Бүгінде тренд термині кез-келгенге таныс ұғым. Соның ішінде YouTube қосымшасындағы музыкалық тренд – көпшілік назарын аударған үздік әндер мен бейнеклиптер тізімі. Әнді де, мәтінді де қажет болса жасанды интеллект көмегімен жазып алуға болатын қазіргі уақытта әлдекімді талантыңмен таңдандыру мүмкін емес. Әрине, талғамға талас жоқ. Десе де жүрексіз жүйеден шыққан туынды тыңдаған жанның сезім түйсігіне әсер етуі екіталай. Себебі жүректен шыққан дүние ғана тыңдарманның жүрегіне жол табатыны ақиқат.

Туындысы YouTube қосымшасының ТОП-30 қатарынан көрінген әншіні «танымал» деуге толық негіз бар. Себебі көпшіліктің көзіне түсіп, көңілінен шығу – талайдың уысына түсе бермейтін жұлдызды сәт. Қосымшадағы арнайы жүйе бейнероликтің жарияланған уақыты мен қаралым нәтижесін салыстырмалы түрде есептей отырып, сәйкесінше көпшіліктің назары ауған дүниені алдыңғы қатардан көрсетеді. Ендеше бүгінгі қазақ қоғамының құлағынан кіріп, бойын алған әсем әндерге шолу жасайық.

Тамыз айындағы үздіктер қатарын Садраддиннің «Жауап бар ма?» әні бастап тұр. Бір айдың ішінде 22 миллионнан аса қаралым жинаған туынды жас талғамай, таңдарман қауымның жүрегіне жол тартты. Бұл жолы хит әннің сазын да, сөзін де әншінің өзі жазған көрінеді.

Келесі орынға Айдос Нұрмұхамедовтың «Ұмыттың ба?» атты туындысы жайғасқан. Бір айдың көлемінде 7 миллионнан аса қаралым жинаған ән жастардың арасында жиі тыңдалып жүр. Akimmmich лақап атымен танылған жас әнші бұған дейін «Хаттарым» әнімен көзге түскен болатын. Бес ай бұрын жарыққа шыққан туындының қазіргі таңдағы қаралым саны 11 миллионға жуықтаған.

Ал Әбдіжаппар Әлқожаның «Ұмыт деме» атты әні бір айдың ішінде 2,2 миллионға жуық қаралым жинап үлгерсе, дәл осы әнмен қатар жарыққа шыққан Еркеш Хасеннің «Бір қыз бар» атты туындысы 1,6 миллион қаралым жинап, соңғы айдағы үздік әндердің тізімінен табылды.

Ендігі кезекте екі айлық нәтижелерге назар аударсақ. Қазақстанда ғана емес, ТМД құрамындағы мемлекеттерге де кеңінен танымал ИК тобының «Айдаһар» атты әніне түсірген бейнеклипі екі айдың көлемінде 60 миллионға жуық қаралым жинап, рекордтық көреткіш орнатты.

Аталған топтың бұған дейін де жарыққа шығарған көңілді ырғақтағы әндері миллиондаған қаралым, миллиардтаған тыңдалымға ие болып келеді. Бейнеклиптерінің басым көпшілігі жарнамаға құралса да бүгіндері оларды басып озатын басқа ешкім табылмай отыр.

Ал Санжар Жұмасейітовтің орындауында «Үздіксіз күткенім» атты әні екі айдың ішінде 10 миллионнан аса қаралым жинаса, Қанат Ерланның «Сағынамын» атты туындысы 6 миллион рет тыңдалған көрінеді. Қызығы қос ән бір күнде жарияланған және орындаушылары Санжар мен Қанат – есімі елге енді танылып жатқан талантты әншілер.

Келесі орынға «6ellucci» атымен танылған топ, яғни Бауыржан мен Әлімжанның «Көбелек» әні жайғасты. Екі айдың ішінде 4 миллион қаралым жинаған жерлестердің бұған дейін «KZO», «Не керек?» атты туындылары жарыққа шығып, жастар арасында кеңінен тараған болатын. Әсіресе хип-хоп жанрында жазылған Қызылорда жайлы туындысы өңірдегі ауа-райынан бастап көптеген ахуалды астарлап жеткізген.

Серік Ибрагимовтың «Сен келдің» атты әні де 3 миллионға жуық қаралым жинап, кейінгі екі ай ішіндегі үздік әндердің қатарын түйіндеді.

Ал үш ай көлемінде Садраддин мен Ильханның «Аман болшы, сүйгенім» атты әні үздік деп танылып отыр. Мамыр айында жарыққа шыққан ән аз ғана уақыт ішінде 24 миллионға жуық қаралым жинап үлгерген.

Сондай-ақ сәуір айында жарық көрген туындылар арасында «Kalifarniyа» атымен танылған Фархат Қалиевтің «Hello» әні хит шерудің алдыңғы қатарынан табылды. Фархаттың бұған дейін жазған туындыларының көбі мегахитке айналғанына тыңдарман куә. Кезекті әні де небәрі төрт ай ішінде 13,5 миллион қаралым жинаса, дәл осы уақытта жарыққа шыққан Әлішер Қонысбаевтың «Ол ару» атты туындысы 13 миллион қаралым жинап, жастың да кәрінің де сүйіп тыңдайтын әніне айналды.

Соңғы алты айлық көрсеткіш бойынша көш басында Нұртуған Қазиевтің «Жоғалтудан қорқамын» атты туындысы тұр. Ақпан айында желіге жарияланған әннің қаралымы бүгінде 15 миллионға жуықтаған.

Сонымен қатар аталған мерзім ішінде жарыққа шыққан әндер арасында көпшілікке Qarakesek болып танылған Омар Амантаевтың «Үзіп ал» атты трегі 12 миллион қаралым жинап екінші орынға жайғасса, Ильхан Ихсановтың «Вальс» атты туындысы 7,5 миллион рет тыңдалып, кейінгі жарты жылдықтың топ үштігін қорытындылады.

Ал Мирас Жүгінісовтың «Жолдама» әні алты ай көлемінде 5,3 миллион қаралым жинаса, Ізбасар Кеңесовтың «Кім біледі» атты әні 3 миллион рет тыңдалып, талайдың жүрегін тербеткен туындыға айналды.

Жалпы тыңдарман қауым бірнеше топқа бөлінеді. Бірі әннің сөзіне мән берсе, енді біріне әуені ғана маңызды. Себебі сананы тұрмыс билеген қоғамда аталы сөзден бұрын, ауық-ауық көңіл көтеретін әндерге сұраныс артқан. Содан болар кеше хит болған ән ертең ел жадынан ұмытылып жатады. Сазы мен сөзі қабысқан тұтас туындыны табу бүгінде «шөп арасынан ине іздегенмен» тең.

Бізді алаңдататыны, жұрт ішіндегі жаппай талғамның тоқырауы – мәдениеттің құлдырауына алып барады. Мәдениетіміз құлдырамасын десек тыңдайтын туындымызды таңдап, талғап алғанымыз абзал!

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!