Төртжылдықтың басты додасының басталуына 2 айдан астам уақыт қалды. Қазіргі уақытта Қазақстан еншісінде 51 жолдама бар.

Осы аптада Қазақстан құрамасы велотректен Париж Олимпиадасының 1 жолдамасына ие болды. Бұл лицензия жеке спортшының өзіне емес, Ұлттық федерацияға беріледі.

ҚР Спортты дамыту дирекциясы мәлім еткендей, Қазақстан атынан баратын спортшы кейрин және спринт дисциплинасында бақ сынай алады.

Ал осыған дейін 50-ші жолдамаға көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасының үздігі Эльжана Таниева Ташкентте өткен Азия чемпионатында қол жеткізген болатын.

Отандасымыз көпсайыс қорытындысы бойынша 133.40 ұпай жинап, бірінші орынға ие болды. Жарыс ережесі бойынша, квота тек қана алтын медаль алған спортшыға беріледі. Осылайша Эльжана Таниева Азия чемпионатының алтын медалімен бірге, Олимпиада ойындарының жолдамасын да жеңіп алды.

Мұның алдында қазақстандық спортшы Эдуард Ещенко Олимпиада ойындарының жолдамасына стенд атудан Қатар астанасы Дохада өтіп жатқан лицензиялық турнирде қол жеткізді.

Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі атап өткендей, бұл ел қоржынына түскен 49-шы жолдама.

Эдуард Ещенко скит бағдарламасында жекелей сында финалға жетіп, үздік үштікке ілікті. Эдуард алтын және күміс жүлдегер атанған спортшыдан тек 1 ұпай қалып қойды (35 ұпай).

Бұл стенд ату шеберлерінің 2-ші жолдамасы. Осыған дейін трап жаттығуында Мария Дмитриенко командаға лицензия сыйлаған.

Нысана көздеуде жолдама спортшының жеке өзіне емес, Ұлттық федерацияға беріледі. Ал Қазақстанға Олимпиаданың алғашқы жолдамасын сыйлаған спортшының кім екені баршаға қызық.

Kazinform ақпараттық агенттігі ел спортшыларынан Париждегі дүбірлі додаға ең алғашқы жолдаманың бірін Ислам Сәтпаев жеңіп алғанын хабарлаған болатын. Ол өткен жылы Әзербайжанның бас шаһары – Бакуде өткен нысана көздеуден 53-ші лицензиялық әлем чемпионатында ерлер арасында 10 метрге пневматикалық мылтықтан ату жаттығуында 206,5 ұпаймен 4-орын алып, Олимпиада лицензиясына ие болған еді.

Ислам 1998 жылы 21 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Нысана көздеу спортымен 7-сыныптан бері айналысып келеді. Мектеп қабырғасында жүргенде сыныптасы Исламға тир атып көруді ұсынады. Сол кезден бастап оның оқ атуға деген қызығушылығы оянып, бірден нысана көздеу үйірмесіне жазылады. Халықаралық жарыстардың болашақ жүлдегері өзінің алғашқы жаттықтырушысы Валентина Дериглазованың тәлім-тәрбиесімен осы спорттың қыр-сырына қаныға бастайды. Еңбек сіңірген жаттықтырушы 5 жыл бойы Исламды балалар спорт мектебінде жаттықтырып, тәрбиеледі. Кейін Ислам Сәтпаев мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебіне ауысып, күні бүгінге дейін еңбек сіңірген жаттықтырушы Геннадий Насоновтың қол астында жаттығып келеді.

Жерлесіміз 2023 жылғы Әлем кубогінде екі мәрте күміс жүлде жеңіп алса, Қытайдың Ханчжоу қаласында мәресіне жеткен Азия ойындарында қола медальді мойнында жарқыратты.

Ал жуырда ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Париж Олимпиадасында қазақстандық құрама қандай спорт түрлерінен медаль алуы мүмкін екенін айтты.

– Ең алдымен біздің құрамада кім бар екенін, кіммен жұдырықтасып, кіммен күресетінімізді және тағы басқаларын түсінуіміз керек. Қазақстан тарихында тұңғыш рет біздің балуан қыздарымыз, ауыр атлеттеріміз лицензиясыз қалды. Оған қоса біздің назарымызды аударған жаңа спорт түрлері пайда болуда. Бізде еш уақытта ату бойынша алты лицензия, садақ ату бойынша бес лицензия болған емес. Яғни белгілі бір «тосынсыйлар» болуы мүмкін. Егер үздік үштікті сұрасаңыз, бұл бокс, теннис және күрестің қандай да бір түрі, – деп атап өтті Ермек Маржықпаев.

Айта кетейік, биылғы XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде – 11 тамызы аралығында өтеді.

Оған дүниежүзінің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Спорттың 32 түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Францияның Париж қаласы 2017 жылдың 13 қыркүйегінде Перудің Лима қаласында өткен ХОК-тің 130-шы сессиясында 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қабылдаушы қаласы болып бірауыздан сайланды.

Бұрын 1900 және 1924 жылдары Олимпиада ойындарын өткізген Париж Ұлыбритания астанасы Лондоннан (1908, 1948 және 2012) кейін үш рет Олимпиада ойындарын өткізетін екінші қала болады.

А.НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!