Фото: pixabay.com

2024 жылы мамыр айының соңында такси қызметі былтырмен салыстырғанда 11,7%-ға қымбаттаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Еnergyprom.kz басылымының мәліметінше, елімізде биыл қаңтар мен сәуір айы аралығында 21,2 млн жолаушы такси қызметін қолданған. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 8,6%-ға көп. Аймақ арасында Алматыда такси бағасының өскені байқалады. Қызмет құны бір жыл ішінде 31,3%-ға артқан. Кейінгі орында Ақтөбе (22,1%-ға) және Батыс Қазақстан (21,3%-ға) облыстары тұр. Такси қызметі қымбаттаған алғашқы бестікке Шымкент (16,9%-ға) пен Ақмола облысы (13,5%-ға) да кіреді.

Ал Солтүстік Қазақстан мен Жамбыл облысында такси қызметі жыл ішінде не бәрі 1%-ға көтерілсе, Маңғыстау облысында 4,4%-ға, Астанада 5%-ға артқан.

Осылайша Қазақстан ТМД арасында такси бағасы ең қымбат елдердің көшін бастап тұр. Достастықтың құрамындағы басқа елдердегі такси қызметінің құнына келер болсақ Армения (1 шақырымға  0,28 АҚШ доллары), Өзбекстан (0,29 доллар), Украина ( 0,3 доллар), Беларусь (0,31 доллары), Ресей (0,34 доллар), Әзірбайжан (0,59 доллар) кіреді.

Әлем бойынша Египетте, Филиппинде және жоғарыда аталған Арменияда такси қызметінің бағасы арзан. Ал Швейцарияда, Люксембургте және Кувейтте керісінше, тым қымбат.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!