Маңғыстау облысының колледждерінде жалған дипломмен сабақ берген сегіз мұғалім анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

ҚР Бас прокуратураның дерегінше, талдаумен жалған құжатты пайдаланудың 8 дерегі анықталды, яғни Ақтау колледждерінде –5 оқытушы, Қарақия ауданында – 3 оқытушы жұмыс істеген.

Прокурорлар барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап материалдарды одан әрі тергеп-тексеру жүргізу үшін полиция органдарына жолдаған.

“Мысалы, құқық бұзушылардың бірі 2 жыл бойы Қарақия кәсіптік колледжінде жалған дипломмен тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша оқытушының жұмысын атқарған. Қарақия ауданының соты оны ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабының 3-бөлігі (көрінеу жалған құжатты пайдалану) бойынша 30 сағат қоғамдық жұмыстар түрінде жаза тағайындаумен қылмыстық жауаптылыққа тартты”, – делінген хабарламада. 

Осы тектес құқық бұзушылық үшін аталған сот сол колледждің басқа екі оқытушысына қатысты үкім шығарды, олар жұмыстан босатылды.

Төрт эпизод бойынша полиция органдарының сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізген қылмыстық істері рақымшылық актісі бойынша тоқтатылды.

Бір дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.

Айта кетейік, 2022 жылы прокуратура ұқсас фактілер бойынша 14 қылмыстық іс тіркеген және осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруда.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!