Жас ұрпақтың тұлға ретінде қалыптасуы отбасынан бастау алады. Ал ол адамзат өміріндегі маңызды әрі қасиетті ұғымның бірі. Қазақы тәрбиеде «Отан отбасынан басталады» деген сөз қай уақытта болсын өзегін жоғалтпаған. Мәселен, 2013 жылы қыркүйектің екінші жексенбісі – «Отбасы күні» болып бекітіліп, дәстүрлі мерекеге айналды. Биыл атаулы күн 8 қыркүйекке келіп отыр. Мерекені кеңінен атап өту үшін Мәдениет және ақпарат министрлігі арнайы тұжырымдама бекітіп, 2-8 қыркүйек аралығында әр күнге тақырыптық бағыттар қойылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі брифингте облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов баяндап берді.

Облыс әкімінің орынбасары ең әуелі жиынға қатысушыларды «Отбасы күні» мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ атаулы мереке аясында ұйымдастырылатын «Дені сау жанұя – дені сау мемлекет» атты ток-шоу, «Бақытты отбасы» мемлекеттік қызметкерлер отбасыларының қатысуымен өтетін квест, «Отбасы – бақыт мекенім» атауымен отбасылық спорттық сайыс, «Алтын той» иелерінің қатысуымен ұйымдастырылатын «Отбасы – бақыт мекені» атты мерекелік шаралар, «Отбасылық дәстүрлер: тарихты сақтау, болашақты құру» тақырыбында кездесулер мен тәрбие сағаттары, жас отбасыларға арналған «Отбасымен музейге» атты тегін экскурсиялар күні, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде отбасылардың қатысуымен өтетін сенбілік және «Отбасы күні» мерекесінде дүниеге сәби әкелген аналарды перзентханаларда құттықтау сынды кешенді іс шараларға тоқталды.

– «Отанды сүю – отбасынан басталады» дейді Бауыржан Момышұлы. Отбасы – мемлекеттің іргетасы. Қоғамдағы әр отбасының босағасы берік, мерейі үстем болмай мемлекеттің мықты болуы мүмкін емес. Мемлекет басшысы «Халқымыз қай заманда да отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – біздің қанымызға сіңген қасиет. Әрбір азаматтың адамгершілік болмысының қалыптасуына отбасындағы ахуал айрықша әсер етеді. Сондықтан мемлекет әр шаңырақтың әл-ауқатын арттырып, әр азаматтың өсіп-өркендеуі үшін барлық жағдайды жасайды» деп атап өтті. Ұлттық тәрбиенің адамгершілік пен имандылықтың, ізеттілік пен парасаттылықтың бастау бұлағы – отбасы, – деді Шахмардан Асқарұлы.

Қызылорда облысында мерекеге орай 33 қоғамдық-бұқаралық, мәдени-көпшілік, ағартушылық зияткерлік, ғылыми-танымдық және спорттық іс-шара ұйымдастырылады. Нақтыласақ, 2 қыркүйек «Отбасылық дәстүрлер: тарихымызды сақтаймыз, болашақты құрамыз», 3 қыркүйек «Отбасын жоспарлау», 4 қыркүйекте «Саналы түрде ата-ана болу» тақырыбы қозғалып, түрлі басқосу өтті. Ал 5 қыркүйекте «Дені сау ұрпақ», 6 қыркүйек «Мықты отбасы – мықты мемлекеттің кепілі», 7 қыркүйек күні «Отбасылық әл-ауқат» атты іс-шарада түрлі мәселелер қарастырылады. 8 қыркүйек «Отбасылық демалыс: бақытты болашаққа инвестиция» тақырыбымен қорытындыланады.

Бұл күнде отбасы мүшелерінің бірге өткізетін уақытының маңызы, демалыстың отбасылық байланыстарды нығайтудағы рөлі айқындалады. Отбасы күнін атап өту, отбасы мен некені құрметтеу, отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттау, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, балалардың қарт ата-аналарына деген қамқорлығын күшейту және өмірлік тәжірибені жастарға үлгі ретінде ұсыну мақсатында ұйымдастырылуда.

Сонымен қатар кейінгі екі жылда инфрақұрылымды дамыту бойынша облыста көптеген әлеуметтік нысан бой көтерді. Оның ішінде отбасы құндылығын насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Отбасы орталығы» қарқынды жұмыс істеуде.

– Елімізде отбасы институтына қамқорлық пен көмек үздіксіз көрсетіліп келеді. Ана мен баланы қорғауға арналған қаржы, көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар көлемі жыл сайын артуда. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» алтын құрсақты аналарымыздың 17 мыңға жуығы «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иелері, 34 мыңға жуығы көп балалы отбасылар. Облыс бойынша ай сайын 2 млрд 85 млн теңгеге мемлекеттік жәрдемақы төленуде. Отбасыларды мемлекеттік қолдау мақсатында, оның ішінде жас отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешуге көмек көрсету аясында облысымызда «Сыр жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы» қабылданды. Нәтижесінде жыл басында 60 жас отбасы қоныс тойын тойлады. Ал жыл соңына дейін 40 жас отбасыға пәтер кілттері табысталады, – деді Шахмардан Байманов.

Отбасы құндылықтарын дәріптейтін ең табысты жобалардың бірі – «Мерейлі отбасы» конкурсы. Биыл 250 ден астам отбасы құжат тапсырып, оның 16-сы облыстық кезеңге жолдама алып, өткен аптада облыстық кезеңнің жеңімпаздарын салтанатты түрде құттықтау рәсімі өтті. 11 бала, 47 немере, 66 шөбере және 2 шөпшек тәрбиелеп отырған Бектаевтар отбасы бас жүлде иеленді. Енді Бектаевтар отбасы 6 қыркүйек күні Астана қаласында өтетін республикалық «Мерейлі отбасы» конкурсында Қызылорда облысының атынан қатысып, жеңімпаз атануға үмітті.

Әлия ЖАНӘБІЛҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!