Қазақстанның сыртқы қарызы 2020 жылдың 1 қазанын­дағы жағдай бойынша 160,9 млрд долларды құрады. Бұл ІЖӨ-ге шаққанда 90,7%, деп хабарлады Ұлттық банк.
ҚР Ұлттық банкінің Төлем балансы де­партаментінің дирек­торы Азат Өскенбаевтың айтуынша, бұл қарыз бюджет­тің немесе халықтың қаражаты есебінен төленбейді, өйт­кені сыртқы борыштың шамамен 80%-ы мемлекет те, қара­пайым азаматтар да жауап бермейтін жеке ұйымдардың міндет­темесіне тиесілі.
– Мемлекеттік сыртқы қарыз ел борышының бар жоғы 8,2%-ын немесе 13,2 млрд доллар, ал квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызы – 12,5% немесе 20,1 млрд доллар. Бұл жалпы алғанда ІЖӨ-ге шаққанда 18,8% және халықаралық тәжірибеге сәйкес, қауіпсіз деңгейге жатады, – дейді Азат Өскенбаев.
ҚР ҰБ мәліметінше Қазақстанның тікелей және шартты сыртқы міндеттемелері соңғы үш жыл ішінде квазимемлекеттік сектор ұйымдарының сыртқы борышын өтеу есебінен 6,2 млрд доллар немесе 15,7%-ға азайып, 2020 жылдың 1 қазанында 33,3 млрд долларды құраған. Елдің сыртқы қарызының құры­лымында ең көп бөлікті жеке сектордың фирмааралық берешегі алып отыр. Оның көлемі 101,3 млрд доллар немесе 62,9%. Бұл соманың маңызды бөлігі шетелдіктердің қатысы бар үш ірі жоба – Қашағанға және ТШО мен Қарашығанаққа тиесілі. Мұндай жобаларды іске асыру үшін шетелдік инвесторлар Қазақстанда тіркелген өз тобының компанияларын қаржыландырады. Ха­лық­аралық әдіснамаға сәйкес, осындай инвестициялар да ел­дің сыртқы қарызы болып саналады.
– Сырттан қаржы тарту – жаңа технологиялар ағынын қам­та­масыз етеді, жаңа жұмыс орындары пайда болады, тіке­лей салық түсімдерін қамтамасыз етеді, әлемдік өндірістік тізбектерге интеграциялануға және өткізу нарықтарын кеңей­туге септігін тигізеді, – дейді Азат Өскенбаев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!