Фото: egemen.kz

Кейде ескі кітаптың құны мен қадірін ұға бермейтініміз рас. Көне сарай, үй шатырында шаң басып жатқаны қаншама. Қолға алып оқуға мүжілген мұқабасы мен сарғайған парағы кедергі деп ойларымыз белгілі. Алайда қолда барды қадірлей білсек, көне кітаптың өзі құнды жәдігерге айналатыны түсіне бірмейтініміз жасырын емес. Олай дейтініміз, мұндай жәдігерлер егесіне қомақты қаржы әкеліп, болашаққа салынған инвестиция орнына жүруге қауқарлы. Тек ұқыпты ұстап, қалыпқа келтіруді қапы жібермесе болғаны.
Бүгінгі тақырып – кітап реставрациясы мәселесі. Елімізде кенжелеген саланың олқылығы неде? Құнды жәдігер иелері қандай кедергіге кезігеді? Күтіп ұстаудың кеңесі қандай? Маман жеткілікті ме? Міне, осы мазмұндағы сауалдарға жауап іздеу арқылы тақырып аясын ашуға тырысып көрелік.
Қазақстанда көне кітапты қалыпқа келтіріп, жинақтаумен кәсіби түрде айналысатын мекеме бар. Ол – Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы. Адам тәнін емдегендей ыждаһат пен ықылас, байып пен зейінді тоғыстырған мамандар ісіне тиянақты, жоспары мығым. Тіпті өзара бұл орталықты «кітап емханасы» деп атайды екен. Мұндағы реставрация лабораториясында жүзжылдықтар тоғысында жарық көрген кітаптарға өмір сыйлап, сыртқы және мазмұндық сипатын қалыпқа келтіреді.

