Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Бір аптаның ішінде Қазақстанда пияз бағасы 4,2 пайызға қымбаттады. Бағаның ең жоғары өсуі Көкшетауда тіркелді – плюс 16,3 пайыз. Мұның мән-жайын KAZ.NUR.KZ анықтады.

Соңғы айларда Қазақстанда пияз бағасы күрт төмендеген болатын. Бұл құлдыраудың салдарынан ауыл шаруашылығы саласында түрлі проблема туындады. Кейбір шаруалар егінін сата алмай, көбі ысырап болмас үшін пиязды тегін үлестіруге мәжбүр болды.

Алайда сәуір айының соңында жағдай күрт өзгерді. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстанда пияз бағасының күрт өсуі тіркелді. Бар болғаны бір аптаның ішінде, яғни 23-30 сәуір аралығында ол орташа есеппен 4,2 пайызға өсті.

Өңірлер бойынша баға Көкшетауда ең жоғары – 16,3 пайызға өсті. Одан кейінгі орында Тараз – плюс 15,1 пайыз, Ақтөбе үздік үштікті жапты – бір апта ішінде плюс 13,1 пайыз.

Сондай-ақ Қарағандыда (7,6 пайызға), Талдықорғанда (6,7 пайызға), Атырауда (6,3 пайызға) және Алматыда (5,6 пайызға) бағаның қатты өсуі байқалды. Астана мен Шымкентте өсім аптасына сәйкесінше 1,2 пайыз және 2,2 пайыз болды. Бұл ретте еліміздің алты қаласында бір апта ішінде пияз бағасы өзгерген жоқ: Жезқазған, Қостанай, Өскемен, Павлодар, Петропавл және Семейде. Ең аз өсім Ақтауда тіркелді – бір аптада небәрі 0,8 пайыз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!