Фото: ашық дереккөзден

Қазақ халқының ою-өрнегі – бейнелеу өнерінің, оның ішінде сәндік қолданбалы өнердің ғасырлар бойы қалыптасқан маңызды бөлігі. Көзге оттай басылатын, асқан шеберлікпен бейнеленген оюлар ежелден еліміздің тұрмыстық қолданыстағы заттарының барлығына дерлік көрік беріп, ұлттық болмысымыздың айшықты таңбасы ретінде сақталып қалды.

Ұлан-ғайыр ұлы даладан табылған таңбалы тастардың бетіне бедерленген бейнелер мен ою өрнектер тілсіз-ақ тарихтан сыр шертеді. Ең арысы XI ғасырға жататын таңбалы тастардан ру-тайпалардың ұрандарынан бөлек «қошқармүйіз, түйетабан» секілді көптеген ою-өрнек түрлері анықталған.

Көне заманның көзі болған әрбір ою-өрнектің астарында бүтін бір ұлттың мақсат мүддесі, рухани болмысы мен наным-сенімі жатыр. Ұлттық нақышымызды ғасырлар бойы ғұмыр кешкен киіз үйдің әрбір деталінен аңғаруға болады. Киіз бен текемет, көрпе-көрпешеден бастап, сән-салтанатты ұлттық киімдерімізден, ат әбзелдерінен, тіпті ыдыс-аяқ, астауымызға дейін ойып салынған түрлі ою-өрнек көздің жауын алады.

Қазақ бейнелеу өнерінің эталоны болған қасиетті мұрамыздың осы күндері қадірін қашырғанымыз қынжылтады. Олай дейтін себебім, ұлттық құндылығымызды табанына таптағандардың тірлігі тиылмай тұр. Қоғамда дау тудырған мәселелер шешімін табудың орнына шиеленісіп бара жатқандай. Бес жыл бұрын беттің арын белге түйіп, хайп қуалағандардың бірі Шырын есімді блогер көпшіліктің еміс-еміс есінде. «Атың шықпаса, жер өртенің» керімен сәукеле киіп, жалаңаш суреттерін желіге жариялаған ол назар аударған көптің наразылығына ұшыраса да, аз уақыттың ішінде ауқымды аудитория жинап үлгерді.

Қоғамды жайлаған бұл дерт жайлы «Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторы Санжар Керімбай өз еңбегінде былайша тарқатады.

«Ел-жұртқа көрсететін өнері, ұсынатын мәдени өнімі, айтар хикметі, жүрек тербейтін маржан сөздері бар, кеудесі құндылыққа толы адамдар салиқалы жолмен дараланады. Оған әлі келмей жатса екінші әдіс, «сезім құндылығын» қолданады, ол кітап оқу, театр қойылымдарын тамашалау, музей аралау, әсіресе дәстүрлі әншілерді тыңдау адамның кеудесін құндылыққа толтырады. Осылайша адам құнды тіршілік иесіне айналады. Ал өйтпеген жағдайда тәнін көрсетіп дараланудан басқа амалы қалмайды. Себебі түпкі мотив түрте береді. Адам болған соң ортаға әйтеуір бір нәрсе шығаруың керек. Өзектегі рухани болмыс «даралан» деп іштен тепкілеп жатыр. Ол дараланғысы келеді. Даралап көрсетейін десе кеудеде дым жоқ. Көкірегі қуыс. Амал жоқ арсыз әрекетке барады. Міне көрдіңіз бе, проблемаға онтологиялық қырынан қарасаңыз бәрі де заңды… Сондықтан елге мораль оқи бермей, тұтынатын құндылық ұсынуымыз қажет» дейді ол.

Өкініштісі, жоғарыда аталған жағдай қазақ қоғамында араға уақыт салып қайталанып, тіпті дарақыланып бара жатқандай. Күні кеше ғана киіз үйдің ішінде атой салған жартылай жалаңаш жастардың биі әлеуметтік желіні дүр сілкіндірді. Ең сорақысы, басына ақ орамал тағып, үстіне қазақы қамзол, аяғына биік өкшелі аяқ киім киген бишілердің бірі ер адам болып шықты. Себебі, дәл осы тұста елімізде ЛГБТ-ға қарсы жарияланған петиция аз уақыт ішінде 50 000-нан аса қол жинап үлгерген болатын. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» болғанымен түбінде «көптің сөзі – темір талқы, қисайғанды түзетер» дедік. Біржыныстылар қозғалысын ашықтан ашық насихаттаған оларды мәжіліс депутаттары мен қоғам белсенділері бірауыздан қылмыстық жауапқа тартуды сұрады. Дегенмен дінге де, дәстүрге де жат анайы биімен төрімізде тайраңдағандар жазасын алған, алмағаны әлі күнге дейін белгісіз. Бәлкім, әдеттегідей бір шулап басылатын жұртымыздың жадынан ұмытылып кеткен де болар…

АҚШ-тың көрікті қалаларының бірі Чикаго сахнасында әлемге әйгілі Snoop Dogg-пен бірге ән шырқаған Кешью тобының образы да көпшіліктің сынына ұшырады. Ашық-шашық киімнен бірінің кеудесі, бірінің белі, ал бірінің саны жалтыраған әншілер бұл образы үшін еш намыстанбайтын сыңайлы. Керісінше, ою-өрнегімізбен көмкерілген шүберекті әлемнің назарына алып шыққандарын алға тартып, ақталды һәм мақтанды.

Тексіз ұл-қыз таптап сезім қанатын,
Ән салып жүр… арсыз ән…
Табалайды ақ шырақты қара түн,
Соңында таң бар шығар? – деп жырлайды Мейірхан Ақдәулетұлы. Мағжан сенген жастардың кей қылығына деген күйініші мен адасқан көптің алдағы күніне алаңдайтынын жалғыз шумаққа сыйдырып жібергендей.

«Өкпеңді көтере алатын жанашыр жақыныңа өкпелейсің ғой, жатта нең бар» дейді Зейнеп апамыз. Киелі дәстүрімізді өзге емес өз ұрпағымыз келеке етсе, ұлттық құндылығымыз ұл-қызымыздың табанында тапталса басқаларға қайтіп өкпе артамыз?

Төрге шығып, анайы билегендер түбінде төрімізді билемесін десек, барлықөзгерісті шағын отан шаңырағымыздағы тәлім-тәрбиеден бастағанымыз абзал. Ата-бабадан аманат болған салт-дәстүр мен сан ғасырлық мұраның қадір-қасиетін сәби жасынан санасына сіңіріп, ұлымыз үшін ұялмай, қызымыз үшін қызармай, ертеңімізге еңсе тіктеп қарайтын ел болайық!

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!