Зияткерлік меншік – адам өмірінде маңызды рөл атқарады және әрдайым адамзаттың барлық кезеңдерінде ғылымның, мәдениеттің және прогрестің қуатты қозғалтқышы болып қала береді.  Қазіргі кезде зияткерлік қызметтің жаңа салалары пайда болуына байланысты, оларды құқықтық қорғау заңмен реттелуде.

Әр адамның шығармашылық потенциалы – ол материалдық және рухани құндылықтарды қалыптастырады. Тұлғаның шығармашылық ой-өрісінен туған заттарды қолданбайтын адам жоқ. Алайда шығармашылықтың пайда болуына тікелей қатысты өзіндік авторы болады. Бұл зияткерлік жеке меншік ұғымын қалыптастырады. Бұл ұғым елімізге 90 жылдары келген болатын. Жалпы, зияткерлік меншік адамның өзіне тиесілі материалдық емес игілігі.

Зияткерлік меншіктің басты сипаттамасы меншікті пайдаланудың жеке құқықтарын тек зияткерлік меншіктің иесі, яғни автор ғана шамалай алуында, сонымен қатар, оның рұқсатынсыз зияткерлік меншікті ешқандай бөгде адам пайдалана алмауында.

Зияткерлік меншік нысандары келесі түрлерге бөлінеді: әдебиет, өнер туындылары мен ғылыми еңбектер; фонограммалар жасау, орындаушылық және радиобағдарламасын жүргізу; адам іс-әрекетінің барлық салалары бойынша өнертабыстар; ғылыми жаңалықтар; өнеркәсіп үлгілері; тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және коммерциялық атаулар мен белгілеулер; жосықсыз бәсекелестіктің алдын кесу шаралары.

Заман дамыған сайын, қоғамда әртүрлі жағдайлар орын алуда. Контрафактілік әрекеттер біріншіден, ел экономикасының дамуына кедергі жасаса, екіншіден дүниежүзілік аренада ел атауына зиянын тигізуде. Қазіргі қоғамда жоғарыда айтылған мәселелердің барлығы белең алып отыр. Әсіресе тауар белгілері арқылы халықты алдау өте кең таралған.

Сол себепті соңғы жылдары зияткерлік меншік объектілеріне деген құқықты қорғау мәселелері бойынша халықаралық ұйымдар тарапынан да, Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан да ерекше назар аударылуда. Дүниежүзілік қауымдастықтың талаптарына жауап беру, авторлық және сабақтас құқықтар мен өнеркәсіптік меншік саласындағы құқықтарды қорғау маңызды факторлардың бірі болып отыр. Осы маңызды саладағы құқықты қорғау бойынша еліміздегі өркениетті әлеуметтік экономикалық өзара қатынастарды қалыптастыру да біздің еліміздің өркендеуінің ерекше көрінісі болып табылады.

Қазақстан Республикасы 1993 жылдан бастап Дүниежүзілік Зияткерлік меншік ұйымына  мүше, сонымен қатар және авторлық және аралас құқықтарды регламенттейтін көптеген халықаралық конвенциялар, келісімдер мен келісімшарттардың қатысушы. Қазақстан Париж Конвенциясына, Мадрид келісіміне, Патенттік ынтымақтастық туралы келісімшартқа қатысушы болып табылады және басқа да маңызды құжаттарға қол қойылған.

Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы – 1967 жылы Стокгольмде (Швеция) құрылған‚ 1974 жылдан БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі. Ол дүние жүзіндегі зияткерлік меншікті қорғау; зияткерлік меншік пен авторлық құқықтар саласындағы түрлі одақтарға мүше мемлекеттердің ынтымақтастығына‚ шарттар жасасуға және ұлттық заңдарды бір ізге түсіру; өнеркәсіптік меншікпен байланысты технологиялардың берілуін оңайлатуға‚ оларға заңды және техникалық көмек көрсету; ақпарат жинау мен таратуға‚ халықаралық тіркеу қызметінің жұмысын қамтамасыз етуге, осы ұйымға мүше мемлекеттердің арасындағы әкімшілік ынтымақтастықтың басқа да түрлеріне қол ұшын беру мақсатын көздейді.

Қазақстанда зияткерлік меншік объектілерінің құқығын «Авторлық құқық және аралас құқықтар туралы» Заңымен, Қазақстан Республикасының Патенттік Заңымен, «Тауар белгісі, қызмет­ ету белгілері және тауарлардың шыққан жерлерінің атаулары туралы», «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қол қою туралы» Заңдарымен қорғау жүйесі қалыптасып, Зияткерлік меншік объектілеріне деген құқықтың бұзылғаны үшін әкімшілік, азаматтық және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Айталық, елімізде тауар таңбасының құқықтық қорғалуы төмендегідей.

Қазақстан Республикасы «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңының 4 бабының 4 тармағына сәйкес, тауар белгісінің иесі куәлікте көрсетілген тауарлар мен қызметтерге қатысты өзіне тиесілі тауар белгісін пайдалану мен оған иелік етудің айырықша құқығына ие болады. Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар таңбасын оның иесінің келісімінсіз ешкім де пайдалана алмайды. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 1025 бабының 2 тармағына сәйкес, тауар белгiсiн кез келген айналымға енгiзу: дайындау, қолдану, әкелу, сақтау, сатуға ұсыну, тауар белгiсiн немесе осы белгiмен белгіленген тауарды сату, маңдайшадағы жазуда, жарнамада, баспа өнімдерінде немесе өзге де іскерлік құжаттамада пайдалану – тауар белгiсiн пайдалану болып саналады.

