Фото: ашық дереккөзден

«Болмаған балалық шақ» енді шетел оқырмандарына қолжетімді. Qaz365.kz тілшісі аталмыш кітаптың авторы, жазушы, танымал ақын Ақберен  Елгезекпен тілдесті.

Қазақ әдебиеті әлемге экспортталмақ

«Болмаған балалық шақ» – менталитеті бөлек болғанымен, табиғаты бір адамдардың тұрмысынан сыр шертеді. Шынайы оқиға шетелдіктерге де ерекше әсер еткен көрінеді. Автордың айтуынша, қазір кітаптан 40 минуттық киносценарий жазылуда. Алдағы уақытта Голливудтық студияларға ұсынылмақ.

«Мақсатым ағылшынтілді ортаға танылу болмаған. Алайда қазақтың тек қой бағып жүрген халық емес, түрлі салада дамыған, сондай-ақ жазу мәдениеті қалыптасқанын әлемнің білгені жақсы ғой. Себебі оқырманнан сұраныс артып жатса, бізден кейін де қазақ қаламгерлерінің туындыларына деген қызығушылық арта түседі. Әдебиет сәнге айналуы керек. Осылайша қазақ әдебиетін әлемге экспорттауға кірісеміз», – дейді автор.

Балалық шағындағы теперіш ақынның бірнеше жылдардан кейін дәл осындай үздік шығарма жазуына алып келді. Себебі прозаның шынайылығы көпшілікті терең ойландырып, ата-ананың қадірін білуге үндейді. Бұл туралы автор:

«Бұл проза бірнеше шетелдік баспаларға ұсынылды. Солардың бірінен «сіздің шығармаңызды қабыл алдық, бізге қатты ұнады» деген хат алдық. Оларға ұнағаны полигон туралы айтылғаны болса керек. Одан соң шетелдіктер отбасылық жағдайға жіті мән береді. Бұл проблема тек қазақтың басында ғана емес, адам болған соң барлығы демесек те, көпшілігінде бар жағдай. Оқырмандар осы шығармадан кейін өз ата-анамыздың қадірін түсіндік деп айтып жатады. Шетелдіктер де – адам ғой. Прозада ағам Данышпанды суреттейтін эпизод бар. Оларға сол да ерекше әсер еткен сияқты. Шетелдік баспа промоушн, аудиокітаптың шығуы мен оның таралуына жұмыстанады», – дейді ол.

Туындыны қаржыландырған кім?

Айта кетейік, «Болмаған балалық шақ» кітабын ағылшын тіліне сәтті тәржімалаған аудармашы Дана Жетеева. Ал мұқабасын Ернар Иманғалиев есімді дизайнер жасаған.

«Кітаптың шетелдік оқырманға жетуіне, жатыңқы аударылуына жұмыстанған мықты аудармашы Дана Жетееваға алғысымды білдіремін. Ал осы жұмыстың басынан аяғына дейін еңбектеніп, көмектескен белгілі журналист Сәкен Әбдиевке де шексіз ризамын. Шетелдік баспа өздері кітаптың мұқабасына еуропоидтық баланың суретін берген екен. Ол маған ұнамай, өз ісінің шебері Ернар Иманғалиевке бұл істі сеніп тапсырдым. Бәрі сәтімен үйлесе кетті», – дейді А.Елгезек.

Amazon платформасында сатылымда

Бестселлерге айналған автордың  алғашқы прозасы тек оқырмандардың ғана емес, көрермендердің де көңілінен шығып үлгерді. Шығарма желісімен қойылған спектакль театрға келгендердің көз жасқа ерік беріп, тек ата-ананың қадірін білуге ғана емес, сондай-ақ жақсы күндерден үміт үзбеуге шақырады. Енді міне, қазақ қаламгерінің туындысы шет тіліне аударылып, Amazon платформасында сатылымға шығып отыр.

«Бұл кітап енді IOS және Android» смартфондарын ұстап жүрген шетел оқырмандарына қолжетімді. Amazon-нан бөлек әлем бойынша қызмет ететін ірі кітап дүкендер желісінде таралады. Бұйырса Audiobook Nerwork платформасында кітаптың аудионұсқасы  шығатын болады. Бұл – 9 айлық үлкен жұмыстың нәтижесі. Қабылдай ма, жоқ па деген қорқыныш та болды.  Бағыма орай аудармашым сапалы, сәтті тәржімалады. Яғни бекітілген нормативтік ережелерге сай келді», – дейді автор.

Жетістігі  жаңа роман жазуға мұрындық болған

Ақберен Елгезектің айтуынша, өткен жылдың қыркүйегінде кітапты басып шығаруға шетелдік баспадан хат алған. Бұл ақжолтай хабар ақынның кезекті романын жазуға шабыттандырған көрінеді.

«Қыркүйекте баспадан хат келді. Жақсы жаңалықты естіген күні қуанышым қойныма сыймады. Енді дәл осы шығармам шетелдік оқырмандардың да көңілінен шығып, оң бағасын алып жатса, басқа  да туындыларымды сұрайды. Мен ол жағын да ескеріп, қараша айында жаңа романымды жазып бітірдім. Қазір енді үшінші романның идеясы ойымда жүр. Алдағы уақытта бастамақ ниеттемін. Батыс әлеміне бірінен кейін бірін ұсына алатындай сапалы дүние бере алсақ, сатылым да жақсы болады», – дейді ол.

Ақынның болмаған балалық шағы – бүгінде ол мүлде күтпеген тосынсыйлармен қуантуда. Дәл осы тағдырды кешпесе, бәлкім, мұндай бестселлер шығарма өмірге келмес пе еді, кім білсін?!.

Алдағы уақытта «Болмаған балалық шақ» фильмі де қалың көрерменге жол тартпақ. Республика бойынша кастингке қатысқан 800 баланың ішінен ең үздігі ғана бала кезде тағдыр тауқыметін көрген кішкентай Ақберенді айна-қатесіз сомдайтын болады. Ақынның тек Қазақстанның ғана емес, әлемнің жұлдызы атануын тілеп, шығармашылығына толағай табыстар тілейміз!

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!