Денсаулығың болмаса, осы кезге дейін қызықтырғанның бәрі жай дүние болып қалатыны рас. Мұндайда кәсіби білімі жоғары, жанашыр дәрігердің көмегіне ғана сенім артасың. Үміт пен күдік қатар тұрған сәтте медицина өкілінің өз ісіне ұқыптылығы мен сенімділігі немесе жүрдім-бардым еңбек ететіні де көзге айқын байқалып тұрады.

Ал іскерлігімен ел алғысын иеленген жанның бірі – Бауыржан Аширов. Ол – Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы «Хирургия 1» кафедрасының ассистенті, медицина ғылымдарының магистрі, PhD докторанты, флебология және лазерлік медицина клиникасының хирург-флебологы.

Дәрігерге деген пациенттердің сенімі мен ризашылығын байқағаннан кейін, хирургты біз де елге кеңінен таныстыруды жөн санадық.

Хирургия – жаңа технология мен күрделі әдістәсілдерді ұштастырған медицинаның басты бөлігі. Бұл салада кәсіби білімді, жылдам шешім қабылдай алатын, уақытпен есептеспейтін, өмірін осы жолға арнаған медицина маманы еңбек ете алады. Мұны хирургтың бір күндік жұмысына назар аударып-ақ бағамдауға болады.

Бүгінде Бауыржан Отарбайұлы батылдық пен жауапкершілік сынды дәрігерге керек негізгі қасиеттерімен қатар, үздіксіз білім алу, тәжірибе жинақтауының нәтижесінде жылына 500-ден астам хирургиялық ота жасайды.

Отаның оңайы болмайтыны рас. Өйткені бұл залда пациенттің денсаулығы хирургпен тікелей байланысты. «Хирургтің ақылы ұшқыр, көзі өткір, қолдары батыл, жүрегі жалынды болуы керек» деген қанатты сөз осындай жауапты сәтте айтылса керек. Бауыржан Отарбайұлы Семей мемлекеттік инстиутында білім алып, еңбек жолын 1994 жылы Х.А.Яссауи атындағы ХҚТУ хирургиялық аурулар кафедрасының аға дәрігер лаборанты болудан бастады. Содан бері түрлі қызмет сатысында шыңдалған хирург практика барысында өзінің шеберлігін дәлелдеп қана қоймай, өзінен кейінгілерге ұстаздық етті. Ғылыми зерттеулер жасап, еңбектері халықаралық басылымдарда жарияланды. Осылайша ғалымның ізденісі мен тағылымды тәжірибесінің игілігін ел көруде.

ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы және шетелдік халықаралық конференция материалдарындағы ғылыми еңбек тізімі 97 мақала болса, оның ішінде 3-еуі Web of Scinece немесе Scopus халықаралық деректер базасында жарық көрген. Бұл – ғылым саласындағы үлкен ізденістің нәтижесі. Жақсының есімі елге тез тарайтыны рас. Бүгінде арнайылап Бауыржан Ашировты іздеп баратын пациенттер аз емес.

– Менің жасым – 76-да. Екі аяғымнан жүре алмай қиналып, көптен бері мазам болмады. Дәрігерлердің айтуымен түрлі жақпа май жағып, дәрі іштім. Одан ешқандай көмек болмады. Содан балаларым әлеуметтік желіден «Нұрғазы» клиникасы туралы біліп, дәрігер Бауыржан Ашировпен сөйлесті. Медбикелер тізімге бекітіп қояды екен. «Кел» деген уақытында бардық. Аяғымды көріп, УЗИ-ға түсіріп, дәрігерлік кеңесін берді. «Ота жасау керек» деп, келесі күні бірден ота жасады. Қолының жеңілдігі болар, мүлде ауырсынған жоқпын. Риза болғаным соншалық, алғысымды айтып, газетке бергенді жөн көрдім. Хируруг Бауыржан Отарбайұлы қолы жеңіл, жүзі жылы, мейірімді жігіт екен. Биыл ғана «Алтын қолды» дәрігер медалімен марапатталыпты. Маған қараған Сәлима, Лилия, Арайлым есімді мейірбикелер де өз ісіне жауапты, инабатты. Осы кісілерге аналық жүрегіммен алғыс білдіргім келеді. Алланың нұры жаусын, кәсіптеріне береке берсін, отбастарына аманшылық тілеймін, – деді қызылордалық зейнеткер О.Нұртаева.

 Бұл – көпті көрген ананың ақ тілегі. Жұртшылықпен тіл табысу, оның ішінде адамның өміріне жауапты болу жеңіл емес. Сындарлы сәтте сүрінбей, Жаратқан берген қабілеті мен кәсіби білімін ұштастырған, талайдың өмірін ажалдан арашалаған хирургты медицинаның алтын діңгегі десек артық айтқандық емес.

Aйдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!