Өкініштісі, арнайы орталық жүйелі жұмыс істегенімен саладағы маман тапшылығы реставрация бағытының дамуына кедергі келтіруде. Аталған мәселені орталықтың бөлім басшысы Сырым Ботабеков те бірнеше мәрте көтеріп, мәселенің мән-маңызын БАҚ өкілдеріне жеткізген еді.
Расында, Қазақстанда тек 20 шақты кітап реставраторы бар. Елімізде реставрация жоқ деп айтуға болмайды, әрине, Әр қордың кішігірім өңдеу жұмыстарын атқаратын мамандар қалыптасқан. Бірақ бұл қызметті кәсіби деңгейде атқаратындар аз. Кезінде сала министрлігі аталған мәселемен танысып, шешуге септігін тигізетінін айтқан болатын. Қазіргі уақытта отандық жоғары оқу орындарымен реставратор мамандарды даярлау мәселесі бойынша келіссөздер жүргізілуі де сол жұмыстың нәтижесі болса керек.
Жалпы Қазақстанда кітап реставраторлары жетіспейтіні бұрын да айтылып келген. Ең басты кемшілік, отандық жоғары оқу орындары ондай мамандарды даярламайды екен. Яғни, бұған дейін кәсіби оқыту жүргізілмеген деген сөз. Тек соңғы бірнеше жылда іс ілгерілеп, жауапты министрлік ЖОО-мен келіссөз жүргізуге көшкен. Аталған қадам елдегі кітап өңдеумен айналысатын мамандардың қатарын көбейтеді деген үміт бар.
– Еліміздегі үлкен мұрағаттарда реставрация зертханалары ашылып жатыр. Қазақстан бойынша реставраторлардың біліктілігін арттыру бойынша кәсіби деңгейде айналысатын екі орталық бар. Біріншісі – Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасы, екіншісі – елордадағы «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы». Енді «Астана қаласының мемлекеттік архиві» де қатарымызға қосылады. Шетелдіктермен тәжірибе алмасу аясында 2 маманымыз Арменияға реставра­торлардың басқосуына барып келді. Сондай-ақ Корея, Түркия, Армения, Ресей елдерінен білімін жетілдірген мамандар да бар, – деді «Реставрация-консервация» бөлімінің басшысы.
«Реставрация-консервация» бөлімі демекші, мұнда атқарылған жұмыстар кітапты қалыпқа келтірудің озық үлгісін көрсетіп жүргенін айта кету керек. Мысалы, Сырым Ботабеков жетекшілік ететін бөлімде көне жәдігер жетерлік. Көбі XVII–XVIII ғасырларға жататын құнды кітап. Барлығы дерлік республикалық, халықаралық институттар мен жеке коллекциядан келген дүниелер. Бұл жердегі істің ыңғайын білетін мамандар жарамсызға саналған кітапқа жан бітіріп, жандан­дыруға қауқарлы.
– Ор­та­лықта 7000-ға жуық жәдігер бар. Олардың дені қазақ, орыс, парсы, араб тілінде жазылған кітаптар. Қолжазба қорында 300 кітап, ал цифрлы қорда 500 мың жәдігер жинақталған. Бұл деректер ортағасырлық Қазақстан мен шығыс елдерінің тарихы, діні, ғылымы туралы толыққанды мәлімет бере алатынымен құнды. Бірде хижра жыл санауы бойынша 1280 жылы шыққан, яғни заманауи уақыт өлшемі бойынша 1863 жылы жарық көрген «Құран» кітабын әкелді. Бұл «Нұр-Астана» мешітімен бірлесе атқарған жұмыс еді.
Өкініштісі, реставратор маманын еш жерде оқытпайды. Елордадағы мамандардың өзі бұрынғы тарихшы, суретшілер. Олар шеберлігін шыңдау үшін ел асып, Иран, Оңтүстік Корея, Армения секілді мемлекеттерге баруға мәжбүр, – дейді Сырым Болатбеков.
Маманның айтуынша, реставрацияға түрлі жәдігер ілігуі мүмкін екен. Кітап, қолжазба, нота, карта, фотосурет, хат бөлшегі секілді кез келген ескінің көзін қайта қалыпқа келтіруге мүмкіндік бар. Ол үшін белгілі бір технология мен тәжірибе жеткілікті. Ал мұндай құнды тәжірибені игеру оңай жұмыс емес.
Жалпы әлемдік тәжірибеде кітапқа реставрация жасау процесінде бірізділік бар. Бізде де сол технология қолданылады екен. Мысалы, реставрацияға тіркелген құжат алдымен целлофанға салынады. Бұл процесс кезінде барлық оттегі алынып, кітап бойындағы микроорганизмдерді тазарту үшін инертті газ қосылады. Бұған дейін инертті газдің орнына формалин пайдаланылып келген болатын. Алайда бұл қоспаның ағзаға зияны анықталып, қолданыстан алынған.
– Келесі кезеңге өтеміз. Бұл кезеңде вакуумдық генератор арқылы кітапқа ғасырлар бойы жиналған шаң-тозаң алынады. Сосын арнайы құралмен қолма-қол тазарту жүргізіледі. Соңғы кезеңдер парақтың қышқылдығын өлшеу, кептіру жұмысына жатады. Ескеретін жайт, кітап желімі ретінде ғасырлар бойы қолданылатын ұн желімін пайдаланамыз. Оны қолдан жасау оңай. Бар болғаны ұн, тазартылған су, желатин, глицерин және антисептик керек.
Құжатты сақтаудың нормативтері бар. Қағазды ұзақ уақыт сақтау үшін бөлменің температурасы +18 бен +20 градус аралығында, ал ылғалдылық 55-60 процент болуы қажет. Егер одан төмен немесе жоғары болса, зиянын тигізеді, – дейді реставратор.
Сырым Сайлауұлының айтуынша, елімізде ірі мекемелерге құжаттарды ұзақ сақтауға жағдай жасалған. Ал ауылдық елдімекендерде бұл жағдай қиын.
– Шалғай аудандарда жалақы аз, сондықтан жұмыс істеуге жасалатын жағдайлары жайлы айта алмаймын. Шетелге барып, тәжірибе алмасуға мүмкіндіктері жоқ. Сондай-ақ ғұламалардың басым көпшілігі ауылдық жерден шыққан, сәйкесінше, олардың қолжазбалары да сол жергілікті мекендегі музейлерде сақталады. Ал ауылдағы мамандар құжатты сақтау нормативтерін дұрыс білмеуі мүмкін. Бұл жағдай оларды ұзақ уақыт сақтауға кері әсерін тигізеді, – дейді ол.
P.S. Құнды кітаптар нарығында жәдігердің жылы ескірген сайын бағасы аспандай беретін үрдіс бар. Тіпті бір ескі кітапті зәулім үй, қымбат көлік, қомақты ақшаға айырбастаған оқиғаларды естіп те жүрміз. Дамыған елдерде ескі кітаптардан коллекция жинау ауқатты адамдардың ермегіне айналғаны да саланың табысты болашағынан хабар берсе керек. Сондықтан аталған салада білім жетілдіріп, тәжірибе алмасуға ұмтылу – кезек күттірмейтін қадам.

Р.МАҚСҰТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!