«Бізге қазір технократтар керек» деген атақты академик Асқар Жұмаділдаевтың сөзі айна қатесіз келіп тұр. Жаһандық дамуға бет алу үшін бізге өнеркәсіп өндірістері басты бағытта болу керек. Оған қызығушылық байқатқан ел жастарының қатары да қалың. Топ жарып талай бәйгеде өздерінің ерекше идеяларымен көрініп келеді. Таяуда облыстық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған жас дәнекерлеушілер сайысының жүлдегерлері Заріпәлі Әділет пен Денис Сергеевич осы қатарда. Олар – Смағұл Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінің дәнекерлеу ісі мамандығының студенттері.

«Таяуда қала күні мерекесіне орай «Qosyl» қалалық Жастар ресурстық орталығы тапсырысымен «Ай-Қанат» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жастар арасында кәсіптік-техникалық мамандықтарды насихаттау мақсатында «Жас электриктер», «Жас дәнекерлеушілер», «Жас аспазшылар», «Жас автоэлектриктер», «Жас автомеханиктер» байқауы өтті. Осы байқауға көптеген мамандар қатысып, бақ сынады. Біз ең жасы болдық», – дейді Әділет Тұрсынәліұлы.
Әділет – Жаңақорған ауданына қарасты Келінтөбе ауылының тумасы. Кішкентайынан көкесіне еліктеп, дәнекерлеуші болуды ойлаған. Осы кезге дейін бірқатар туындыларды жасап, тұтынушыға табыстап та үлгеріпті. Мәселен, гүл қойғыш, үстел мен орындықтар, терезенің қорғаныс торлары – қазір нарықта ерекше сұранысқа ие заттар. Ол мұндай дүниелерді колледждегі және тағылымдамадағы ұстаздарының көмегімен әлденеше рет жасап, машықтанған. Бүгінде оқу бітірген соң мамандығымен кәсіп етуді ойлап жүр.
«Қазір 3-курста оқимын. Диплом алатын сәт жақын. Осы оқу орнында оқып жүріп, не түйдім, не үйрендім және оны қалай кәдеге асырамын деп ойлаймын. Осы кезге дейін бұл өнерді пайдаланып, жасаған дүниелерімді табыс табу мақсатында сатып та көрдім. Менің қолымнан келетініне көзім жетті. Алдағы уақытта осы істің қыр-сырына қанығып, мұнан да зор туындыларды өмірге әкелетініме сенемін», – дейді Әділет.
Бүгінде колледжде көптеген жас өзінің жарқын болашағына қанат қағуда. Олардың ойы ұшқыр, қиялы жүйрік. Ерекше дизайнмен жасағанды және сапалы бұйым шығарғанды құп көреді. Оқу орнының ұжымы бұл ретте табандылық танытқан таланттарды түлетіп, өмірден өз орнын табуға бейімдеп келеді.
«Әріптесім Гүлшырай Аяпова екеуіміз дайындаған шәкіртім қатысып, марапат мінберіне көтерілді. Әрине, ұстаз үшін шәкіртіңнің шыңға шыққаны маңызды. Олар қазір маманданып, қолдан түрлі бұйымдар істеп жүр. Темірдің ерекшелігі қалай исең, солай майысады. Одан тұрмысқа қажетті, сәндік үлгідегі көптеген тың дүниелерді шығаруға мүмкіндік мол. Шәкірттеріміздің көзі толық жеткен. Алдағы уақытта да олар өздерін жақсы қырынан көрсететініне сенеміз», – дейді колледж оқытушысы Әзиз Кирданов.
Кез келген мамандықты игеріп, оны кәсіп көзіне айналдыруға болады. Бар болғаны талап пен ынта және еңбекқорлық керек. Еңбектің нанын жеген қай шәкірт болса да мамандық алдындағы жауапкершілікті ұғынары анық.

Д.ТҰРСЫНХАНҰЛЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!