Жастарға арнап іс-шара ұйымдастыру бөлек, олар сенім артатын, қолдау күтетін адам болу басқа. Студенттердің қашанда жанынан табылатын, жастар жанашырына айналған маманның бірі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі әлеуметтік және тәрбие бөлімінің басшысы Жанар Бимұратқызы.

– «Студенттердің «анасы». Университет басшының өзі сізді осылай атағаны есімізде. Бұлай айтуға толықтай себеп бар екені рас. Жастармен күн-түнге қарамай шараға дайындаласыз, кейде тобымен үйіңізге де шақырасыз. Бұл қызметтегі жауапкершілік пе, әлде олардың болашағына деген жанашырлық па?

– Қазіргі жастарға, тіпті үлкендерге де кейде мейірім жетпейтіндей көрінеді. Адамдар бір-бірін жақсы көріп, қолдағанда ғана жүрекке тыныштық ұялайды. Сенім бар жерде ғана болашаққа үмітпен қараймыз. Сол себепті қолымнан келгенше артымнан ерген жастарға мейірім төгіп, қолдағым келеді. Мұндай жанашыр мінезге әкем баулып, кішкентайымнан әдебиетке жақын етіп өсірді. 5-сыныпта Мұхтар Шахановтың «Түсінісу теоремасы» деген өлеңін жаттатқан. Сол өлеңнің «Бір жас дарын көтерілсе, мінбеге, Жұрт түсінбей қалмаса екен деп тұрам» деген жолдары бар. Әкем сонда «Ертең өсіп, елге қызмет етесің. Артыңнан ерген бір жас дарын мінбеге көтерілсе, қызғанышпен қарап, түсінбестік танытпа, балам. Инедей сәуле көрсең, соны жарық қылуға себепші бол. Ол қолыңнан келмесе, мейірімді бол» деген еді. Өзім де баламын ғой. Десе де осыдан кейін өзімнен кейінгілерге қарайлап жүруді әдет қылдым.

Сол кездің өзінде біз тұратын көшедегі бастауыш сыныптың балаларын жинап алып, концерт ұйымдастыратынмын. Ақша жинау деген жоқ, ата-аналары жинап берген тәттілер мен айна-тарақ, беторамал сияқты дүниелерді жеңімпаз балаларға табыстайтынмын. Бір жерден 5-6 жас шамасындағы балалардың өлең айтқанын байқасам, «келесі апта конкурс өткізем, соған қатыс» деп шақырып жүретінмін.

– Ұйымдастырушылық қызмет сол кезде басталған екен ғой… Анаңыздан гөрі әкеңіз туралы көп айтасыз. Ата-анаңыз педагог болған ба?

– Дұрыс айтасыз, қыз бала болсам да әкеме жақын болдым. Өзім 6 ұлдан кейін дүниеге келіппін. Сондықтан қыз бала деп ерекшелеген болар, ата-анамның мейіріміне бөленіп өстім. Әкем ұстаз еді. Педагогика саласына келуіме де сол кісі себепкер болды. Ұстаздық жолды таңдар кезде «Қызым, ойлан. Дипломы болса, мұғалім болу қиын емес. Ал ұстаз болу екінің бірінің қолынан келмейді. Ұстаз болу үшін сол балаға ата-ана, кейде дос, тіпті бауыр бола алуың керек. Баланың жандүниесін түсініп, ол «менің ұстазым» деп айта алатындай тұлға болып қалыптасуың қажет» деген еді. Осыдан кейін көп ойландым. Әкемнің оқушылармен қарым- қатынасына қарап, ұстаз болуға деген ұмтылысым күшейді.

Бір үйде тұрсақ та оқушы кезімнен-ақ әкем екеуміз хат жазысатынбыз. Әкем хатты столымның үстіне қойып кететін. Көбіне ауа райын, мектептегі оқиғалар, күнделікті жаңалықты айтудан бастайтынбыз. Бірақ хаттың соңын әкем «Әлемде осындай оқиға болып жатыр екен. Сенің ойың қалай? «Абай жолындағы» мына сөзді қалай түсінесің?» дегендей сұрақпен аяқтайтын. Қазіргідей интернет жоқ, сол сауалдың жауабын табу үшін кітап оқып, ізденген кезім көп болды. Мұнан кейін түсінгенімді, өз ойымды жазатынмын. Осы арқылы әкем көзқарасымды қалыптастырып, пікірімді ашық жеткізуге үйретті.

