Фото: ашық дереккөзден

Әлем жұртшылығы осы айда тарихтағы ең қымбат тойға куә болды. Әлеуметтік желіден сіз де тамашалаған боларсыз?!

Reliance Industries төрағасы әрі Үндістандағы ең бай адамдардың бірі Мукеш Амбанидің ұлы Анант Амбани фармацевтикалық магнат Вирен Мерчанттың қызы Радика Мерчантпен некелесті. Бірнеше айға созылған көңілді кештер мен қалыңдықтың тірі гүлдерден жасалған сәнді көйлегіне бірден көзіміз түскені рас.

Бір қызығы үйлену тойы наурыз айында Гуджарат штатындағы үш күндік іс-шарадан басталды. Тойға шақырылған 1200 қонақтың арасында Марк Цукерберг пен Билл Гейтс те бар. Кеште танымал әнші Рианна, Дилджит Досанж, рэпер Akon өнер көрсетті. Ал маусым айында Амбани әулеті тойға орай тағы бір ауқымды мереке өткізіп, Италиядан Францияға үлкен круиз ұйымдастырды. 800 қонаққа арналған круиздегі шараға Backstreet Boys, Кэти Перри және Pitbull-ден бөлек Болливуд жұлдыздары шақырылған. Ал негізгі той 12 шілдеде басталды. ТАСС Indian хабарлауынша, үйлену тойының шығыны 350 миллион долларды құраған, теңгемен 165 миллиард.

«Неліктен мұнша шығындалған? Мұндай той жасаудың қажеті қанша?» деп сынағандар да болды. «Байлардың мұндай той жасауы шағын кәсіп иелерінің жұмысын жүргізеді. Жасай берсін. Ал орта шаруа адамдардың шашылып той жасауын құптамаймын» дегендер де кездесті.

Иә, мұндай той кезінде ұйымдастырушылар, ресторатор, кондитер, зергер, тігінші, сұлулық салондары, дизайнер, әртіс, музыкант, мобилограф, флористер мен бірқатар сала өкілдерінің кәсібі жүріп, әдеттегіден көп пайда табатыны белгілі.

Енді елге оралайықшы. Біздегі жағдайға қарасақ, екінші пікір дұрыс. Дәулеті асып-тасқан, неше күн той жасаса да қаржысы жететін адам ұйымдастыра берсін. Бірақ бәрінің солай «шашылуы» қажет емес. Бүгінде алдын ала дайындалсақ та, дайындалмасақ та «жұрттан қалмай» той жасауға үйреніп алдық. Кредитке қаржы алып үйленгендердің көбі бірнеше жыл қарыз төлеуге мәжбүр. Отбасын құрғандардың баспана ала алмай, тапқанын жеткізе алмай жүруіне бұл да бір себеп.

«Тасын ала берсең тау да таусылады» дегендей, той кезіндегі дәстүрлерді өзгерте-өзгерте қайсысы біздің мәдени құндылығымыз екенін аңғара да алмай қалдық.

Той – қуаныш пен жақсылықтың белгісі. Дегенмен қазіргі тойда қаржылай шығындалудан бөлек, біраз уақытыңды жоғалтасың. Мұндай «стандартты» тойда қонақтар демалудың орнына неге жалығып кетеді? Бұның бірнеше себебі бар.

Алғашқысы, уақыттың көп жұмсалуы. Кешкі 18:00-ге жоспарланған тойға көбіміз 16:00-ден бастап дайындаламыз. Бірақ тойдың 19:30 немесе 20:00-де басталатынын білеміз. Кейде ол түнгі 1:00-ге дейін жалғасады. Сонда қанша уақыт жоғалтқаныңызды ойлай беріңіз… Демалыс күні бұл уақытты пайдалы өткізуге болар ма еді?!

Екінші себеп, тойға туыстың туысы, таныстың танысы жиналады. Көп қонақ шақырудың да астарында «мағына» бар. Бірақ мұндай жалған намыс неге керек? Бір-бірін танымайтын адамдар музыка мен даңғаза шудың арасында не танысып кете алмайды, не арқа-жарқа әңгімелесе алмайды. Қайтып кетейін десе той иесінен ұялып отырады амалсыз.

Тағы бір себеп, асабаның талғамсыз таңдалуы. Ел-жұртты қызықтырам, күлдірем деп ыңғайсыз сұрақ қойып, ерсі ойын ойнататындар көп қазір. Қапелімде қойылған оқыс сұраққа не дерін білмей, абайламай сөйлеп қалатын жас келіндер бар. Мүмкін тойда оның ата-енесі отырған болар… Сондықтан жастар тойы тек жастармен өткізілсе, әзіл-қалжың да, ойын-күлкі де жарасымды болар еді.

Жаз басталғалы сіз де үйленуден бөлек, бесік той, 1 жас, тұсаукесер,тілашарға қатысқан боларсыз. Әсіресе базарда жиеніне бесік іздеген аналарды көп байқадық. Бұрын бесікті баланың әкесі арнайы шеберлерге жасатып, саудаласпай алатын болған. «Ұрпағым көп болсын» деген әкенің ізгі ниеті бар мұнда. Осы әулеттің балалары бір-біріне бауырмал болсын деп, аға-інінің сәбиін де сол бесікке жатқызған деседі. Ал қазір неге бесікті нағышылар әкелетін салт пайда болды? Салт-дәстүрдің қайдан шыққанын өзіміз де білмей қалдық деуіміздің сыры осында.

Ал сіз не дейсіз? Тойға қаржылай дайындалудан бөлек, құндылығы мен көпшілікке рухани пайдалы болар тұсын ойлайсыз ба?

А.НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!