фото: 716.kz

Биыл 187 үй, ал 2025 жылы 237 тұрғын үй ыстық су жүйесіне қосылады. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін демеушілік есебінен 32 жоба әзірленді. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Медет Усаин хабарлады.

 – Мемлекет басшысы өткен жылы өңірімізге жасаған жұмыс сапары барысында Қызылорда халқын ыстық сумен қамту мәселесін дер кезінде шешуді тапсырған болатын. Осыған орай, облыс әкімінің тапсырмасы негізінде тиісті жұмыстар қолға алынды. Бүгінге дейін Қызылорда қаласындағы тұрғын үйлер электр сужылытқыш немесе газбен жылытатын құрылғылар арқылы ыстық сумен қамтамасыз етілген еді. Өздеріңіз білесіздер, бүгінде әр үйде кем дегенде 50 литрлік арестон бар. Ол құрылғы суды ысыту үшін 3 киловатт электр энергиясын қажет етеді. Оған кететін шығындар 1 700 теңге мен 2 000 теңгенің аралығын құрайды. Біз осы орайда арестон пайдаланатын үй мен ыстық су жүйесіне қосылған үйді салыстырдық. Нәтижесінде, ыстық сумен қамтылған үйдің шығыны 5 есеге арзан болатынын анықтадық. Жалпы, қалада орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 804 тұрғын үй бар. Осы тұрғын үйлерді ыстық сумен қамту үшін биыл құрылыс монтаждау жұмыстары басталуда. Мәселен, бүгінде 17 жоба бойынша 186 көппәтерлі тұрғын үйді ыстық сумен жабдықтау үшін ҚР Үкіметінің резервінен тиісті қаржы бөлінді. Осы жоба бойынша биыл қаламыздағы Шұғыла, Сырдария, Сол жағалау, Тәуелсіздік, Бейбарыс көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлерге ыстық су жүйесі жүргізіледі, – деді Медет Усаин.

Қазір қала тұрғындарына түсіндірме жұмыстары басталып кеткен.

– Қызылорда қаласындағы ең өзекті мәселелердің бірі – тұрғындарды ыстық сумен қамтамасыз ету. Осы мақсатты облыс әкімінің арнайы тапсырмасы негізінде бірнеше жоба қарастырылып, ыстық су желілерін орнату жұмыстары басталды. Қазір қаладағы 174 үйді ыстық суға қосуға мүмкіндік бар, ал 424 үй қаржыландыруды қажет етеді. Бүгінде қала әкімдігі тарапынан арнайы жұмыс тобы құрылып, қала тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын тұрғындарды, дер кезінде ыстық су желілерін орнатуға өз рұқсаттарын беруге шақырамыз. Бұл өз кезегінде жұмысты тез орындауға және уақыт үнемдеуге ықпал етеді, – деді Қызылорда қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ғалымжан Еркебай.

Мамандардың айтуынша, ыстық су желілерін жүргізу тұрғындар үшін өте тиімді болмақ. Бастысы, электр қуатының жүктемесі төмендеп, тұрғындардың шығыны азаяды.

 “АЖ” ақпарат

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!