– «Әкемен хат» – тәрбиенің ерекше әдісі екен… Еңбек жолыңыз Аралдан басталды. Негізгі мамандығыңыз информатика саласына қатысты. Бірақ қызмет барысында нақты ғылым саласын емес, жастар тәрбиесін таңдадыңыз. Неліктен?

– Иә, еңбек жолым мұғалімдіктен басталып, оқушыларды жарысқа, олимпиадаларға қатыстыратынмын. Бірақ кішкентайымнан ұйымдастырушылыққа бейім болдым. Магистратура оқығанда ғалымдар Мұрат Айтимов, Нұрайым Кенжебекқызымен бірлесіп ғылыми мақала жазып, зерттеулер жүргіздік. Бірақ адам өзі жақсы көрген саладан алыс кете алмайды екен. Магистратурадан кейін қайтадан тәрбие саласына келдім. Өзім де балаларды ерекше жақсы көремін. Ал әкем «бастаған ісіңді соңына жеткізгенше жан жағыңа алаңдама, жауапкершіліктен қашпа» деп отыратын. Студенттердің көбі ауылдан келеді, ата аналары алыста. Сондықтан оларды жақсы ортаға қосып, бағыт-бағдар беру негізгі міндетім деп ойламын. Ал жастарды түсіну үшін өзің солармен бірдей болып, бір бағытта жүруге тырысасың. Кейде шынымен, күні-түні бірге жүруге тура келеді. Олар шыңға шықса қуанып, жығылса демеу бола білуің қажет. Менің үйіме келген әрбір студентті «Мені бөлім басшысы деп емес, әпке деп келіңдер» деп қарсы аламын.

– Сізді тек жастар саласының маманы емес, ақын деп те танимыз.
«Ойлар жатыр шашырап бірікпеген,
Жымиып сонда да мен күліп келем.
Пендеге берілсе де қанша сынақ,
Көз салады алысқа үмітпенен», – депсіз бір өлеңіңізде. Сыртыңыз бүтін болғанымен, ішіңізде дауыл болатын сәттер көп пе?

– Өлеңдерімді жариялағаныммен, мен өзімді ақын санамаймын. Ақындық емес, ұстаздық жолды таңдаған адаммын. Бала күнімнен өлең жазатынмын. Бірде алғаш рет мүшәйраға қатысып, аудандық кезеңнен өтіп, облыстық жарысқа келдім. Өлеңімді әкем тексеріп берген, жақсы туынды болатын. Бірақ ешқандай орын алмадым. Сол кезде тіпті менің бала көзқарасыммен қарасақ та, жарамайды ғой деген өлеңге орын берілді. Содан кейін «енді өлең жазбаймын» деп жылаған болатынмын. Сонда әкем «Ақын бол демеймін. Өлеңді орын алу үшін жазбайсың. Бірақ ойыңды қағазбен бөлісіп үйрен. Сырыңды адамға айта алмаған кезде, өлең жеңілдеуге көмектеседі» деген болатын. Содан кейін қайтадан жаза бастадым. Бірақ студент кездегі жазбаларым жоғалып кетіп, кейіннен әлеуметтік желі шыққасын, жақындарым өлеңдеріңді осында жарияласаңшы деп ақыл қосты. Бірақ мен ақын емеспін. Жай ғана қолыма қалам алып, қағазға сыр шертемін.

Ал негізгі сұраққа келсек, сырт бейнеге қарап, адамды бағалау қиын шығар деп ойлаймын. Әрине, күліп жүрген адамның ішінде қаншалықты мұң мен сыр жатқаны бір Аллаға Һәм сол адамға ғана аян. Адам болғаннан кейін Жаратқанның сынақтарына төтеп беруіміз керек. Әртүрлі жағдайлар болады. Бір жерде сынып, бір жерде тұрып, жылап қалғаным жоқ. «Өмір, өмір! Болмайды түңілуге, Мәңгі сені жазбаған сүрінуге, Қайта тұрып қақың бар жүгіруге» деп Мұқағали Мақатаев айтқандай, қандай жағдайда да қайта тұрып жүгіріп келемін. Ондай сәттер әрбір адамда болады.

