Фото: ҚР ТЖМ

Қазақстанның тоғыз өңірінде ауқымды сейсмикалық дайындық жұмыстары жүргізіледі, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ТЖМ мәліметіне сілтеме жасап.

3-4 маусымда еліміздің сейсмикалық қауіпті өңірлерінде, Алматы, Шымкент қалалары мен Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында «Жер-2024» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді.

Оқу-жаттығуды үйлестіру жөніндегі республикалық штаб Шығыс Қазақстан облысы Өскеменде орналасқан.

«3 маусым сағат 10:00-де жойқын жер сілкінісіне ұшырау мүмкіндігі бар өңірлерде «Баршаның назарына!» сирена-сөйлеу құрылғылары іске қосылады. Сондай-ақ, адам көп жиналатын нысандарда сейсмикалық жаттығулар өткізіледі.

Оқу-жаттығу азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің жойқын жер сілкінісі нәтижесінде туындаған төтенше жағдайды жоюға дайындық деңгейін арттыру мақсатында жүргізіледі.

Аталмыш іс-шара республикалық және өңірлік азаматтық қорғау қызметтерінің, жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен, шартты түрде жойқын сілкініс кезіндегі іс-әрекеттерді пысықтау арқылы өткізіледі», – делінген хабарламада.

Оның барысында авариялық-құтқару жұмыстары, зардап шеккен тұрғындарды шұғыл қабылдау пункттері, оларды қабылдау мен көмек көрсетуге арналған палаткалық лагерлер мен далалық медициналық ауруханалар көрсетіледі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!