Орта Азиядағы су тапшылығы 2050 жылға қарай өңірдегі жалпы ішкі өнімді 11 пайызға төмендетуі мүмкін. Қазақстан да «суға мұқтаж» елдердің санатына кіру ықтималдығы жоғары. Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз суға зәру. Бұл ауылдағы ағайын үшін ғана емес, қалалықтар үшін де өзекті мәселе болып отыр. Ірі мегаполистердің инфрақұрылымы жылдан-жылға сұранысқа жауап бере алмай келеді. Оған қоса құрғақшылық, трансшекаралық су көздеріне тәуелді екеніміз тағы бар.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәселеге ерекше назар аударып, Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылатынын айтты. Президент Жолдауында шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптама мен болжам керектігін, ол әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын қамту қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ су ресурстарын тиімсіз пайдалануға және гидротехникалық нысандардың әбден тозуына қатысты мәселелерді шешу үшін жаңа Су кодексін уақытылы қабылдау қажеттігін назарға салды.
– Жыл өткен сайын халық саны да, экономика да өседі. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршаға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жолдауда жарияланған реформа, берілген тапсырмалардың орындалуы басты назарда, су шаруашылығы проблемаларын шешу жөніндегі жұмыс та жалғасуда. Алдағы уақытта трансшекаралық ынтымақтастық жөніндегі жұмыс күшейеді. Президенттің 15 қолданыстағы және жаңа 20 су қоймасын салу, кемінде 3 500 шақырым каналды жаңғырту және цифрландыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы қолға алынды. Оның шеңберінде 16 жаңа су қоймасы қайта жаңарып, 9 жаңа су қоймасы салынбақ. 212 суару каналы жөнделіп, цифрландырылады. Тиісінше, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі бағдарламалық құжаттың қолданыстағы жоспарын қайта қарау күн тәртібінде. Су кодексінің жобасында «ауыз сумен жабдықтау туралы», «суару және дренаж туралы» және «бөгеттердің қауіпсіздігі туралы» бөлімдерді қосу арқылы коммуналдық-тұрмыстық сумен жабдықтауда және суармалы егіншілікте суды пайдалану жөніндегі нормаларды күшейту өзекті болып отыр.
Жаңа министрлік еліміздегі ескірген немесе жұмыс істемей тұрған су қой­ма­ла­рын қал­пына келтіру, суды тиімді пайдалану мәсе­ле­ле­рімен тіке­лей ай­на­­лысып, жоспармен жүйелі жұмыс істеуге сақадай сай. Бұл о­рай­да жеке ми­нис­тр­ліктің құ­ры­луын құп­­тағандар көп. 30 жыл қатарынан су мәселесін көтеріп жүрген сарапшы, тәуелсіз журналист, Арал-Сырдария бассейндік Кеңесінің мүшесі Айткүл Шалғынбаева суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беру дұрыс деп санайды. Бұл, бір жағынан экономиканы әртараптандыру болса, екіншіден су мұқтаждығын шешпек. «Атап айтсақ, Қызылорда облысында күріш егу үдерісін тоқтатуға болмайды. Күріштіктің көлемін белгілі бір шектен төмендетсе, тағы да бір экологиялық апат қаупі туындайды. Сондай-ақ аймақтың мыңдаған гектар егіс алқабын жаппай тұзданудан күріштің суы қорғап тұр. Егер күріш дақылын азайтса, немесе егуді тоқтатса, Қызылорданың топырағы егіс егуге жарамай қалуы әбден мүмкін. Ол жағдайда топырақ балансы бұзылып, өңір аппақ тұз басқан аймаққа айналады» деген пікір айтты А. Шалғынбаева.
Сонымен қатар журналист жаңадан құрылған министрлік біріншіден, кадр мәселесін шешу керек, екіншіден, мықты сушылардың қатысуымен жеделдетіп Су Кодексін қабылдау керек екенін еске салды.
– Осы уақытқа дейін министрлікте қазақ суының мүддесін қорғайтын кадрлар қалыптаспады. Трансшекаралық сулардың бөлінісінде Қазақстан әлі ұтылып келеді. Мәселен, Су Кодексінде трансшекаралық сулардың құқықтық аспектілері мен мүдде ескерілмеген. Кодексте тек ішкі суларды пайдалануға, ауыл шаруашылығына қажетті суды реттеуге маңыз берілген. Осы жылдар ішінде ішкі су жолдарын аршуға, тазалауға, жөндеуге триллиондаған қаражат жұмсалды. Бірақ ештеңе өзгерген жоқ. Сол 50-60 жылғы тозған гидроқондырғылар. Әлі де су тораптарында қолмен іске қосылатын механизм сақалы сапсиып тұр. Озық елдерде бәрі цифрланған. Бүкіл ел бойынша көрініс осындай. Қазақстанда Суды пайдалану, реттеу, сақтау саясаты болмағандықтан, трансшекаралық суларды пайдалануда есеміз кетті. Судың бастауындағы көршілер қазақпен есептесуді жөн көрмейді, мәмілесуде өктемдік танытатыны да шындық. Ендігі жерде Су Кодексін қабылдауға қазақ суының бүгінгі атасы Нариман Қыпшақбаевтан бастап мықты су мамандарын қатыстыру қажет, – деп жазды ол фейсбук парақшасында.
Гидрогеолог Ерғали Әуелхан да министрлік нақты бір бағытта жұмыс істесе, аграрлық сектордың, ауыл шаруашылығының, өндірістік саланың дамуында қарқын үдейді деген пікірде. Бұдан бөлек, Cәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті Экология кафедрасының қауымдастырылған профессоры, биология ғылымдарының кандидаты Гүлмира Сатыбалдиева су мәселесін шешу үшін кешенді басқару жүйесін құрып, тұтынушылардың жауапкершілігін арттыру қажет деп біледі.
– Су бірден шешіле салатын мәселе емес. Ол үшін кешенді басқару жүйесін құрып, шаруашылықтар мен кәсіпорындардың дамыған елдерде қолданылатын су үнемдейтін технологияларды кеңінен пайдалануды талап ету керек. Су ресурстарын барынша тиімді пайдалану және ластанудан қорғау арқылы үнемдей аламыз. Одан бөлек су саласында маман дайындауды күшейту маңызды. Жоғары оқу орындарында экологиялық білім мен тәрбие қалыптастыруға ықпал ететін арнайы пән енгізу қажет, – дейді Гүлмира Сатыбалдиева.
Әзірге су саласындағы қордаланған осы және өзге де мәселелер жаңа министрге артылып отыр. Ал жаңа ведомство жұмысты қалай иіріп әкетініне уақыт таразы…


А.СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!