Осы жөнінде:
Басты ұстаным болу керек – мықтылық,
Өмір келет(ді) маған соны ұқтырып,
Әркез күліп, алға жүру керексің,
Қойма өзіңді мына өмірге жықтырып, – деп бұрын жазғаным бар еді. Әкемнің «Сен құлап жатсаң, біреу күліп қарайды, біреу таптап өтіп кетеді. Жығылсаң да жүруді тоқтатпа» деген ақылымен алға ұмтылып келемін. Қай кезде де мұңды сәттерді емес, жақсылықты бөліскенді ұнатамын.

Әкем де анам да өмірден өтті. Олардың артынан ағаларым да өмірден озды. Дүниеде барлығын да жеңе аласың, бірақ жақындарыңды жоғалтқанда сынып қалатын сәттер болады. Ол да Алланың жазуы. Аллаға шүкір, ұлым, қызым бар. Сондықтан алға қарай жүру керек. Университеттегі студенттердің бәрі маған балам секілді. Кейде оларды әлеуметтік желіге «балам» деп салсам, «өзі сізде қанша бала бар?» деп сұрап жатады. «Көпбалалы анамын» деп жауап беремін. Сол балалар келіп, «маған сіздің ақылыңыз керек еді» дегенде, өзімнің кеңес беріп, қолдай алатын адам болғаныма қуанамын.

Адамға көмектесу – адам ретіндегі миссиям. Аяқтан шалғысы келетіндер, сыртыңнан ғайбаттайтындар да болады. Сондай сөздерді өзім де естіп қаламын. Бірақ мен ондайларға ренжіген емеспін. Себебі өмірге барлық адамға ұнау үшін келген жоқпыз. Кейде сондай адамдарды көргенде, бұрынғыша амандасып жүре беремін. Мүмкін кейін ойы өзгерер. Кек сақтамаймын. Кек сақтау – өзіңнің жан-жүрегіңді қарайту секілді.

– Мен бүгін келеді кешіргім,
Біреуді емес, бәрін де кешірдім.
Көріп тұрып – көрмегенді де,
Біліп тұрып – білмегенді де.
Жаныңа жақын тартқанмен,
Көңілін – бөлмегенді де кешірдім, – деген өлең шумақтарыңыз бар. Кешіру үшін жан тынышталуы керек. Неден қуат аласыз?

– Бауырларым мен балаларымнан. Содан кейін қаншама студенттер, шәкірттерім «сізден көмек керек» деп тұрғанда, менің мұңайғаным жарамайды. Мен оларға қараймын да еңсемді тіктеймін.

– Ақындардың барлығы тағдырлы болып өмірге келгендей, ғұмыры «ерекше» секілді көрінеді. Жалпы шығармашылық адамдары бір туындыны жазу үшін «оқиға» керек пе, қалай ойлайсыз?

– Өзімді ақын санамағандықтан, ақынның жолын зерттеп көрмеппін. Бірақ әр адамның өз тағдыры бар. Біреу сезініп, біреу сезінбей өлең жазады. Біреулер «қандай ақынды үлгі тұтасың?» деп сұрап қалады. Ондай да жоқ менде. Жас ақындарды да сынай алмаймын. Әркімнің туындысы – өзі үшін өлең.

– Докторантураға қабылданғаныңыздан хабардармыз. Ақпараттық салаға қатысты ма?

– Алдағы уақытта мені ғылымның қазақ тілі мен әдебиеті саласынан көре аласыздар. Менің негізгі мамандығымды сіз біліп отырғаныңызбен, көбі «қазақ тілі мұғалімісіз бе, әлде журналист, психологсыз ба?» деп сұрап жатады.

