдаудан соң желпілдеген жиындарға иек артамыз. Оның арты жалған ақпар беруге, болмағанды болды, толмағанды толды деуге ұласады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында барлық мәселені ашық айтты. Нақты айтты. Бір іс болса да біткені жақсы. «Ертең жақсы болады, немесе 2030-да жақсы өмір сүреміз» деген бұлдыр да бұлыңғыр үмітпен өмір сүруге болмайды. Осы ретте Президент «Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын. Ең бастысы – еліміздің егемендігі! Шын мәнінде, біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ» деді. Осы Жолдау жарияланғанға дейін ел-жұрт «Енді не болар екен, ертеңіміз қалай болады, қандай саяси өзгерістер жасалады?» деп күпті көңілде болды», – деді ол.

Нұртөре Жүсіп Президент Жолдауында елді елең еткізген көптеген жаңалықтар болғанына назар аудартады. «Абай, Ұлытау облыстарының құрылуы, Алматы және Жетісу облыстарының іргесі ажырап, жаңа аумақтық-әкімшілік құрылымға айналуы халықтың көкейінен шықты. Қапшағай қаласына Дінмұхаммед Қонаев есімін беру туралы ұсыныс та өте орынды. Мемлекет басшысы: «Мақсатқа жету үшін мемлекеттік аппаратты жаңарту немесе кадрлық ауыс-түйіс жасау жеткіліксіз. Өзгерісті әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Әрбір адам және бүкіл қоғам жаңғыруы қажет.

Құндылықтарымыз түбегейлі жаңаруға тиіс. Мұның бәрі – оңай жұмыс емес, біртіндеп қалыптасып, жылдар бойы жалғасатын үдеріс. Бұл жұмыс бізден жоғары жауапкершілікті, елімізге және бір-бірімізге деген жанашырлықты талап етеді. Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда. Сондықтан баршаңызды жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын. Халықтың қолдауымен мақсатымызға жетеміз деп сенемін» дегенде қоғамдағы өзгерістерді жасауда жұрттың жұмыла кірісуі қажеттігін меңзеп отыр. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Жұрт жұмысы – құмырсқаның илеуіндегі жұмысқа ұқсайды: құмырсқаша жабыла тынбай істесе өнеді. Ұлтын керек қылып, халыққа қызмет қыламын деген қазақ балалары қазақ жұмысына қолынан келгенше қарап тұрмай кірісіп істей берсе – ұлт жұмысы ұлғайып, толықпақшы», – деген аталы сөзі бар. Бізге де тынымсыз тірлік, тұрақты бірлік қажет», – деді сенатор.

Сонымен қатар ол Президент бастамалары мен ұсыныстары өте ауқымды екендігін де баса айтты. «Еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымында бірқатар елеулі өзгерістер болады. Мемлекет басшысы ұсынған шараларды жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет. Сондай-ақ жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау керек. Парламент депутаттары осы бағытта аянбай жұмыс істейді деген ойдамын», – деді Нұртөре Жүсіп.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!