Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Медицина қызметкерлері күні қарсаңында емдеу мекемелеріне жаңа санитарлық автокөліктердің кілтін салтанатты түрде табыстап, саланың өркендеуіне жан-жақты қолдау көрсетіле беретінін айтты. Салтанатты іс-шараға ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев арнайы келіп қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөліп, «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деген болатын. Сыр өңірінде тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру кешенді түрде жүргізілуде. 2022 жылы халықтың сұранысына сәйкес 45 жедел жәрдем көлігі алынып, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы 100 пайыз қамтамасыз етілді. Өткен жылы денсаулық сақтау ұйымдарына 513 млн. теңгеге 25 жаңа санитарлық автокөлік табысталса, биыл барлық елді мекендердегі денсаулық сақтау мекемелеріне 200 санитарлық автокөлік алынады. Алғашқы 50 автокөлікті бүгін табыстаймыз. Қалған 150 автокөлік жақын күндері ел игілігіне қызмет ететін болады. Осылайша, биыл елді мекендерді санитарлық автокөлікпен қамту мәселесін түбегейлі шешеміз», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Айта кетейік, жаңа көлік «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның лизинг бағдарламасы арқылы сатып алынды.

Салтанатты іс-шарада ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев, А.Н.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығының басқарма төрағасы Болатбек Баймаханов әріптестерін құттықтап, сала ардагері Тұрғанбай Маханов бата берді. Айта кетейік, биыл өңірдің медицина саласында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жалпы құны 11 млрд. теңгені құрайтын 27 нысан салынуда. Өткен жылы елді мекендерде 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет пайдалануға берілді. Қалған 11 нысан жыл соңына дейін халық игілігіне табысталады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!