Фото: Пресс-служба акима Абайской области

Sputnik. Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынына қарсы және құрғатылған үйлер мен аумақтарда дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.

Өткен тәулікте Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында су басқан аула аумағынан 130 800 текше метр су сорылды.

«Атырау облысының Құлсары қаласы мен Индер ауданының Индербор ауылында су басқан аумақтардан 95 852 текше метр су сорылды, 16 500 қап және 1 106 инертті материал төселді. Жайық өзенінің су деңгейіне мониторинг жүргізілуде. Атырау қаласы мен Махамбет ауданында қосымша бөгеттерді нығайту жұмыстары аяқталды», – делінген хабарламада.

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Құйлыс және Жайсаңбай ауылдарында бөгеттерді нығайту жұмыстары жалғасуда. Өткен тәулікте 6 870 қапшық пен 3 950 тонна инертті материал төселді.

Батыс Қазақстан облысының Орал қаласы мен Бәйтерек ауданының Мичуринское ауылында қуатты жылжымалы сорғы станцияларының көмегімен саяжай үйлерінен еріген қар суын сору жұмыстары жүргізілуде. Өткен тәулікте 203 260 текше метр су сорылды.

Республика бойынша эвакуацияланған 61 352 адам өз үйіне оралды. 5 452 адам уақытша орналасу пункттерінде қалды.22,9 млн еріген қар суы сорлып, 11 319 жеке тұрғын үй мен 3 593 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды. 7,9 млн артық қапшық және 1,5 млн тонна инертті материал төселді.

Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 5 112 адам, 730 техника, 243 су сору құралы және 57 жүзу құралы, 4 әуе кемесі жұмылдырылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!