Санаулы күннен соң Арқа төрінде төрткүл дүние көз тіккен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының байрағы көтеріледі. Бұл тарихи оқиға – әлемдегі көшпенді халықтардың мәдениеті мен спорттық дәстүрлерінің тоғысатын сәті. Орталық Азия халықтарының ұлттық ойындарына негізделген дода – адамзат өркениетінің мұрасы ретінде этноспорттық және этномәдени қозғалысын дамытуға бағытталмақ.

Алғаш рет Қырғыз Республи­касында ойластырылып, жүзеге асырылған халықаралық спорт­тық шара әлемдік мәртебеге ие болып, барған сайын Еуразия кеңістігін ғана емес, басқа да көптеген елдерді қамтып, кең аудиторияның назарын аударды. Ал байрақты бәсеке өткізу құқығы қазақ еліне берілуі – ойындарды өткізетін елдердің тізімін кеңейткені анық.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – бай мәдени мұра, дәстүрлі спорт түрлері мен қолөнерді көрсетуге арналған бірегей алаң. Аталған спорттық оқиға мыңдаған спортшы мен көрерменді тартып, достық пен ынтымақтастық атмосферасын құрады. 89 елден ат басын бұрып, Астана төрінде бақ сынайтын 2000-нан астам спортшы 21 спорт түрінен 97 медальді сарапқа салады.

Дүбірлі додаға 100 мыңнан астам турист келеді деп жоспар­ланып отыр. Соған сәйкес жуырда Мемлекет басшысы арнайы кеңес өткізіп, Ұлттық құраманың, спорт кешендерінің, қонақүйлер мен мәдениет орындарының дайындығын пысықтады. Оған қоса қоғамдық көлік, қауіпсіздік және тазалық мәселелерін де назардан тыс қалдырмады.

«Көшпенділер ойындары – ұлт тық спорт түрлері бойынша өткізілетін әлемдегі ең ірі жа­рыс. Сондықтан да байрақты бәсеке жоғары деңгейде ұйым­дастырылып, халқымыздың терең тарихы мен мәдениетін, қонақ­жайлық қасиетін паш етуі керек. Меймандар мен спортшыларға қажетті жағдай жасау аса маңызды», – деді ел Президенті.

Қазақстанда тұңғыш рет өт­келі отырған басты доданың ұйымдастырылуына еліміздің барлық облысы атсалысты. Өйткені әрбір өңірдің өзіне жүктелген міндеті, бекітілген жоспары, қолға алған іс-шаралары бар. Оның ішінде Сыр елінің де жасаған жұмысы аз емес. Бұл жөнінде бізге облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов айтып берді.

– Көшпенділер ойындары­ның маңызын ескеріп, халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін об­лысқа танымал, қоғамдық пікір қалыптастырып жүрген аза­маттар арасынан Батыр мен Елшілер іріктелді. Аймақта ұйымдастырылған спорттық шаралардың барлығы Дүние­жүзілік көшпенділер ойындарын танымал ету мақсатын қамтыды. Әкімдіктің ресми сайтында ойынның ресми порталына сілтеме жасай отырып, ДКО логотиптері орналастырылды. Жергілікті телеарналарда аталған тақырыпта сюжеттер көрсетіліп, арнайы әзірленген анонстық бейнероликтер тәулігіне 2 рет көрсетілді. 80-нен аса іс-шара­лар ұйымдастырылды. Мұның барлығы да көшпенділер ойыны­ның маңыздылығын арттырады, – деді басқарма басшысы.

21 спорт түрі енгізілетін көш­пенділер ойындарында ұлттық құрама атынан 200 спортшы бақ сынайды. Оның 11-і Сыр елінен. Қазіргі таңда барлығы дерлік сақадай сай. Әр аймақтың таңдалған спортшылары бас қалаға ағылып, соңғы жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күні әр аймақтың батыры бастаған елшілер қосыны Арқа төріне жетіп үлгерді. Бар­лық өңірде арнайы «Бірлік керуені» ұйымдастырылып, су алу шарасы өтті. Облыстардан әкелінген торсықтағы су ашылу салтанатында тайқазанға құйы­лады. Бұл бірліктің белгісі болмақ.

Мұндай ауқымды шара Қызылорда қаласында да өтті. Су алу үшін Қаратау етегін­дегі Сауысқандық шатқалы таңдалды. Шатқалдың негізгі орын ретінде белгіленуі де бекерден-бекер емес. Өйткені Сауысқандық петроглифтерінде өткізудің өзіндік символикалық мәні бар. Бұл орын – тарихы те­рең археологиялық ескерткішпен қоса табиғат ландшафтысы ерекше орын.

Керуен аясында шатқалдан су алған елшілер Қызылорда қала­сындағы «Сыр ана» монументіне келіп тоқтады. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған кіл мықты спортшылар бас қосатын V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Сыр елінен аттанатын батыр мен елшілерге аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев сәттілік тілеп, су сақталған торсықты жерлесіміз «Қазақстан барысы» – Мақсат Исағабыловқа табыстап, сенімін білдірді.

Шыны керек, дүбірлі до­даға 21 спорт түрі бекітілді дегенімізбен, оның 10-ға жуы­ғы қазақтың ұлттық спор­ты болмақ. Нақтыласақ, көк­пар, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, тоғызқұмалақ және құсбегілік пен бәйге бар. Қал­ғаны Орталық Азияның ұлттық ойын түрлерінен іріктеліп алынған. Ал бақ сынайтын спортшылар үшін қазылық етуге 360-қа жуық төреші нақ­тыланған екен.

Екі жыл сайын өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты «Астана-Арена» стадионында, жабылуы 10 мың адамдық «Қазанат» ипподромында өтеді деп жоспарланып отыр. Соның аясында «Көшпенділер әлемі» этноауылы құрылады. Бір күнде 30 мың келушіні қабылдайтын этноауылда Қазақстан мен әлем елдерінің үздік қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары, ақындар айтысы мен төл мәдениетімізді паш ететін қосымша іс-шаралар ұйымдастырылады.

А.БАҚЫТҰЛЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!