Жастардың қай уақытта да қоғамның алға жылжуында рөлі айрықша. Өскелең ұрпақтың білім алуы, кәсіби дамуы – елдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуына тікелей әсер етеді.

Сыр өңіріндегі білім мен ғылымның қарашаңырағына айналған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде студент-жастардың академиялық, қоғамдық, шығармашылық жұмыстар жасауына және спортпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Олардың креативті идеялар мен жаңа бастамаларды қолға алуына, зерттеулер жүргізіп, заманауи оқу бағдарламалары мен шетелдік озық тәжірибені меңгеруіне толық мүмкіндіктері бар.

Білім ордасының негізгі миссиясы – студенттердің кәсіби дағдылары мен құзыреттіліктерінің жоғары деңгейін арттыру, білікті кадр даярлау және әлеуметтік жауапкершілік қалыптастыру. Осы ретте жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында жүргізілетін жұмыстар 5 бағытты қамтып отыр. Қазіргі уақытта «JastarRuhy» жастар қанаты, «Ұлағат ұландары» педагогикалық жасағы, «Ақиқат» саяси пікірсайыс ұйымы, «Q құрамасы» жайдарманшылар ұйымы, «Қыз Жібек» қыздар клубы, «Қазақстан студенттері Альянсының» университеттегі филиалы, «Қыран» әскери-патриоттық ұйымы, «Қорқыт шақырады» жастар қозғалысы, «Жауқазын» жастар театры, «Сырлы қалам» жас ақындар ұйымы, «Ыбырай» педагогикалық ұйымы, «Саналы ұрпақ» фронт клубы, «Шаңырақ» би ұйымы, «Достық», «Enactus», «Асыл домбыра», «TalkLike», «Айналайын», «InfoGo», «Арлан» сынды қоғамдық ұйымдар өз қызмет аясындағы іс-шараларды табысты атқаруда.

Қабілеті мен қалауын айқындай алатын, қызығушылығы ортақ білім алушылардың көбейгені әрі олардың жаңа бастамалары бізді қуантады. Сөзіміз жалаң болмас үшін атқарылған жұмыстарға ойыссақ.

Дарынды білім алушыларды қолдау мақсатында қыркүйек айында Жастар ұйымдарының ұйымдастыруымен 1-курс білім алушыларына арналған «JaStar» таныстыру кешін өткізу дәстүрге айналған.

Студенттер күніне орай, «StuDay» апталығы аясында республикалық, университетішілік ауқымды іс-шаралар, өнер сайыстары мен эстафета ұйымдастырылды. Алғашқы күні «Бір толқында» көңілді эстафетасымен басталып, республикалық «JaStar&Dasturfest» фестивалімен жалғасты. Фестивальге Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, MaqsutNarikbayev University, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ түрік университетінің студенттері арнайы қатысты.

Өзекті мәселелер бойынша пікірталас алаңында «Ақиқат» клубы биік белестерден көрінуде. Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының 15 жылдығына орай республикалық ІТІІ CUP V турнирінде «Ақиқат» пікірсайыс клубының мүшелері жоғары лигага қатысып, І орыннан көрінді.

Сахнаның ауқымы мен киесін осы бастан ұғынған «Жауқазын» театр ұйымы биыл Ә.Кекілбаевтың «Махаббат мұнарасы», Ш.Қалдаяқовқа арналған «Шәмші сүйген Изольда» және халықаралық театр күніне орай М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиялық қойылымын көрерменге ұсынды. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ұйымдастыруымен өткен «III UMIT – 2024» республикалық студенттік театрлар фестивалінде ІІ орынды иеленді.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеу – «Қыз Жібек» қыздар клубы қызметінің басты бағыты. Клуб мүшелерінің бастамасымен осы бағытта челлендждер тұрақты ұйымдастырылып келеді.

