Фото: ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі

Sputnik. 2024 жылдың бірінші жартысында Қазақстан жол құрылысында рекорд орнатты, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.

Бүгінгі таңда Қазақстандағы жалпы автожолдардың ұзындығы – 95 мың шақырым. Оның 25 мың шақырымы республикалық, ал қалған 70 мың шақырымы жергілікті жолдарға жатады.

Жол жөндеу және құрылыс жұмыстары 12 мың шақырымды қамтиды. Бұл – елімізде бұрын соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Жөнделетін жолдардың 8 мың шақырымы – республикалық, ал 4 мың шақырымы – жергілікті желіге тиесілі. Жыл соңына дейін 7 мың шақырымда құрылыс және жөндеу жұмыстарын аяқтау көзделген.

Шамамен 2 мың шақырымды құрайтын төрт автожол жобасында реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Олардың қатарында «Қарағанды – Алматы», «Талдықорған – Өскемен», «Атырау – Астрахан» және «Ақтөбе – Қандыағаш» жолдары бар. Бұл жолдардың кейбір учаскелері жаздың ортасынан бастап пайдалануға беріле бастады және барлық нысанды жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Көлік министрлігі Астана мен Алматы арасындағы негізгі бағыт — Орталық – Оңтүстік дәлізінің жол учаскелерін жоспарлы түрде іске қосуда. Мәселен, «Қарағанды – Балқаш» автомагистралі учаскесінде Қарағанды қаласынан Ақбастау ауылына дейінгі төрт жолақты жолда қозғалыс ашылды.

Бұдан басқа, «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» жаңа төрт жолақты жолы кезең-кезеңімен іске қосылуда. Талдықорғанды Қызылағаш кентімен байланыстыратын 38 км жол ашылды.Айта керу керек, Астана мен Алматы арасындағы жолдың құрылыс сапасын кореялық Dongsung Engineering және ISAN Corporation компаниялары бақылауға алды.

Инженерлер техникалық қадағалау жүргізіп, үнемі құрылыс басында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын бақылайды.

Сонымен қатар биыл автожол саласында бірнеше маңызды жобаны, атап айтсақ, Түркістан облысы Шақпақ баба асуындағы автомобиль тоннелінің, Шамалған стансасындағы автомобиль жол айрығының, Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасы арқылы салынып жатқан көпірдің құрылысын аяқтау көзделген.

Сондай-ақ министрлік Recycling қайталама шикізатты қайта өңдеу технологиясын пайдалана отырып, жол құрылымын күшейте отырып, оларды орташа жөндеу бойынша жаңа ауқымды бағдарламаны іске асыруда. Салынғалы бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген жолдарға басымдық беріледі.

Биыл Қазақстан Даму Банкінің қаражаты есебінен 2,5 мың шақырым жолда орташа жөндеу жұмыстары басталды. Келесі жылы қосымша 4,5 мың шақырымда жұмыстар жалғасатын болады. Аталған технология жоба құнын реконструкциямен салыстырғанда 7 есеге арзандатуға және екі есе жылдам жөндеуге мүмкіндік береді.

Автожол саласындағы кадр тапшылығын жүйелі түрде шешу үшін биыл білікті мамандарды даярлау мақсатымен 1 мыңға жуық мемлекеттік білу беру гранты бөлінді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!