Мектеп бітіргесін мамандық таңдарда әдебиетке жақын болғаныммен достарыммен бірге заманның талабына сәйкес жаңа сала деп информатиканы таңдауды жөн көрдім. Бірақ бәрібір әдеби шығармаларды оқып, сол бағыттағы жаңалықтарға елеңдеп тұратыным рас. Бірде профессор, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаевтың әдеби шығармаларды талдауын тыңдадым, кейін жолығып, кеңесу барысында әдебиетке деген құштарлығымның ерекше екенін білдім. Сондықтан осы саланы таңдауды жөн көрдім. Алдағы уақытта екі саланы ұштастырып, ғылыми зерттеулер жүргіземін деген ойдамын.

– Жастар тақырыбына оралайық. Кейде мектепте сынып жетекші өзі ұнатқан оқушыны көтермелей беретіні бар. Жастардың арасында да жағдай солай ма? Барлық студенттің талабын танып, қабілетін ашу мүмкін бе?

– «Талаптыға нұр жауар» деген сөз бар ғой. Негізі ұстаздар талпынып тұрған баланың бетінен қақпайды. Кейбір жастар оқу орнына келгеннен- ақ алға ұмтылады. Ал кейбір баланы қанша жетелесең де, ештеңе шықпайды. Сондықтан жастар жалқауланбау керек.

– Университет жастарын жазда Түркияға алып бардыңыздар. Бұл сапардың ерекшелігі неде?

– Бұл сапар екі елдің қолдауымен ұйымдастырылды. Ерекше айта кету керек, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде жастарды қолдау жұмыстарына көп көңіл бөлінеді. Білім алушылардың идеясын іске асыру, тұлғалық қабілеттерін ашу мақсатында қандай шара өтсе де, қанша қаражат жұмсалатын болса да университет басшылығы аянып қалған емес. Осы орайда университет ректоры Бейбіткүл Сәрсемханқызына алғыс айтамыз. Осындай қолдаудың бір көрінісі – жуырда университет жастары Түркияға барып келді. Ал оқу орнының демеушілігімен ел ішіндегі байқаулар мен ғылыми, мәдени, кәсіпкерлік бағыттағы шараларға барып жатқан студенттер қаншама?! Білім алушылар «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасымен де шетелде білім ала алады. Бірақ бұл сапардың жөні бөлек. Түбі бір түркі жұртының тарихы да, әдет-ғұрыптары да ұқсас. Сондықтан жастар Түркияның мәдени орындарымен танысып, рухани азық жинады.

– Жұмыс студенттермен тікелей байланысты. Көңілді сәттер көп болатын шығар? Қызықты оқиғамен бөлісіңізші…

– Жыл сайын оқу орнында жайдарман ойындары өтеді. Бірде мынадай жағдай болды. Күзде басталған жайдарман ойыншылары кезеңдік сайыстардан өтіп, көктемгі финалдық ойындарға жеткен кезіміз. Ақтық сын. Командалардың бәрі мықты. Қазылар алқасының құрамында отырмыз. Бір кезде сахналық көрініске ректор Бейбіткүл Сәрсемханқызының өзі шыға келмесі бар ма? Шынымды айтсам, мүлде күтпеген образ болды. Қарбаласқа толы қызмет барысында басшының студенттер көңілін қимай, жайдарманға қатысуы қатты таңғалдырды. Сайысты ұйымдастырып жүрген біз де аңғармай қалдық. Ректор жастармен бірге спорттық шарада бақ сынап, сенбілікке баратыны рас. Бірақ дәл осылай күтпеген жерден шыға келгенде қатты таңғалып әрі қуанғаным есімде.

– Сізді көпшілік жастар жанашыры деп те, ақын деп те таниды. Бірақ жыр жинақтарыңызды, бұған дейінгі сұхбаттарды кездестірмедім…

– Жыр жинақтарым жоқ. Бірақ таныстарым жыр жинағыңды шығарайық деп қолқа салғаны бар. Дегенмен мен өзімді ақын санамаған соң, мұны жөн көрмей, басқа адамдарды ұсындым. Бірақ олар сенің жинағың болса ғана шығарайық деп, ұсыныс қалып қойды. Ал сұхбатқа келсек, мен өзімді көрсетуге талпынбаймын. Оның орнына артымнан ерген жас дарын жарқырай көрінсе екен деп тұрамын.

– Сұхбат үшін рақмет!

Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!