Қазақы ғұрыпты дәріптейтін, Сыр сүлейлерінің жолын жалғастырушы ақын студентіміз Жамбыл Бақытәлі Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті ұйымдастырған Қ.Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған «Менің халқым менен де биік» атты республикалық студент ақындар айтысында І орын, Ділназ Ержігітова Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ұйымдастырған «Менің пірім – Сүйінбай» атты дәстүрлі VIII халықаралық жас ақындар айтысында ІІ орын иеленді.

Белсенді студенттеріміз Қызылордадағы жастар орталығымен тығыз жұмыс істейді. Сонымен қатар университет еріктілері жыл бойына әртүрлі қайырымдылық кештерін өткізеді. «Таза өлке» апталығы аясында белсенді жастар «Жастар аллеясында» тал егу шараларына қатысты. «Тал егу – игі дәстүр» шарасында 100 түп «Сыр талы» егіліп, жастарға спорттық сайыстар, арт шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Ардагерлер және қарттар үйінде шаралар өткізу – жоспарлы жұмыстардың бірі.

Спорт бағытында да өтетін түрлі байқауға қызығушы жастар көп. Мәселен, республика күніне орай білім алушылар арасында өткен институтаралық спартакиада кезінде 300-ге жуық білім алушы бақ сынады. Қатысушылар үстел теннисі, шахмат, волейбол, тоғызқұмалақ, баскетбол, футзал, жүзу, арқан тарту ойындарынан сынға түсті.

Білім алушылардың республикалық форум мен кездесулерде тәжірибе алмасуы да жолға қойылған. Алматы қаласында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы III студенттік кеңеске университеттің Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы мен оның орынбасарының қатысуы – бұған жарқын дәлел.

«TalkLike» жастар ұйымы өткізген «Кітап – жан азығы» атты қалалық байқау жаһандану заманындағы жастардың кітап оқуға ынтасын арттыру, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.

Өтімді әзілімен көрерменнің ыстық қошеметіне бөленген «Q құрамасы» «Маусымашар-2024» республикалық фестиваліне қатысып, «Ұлттық лига» байқауына жолдама алды. Сәтті «Маусымашар» жайдарман фестивалі «Қорқыт жастары» жайдарманшылар ұйымының үлесінде.

Биыл ел аумағында болған апаттық жағдайда университет қызметкерлері мен белсенділері ауызбіршілігін көрсетті. Гуманитарлық көмек көрсету бойынша жинақ пункті жұмыс істеп, университет атынан азық түліктер, қажетті гигиеналық заттар жиналды. Оқу орнының 848 қызметкерінен 2866 000 теңге көлемінде қаржылай көмек жиналды. Оның 1 419 305 теңгесі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне, 1 418 810 теңгесі «Демеу» қорына аударылды. Профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушыларымыз, бұған қоса, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек беру мақсатында Қызылорда облыстық Жастар ресурстық орталығында ашылған қабылдау пунктіне азық-түлік, киім кешек, тұрмыстық тауарлар мен гигиеналық заттар жіберіп қана қомай, қаржылай да көмектесті.

Ел ертеңі – жастар десек, олардың өсуіне жағдай жасау арқылы болашақта бәсекеге қабілетті және инновациялық әлеуеті жоғары мамандар қалыптасады. Осы орайда білім ордасының ректоры Бейбіткүл Сәрсемханқызының қолдауымен айқын мақсаттар жүзеге асады. Қорқыт ата университеті студент-жастардың жан-жақты дамуына ықпал ете отырып, қоғамның өркениетті дамуына өзінің зор үлесін қосып келеді.

«Егер сен не қалайтыныңды білсең, нәтижесінде өзің қалайтын нәрсеге тап боласың» демекші, жарқын болашаққа қадам басқан жастарға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде мүмкіндік мол. Тек жігерлі жастардың жалыны болса болғаны.

Жанар Бимұратқызы,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің әлеуметтік және тәрбие
жұмыстары бөлімінің басшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!