Жуырда шахматтан 20 жасқа дейінгі жастар арасында Әлем чемпионатыны өтіп, жерлесіміз Әсел Серікбай күміс жүлдегер атанды. Осылайша Әсел облыс тарихында тұңғыш рет гроссмейстер атағын қорғап қайтты.
Әселді жерлестері әуежайдан күтіп алды. Салтанатты күтіп алу шарасына облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов, спортшылар, жастар және туған-туысы мен әріптестері қатысты.
– Шахмат ойыны шыдымдылықты, жауапкершілікті, ыждағаттылықты қажет етеді. Осындай талабы қатаң спорт түрінен облыс спортшылары жоғары табыстарды бағындырып келеді. Әселдің жеңісі – ортақ жетістігіміз. Ол қазірге дейін ел біріншілігінде 17 рет жеңімпаз атанса, 3 дүркін Әлем чемпионы болды. Оған қоса 7 мәрте Азия чемпионатында топ жарды. Ал жақында Италияда өткен Әлем чемпионатында күміс медальға қол жеткізді. Қуанарлығы, Әсел елімізде тоғызыншы, облыста алғашқы болып «гроссмейстер» атағын иемденді. Біз әлем біріншілігінде ел абыройын асқақтатқан нәзік те қайсар қызымызды мақтан тұтамыз, – деді Нұрымбет Аманұлы.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары алдағы қараша айында өтетін Азия чемпионатында Әсел Серікбай мен Назерке Нұрғалиға сәттілік тіледі.
Көпшілік алдында Әсел Серікбай өзіне қолдау көрсеткен барша азаматтарға ризашылығын білдірді.
– Қуанышыма ортақтасып келгендеріңіз үшін рақмет айтамын. Италияда өткен бәсекеден жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Алдағы уақытта жоғары табысқа қол жеткізуге күш саламын, – деді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!