Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан XIX Жазғы Азия ойындарында жерлесіміз Мағжан Шамшадин дзюдодан қола жүлдегер атанды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері бұған дейін  «GRAND SLAM» халықаралық турнирінің және Әлем Кубогының жеңімпазы атанған болатын. Енді, міне, Азия ойындарында жүлдеге ілікті. Мерейлі сәтте спортшымен байланысып, жарыс жайы мен алдағы жоспары туралы пікірін білген едік.

– Мағжан, Азия ойындарында тартысты бәсеке көрсеткеніңізді байқадық. Сыр елі үміт артып, жанкүйер болды. Нәтиже де жаман емес. Қола – қоржында. Сіздің көзіңізбен қарағанда, жарыс қалай өтті? Бас жүлде еншілеуге не кедергі болды деп ойлайсыз?

– Алтыннан үмітті болғанымыз рас. Еңбек пен талпынысқа сенім арттық. Бұйырғаны қола болды. Ең басты кедергі – додағы қателік. Болмашы кідіріс немесе қимыл күтпеген нәтижеге әкелуі ықтимал. Себебі, дзюдо кемшілікті кешірмейді. Менің де техникалық қателігім болды. Белдесу барысында 1-2 секунд тоқтап қалдым. Қарсылас ұтымды сәтті пайдаланып, жерге жықты. Салдарынан алтын қолдан кетті. Дегенмен жеңісті күн әлі алда.

– Үшінші орын үшін тартыста тәжікстандық Мерзод Суфиевпен бақ сынастыңыз. Жүлдеге ілігуіңізге де сеп болған осы кездесудегі жеңіс екені сөзсіз. Бұл спортшымен бұрын белдесіп көрдіңіз бе? Мерзод қандай қарсылас бола алды?

– Мерзод Суфиевпен бірнеше рет кездестім. Мәселен, жақында өткен «GRAND SLAM» турнирінде қарсыласым болды. Ол кезде басым түскен едім, бұл жолы да есе жібермедім. Әрине, бұл қарсылас осал деген сөз емес. Мерзод та бос жатпағанын көрсетті. Қимылы ширақ, ұмтылысы орнықты. Тек тәжірибе жетіспеген секілді.

Белдесуде өзімді сенімді ұстап, жеңіске жететініме нандым. Себебі, сенім – шешуші құрал. Халықаралық жарыстарда байқағаным, физикалық жаттығумен қатар психологиялық дайындықтың маңызы жоғары. Жарыс қорытындысына дайын болу, қарсыластың мысын басу, қобалжуды азайту үшін психологиялық дайындық керек. Мен де өзіме сенімді болдым. Нәтижесінде жеңісті қолдан бермей, III орынға тұрақтадым.

– Өзіңіз айтып өткендей, жақында турнир жеңімпазы атандыңыз.

Кезекті доданың арасында 3-4 ай ғана уақыт өтті. Бұл уақыт спортшы үшін аздық етпей ме? Өткен жолғы жарыстан соң қайта қалыпқа келіп үлгердіңіз бе?

– Әрине, қалыпқа келдім. Ұзақ жыл тәжірибеден соң бой үйренген.

Күнделікті дайындық, белдесу.

Мұның бәрі жарыстан жарақатсыз, шаршамай шығуға сеп. Дзюдо спортында жарыс пен дайындықтың айырмасы шамалы екенін ескерсек, додаға қалыптасқанбыз. Сондықтан болар, жарыстан кейін көп үзіліс болмайды. Мысалы, жылына 2 айға жуық ғана үйде боламыз. Қалған уақыт жаттығу мен жарысқа тиесілі.

– Шетелде белдесудің жауапкершілігі мен әсері қандай?

– Әрбір жарыс жауапкершілік жүктейді. Ал халықаралық додада ел байрағын көтеру, халық беделін асыру мүлде бөлек сезім. Дегенмен, осы реттегі маңызды ұстанымды жеткізгім келеді. Жауапкершілікті шектен тыс сезіну немесе «қайтсем де еліме «алтын» апарамын» деген қатып қалған қағида дұрыс емес. Көп спортшының психологиялық дайындығына кедергі келтіретін де  осы. Себебі, тек жеңісті ойлап, кедергі мен тәуекелді есептей алмаған спортшы тиімді шешім қабылдамайды. Соңында опық жейді. Жарыста сезім емес, салқынқандылық жеңіс әкелетінін ұмытпаған жөн. Бұл сөзім ел намысын ойламау керек дегенді білдірмейді. Керісінше, аталған ұстаным жеңіске жетелейді.

– Туған жеріңіз – Сыр өңірінде сізді үлгі тұтып, дзюдомен айналысуға ниет білдірген жас қатары артуда. Осы орайда спорт жолына енді қадам басқан жас өренге қандай кеңес берер едіңіз? 

– Адам жан қалауымен өмір сүруі тиіс. Біреуге еліктеу немесе басқаның жетістігі сенің де сол жолға түсуің керек дегенді білдірмейді. Сондықтан спортқа қадам басқан жас өрен алдымен өзіне есеп беруі шарт. «Маған осы спорт түрі ұнай ма?», «Болашағымды қалай байланыстырамын?» деген сұраққа жауап табу орынды. Сонда ғана нәтиже болады.

Әрине, еңбек пен жүйелі ізденіс – кез келген спорттың іргетасы. Онсыз жеңіске жету мүмкін емес. Қажетті спорт түрін таңдаған соң ұстаздың айтқанын орындап, тұрақты дайындық жасау қажет. Бұдан басқа жеңіс жолын көрмедім.

– Алдағы жоспарыңыз қандай? Сізді қай жарыстан көруіміз мүмкін?

– Келесі айда Сочи қаласында жиын өтеді. Сол жақта ресейлік әріптестермен дайындыққа кірісеміз. Жыл соңына дейін Абу-Даби, Токио қалаларында «GRAND SLAM» турнирі өтеді.  Сол жарыстарда ел намысын қорғауды жоспарлап отырмыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!