Stan.kz. Банкнота дегеніміз – қағаз ақша. Олар да қағаздан жасалған басқа өнімдер сияқты уақыт өте тозады, қорғаныш қабілетін жоғалтуы мүмкін. Заманауи технологиялар дәуірінде банкноталардың қорғаныш қабілетін жетілдіру маңызды. Тиісінше, банкнота дизайнын өзгерту – жалған ақша жасауға жол бермеу үшін қажет табиғи процесс. Себебі қорғаудың жаңа әдіс-тәсілдері пайда болып, банкнота жасауда жаңа технологиялар қолданысқа еніп жатыр. Сондықтан Ұлттық Банк банкноталардың қорғаныш элементтерін жаңартып отырады.

Осы мақалада «Сақ стилі» банкноталарының жаңа сериясына қатысты көптеп туындайтын сауалдарға жауап қамтылған.  

Айта кетейік, мұндай тәжірибе шетелде кеңінен қолданылады. Мәселен, еуро алғаш рет 2002 жылы шықты. Ал 2013 жылдан бастап еуроның жаңа банкноталар сериясы айналымға енгізілді. 2015-2020 жылдар аралығында Швейцария франктері де жаңа үлгіде шығарылды. Бұл банкноталар алдыңғы серияға қарағанда мүлдем өзгеше болды. Ақша дизайнының өзгеруінде түрлі себеп болуы мүмкін. Мұндай қадамға – мәдени, саяси және технологиялық факторлар әсер етеді.

«Сақ стилі» сериясының басты ерекшелігі неде?

Айтпақшы, «Сақ стилі» сериясын шығарудағы негізгі мақсат – валютамыздың қорғалу дәрежесін көтеру ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның мәдени құндылығы мен тарихын дәріптеу. 

Бұдан бөлек, Ұлттық Банк сарапшылары әлемдегі барлық банкнотаға мұқият талдау жүргізді. Сөйтіп ақша пішінінің ұзындығы мен енін қысқартуда көптеген артықшылық бар екені белгілі болды. Ал «Сақ стилі» банкноталарының басты ерекшелігі – олардың ықшамдалған мөлшері. Мұндай банкноталарды сақтау және ұстап жүру өте ыңғайлы. Бұл шешім банкнота парағынан көбірек банкнота басып шығаруға мүмкіндік беріп, оның өндірісін жеделдетеді әрі жеңілдетеді.

Жаңа ақшаны айналымға енгізуге көп қаражат жұмсала ма?

Жаңа банкноталарды айналымға енгізуге жұмсалатын жалпы шығын ескі банкноталарды шығаруға және жаңартуға кететін шығынмен бірдей. Бұл ретте, «Сақ стилі» жаңа банкноталарының дизайнын бастан-аяқ Ұлттық Банкте жұмыс істейтін дизайнерлер жасап шықты. Сондықтан Ұлттық Банк жаңа дизайн әзірлеуге қосымша шығын шығарған жоқ.

Қазір 5 000 теңгелік банкнота жаппай айналымда жүр. Ал 10 000 теңгелік банкнота айналымға биыл күзде енеді. Қалғаны 2026 жылдың аяғына дейін біртіндеп қолданысқа беріле береді. Өйткені жаңа ақшаларды еліміздің барлық аймағына жеткізіп, оған банкоматтар мен терминалдарды бейімдеу ісі бірнеше айды талап етеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!