Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы мерейтойлық саммиті өтті. Шараға Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан мемлекеттерінің басшылары, сондай-ақ бақылаушы мемлекеттер – Венгрия және Түркіменстанның басшылары қатысты. Жиында Президент алдымен  түркі бірлігін таныту үшін Қазақстанның төрағалығы «ТҮРКІ ДӘУІРІ!», яғни «TURKTIME!» ұранымен өтетінін айтты.

– «Қазақстанның бастамасымен құрылған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі толыққанды беделді халықаралық ұйымға айналды. «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітілді. Ең бастысы, бауырлас елдердің бірлігін бекемдей түстік. Ортақ құндылықтарымызды төрткүл дүниеге таныттық. Ендігі мақсат – өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау. Түркі әлемі жаһандық ықпалы бар елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап отыр. Басқа мемлекеттер біздің ұйымның ұстанымдарына баса мән беретін болды», – деді Президент.

Түркі бірлігін таныту үшін «ТҮРКІ ДӘУІРІ!», яғни «TURKTIME!» ұраны таңдап алынған. Осыған орай салт-дәстүр (Traditions), біріздендіру (Unification), реформалар (Reforms), ғылым (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy)» атты сегіз мәселеге басымдық берілді.

Бірінші басымдық – салт-дәстүр бойынша Түркі мемлекеттері ұйымының, оның құрылымдарының туын және эмблемасын бір үлгіге келтіру жайлы ұсыныс қозғалды. Өткенді ұмытпау тарихты ұлықтаудан басталатыны айтылып, құзырлы органдар беймәлім деректерді бірлесіп зерделеуге уағдаласты. Себебі ортақ тарихта әлі де толық зерттелмеген ақтаңдақтар бар. Екіншіден, Түркі мемлекеттерінің қатар дамуы өзекті. Бұл орайда мемлекет стандарттары және терминологиясын жүйелеу маңызды болмақ. Президент бұл ретте  модельдік заң жобасын қысқа мерзім ішінде қарап, оны мақұлдауға шақырды. Бұл бастама тауарларды ортақ нарыққа еркін шығаруға жол ашады. Бұдан бөлек, Түркі мемлекеттері ұйымының Референттік орталығын құру күн тәртібіне шықты. Бұл орталық өнімді сынау нәтижелерін өзара тануға, сондай-ақ химия және тамақ өнеркәсібі салаларында жаңа зерттеулерді жүргізуге мүмкіндік бермек.

Ал үшінші басымдық – реформалар бойынша Орталық сайлау органдарының консультативтік кеңесін құру өзекті. Ал ғылыми әріптестік бойынша Президент «Елдерімізде әлемдегі үздік университеттердің филиалын ашуды ұсынамын. Бірлескен ғылыми шаралар өткізіп, тәжірибе алмасу керек. Жасанды интеллектті, цифрлық және аэроғарыш өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударған жөн» деген пікір айтты.

Бесінші басымдық сенімге құралған. Аумалы-төкпелі заманда халықаралық ахуал тұрақсыз. Осындай алмағайып кезеңде түркі жұртының бірлігін бекемдей түсу аса маңызды болып отыр. Бұл ретте қару-жарақ және есірткі саудасына, терроризм мен экстремизмге, көші-қонға қатысты сын-қатерлер көбейді. Мұндай қауіптің алдын алу үшін қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық одан әрі нығаяды. Осы орайда келесі жылы Астанада Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының 3-ші отырысы өтпек.

Маңызды бағыттардың ішінде инвестиция мәселесінің ауқымы кең және Астана қаласына Түркі әлемінің Қаржы орталығы мәртебесін беру туралы бастаманың қолдауға ие болуы оның қаншалықты мән-маңызға ие екенін айшықтап тұр.

 Жетінші  бағытта қамтылған медиация тақырыбының рөлі айтпаса да түсінікті. Жиында Палестинаға гуманитарлық көмек ретінде 1 миллион доллар бөлу туралы шешім қабылданғаны хабарланды.

– Солтүстікте Ресей мен Украина, Таяу Шығыста Израиль мен Палестина арасында қанды қақтығыс болып жатыр. Ауғанстанның жағдайы да тұрақсыз. Батыста заңсыз көші-қон мәселесі ушығып тұр. Бүгінде Газа Секторындағы бейбіт тұрғындар, әсіресе, балалар және қарттар жанжал азабын шегуде. Ондаған жыл бойы шешімін таппаған өзекті мәселелерді зорлық-зомбылық көрсету және лаңкестік әдістер арқылы шешу мүлдем дұрыс емес. Қазақстан мұндай тәсілдерді қатаң айыптайды. Біз үшін әр елдің аумақтық тұтастығын сақтау және оның ішкі ісіне қол сұқпау – басты басымдық. Халықаралық құқық нормаларын сақтай отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын мүлтіксіз орындау маңызды. Қазір Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қызметі тоқырауға түскені жасырын емес. Осындай кезде Бас Ассамблеяның рөлін күшейту керек. Бұл ретте Қауіпсіздік Кеңесін реформалау ісінде мейлінше сындарлы болу қажет. Біздің ойымызша, бұл маңызды орган әлемнің барлық аймағын қамтитын мемлекеттермен толығуға тиіс. Бұл тұрғыда түркі интеграциясын бекемдей түсуге мән берген абзал, – деді мемлекет басшысы.

Келесі кезекте Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан ЕО-ның Украинаны одан әрі қаржыландыру жоспарын сәтсіз екенін атады. Ол Еуропаның Украинаны қару-жарақпен қамтамасыз ету тактикасы енді іске аспайтынын және бұл тактиканың Путинді тоқтата алмайтынын жеткізді.

«Әрине, бұл сәтсіз жоспар. Амбициясы мықты, бірақ сәтсіз. Бұл жоспар жүзеге аспайды және осы уақытқа дейін нәтижесін көрген емеспіз. Еуропалық саясаткерлердің кемшілігі осында: біз шындыққа бетпе-бет келіп, «Б» жоспарын жасаймыз ба, жоқ па? Кейбір елдер қазір істеп жатқанымызды жалғастырайық десе, басқа елдер «Б» жоспарын ұсынып жатыр. Қазір Украинаға 50 миллиард еуро бөлу идеясы бар. Бұл алдыңғы стратегияның сәтсіз болғанын, оны жалғастыру керектігінің және одан да көп ақша бөлу қажет екендігінің белгісі. Енді бұл пікірталас Еуропалық Одақ ішінде үлкен дау тудырып отыр. Және осы дау тағы бір-екі ай жалғасады. Бірақ, мырзалар, президенттер, мен Мажарстанның «Б жоспарын» қолдайтынын айтқым келеді.Біз бейбітшілікке, Украинаға да, Ресейге де қолайлы қауіпсіздіктің жаңа инфрақұрылымын жасауға шақырамыз», – деді Орбан.

Жиында энергия қорын үнемдеу мәселесіне де баса мән берілді. Бұл бағытта биыл Қазақстанда Халықаралық энергетика форумын өткізу ұсынылды. Сонымен қатар 2026 жылы Қазақстанның бастамасымен климат мәселесіне арналған аймақтық саммит өткізу жоспарланып отыр.

А.СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!