Қазақстан Республикасы «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңының талаптарын бұзған жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 158-бабына сәйкес, бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін немесе тауар шығарылған жердiң атауын заңсыз пайдалану, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, заңсыз бейнеленген тауарлар тәркiлене отырып, жеке тұлғаларға – жиырма, шағын кәсiпкерлiк субъектiлеріне – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлеріне – қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне сексен айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 222-бабына сәйкес, бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін заңсыз пайдалану, егер бұл іс-әрекет iрi залал келтiрсе – сексен айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

Тауар таңбасын заңсыз пайдаланғаны үшін жауаптылық барлық елдерде бар. Мысалы, Ресей Федерациясының Азаматтық Кодексінің 15-бабында тауар белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілік көзделген. Яғни, құқық иесі залалды өтеудің орнына құқық бұзушыдан өз таңдауы бойынша өтемақы төлеуді талап етуге құқылы:

1. Салыстырмалы мән-жайларда әдетте тауар белгісін заңды түрде пайдалану үшін алынатын баға негізге алына отырып айқындалатын тауар таңбасы заңсыз орналастырылған тауарлар құнының екі еселенген мөлшерінде немесе тауар белгісін пайдалану құқығы құнының екі еселенген мөлшерінде тауар таңбасын пайдалануға тыйым салынады.

2. Ресей Федерациясында тіркелмеген тауар белгісіне қатысты ескерту таңбасын жүргізетін тұлға Ресей Федерациясының заңнамасында көзделген тәртіппен жауапты болады.

Ал, Ресей Федерациясының Қылмыстық Кодексінің 180 бабы бойынша – бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, тауар шығарылған жердің атауын немесе соларға ұқсас белгілерді біртекті тауарлар үшін заңсыз пайдалану, егер бұл іс-әрекет бірнеше рет жасалса немесе ірі залал келтірсе, – бір жүз мыңнан үш жүз мың рубльге дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе сотталушының екі жылға дейінгі кезеңдегі жалақысы немесе басқа кірісі мөлшерінде, не төрт жүз сексен сағатқа дейінгі міндетті жұмыстар, не екі жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстары, не екі жылға дейінгі мерзімге мәжбүрлеу немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ресей Федерациясында тіркелмеген тауар белгісіне немесе тауар шығарылған жердің атауына қатысты ескерту таңбасын заңсыз пайдалану, егер бұл әрекет бірнеше рет жасалса немесе үлкен зиян келтірсе, – бір жүз жиырма мың рубльге дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе сотталушының бір жылға дейінгі кезеңдегі жалақысының немесе басқа табысының мөлшерінде, не үш жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге міндетті жұмыстармен, не бір жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарымен жазаланады.

Азаматтардың зияткерлік меншігін қорғау арқылы мемлекет олардың шығармашылық өрісінің дамуын, сол арқылы ел экономикасының дамуына қолайлы жағдай жасайды. Зияткерлік меншіктің қорғанысы әлемде елдің ахуалын анықтайтын маңызды факторлардың бірі болып есептеледі.

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы департаменті зияткерлік меншік мәселелерімен айналысатын уәкілетті мемлекеттік орган болып табылады. Департамент зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау және сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты  жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» – зияткерлік меншік объектілерін пайдалану және құқықтық қорғау саласында мемлекеттік билік органдары үшін сараптама, ғылыми зерттеулер және басқа жұмыстарды ұйымдастыру мен көмектесу мақсатында құрылған. Институт өнертабыстарына, пайдалы модельдерге, өнеркәсіптік үлгілерге деген патенттер беруге, тауар белгілерін тіркеуге деген өтінімдерді қабылдайды, тауар белгілерінің сараптамасын жүргізеді, зияткерлік меншік объектілеріне мемлекеттік тіркеуді жүргізеді және ресми жарияланымдарды ұйымдастырады.

Ал, Әділет департаменттерінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің негізгі фукциялары Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік саласындағы заңнамасының сақталуы тұрғысында жеке және заңды тұлғалардың жүгінуі негізінде жоспардан тыс тексерулерді жүзеге асыру;   зияткерлік меншікті қорғау саласындағы заңнаманы қолданудың практикасын қорыту; зияткерлік меншік құқығын қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын түсіндіру жөнінде құқықтық түсіндіру жұмысын қамтамасыз ету және өткізу, аталған саладағы құқық бұзушылықтың алдын алу мен анықтау болып табылады.

«Қазақстан Республикасының Әділет органдары туралы» Заңының 3-бабына сәйкес, әдiлет органдарының мiндеттерiнің бірі – зияткерлiк меншiк құқықтарын сақтау және қорғау саласындағы мемлекеттiк саясатты қалыптастыру және іске асыру болып табылады. Осыған орай, Әділет органдары зияткерлік меншік құқықтарының барынша сақталуы, азаматтардың осы саладағы құқықтарының бұзылуын болдырмау, құқық бұзушылықтар орын алған жағдайда заңнамалар аясында қалпына келтіру және азаматтардың осы саладағы құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша қарқынды жұмыстар жасай бермек.

Ирина Бакишева,

Қызылорда облысы Әділет департаментінің басшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!